Бас мүфти Серікбай қажы Ораз

"Жаңсақ пікір". Бас мүфти сақал мен балаққа тыйым салуға қатысты не ойлайтынын айтты

3294
(Жаңартылды 12:53 08.03.2018)
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берді

АСТАНА, 1 наурыз — Sputnik, Айымгүл Әбіл. Еліміздегі діни ахуалдың қазіргі жай-күйі көпшілікті алаңдататыны анық. Өткен жыл тыныш өтті, дегенмен көңілді күпті еткен мәселелер жоқ емес. Діни саланы реттейтін жаңа заң жобасы парламентте қаралып жатыр. Оның кейбір нормалары қоғамда даулы пікірлер тудырды. Осы маңызды мәселелер төңірегінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Оразбен сұхбаттастық. 

- Серікбай қажы Сатыбалдыұлы, Сіздің Бас мүфти болып сайланғаныңызға үш ай болып қалды. Әрине, көп уақыт емес. Десек те, осы уақыттағы жұмыстың қорытындысын шығаруға да болатындай. Маңызды лауазымдағы міндетіңізді неден бастадыңыз? Қандай жоспарларыңызды іске асырып үлгердіңіз?

— Бисмиллаһир рахманир рахим. Бүкіл әлемнің жаратушысы Алла Тағалаға сансыз мақтаулар болсын. Екі дүние сәруәрі Мұхаммед пайғамбарымызға Алланың салауаты мен сәлемі болсын. Расында да, өткен жылы сегізінші желтоқсанда кезекті құрылтайда еліміздегі төрт мыңға тарта дін қайраткерінің арнайы өкілі болып келген делегаттардың шешімімен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жетекшісі және дін саласында жоғары лауазым болып саналатын Бас мүфти қызметінің жүгі мен жауапкершілігін арқаладым. Қазақта "бір басшыға — мың қосшы" деген сөз бар. Мінекей, бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ үшін барша дін қайраткерлері жұмыла ұмтылып, жұмысымызды бастап кеттік. 

Соңғы бес жылда 2013-2017 жылдары дін және руханият саласында қазақ мұсылмандығы, ел тарихындағы өте маңызды көп шаруа жасалғанын айту керек. Екі-үш жылда бір рет өткізілетін имамдар форумын жолға қойдық. Форумда "Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы", "Бүгінгі мұсыл-манның келбеті", имам-молдалардың жауапкершілігін айқындап, білімі мен тәжірибесін шыңдайтын "Дін қызметкерінің этикасы", "XXI ғасырдың зияткер имамы" секілді маңызды құжаттар қабылданғанын білесіздер. 

Ал барша түркі әлеміне қасиетті де қастерлі Түркістан қаласында өткізген "Ұлы дала және ислам өркениеті" республикалық ғылыми-әдістемелік конференциясы — ең басты жоспарлы жұмысымыздың бірі. Беташары іспетті болған бұл істің жалғасы екінші наурызда Астанада өтетін Еуразия мұсылман ғұламаларының форумы болмақ.

- Ғұламалар форумын өткізудегі мақсат қандай?

— Кешегі жоғалтқанымызды түгендеп жатқан осы бір кезеңде дала халқының болмысымен бітеқайнасып кеткен ортаазиялық діни мектепті қайта жаңғыртсақ деген ой. Еуразия кеңістігінде шариғат мәселесінде Әбу Ханифа мәзхабы және сенім мәселесінде имам Матуриди діни мектебін ұстанатын мұсылман қауым өмір сүреді. Біздің мақсатымыз бір, мектебіміз бір, таным-түсінігіміз бір. 

Сондықтан форумда біртұтас пәтуа жүйесін қалыптастыруды, Рамазан айының басталуын, үлкен екі мұсылман мерекесі — Ораза айт пен Құрбан айттың уақытын белгілеуді көздеп отырмыз. Бұдан бөлек шариғат негізінде қоғамда кездесіп отыратын кейбір мәселелер бойынша бірізділік үшін ортақ пәтуа кеңесін құрмақшымыз. Осы бастаманы әріптестерім қолдайды деген ойдамын.

