Оқиға

Алматыда бұрынғы мәйітхана директорының ақшаны қалай жымқырғаны белгілі болды

© Sputnik / Екатерина Чеснокова / Медиабанкке өтуСотталушы, архивтегі сурет
Сотталушы, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.03.2021
Жазылу
Бақытжан Әлібеков пара алуға әрекет ету мен сеніп тапсырылған мүлікті ысырап ету және кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу бойынша күдікке ілінді

НҰР-СҰЛТАН, 29 наурыз – Sputnik. Алматыда қалалық патологоанатомиялық бюроның бұрынғы директоры Бақытжан Әлібековтің ісі бойынша сот басталды.

Дүйсенбідегі сот отырысында прокурор Дамир Кенжалин айыптау актісін оқыды.

Кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу

Прокурор Әлібековтің мәйтхана директоры болып 2004 жылдың 2 қыркүйегінде тағайындалғанын айтты. 2018 жылдың ақпанында ол жүргізушісіне Veritas Primus деп аталатын ЖШС-ны тіркеуді тапсырады.

Жүргізуші Әлібековтің нұсқауымен әрекет етіп, қызметке тәуелділіктен Наурызбай ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығына барып, ЭЦҚ арқылы ЖШС әділет органдарында тіркейді. Сондай-ақ, Тұрсынов Әлібековке өзінің ЭЦҚ мен Veritas Primus ЖШС-нің құрылтай құжаттарын берген.

2019 жылдың ақпанында Әлібеков іс жүзінде Veritas Primus ЖШС-нің иесі бола отырып, мемлекеттік қызмет туралы заңдарда көрсетілген тыйымдарға қарамастан, өзінің танысы Қамашұлынан осы компанияны өзінің атына, яғни Камашұлына қайта тіркеуді сұраған.

"Сондықтан да Әлібеков жүргізушісіне Veritas Primus-ті танысы Қамашұлының атына қайта тіркеуті тапсырады. Жүргізуші мен оның танысы Әлібековтің қылмыстық ниетінен хабарсыз күйде оның нұсқауымен келіскен. 13 ақпанда нотариус сатып алу-сату келісімін куәландырып, ЖШС-ның 100% үлесі Қамашұлына өткен", – деді прокурор.

2019 жылдың қараша айында Бақытжан Әлібеков Veritas Primus атынан биологиялық қалдықтар мен денелерді зиратқа көму үшін арнайы жүк көліктерін жалға беру бойынша мемлекеттік сатып алуға қатысады.

"Осылайша, Әлібеков биологиялық қалдықтарды көмуді ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу қажет екенін білгендіктен, өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, бюджет қаражатын ірі көлемде жымқыруға кіріседі. Сөйтіп, ол қылмыстық жоспар құрды. Әлібеков мемлекеттік сатып алу арқылы биоқалдықтар мен мәйіттерді зиратқа көметін мамандандырылған жалдау бойынша жүк көліктерін аталған компанияның атынан жалдап, ақшасын жымқырған", – деді Дамир Кенжалин.

Сонымен қатар, ол Veritas Primus-тың қалдықтарды шығару жөніндегі міндеттерін осы тендерде жеңімпаз деп танылған басқа ЖШС-ге жүктеу туралы шешім қабылдаған. Яғни, биоқалдықтарды жоюда қамқорлық, көмек көрсетті деген артықшылықпен Veritas Primus-ті жауапкершіліктен босатылуын қамтамасыз еткен, деп қосты мемлекеттік айыптаушы.

2019 жылдың желтоқсанында Әлібеков мамандандырылған жүк көлігін жүргізушісімен және екі санитар қызметкермен қоса 2020 жылда биоқалдықтарды жинау, сақтау және зиратқа көму қызметін пайдалану үшін мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру бойынша екі бұйрық шығарады.

Бұл ретте Әлібековтің жеңімпазды анықтайтын байқау комиссиясының төрағасы болғанын ескеру керек.

2020 жылдың қаңтарында ол Veritas Primus-пен алты миллион теңгеге қалдықтарды шығару туралы келісімге қол қойған. Содан кейін "Рада Логистик" компаниясымен 3,6 млн. теңгеге осыған ұқсас қызметтер туралы келісімшарт жасап, кейін ол Veritas Primus-тің міндеттерін де "Рада Логистик"-ке жүктейді. Сонымен, соңғы компания бұл міндеттерді 2020 жылдың қаңтарынан қыркүйегіне дейін атқарады.

