қару

Алматы облысында мәйіті айдаладан табылған малшы бассыз жерленді

603
(Жаңартылды 08:08 15.09.2021)
Тергеу кезінде марқұмның басына оқ тигені анықталған. Мәйіттің басы сот-медициналық сараптамаға жіберілді

НҰР-СҰЛТАН, 15 қыркүйек — Sputnik. Алматы облысында жұмбақ жағдайда көз жұмған малшының мәйітті бассыз жерленді, деп жазды "Астана" арнасы.

Әлихан Ниязовтың денесі иен даладан табылды. 45 жастағы ол Балқаш ауданында жалданып сиыр баққан. Малшы 23-ші тамызда жоғалып кеткен. Полиция іздеуге асықпаған соң, туыстары оны өздері іздеуге кіріскенін айтты. Малшының денесі араға екі апта салып айдаладан табылды.

"Іздеуге өзім кірістім. Полиция іздеп жатырмыз дегенге сенбедім. Жолдың шетіне тоқтағанда жүрегім ауыра бастады. Ана жер қалың орман еді", - дейді бауыры Нұрлан Низяов.

Оның айтуынша, тергеу кезінде марқұмның басына оқ тигені анықталған. Мамандар денесінде басқа жарақат жоқ екенін айтыпты.

Күдікті азамат қазір қолға түскен.

Қара жамылған отбасы мәйітті жер қойнына тапсырғанымен, басы болмағандықтан жаназасын шығара алмаған. 

Балқаш аудандық прокуратурасының аға прокуроры Қанат Сонабаевтың айтуынша, Қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Іс бойынша күдікті тұлға анықталып, қамауға алынды. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Өзге ақпарат тергеудің мүддесі үшін жариялануға жатпайды.

Прокуратура мамандары мәйіт басының сараптамасы қашан дайын болатыны белгісіз дейді.  

603
Кілт сөздер:
малшы, қайтыс болды, қылмыс
Тақырып бойынша
Қалаға жуырда көшіп келген: Петропавлда 15 жастағы бала жоғалды
Қарындасын мектепке шығарып салуға кеткен: Көкшетауда 12 жастағы бала жоғалды
Қостанай облысында 4 жыл бұрын із-түзсіз кеткен әйелдің сүйегі табылып, қайта жоғалды
Жамбыл облысындағы апат

Жамбыл облысында жантүршігерлік жол апатынан 6 адам қаза болды видео

71
Алматы – Ташкент тас жолында екі жеңіл көлік соқтығысып, алты адам көз жұмды, тағы екі адам ауруханаға түсті

НҰР-СҰЛТАН, 23 қыркүйек – Sputnik. Жамбыл облысының полицейлері Алматы – Ташкент тас жолында алты адамның өмірін қиған апатқа қатысты сотқа дейінгі тергеу бастады. Зардап шеккен тағы екі адамның өмірі үшін дәрігерлер күресіп жатыр.

Жамбыл облысы Байзақ ауданы аумағында Алматы-Ташкент тас жолының 476 шақырымында Аudi-А4 пен Toyota Camry соқтығысты. Оқиға 23 қыркүйек таңғы алты шамасында болды, деп хабарлайды Polisia.kz.

"Жол апаты салдарынан алты адам оқиға орнында көз жұмды. Toyota Camry автокөлігінің екі жолаушысы түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді", - деді өңірдің полиция департаменті.

Жол апатына қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-тармағы "Абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан, көлiк басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк пайдалану қағидаларын бұзуы" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Қайғылы оқиғаның себебін анықтау үшін бірқатар сараптама тағайындалды.

Оқи отырыңыз: 

71
Кілт сөздер:
Жамбыл облысы, жол апаты, видео
Алматада бес адамды атып тастаған оқиға орнын оқшаулау

Алматыдағы қанды оқиға: күдікті банкке ғана емес, таныстарына да миллиондап қарыз

146
(Жаңартылды 10:09 23.09.2021)
Айналасындағылардан қолхатпен миллиондап ақша ала беріп, тығырыққа тірелген Дужнов екі жыл із-түссіз жоғалып кеткен

НҰР-СҰЛТАН, 23 қыркүйек – Sputnik. Алматыда атыс шығарып, бес адамды бақилыққа аттандырған Игорь Дужнов банкке ғана емес, талай адамға миллиондап қарыз екені анықталды, деп хабарлады КТК арнасы. 