Бүгінде бүкіл әлемді дүрліктіріп отырған дін атын жамылған экстремизм, терроризм, яки болмаса басқа да араға іріткі салып жүрген деструктивті ағымдардың алдын алу үшін осы кеңістіктегі мұсылман қауымының иммунитетін қалыптастырған жөн-ақ. Осыған орай болашақта Еуразия мұсылман ғұламаларының форумын Қазақстанда тұрақты түрде өткізсек дейміз. 

Sputnik Қазақстан тілшісі Бас мүфтимен сұхбаттасып отыр
© Photo : ҚМДБ баспасөз қызметі
Sputnik Қазақстан тілшісі Бас мүфтимен сұхбаттасып отыр

Форумға 21 елдің мүфтилері мен Ислам ұйымдарының басшылары қатысамыз деп отыр. Оның ішінде Хорватия, Латвия, Литва, Эстония, Польша, Венгрия, Румыния да бар. Әрине, бұл елдерде мұсылман қауымы бар ма деген сұрақ туындауы мүмкін. Біріншіден, біз өмір сүріп отырған осы кеңістіктегі елдер қоғамының құрылымы – зайырлы. Олар зайырлылықтың принциптерін сақтай отырып, оны діни құндылықтармен ұштастырып, ортадан жол салып, діннің мәдениетін, ағартушылығын дұрыс жолға қойып, насихат жүргізіп жүрген діни жетекшілер деп айтуға болады. Осылайша, діни күрделі сұрақтар туындап отырған кезеңде өзіміздің мақсатымызды айқындап қана қоймай, тәжірибемізбен бөлісіп, өзгелерден үйрену өз жемісін беретіні анық. 

- Өзіңіз жетекшілік еткен мүфтияттың биылғы жылға қойып отырған мақсат-міндетін айта кетсеңіз. Тың бастамаларыңыз бар шығар?

— Жоспарлы алға қойған жұмысымыздың ең бастысы – ағартушылық. Осы мақсатта қабылдаған тұжырымдамамыз бар. Дін қайраткерлері бүгінгі уақыт талабына жауап бере алатындай білімді де білікті, жан-жақты болуы тиіс. Тек діни біліммен шектеліп қалмай, ғылыми-зерттеу жұмысында да белсенді болған абзал. Биік мақсаттар қойып отырған көпэтносты, көпконфессиялы қоғамның ортасында жақсы идеялар мен дұрыс насихат жүргізудің бәсекелестігі жүріп жатқан кезеңде елге білім үйретіп, жол көрсететіндей ортаны қалыптастыру міндеті тұр. 

Сонымен бірге, өте бір жақсы бастаманы қолға алып отырмыз. Қазіргі уақытта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 2600-ден астам мешіт бар. Бұл мешіттердің қызметі халықтың алдында ашық. Дегенмен, қаржылық ашықтықты қамтамасыз етудің бірден-бір оңтайлы жолы — мутауалли қызметін қалыптастыру. Ол қаржылық-шаруашылық жұмысқа жауап береді. Екі ай сайын, бәлкім тоқсан сайын жамағат алдында мешіттің түсімі мен шығындарын, болмаса мешіттің басқа күнделікті тыныс-тіршілігін жамағатқа жеткізіп отырады. Ал ақ шапан мен сәлде киген имамдар қаржылық-шаруашылық іске мүлдем араласпайтын болады. Діни басқарманың жарлығына өзгеріс енгізу үшін қазір жұмыс істеп жатырмыз. Менің осы бастамам әріптестерімнің тарапынан қолдау тауып отыр. 

- Бұл бастама қашан іске асырылады?

— Биыл сәуір айында толыққанды жүзеге асырамыз. Бір айта кететіні, бұл ойдан табылған дүние емес. Орта Азия дін басқармасы кезінде мутауалли қызметі болған. Осыны қайта қалыптастырсақ, ел ортасында өзара сенімді арттыру үшін жақсы септігін тигізеді деген ойдамын. Қазір қаржы-шаруашылық мәселелерін қоса алып жүру имамдарға кәдімгідей салмақ болып отыр. Елімізде дінге бет бұрушы жамағат саны өсіп келеді, олардың арасында жүргізілетін уағыз-насихат жұмыстары бар. Діни ғибадаттар мен рәсімдерді жүргізудің өзі бөлек дүние. Мешіттер жанындағы сауат ашу курстары мен елдің сұрақ-жауап мәселесіндегі жауапкершілік де имамның мойына жүктеледі.