"Бақытжан Әлібеков Veritas Primus-тің есепшісіне көрсетілген жұмыс үшін көрсетілген қызметтерге ақы төлеу үшін мемлекеттік сатып алу порталына қасақана орындалмаған жұмыс актілері мен шот-фактураларды ұсынуды тапсырады. Ол актілер мен шот-фактураларды 4,5 млн. теңге сомасында жасап, электронды сатып алу порталы арқылы патологоанатомиялық бюроға жібереді. Ал Әлібеков өз кезегінде директор ретінде аяқтау актілеріне қол қойған. Содан кейін мәйітхананың бас есепшісіне көрсетілген соманы Veritas Primus ЖШС-не төлеуді бұйырып, бұл туралы ешкім білмеу керектігі туралы ескертеді", – деп түсіндірді мемлекеттік айыптаушы.

Осыдан кейін, Әлібеков Қамашұлына Veritas Primus шоттарына түскен ақшаны қолма-қол ақшамен есептеп беріп отыруды тапсырады.

"2020 жылдың қаңтарынан қазан айына дейін Қамашұлы 4,5 миллион теңгені қолма-қол ақшаға айналдырып, Әлібековке берген", – деп толықтырды Кенжалин.

Ол өз сөзінде Әлібековтің кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысқаны, сондай-ақ ақшаны жымқырғаны және оны өз қажеттіліктері үшін ысырап еткені туралы айтты. Осылайша, мемлекетке жалпы сомасы 4,5 миллион теңге зиян келген. Бұл Қылмыстық кодекстің 189-бап, 3-бөлігінің 1-тармағы және 364-баптың 1-бөлігі бойынша құқықбұзушылық болып табылады.

14 миллион теңгені пара ретінде қалай алды

Дамир Кенжалин айыпталып отырған Бақытжан Әлібековтің қатысы бар екінші эпизод туралы да айтты.

2017 жылдың 14 маусымында қалалық құрылыс басқармасы мен бас мердігер "Жаңа Ария Астана" ЖШС арасында Алатау ауданындағы Ақан сері көшесінің солтүстік аймағы тұсында қажетті медициналық жабдықты орната отырып, жаңа патологоанатомиялық бюро салу туралы келісім жасалған.

"Құрылыс кезеңінде 2018 жылдың 8 маусымында бас мердігер мен "Интернейтед компани" ЖШС арасында бюро қызметіне медициналық құрал-жабдықтар орнату шарты жасалады. Заңға сәйкес, ЖШС тауарларды бюроның келісімінен кейін аванстық төлем алуы керек. Алайда, 2020 жылғы маусымнан қыркүйекке дейін жабдықтар жаңа мәйітханаға 541 миллион теңге көлемінде жеткізілген", – деді прокурор.

2020 жылдың қыркүйегінде Әлібеков "Интернейтед компани" өкілі Батырбекпен кездесіп, оны өз көлігімен Esentai Mall маңына дейін жеткізіп салады.

"Осы аралықта сотталушы Батырбектен медициналық және басқа да техниканы қабылдау актісін келісу үшін 14 миллион теңге пара талап етті", – деп атап өтті прокурор.

Кейіннен Батырбек Алматыдағы антикор бөліміне жазбаша өтініш жасайды. Ол Қамашұлымен кездесіп, 14 миллионды Әлібековке береді. Сол сәтте антикор қызметкерлері Қамашұлын ұстады.

Оқи отырыңыз: Қостанайда үш балалы отбасы мәйітхана ғимаратында тұрып жатыр

Судья Бақытжан Әлібековтен кінәсін мойындау туралы сұрағанда, ол өзінің құқығын пайдалана отырып, оған жауап беруден бас тартатынын алға тартты.

Келесі сот отырысы 2 сәуір, жұма күніне жоспарланған.

Айта кетейік, Алматы қалалық патология бюросының бұрынғы директорына қатысты тергеу ісі 2021 жылдың 24 ақпанында белгілі болды.

Жаңалықтар
0