Оқиға

Үш баламен терезеден секірген әйелдің ата-енесі келіні жайлы айтты – видео

© Photo : pixabay/rebcenter-moscowЖенщина плачет, иллюстративное фото
Женщина плачет, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.11.2021
Жазылу
Марқұмның қайын атасы "Гүлім" деп еркелеткен келінінің мұндай қадамға қалай барғанын түсіне алар емес

НҰР-СҰЛТАН, 24 қараша – Sputnik. Алматыда үш баласын терезеден лақтырып, артынша өзі де секіріп кеткен келіншектің ата-енесі келіннің мұндай қадамға баруына жоқшылық себеп болуы мүмкін емес дейді. 

Сүйіп қосылған ерлі-зайыптының арасында ұрыс-керіс болмағанын айтады. Олар енді ұлының өміріне де алаңдаулы, деп хабарлады "Астана" арнасы.

Бір күнде төрт адамынан айырылған Оразовтар отбасы ұлымыз да өз-өзіне қол сала ма деп қорқады. Бауырлары күндіз-түні қасында, бір елі ажырап жатқан жоқ, деді Нұрсұлтанның әкесі.

Үш немересі мен келінінен айрылып, есеңгіреген Бауыржан Оразов "Гүлім" деп еркелеткен келінінің мұндай қадамға қалай барғанын түсіне алар емес.

"Екеуі өзі сүйіп үйленді, үш балалы болды. Нұрсұлтанды жаман бала деп айтпаймын. Көршілерім біледі, жора-жолдастары біледі. Мысалы ішпейтін, шекпейтін бала. Келін де алтын адам еді. Нұрсұлтан - отбасының тұңғышы", - дейді марқұмның қайын атасы Бауыржан Оразов.

Оның айтуынша, ұлы базарда сауда-саттық жасайды. Келінінің суицидке баруына жоқшылық себеп болды деуге негіз жоқ. Несиелері де жоқ көрінеді.

26 жыл ішкі істер саласында еңбек еткен азамат келіні қалдырған хатында кімдерді меңгезені өздеріне де жұмбақ болып тұрғанын айтады.

"Бұл өмірдің тауқыметіне шыдай алмадым. Бірақ ешкімге қояр кінәм жоқ. Бірақ кінәлілер өздері біледі, деп жазып кетіпті. Оған менің де басым жетпеді. Не болды, не қойды?", - дейді ол.

Марқұмның қүйеуінің туысы Ғалымжан Оразов та Нұрсұлтанның арақ ішпейтінін айтты.

"Мінезі салмақты. Келінге ұрысып айқайлап жатқанын көрген емеспіз. Құдайға шүкір тұрмыстық жағдайы жақсы ол баланың. Бізге келіп бір нанға ақша берші деп жатқан жоқ. Өзімізге құпия болып тұр бұл жағдай", - дейді ол.

Ал анасының шешімімен көкке ұшып кете барған үш періштенің үлкені биыл ғана бірінші сыныпқа барыпты, екінші қызы дайындық тобында оқыған. Ал кенже ұл жақында екі жасқа толар еді. 

Бауыржан Оразовтың айтуынша, ұлы мен келіні үйленгелі Алматыда тұрады. Тамыз айында ғана мектепке жақын болсын деп тоғызыншы қабаттағы пәтерді 120 мың теңгеге жалға алыпты. Балалардың қауіпсіздігі үшін терезесіне тор орнату керек деп айтқан да екен.

"Алғашында немерелерім қолымда оқыса деген тілегімді де айтқанмын, бірақ жастар құлақ аспады", - деген өкініші де бар әкенің. 

Ал "31 арнаның" хабарлауынша, Бақтыгүл Қыдырбаева микрокредиттік ұйымдардан үш рет қарыз алған. Ең соңғы рет әйел қазанда 15 мың теңге берешек алған, алайда отбасы бұл қарызын қайтара алмаған. Оның алдындағы екі несиесі бойынша да төлеу мерзімін өткізіп алған. Марқұмның күйеуінің айтуынша, ол жұмыссыз болғандықтан қарызды төлей алмаған. Ол қайғылы жағдай алдында әйелімен жанжалдаспағанын айтты. Алайда дәл сол күні ол үйде болмапты, жұмыссыз қалғандықтан, кетіп қалған.

Ал Бақытгүл Қыдырбаеваның туыстары оның мінезінен алаңдайтын өзгеріс байқамағанын айтты. Олар әдеттегідей хат алмасқан. Бақытгүлдің әпкесінің айтуынша, оның көңіл-күйі жақсы болған, баласына алған жаңа комбинезонының фотосын, қызының мақтау қағазын көрсеткен.

Сондай-ақ Бақытгүлдің әпкесі бұған дейін марқұмның екі рет анафилактикалық шок алғанын айтты.

"Түсініксіз аллергиясы болды. Кейінгі екі айда преднизолон қабылдап, әрең аман қалды", - дейді Жанар Қыдырбаева.

Әйел үш баласымен бірге секіріп кетті

Алматыда 22 қараша Жетісу-1 шағын ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде 28 жастағы әйел үш баласымен бірге 9-қабаттан секіріп кетті. Төртеуі де көз жұмды.

Алматылық келіншек өлер алдында хат қалдырған. Ол сынаққа шыдай алмағанын, кінәлілердің өзі білетінін айтқан.

Алматы қаласының полиция департаменті қайғылы жағдайдың алдын ала себебін хабарлады.

"Бұл әрекетке отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас кезінде күйеуі екеуінің арасындағы жанжал себеп болған", - делінген полиция хабарламасында.

Жедел-тергеу тобы құрылды. Оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің ("Өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу") бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Оқи отырыңыз: 

Жаңалықтар
0