Былтыр елімізде "Уақып" қорының құрылғаны белгілі. Қазіргі таңда 350-ге тарта имамға қайырымдылық көмек көрсетілді. Діни оқу орындарында тәлім алып жатқандарға шәкіртақы тағайындалды. Осы бағыттағы жұмыс жалғаса береді. Имамдардың әлеуметтік мәселесін шешіп, еш нәрсеге мұқтаж қылмай, олардың алаңсыз діни қызметін, ағартушылық жұмысын жүргізуіне жағдай жасауымыз керек. 

- Елдегі бүгінгі діни ахуалды қалай бағалайсыз? 2016 жылы болған Ақтөбедегі қайғылы оқиға елде діни ахуал өткір тұрғанын көрсетіп еді. Қазір жағдай қалай өзгерді?

— Ақтөбедегі жағдай біздің қоғамға, отанымыздың әрбір тұрғынына ой салды десек қателеспеспіз. Діннің атын жамылып, адамдар зұлымдыққа барады, біреуге қиянат жасайды, нақақсыз қанын төгеді, ұйып отырған елге іріткі болады деген терең ойға бармаған кез еді. Күнделікті жамағатпен еңбек етіп, дініміздің барша жақсы құндылықтарын насихаттап, еліміздің, халқымыздың бірлігін айтып отырған діндарларға да үлкен ойтүрткі болды. Барлық ортада оның себептері мен салдары талданды. Осының нәтижесінде ең бастысы, деструктивті діни ағымдардың қандайы болмасын — оның байсалдысы, жұмсағы, қатқылы деп бөліп отырмастан, қандай да бір көрінісі көрінген сәттен бастап оның алдын алу керек екенін түсіндік деп айтуға болады. 

Қазір республикалық ақпараттық-насихат тобы еліміздің барлық өңірінде жүйелі түрде жұмыс жасап жүр. Топтың құрамында белгілі теологтар, тәжірибелі ғалымдар мен мамандар еңбек етеді. Осындай кешенді жұмыстың нәтижесінде 2017 жыл, біздің ойымызша, жақсы жыл болды. 950-ге тарта деструктивті ағымдардың жетегінде жүрген азамат саналы түрде осы көзқарасынан бас тартып, дәстүрлі діни таным-түсінікке қайта оралды.

Өздерінің шешімін саналы түрде мойындай отырып, ағым мүшелері болып жүрген ортада өздері де насихатын жүргізе бастады. Жалпы, еліміз бойынша өткен жылдың соңындағы көрсеткіш бойынша өсім тоқтаған. Бұл — ең басты мәселе, бірінші жетістік деп ойлаймын. Өткен күннен алған сабақтың нәтижесі. Себебі мен салдарын тыңғылықты зерттей отырып, біз тиімді жұмыс жасауға өттік деген сөз. 

Енді мүдделі мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар және ең алдымен діни басқарманың мойнында үлкен жауапкершілік тұр. Дәстүрлі дініміздің құндылықтарын насихаттап, ағартушылық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоғам болып бірлесіп күресетін болсақ, бұл нәтиже жақсара береді деп санаймын. Дәстүрлі діни мектептің негізгі өкілдері болып саналатын имамдардың, діни басқарма теологтарының белсенділігі артты ғой. Қоғам тани бастады. "Пәленше деген белгілі дінтанушы ұстаз-ғалым бар екен, түгенше дегеннің уағызын тыңдаймыз" деп жатыр. Еліміздегі барлық мешітте деструктивті ағым мүшелері бар деген сөз емес. Ал ондай мәселе бар жерлерді біз назарымызға алып, жекелеген мешіттер айналасында жұмыс істеп, бар күшімізді салатын боламыз. 

