Өңірлер

Жаңатаста 5 баланың өмірін қиған өрттің себебі анықталды

© Sputnik / Анатолий УстиненкоАрхивное фото пожарных
Архивное фото пожарных - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.02.2021
Жазылу
Қазіргі уақытта балалардың өліміне қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, жерлеу рәсімі сенбі, 20 ақпанда өтеді

НҰР-СҰЛТАН, 20 ақпан – Sputnik. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек онлайн-брифинг барысында бес кішкентай баланың өмірін қиған өрттің неден шыққанын айтып берді.

Еске сала кетейік, әкімнің орынбасары бұл істі тергеу үшін құрылған арнайы комиссияны басқарады.

"Алдын ала мәлімет бойынша, өрт ашық отқа тез жанғыш материалдың тиюінен шыққан, ол төсек-орын жабдығы болуы мүмкін. Өрт балалар бөлмесінде болған. Жалын 16 шаршы метрге жуық аумаққа шарпыды. Балалар газдан уланып қайтыс болды, олардың денесіне зақым келмеген, күймеген. Бұл тергеудің алдын ала мәліметі", - деді әкім орынбасары.

Ол 20 ақпан, сенбі күні сағат 15.00-де өтетін жерлеу рәсімін ұйымдастыруға билік материалдық көмек көрсетіп отырғанын айта кетті.

Бір үйдің 5 баласы көз жұмды – Жамбыл облысында пәтер отқа оранды

Сонымен қатар облыстық полиция департаментінің бастығы Бақыт Ратаев Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігі (Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

"Біздің мәліметіміз бойынша, өрт шыққан кезде балалардың анасы дүкенге кеткен. Әкесі жұмыста болған. Өрт басталғаннан кейін дереу көршісі анасына телефон соққан. Ол үйге тез, 10-15 минуттың ішінде келген. Біз қазір бұл факт бойынша жауап ала алмаймыз, өйткені ата-анасының жерлеу рәсімінен қолы тимей жатыр. Жерлеу рәсімінен кейін сөйлесеміз. Олармен психологтар да жұмыс істеп жатыр", - деді Ратаев.

Отағасы медициналық мекемеде жұмыс істейді, анасы декреттік демалыста.

Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ермек Момбаев әлеуметтік желіде жарияланған өрттің себебі туралы ақпарат жалған екенін атап өтті.

"Кейбіреулер өрттің шығуына қандай да бір жылыту құралы себеп болған деп жазып жатыр. Олай емес. Үй орталық жылуға қосылған", - деп мәлімдеді Момбаев.  

Жаңатастағы трагедия

Жамбыл облысы Сарысу ауданының Жаңатас қаласында пәтерден өрт шығып, 2015, 2016, 2017, 2019 және 2020 жылдары туған 2 ұл мен 3 қыз уланып, ауруханаға жатқызылды. Балалар біраз уақыттан кейін жан тапсырды.

Жаңалықтар
0