Оқиға

Мүгедек ұлы үйде қалып қойған: Қостанай облысында қайғылы оқиға болды

© Sputnik / Владислав ВодневЖедел жәрдем көлігі
Жедел жәрдем көлігі - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Өрт кезінде үй иесінің 47 жастағы мүгедек ұлы үйдің түкпір бөлмесінде қалып қойған. Ер адам ауруханада есін жимастан көз жұмды

НҰР-СҰЛТАН, 18 қаңтар – Sputnik. Қостанай облысы Қарабалық ауданында жер үйден өрт шығып, ер адам қаза болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Төтенше жағдай 15 қаңтар Қарабалық ауылындағы Титов көшесінде болды. Өрт туралы хабар сағат 12:46-да келіп түскен.

ТЖМ ақпаратынша, 68 жастағы пәтер иесі кіреберіске жапсарлас орналасқан от жағу бөлмесінің жана бастағанын байқаған. Өрттен қорыққан әйел көршілерінен дереу көмек сұраған. Ал олар бірден 101 нөміріне қоңырау шалды.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен сәтте пештің жанындағы үй заттары өртеніп, 8 шаршы метр аумақта төбе плиталары жанып жатқан. Қалың түтін бүкіл үйге таралды.

Өрт кезінде үй иесінің 1974 жылы туған екінші топтағы мүгедек ұлы үйде қалып қойған. Құтқарушылар оны үйдің түкпір бөлмесінен алып шықты.

Тағы оқыңыз: Нұр-Сұлтанда полицейлер бір отбасы ұйықтап жатқан үйдің есігін бұзып кірді

"Ер адам түтінге уланғандықтан, тыныстауы қиындап жатқан күйде табылды. Құтқарушылар оны көшеге шығарып, жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырды. Алайда сағат 13:30-да ол есін жимастан орталық аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде жан тапсырды", - деп мәлімдеді министрліктің ресми өкілі Талғат Уәли.

Тілсіз жау сағат 14:04-те толығымен ауыздықталды. Өрттің шығу себебі – отты абайсыз қолдану.

Оқиға орнында өрт сөндіру бөлімінің 8 қызметкері мен 2 техникасы жұмыс істеді.

ТЖ министрлігі күннің суытуына байланысты пеш жағу кезінде қауіпсіздікті сақтамау салдарынан өрттің жиілегенін хабарлады. Құтқарушылар жанып жатқан пешті қараусыз қалдыруға, үй заттары мен жанғыш материалдарды отқа жақын орналастыруға тыйым салынатынын ескертті.

Жаңалықтар
0