- Әңгімемізді қазіргі уақытта парламентте қаралып жатқан заң жобасына қарай ойыстырсақ. Құжатты әзірлеуге діни басқарманың да атсалысқанын білеміз. Ендеше, дін қызметкерлері тарапынан қандай ұсыныстар болды? Жалпы, сіздің пікіріңізше, бұл өзгертулер ең түйткілді деген қандай мәселелерді шешеді?

Заң жобасын әзірлеу кезінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының діни қайраткерлері, біздің ғалымдарымыз бірнеше талқылауға қатысып, ойларын ортаға салды. Заң жобасы парламент қарауына түскенге дейін көптеген ұсыныс ескеріліп, мүлдем алынып тасталған тұстары да болды. Бүгінде құжатта біз түбегейлі қарсы болатындай мәселе көріп тұрған жоқпыз. Бірақ, әлі де болса айтылған ұсыныстарды заң шығарушы орган ескереді. 

Діни бірестіктердің ішкі тәртіптерін айқындайтын талаптарға мешітке келушілер бағынуы керек. Осы заң жобасының аясында ескеріліп отыр. Бұл аса маңызды дүние. Мешіт — Алланың үйі, ғибадат ететін орын. Діни басшылардың талап-тілектерін, ішкі тәртіптерін орындауға тиіс. Намаз құлшылығын өтеудегі белгіленіп қойған дәстүрлі ереже бар. Сонда ғана біз бірізділікке келеміз. Діни басқарманың талаптары мен ережелерін өзіміз жазып қойғанымызбен, егер ол ешқандай заңда жоқ болса, оған мойынұсынбаған жағдайда шара қолдана алмаймыз. Осындай даулы мәселелер заң жобасында қарастырылған. 

Сондай-ақ білім алу мәселесі реттеліп отыр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бізде діни білім ошақтары болған жоқ. Азаматтарымыз әлемдегі белгілі 5-6 діни мектепте білім алды. Енді қазір елімізде оқу орындары жеткілікті, кадр дайындауға қауқарлы мамандарымыз бар. Сондықтан орта білім мен бакалаврды отандық оқу орындарында қалыптастыру керек. Ал одан әрі білімді тереңдету үшін белгілі білім ошақтарымен жасалған келісімнің аясында шетелге жіберуге болады. Осы мәселе де заң жобасында ескерілген. 

- Қоғамдық орындарда қара киініп жүруге, деструктивті діни ағымдарға қатысы барын көрсететін сыртқы атрибуттарға тыйым салынбақшы. Оның ішінде сақал мен балаққа қатысты қоғамда түрлі пікірлер айтылып жүр. Өйткені адамның теріс діни ағымның жетегінде жүрген-жүрмегенін сақал мен балақтың ұзындығы арқылы да анықтау қарастырылып жатыр. Осы мәселеге қатысты сіздің пікіріңізді білгіміз келеді. Артық қыламыз деп, тыртық қылып алмаймыз ба?

— Заң жобасында тап сол сіз айтқандай бап жоқ. Заңда сақал, балақ деп жазылып қоймаған, ондай түсінік те жоқ. Есесіне діни деструктивті ағым деген түсінік бар. Соның анықтамасы жазылған. Бірақ деструктивті ағымдағы адамның портреті жоқ. Сондықтан заң қабылданғаннан кейін әзірленетін нормативтік-құқықтық актілерде оның нақты белгілері анықталады. Бұл мәселе кешенді дүние. Анықтамасын беретін мамандар бар. Деструктивті ағымдағы адамның портретін қалыптастыру үшін әлі де біраз ізденіс керек шығар. Бір ғана көрініс оған толыққанды жауап бере алмайды.

Десек те, өкінішке қарай, бүгінде қысқа балақ пен ұзын сақал ой салып, күдік тудыратыны рас. Өйткені, деструктивті деп күмәндануға негіз бар. Олар иманды, мұсылмандықты балақ пен сақалдың ұзындығымен таразылайды. Әлемнің мұсылман еліміз деп отырған ешбір мемлекетте ұзын сақал мен қысқа балақ деген норма жоқ, бұл негізгі өлшем емес. Жаңсақ пікір ғой. Олардың келтіріп жүрген дәлелдері мен дәйектері міндетті түрде балақтың қысқа болуына міндеттемейді. Сондықтан оның бәрі артық дүние. 