Алматыда бес адамды атып тастаған Игор Дужновтан қарызын сот арқылы да өндіре алмай жүрген азаматтар шағымдануда.

Бұрынғы досының айтуынша, Дужнов одан 35 мың еуро алып, он жылдан бері қайтармай жүр. Енді бірі қолхатпен берген 200 мың долларымды қайтармады деп әлеуметтік желіде шу көтерді.  

Бес бірдей адамды атып тастаған Игорь Дужновтың отбасымен Елена Винокурова ұзақ жылдар бойы араласқан екен. Бірақ әулеттер арасындағы жақсы қарым-қатынасты қыруар ақша бұзыпты.

Игорь Дужнов Елена Винокурованың анасынан он жыл бұрын 35 мың еуро қолхатпен қарыз алған. Бірақ бұл берешекті Дужнов әлі күнге дейін қайтармаған.

"Мен Игорьдің отбасын 16 жылдан бері танимын. Менің әкем Анаиданың әкесімен дос болған. 2009 жылы әкем қайтыс болған соң, төрт күннен кейін Игорь анама келіп қолхатпен қарыз алып кетеді. Маған анам қарыз туралы бес жылдан кейін бірақ айтады. Сосын мен сотқа беріп жеңіп шығамын. Бірақ ақшаны қайтару мүмкін болмады. Сол кезде біз Игорьдің қарызға белшеден батып, дүние-мүлкінің барлығы кепілде тұрғанын көріп таңғалғанбыз", - деді ол.

Винокурованың айтуынша, айналасындағылардан қолхатпен миллиондап ақша ала беріп, тығырыққа тірелген Дужновтың екі жыл із-түссіз жоғалып кеткен. Сол уақытта оның әйелі Демирчян полицияға арыз жазып, күйеуінің жоғалғанына қарыз берген адамдарды кінәлапты. Ал Игорь Дужнов болса сол уақытта Донбасстағы соғысқа барып келдім деп жора-жолдастарына мақтанышпен айтып жүрген.

"Неге адамдар қарызды оңай бере салды деген сұрақ туындайды. Себебі бұл отбасы мүшелері діндар болған. Шіркеу салуға көмектесіп, қайырымдылықпен айналысқан. Ауқатты әулет болған. Демирчянның сол уақытта кәсібі дүркіреп тұрды", - дейді ол.

Винокурованың сөзінше, Анаида Демирчян екі мыңыншы жылдары Ресейден дөңгелек әкеліп, көтерме саудамен айналысқан белді кәсіпкер болған. Содан кейін бұл бизнесті күйеуіне тапсырып, сұлулық салонын ашыпты. Дегенмен күйеуінің қарызға белшесінен батқанынан әйелі хабарсыз болды дегенге сену қиын деп отыр.

"Игорьді кей адамдар жүйеге қарсы шыққан күрескер, оның бұл қылмысқа сот орындаушы, банк пен сот итермеледі деп айтып жатыр. Бірақ мен оны жақсы танитын адам ретінде айтайын. Бұл қате пікір. Өйткені Дужнов қарыз алып қайтармай үйренген адам. Осы қарыздары оған тыныштық бермеген. Сосын қылмысқа барды. Кешегі марқұмдардың орнында мен сияқты ақшаны қайтара алмай жүрген кез келген адам болуы мүмкін еді", - дейді ол.

Борышкерлердің тізімі жарияланатын арнайы сайтта Дужновтың он шақты компания мен жеке тұлғаларға қарызы бар екені көрсетілген. Сол үшін Қазақстан аумағынан шығуға тыйым салынған. 

Алматыдағы трагедия

20 қыркүйек кешке Алматының Алатау ауданындағы қайғылы оқиға салдарынан бес адам – екі полиция қызметкері, жеке сот орындаушысы, дау шыққан үйдің жаңа иесі мен оның танысы оққа ұшты. Бесеуі де сол жерде қайтыс болды. Оларға оқ атқан - Игорь Дужнов. Ол қазір қазір қамауда отыр.

