Оқиға

"Басына бес оқ тиген": Теміртауда көз жұмған сарбаздың анасы күтпеген мәлімдеме жасады

Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.10.2021
Жазылу
Ұлынан айрылған ана баласының өліміне әскери бөлімшедегі бассыздық пен салғырттық себеп болды дейді

НҰР-СҰЛТАН, 23 қазан – Sputnik. Теміртау қаласында әскери бөлімде қаза болған сарбаз Сержан Оңғардың туыстары күтпеген мәлімдеме жасады. Марқұмның анасының айтуынша, рота командирі сарбаздардан ақша жинап келген, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

Сарбаздың туыстары әскери бөлімде тәртіп пен тәрбиенің жоқтығы оның өліміне әкеліп соқты дейді. Олар ресми органдардың жауабына сенбейді. Сондықтан  осы жағдайға жол берген барлық шендіні жазалауды сұрап отыр.

Телеарна ақпаратынша, бұл отбасына қаралы хабар түн ортасында жеткен. Қапияда ұлынан айрылған ана баласының өліміне әскердегі бассыздық пен салғырттық себеп болғанына сенімді.

Айтуынша, Теміртаудағы 5516 әскери бөлімшесінде талай былық бар. Тіпті соңғы рет баласымен сөйлескенде ол рота командирінің ақша жинайтынын білген.

"Тамағының астынан атқан бесеуі де басына атылған. Бес оқ атқанша ол қимылдамаған ғой. Мен сараптаманың әділ болатынына да сенбеймін. Қастандық бұл. Күнделігі бар. Ол да жоқ. Жоқ қылып жіберген.  "Мама, бізге 3700 теңге ақша беріледі, мама аяғыма крем аламын" деп сұрап алатын. Ол ақшаны рота командирі жинап, өзі алады екен. Қалтасына басып алады, сол жердегі бар баладан сұраңыз. Ата-аналар білмейді", - дейді марқұмның анасы Гүлжан Қасымбекова.

20 жастағы Сержан Оңғар өткен түні сағат бір жарым шамасында Теміртау қаласындағы 5516 әскери бөлімде қарауылда тұрған. Сол мезетте мерт болған. Алдын ала жасалған ресми болжам бойынша ол өзіне өзі оқ атқан.

"Қатардағы жауынгер Оңғаров ішкі қарауылда қызмет атқарып жүріп, басына өзіне бекітілген автоматтан оқ атып, жедел түрде қалалық ауруханаға жеткізілді. Өкінішке қарай ол ауруханада көз жұмды. Қазіргі таңда Орталық әскери тергеу басқармасы сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр", - деді Ұлттық ұлан "Орталық" өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары Қанат Беляков.

Оқи отырыңыз: Теміртауда қатардағы жауынгер өзіне оқ атып, көз жұмды

Сержан Оңғар отбасындағы алты баланың екіншісі. Түркістан облысы  Мақтарал ауданы Мақтажан ауылынан 10 ай бұрын әскерге аттанған. Алматыда медицина колледжінде фельдшер мамандығының 3-інші курсында оқып жүргенде, әскерге шақырту алыпты. Өз еркімен борышын өтеуге бел буған. Әскери бөлімде үздік жауынгерлер қатарынан да көрінген.

"Ол өте жақсы, барлығымен бірдей араласатын. Жаман қылықтары да жоқ еді. Бірге қызметке де шығып жүрдік. Он ай біргеміз, таңнан кешке дейін. Шынымды айтсам, ондайды күтпедім. Өте сыпайы, өте мейірімді, барлығымен бөлісетін, өте жақсы бала болды", - дейді Теміртау қаласындағы 5516 әскери бөлімшесінің қатардағы жауынгері Бауыржан Шариполлинов.

Сарбаз қазасынан екі сағат бұрын туыстарымен телефон арқылы тілдескен. Дауысы жайдары болды дейді. Аяқ астынан өзін атып салуы мүмкін емес, деп отыр жақындары.

Қазір әскери бөлімшеде қызметтік тексеріс басталды. Қазаға себеп болған командир ма, жоқ па оны тергеу орындары анықтамақ.

Жаңалықтар
0