Дәстүрлі дінімізде балақты қысқарту деген жоқ. Сақал — пайғамбарымыздың сүннеті, бірақ сақал мен балақтың ұзындығымен мұсылмандықты өлшеу — әсіре діншілдік, қате таным-түсінік.

Нағыз мұсылман төңірегіне нұр шашып жүретін, отанын сүйіп, оған қалтқысыз қызмет етуді парыз көрген, қоғамға пайдалы болған адам. Кемел мұсылман жүріс-тұрысымен өнеге көрсетіп, ынтымақ пен бірлікке үндейді. "Нағыз мұсылман – өзге адамдар оның тілі мен қолынан зиян көрмеген адам" делінген хадисте. 

Бас мүфти Серікбай қажы Ораз
© Photo : ҚМДБ баспасөз қызметі
Бас мүфти Серікбай қажы Ораз

- Қара киімге, сақал мен балаққа заңды түрде тыйым салдық дейік. Сіздің ойыңызша, бұл қаншалықты тиімді болады?

— Заң деген дүние үнемі жетілдіріліп отырады ғой. Сондықтан бүгінгі заңға түсіністікпен қараған жөн болар. Осындай жұмыстар радикалды көзқарастағы азаматтар өсімінің тоқтап, жағдайдың тұрақталуына негіз болды. Ал қалғандарымен жұмыс істеп жатырмыз. "Әр қазақ менің жалғызым" деген тамаша сөз бар емес пе? Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды. Олардың бәрі осы елдің азаматтары, отанын жақсы көреді. 

 Біздің ендігі мақсатымыз — оларды райынан қайтару. Дінге жаңа бет бұрған адамдар да назарымызда болады. Енді қазір жеке адамға көңіл бөлеміз. Біз үйретпесек, ол интернеттен "ұстаз" тауып, соны үлгі тұтатын болады. Сөйтеді де, ертең адасады. Мұндайға біз жол бермеуіміз керек. 

- Заң жобасында дінге сенбейтіндердің сезімі мен намысына тиюдің әкімшілік жауапкершілігі қарастырылып отыр. Бұл норманы енгізу не үшін қажет болды?

— Бұл норма күпірлікпен айыптау секілді шектен тыс кеткен радикалды көзқарастан туындап отыр. Әсіре діншілдікке берілген адам өзі секілді деструктивті көзқарастағы азаматты ғана дұрыс мұсылман, ал намаз оқыса да, өзгеше ойлайтын жанды нағыз мұсылман емес деп есептейді. Мүлдем намаз оқымаған адам "кәпір". Міне, осылай қоғамды айыптай бастады. Ал бұлардың құқығын қорғайтын норма заңда болған жоқ. Біреудің сенімін кінәлауға болмайды деген сияқты жалпылай болғанымен, нақтыланбаған екен. 

Пайғамбарымыздың заманында ол өмір сүрген қалада басқа діндегілер де жүрген. Сонда пайғамбарымыз, қазіргі тілмен айтқанда, толеранттылық танытты. Мұсылмандар басым деп, оларды көшіріп жіберген жоқ, не болмаса "бәрің мұсылман боласыңдар" демеді. Пайғамбарымыз Алла Тағаланың әділет жолымен жүрді. Алла Тағала қасиетті Құранда "дінде зорлық жоқ" дейді. Дінде насихат бар, бірақ мәжбүрлі насихат емес, айла мен қулыққа сүйенген насихат емес. Бірін-бірі асыра айыптамау үшін адамға Алла Тағала ақыл, пайым, еркіндік берген. 

- "Қоғам діниленіп бара жатыр. Ал қоғамның діниленуі — қауіпті процесс" деген пікірге қатысты не айтар едіңіз?

— Дін адамның бұл дүниеде бақытты, мағыналы өмір сүріп, ұрпақ өсіріп, артынан жақсы із қалдыруын, адамдарға қылдай қиянат жасамауын, ойы да, жан-дүниесі де, іс-әрекеті де тек жақсылықты мұрат етіп жүруін мақсат тұтады.

