Оқиға

Жамбыл облысында өзіне қол салған офицердің ата-анасы неден күдіктенетінін айтты

© Министерство обороны КазахстанаКазахстанские военные
Казахстанские военные - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.11.2021
Жазылу
Марқұмның денесін әкелген кезде жеке заттары, онымен қоса ұялы телефоны да ата-анасына қайтарылмаған

НҰР-СҰЛТАН, 27 қараша – Sputnik. Жамбыл облысындағы гвардиялық гарнизон әскери бөлімшесінде өз-өзіне қол жұмсаған офицердің туыстары оған қысым жасалуы мүмкін дейді. 

"Астана" арнасына сұхбат берген марқұмның ата-анасы аға лейтенант шеніндегі ұлының біреудің қолынан қаза тапқанына сенімді.

Олардың айтуынша, оқиғаның көлеңкелі тұстары көп.

Бауыр еті баласынан қапыда айырылып қалған ана марқұмның денесін алуға, істің мән-жайын білуге өзі бармақшы болған. Бірақ әскери бөлімшедегілер "келмеңіздер" деп тосқауыл қойған көрінеді.    

"Не себепті келмеңіздер деп жатырсыздар деген уақытта хаты бар, соңғы хатын сіздерге апарып береміз деді. Бірақ бізге әкелген де жоқ. Тіпті киім-кешегін де әкеліп бермеді. Мәйітті ғана әкелді, шығарып салуға да жарамады", - дейді марқұмның анасы Анаргүл Демеуова.

Әкесі де ұлым өзін-өзі өлтіруі мүмкін емес дейді.   

"Өте ауыр. Осындай жақсы баламнан айырылғаныма. Жұмыс істеп жүрген. Осындай жағдайға ұшырағанына өте өкінемін", - дейді Ербаған Омаров.

Ол бар-жоғы 24 жасында бақилық болды. Әскери академияны бітірген соң 4 жыл Жамбыл облысындағы Отар әскери бөлімінде еңбек еткен. Жақында ғана шені көтерілген.

Бауырын өзінің бес саусағындай білетін ағасы Елдос та аяқ астынан болған бұл жағдайға күдікпен қарайды.

"Шу шығарғаннан кейін хатты телефонмен жіберді. Оны оқып бітпей жатып өшіріп тастады. Онда былай жазылған "Мама, кешіріңізші. Командирлеріме зиянымды тигізгім келмейді". Егер командирлеріне зиян тигізгісі келмесе неге ол жұмыс орнында атылады? Букмекерлік кеңседе 8 миллион қарызы болған дейді. Оның ешқандай қарызы жоқ. Біз тексердік бәрін", - дейді Елдос Омаров.

Марқұмның денесін әкелген кезде жеке заттары, онымен қоса ұялы телефоны да ата-анасына қайтарылмаған.

"Жандос таңғы 5-те қайтыс болса, сол күні түнде оның әлеуметтік желідегі парақшасына біреу кірген. Бұл да көңілімізге күдік ұялатады", - дейді туыстары.

Бірақ қорғаныс министрлігі бұған қатысты тек ресми ақпарат беріп отыр.

"22 қараша күні Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімнің офицері өзіне қол жұмсады. Қайтыс болған жігіттің өлер алдында жазған хаты табылды. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне және туыстарының өтінішіне сай өзге ақпараттар жариялануға жатпайды", - дейді қорғаныс министрлігі әскери полиция басқармасы басшысының орынбасары Бекен Шынтілеуов.

Ал ата-анасы болса ұлының мұндай әрекетке барғанына бәрібір сенбейді. Бұған дейін ол жұмысына қатысты ешқандай шағым айтпаған. Олар жұмбақ өлімнің себебін құзырлы орындар анықтаса, тергеу жұмыстары әділ жүрсе дейді.

Естеріңізге сала кетейік, қайғылы оқиға 22 қарашада Жамбыл облысындағы Гвардейск гарнизонының әскери бөлімінде болған.

Оқи отырыңыз: 

"Басына бес оқ тиген": Теміртауда көз жұмған сарбаздың анасы күтпеген мәлімдеме жасады

Теміртауда қатардағы жауынгер өзіне оқ атып, көз жұмды

Жаңалықтар
0