Оқиға

Дәмханаға келген ер адам даяшыны бетінен ұрды – оқиғаның мән-жайы

© Photo : РixabayАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.07.2021
Жазылу
Даяшыға қол көтерген ер адам екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе оған 5,8 миллион теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін

НҰР-СҰЛТАН, 29 шілде – Sputnik. Алматы полициясы үстіне сусын төгілген ер адамның кәмелетке толмаған даяшыға қол жұмсағаны түсірілген атышулы видеоны тексеріп жатыр.

Бұған дейін әлеуметтік желіде дәмханаға келген клиенттің даяшыны бетінен ұрғаны түсіп қалған видео тарады. Қызметкер ер адамның үстіне байқаусызда кофе төгіп алған. Ролик желі қолданушыларының ашуын туғызды.

Оқиға 25 шілде таңертең Қабанбай батыр көшесіндегі мекемелердің бірінде болды. Алматы полициясына 17 жастағы даяшының анасы шағымданды.

Полицейлер қол көтерген ер адамды тауып, ұстады. Оның жасы 29-да. Қылмыстық кодекстің 293-бабы "Бұзақылық" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу шаралары жүріп жатыр.

"Қазіргі таңда ол Медеу ауданы полиция басқармасына тергеу амалдары үшін жеткізілді. Кінәлі адам жауапқа тартылады", - деп сендірді Алматы полиция департаменті басшысының орынбасары Рустам Әбдірахманов.

Кейінірек дәмхана клиентінің жәбірленушіден көпшілік алдында кешірім сұраған видеосы пайда болды.

"Келеңсіз оқиға болды. Даяшы байқаусызда үстіме кофе төгіп алды. Сол үшін мен оған қол көтердім, қатты ұрған жоқпын. Бірақ бәрібір де бұл қылығым дұрыс болмағанын түсінемін. Жұртшылықтан, жәбірленушіден кешірім сұраймын", - деді ер адам.

Қылмыстық кодекстің 293-бабы бірінші тармағы "Бұзақылық" бойынша 2 000 айлық есептік көрсеткішке дейін (5,8 миллион теңгеге жуық) айыппұл, немесе екі жылға дейін бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Жаңалықтар
0