Дін – мемлекеттің рухани тірегі. Өйткені дінсіз қоғам болмайды. Ал дінге бетбұрыс үдерісі — қалыпты құбылыс. Дінилену дегенді қандай өлшеммен таразылауға болады? Елдің бәрі намаз оқып, елдің бәрі арақ ішпей қойды дейік. Осы да діниленудің бір көрінісі бола ма? Адамдар Алла тыйым салған дүниелерден тыйылса, керісінше жақсы емес пе? Қоғамның діниленуі қалыпты процесс деп айтар едім. Бұл дегеніміз елдің бәрін дінге бұрылуға насихаттау емес, діниленуге шақыру емес. Елдің бәрі сәнге еліктесе, ол дүниенің сапасы болмайды. 

Діниленуден гөрі, дінге бет бұрғандардың қатаң радикалдануына жол бермеуге тиіспіз. Бұл жерде имандылыққа бет бұрып жатқан ортаны дұрыс жолға бағыттау және соны дұрыс игере алуымыз маңызды. Иманды қоғам, иманды жұрт, иманды адамнан тек қана жақсылық болады. Өмірде ешкімге қиянат жасамайды. Жақсы ұрпақ өсіреді. Бірақ міндеттеу, соған мәжбүрлеу дұрыс емес. Алла Тағала Құранда, Пайғамбарымыз хадисінде осыны анық айтқан.

 — Орыс тілінде исламның дұрыс уағыздалуына қаншалықты көңіл бөлініп жатыр? Құран аяттары мен хадистерін орысша сауатты түсіндіре алатын имамдар бар ма? 

— Жоспарлы бағдарлама құру ойымызда жоқ. Оған аса бір қажеттілік те жоқ. Орыс тілінде уағыз айтатын имамдардың пулын жасақтағанбыз. Олардың саны 40-тан асады, бұл қажет болған ортада жекелеген адамдармен жұмыс істеуге жеткілікті. Кейбір медреселерімізде орыс тілі бөлімін аштық. Онда дәрістер толыққанды орыс тілінде оқылады. Әрі Ресейдегі ислам университеттерімен бірлесе жұмыс жасап, тәжірибе алмасып жатырмыз. 

Айта кететіні, имамдарды аттестациядан өткізудің жаңа ережесі бекітілген. Бұл әлеуетімізді үнемі байқап отыру үшін керек. Қазір қайта-қайта даярлау курстары өткізілуде. Соңғы төрт-бес жылдағы жұмыс жақсы нәтиже беріп отыр. Тұжырымдама бойынша 2020 жылға дейін мамандардың алпыс пайыздан астамы жоғары білімді болады. 

- Бүгін — Алғыс айту күні. Бұл мереке туралы не айтар едіңіз? Алғыс айту туралы дінімізде не айтылған? 

— Алла Тағала қасиетті Құранда, Пайғамбарымыз хадисінде "адамдар әрбір атқан таңына, батқан күніне тәуба, шүкір, рақмет деп алғыс айту керек" деген. Пайғамбарымыздың мынадай хадисі бар: "Адамға алғыс айта алмаған, Аллаға да алғыс айта алмайды". Рақмет деген сөздің мағынасына үңілейікші. Оны айтқан адам Алладан "Уа, Алла, мына пендеңе риза болдым, осы кісіге рақым ет" деп тілеп тұр. Періште "Әумин!" деді. Ол үшін міндетті түрде қолын жайып, бата беру шарт емес. "Рақмет" деген сөздің өзі бата. 

Мұсылман адам өзіне жасалған жақсылықтың қайтарымы ретінде Аллаға және адамға әрдайым алғысын айтуды міндет санайды. Елбасымыздың бастамасымен белгіленген тәрбиелі, ғибратты, өнегелі мереке елімізде алдымен Жаратушыға, одан кейін бір-біріне алғыс айтатын адамдардың көп болуына себеп болады деп ойлаймын. Бір Алла жар болсын, алғыс айтып жүрейік, бір-бірімізге ризашылығымызды білдіріп жүрейік. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда сыйластық пен өзара алғыс айтқан ізгілік қана қалады. Сондықтан сіздерге де рахмет! 

- Сұхбатыңызға көп рахмет!

Редакцияның рұқсатынсыз материалды көшіріп-басуға болмайды!