Оқи отырыңыз: 

146
Кілт сөздер:
Алматы, атыс, қарыз
Тақырып:
Алматыдағы атыс: 5 адам қаза болды
портфель ұстаған адам

"Айына 643 мың теңге алады": сенатор мәслихат басшыларының жалақасын жариялады

20
(Жаңартылды 11:36 23.09.2021)
Сондай-ақ сенат депутаттары тексеру комиссия мүшелерінің жалақысын көтеру керек деп санайды

НҰР-СҰЛТАН, 23 қыркүйек – Sputnik. Сенаторлар жергілікті мәслихат хатшылары мен тексеру комиссияларының мәртебесін ғана емес, жалақысын да көтеруді талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Депутат Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, бұл мәселе көптен бері көтеріліп келеді. Бірақ әлі күнге дейін шешілген жоқ.

"Біз өңірлерге іс-сапармен шыққанда жергілікті мәслихаттардың мәртебесін көтеру бойынша әлі де шешімін таппаған мәселелердің бар екеніне куә болдық. Атап айтқанда, үкіметтің 2021 жылғы маусымдағы қаулысына орай, жергілікті деңгейде қызмет атқаратын мемлекеттік қызметшілердің жалақысы екі еседен артық көтерілген. Алайда барлық деңгейдегі мәслихат хатшыларының еңбекақысы сол бұрынғы қалпында қалып қойды. Ондай жағдай 2016 жылы да болған", - деді Бақтиярұлы сенаттың жалпы отырысында.

Осы орайда ол мәслихат хатшыларының жалақысын да жариялады.

Оның айтуынша, аудандық деңгейдегі мәслихат хатшысы аудандық мәслихат аппарат басшысынан екі есе, ал бөлім басшысынан 50 процентке төмен жалақы алады.

"Мысалы, Қызылорда облысында аудандық деңгейде мәслихат хатшысы 200 мың теңге, ал мәслихаттың аппарат басшысы 453 мың теңге, бөлім басшысы 302 мың теңге алады. Ал облыстық деңгейде мәслихат хатшысы 467 мың теңге, мәслихаттың аппарат басшысы 634 мың теңге, ал бөлім басшысы 400 мың теңге жалақы алады. Мәслихат хатшыларының аппарат қызметкерлерінен төмен жалақы алуы лауазымдық иерархия қағидаларының сақталмауына әкеліп соғуда", - деп атап өтті Бақтиярұлы.

Сондай-ақ сенат депутаттары тексеру комиссия мүшелерінің жалақысын көтеру керек деп санайды.

"Тексеру комиссиялары төрағаларының жалақысы тек 33 процентке, тексеру комиссиясы мүшелерінің жалақысы 17 процентке ғана көбейді. Ал басқа мемлекеттік қызметшілердің жалақысы екі немесе одан көп есеге өсті. Бұл ретте тексеру комиссиясының мүшелері өз өкілеттіліктеріне сәйкес, жергілікті атқарушы органдарының жұмысына баға беріп, тиімділігінің тәуелсіз қорытындысын әзірлейтінін атап өткен жөн", - дейді Бақтиярұлы.

Бұдан бөлек, сенаторлар мәслихаттарға қол жинау және петиция жасау құзіретін беруді ұсынды.

Олар үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, мәслихат хатшылары мен тексеру комиссияларының мәртебесін ғана емес, жалақысын да көтеруді сұрады.

Оқи отырыңыз: 

20
Кілт сөздер:
жалақы, сенатор, мәслихат
Тақырып бойынша
Аймағамбетов мектеп директорларына жалақы төлеу жүйесі өзгеретінін мәлімдеді
Министр қай өңірде орташа жалақы 321 мың теңгеге дейін өсетінін айтты
Ең төменгі жалақы 60 мың теңгеге дейін көтеріледі – жолдау
2022 жылы зейнетақы мен ең төменгі жалақы қанша болады