3294
Кілт сөздер:
Серікбай қажы Ораз, деструктивті діни ағымдар, сұхбат, Бас мүфти, діни ахуал, сақал мен балақ, дін туралы заң, ғұламалар форумы, уағыз, алғыс айту
Алматының жыл мұғалімі Нұржігіт Аманов

Алматының жыл мұғалімі: өз стилің мен ешкімге ұқсамайтын жолың болуы керек

223
(Жаңартылды 16:00 18.10.2021)
Цифрландыру "ұстаз бренді", "ұстаз стилі" деген терминді алып келе жатыр. Сабақта жаңашылдық болмаса, ол өтімді болмайды, дейді ол

АЛМАТЫ, 15 қазан – Sputnik. Жақында "Алматының жыл мұғаліміне" екі бөлмелі пәтер берілді. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев №39 мамандандырылған лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Нұржігіт Амановқа пәтер кілтін табыстады.

Нұржігіт Аманов – екі баланың әкесі, жары да осы мектепте жұмыс істейді. Өзі педагог-зерттеуші. Түркістан облысы Жетісай қаласындағы Сырдария университетінде оқыған, еңбек жолын оқу орнының жастар комитетінің төрағасы ретінде бастаған.

Sputnik Қазақстан тілшісі Алматының үздік ұстазымен сұхбаттасып, еңбек жолы, байқауға ұсынған жобасы туралы сұрады.

- Нұржігіт Бердібекұлы, жүлдеңіз құтты болсын! Әңгімемізді еңбек жолыңыздан бастасақ...

- Жетісайдағы мектепті үздік бітірген соң Сырдария университетіне қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына грантқа түстім. Университетте белсенді болып, 3-курстан бастап жастар комитетінің төрағасы қызметін атқардым. Осылайша оқуды аяқтағанша шәкіртақы мен жалақы алып жүрдім. Үш жыл университетте жұмыс істеген соң арман қуып астанаға аттандым.

Мектепке жұмысқа тұрып, екі жыл ішінде астананың үздік жас маманы атандым, халықаралық байқауда үздік жас маман болдым. Елордада осындай табысты екі жыл өтті. 2015-2016 оқу жылында Алматыға ауысып, содан бері Қожықов атындағы №39 лицейде жұмыс істеп жатырмын.

Мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғаліміне қарап бой түзеп, ұстаздық жолды таңдадым. Адамгершілік қасиетіне қарап, "міне, нағыз ұстаз" деген ой туындайтын.

Алматының жыл мұғалімі Нұржігіт Аманов
Алматының жыл мұғалімі — Нұржігіт Аманов

- Ал нағыз ұстаз кім?

- Бәрінен ар-ұятын биік қоятын ұстаз – нағыз ұстаз. Өйткені алдында отырған шәкіртінің болашағына қиянат жасамай, берілген 45 минутта баланың шамшырағы жағылсын деп адал еңбек етуге жетелейтін күш – ар-ұят. Қазақ ар-ұятты бәрінен биік қояды, "малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы" деп, жанын қиса да, арын сақтап қалған.

Осы жүлдені алғанша дайындық кезінде компьютердің алдында күні-түні жұмыс істеп, ұйықтамадым. Алғалы да ұйқы жоқ. Сол кезде қазіргідей уайым болмады. Осы атақты алғаннан кейін өзімнен "осыған лайықсың ба?" деп сұраймын. Лайық бола түсу үшін жоспар құрып жатырмын.

- Байқау барысы туралы айтып берсеңіз. Қанша уақытқа жалғасты, қалай өтті?

- Байқау ақпанда басталды. Ол кезде мектепішілік кезеңде алты мұғалім бәсекеге түстік. Сабақ беретін пән бойынша тест тапсырып, білім деңгейімізді біледі. Содан кейін мұғалім мен оқушысының жеткен жетістігі тексерілді. Яғни, портфолио дайындадық. Аудандық кезеңге өткенде осы екі талапқа тағы сабақ өту қосылды. Ал қалалық деңгейде қайтадан тест тапсырып, портфолио мен инновациялық жаңалығымызды таныстырдық. Ашық сабақ пен тәрбие сағатын өттік. Яғни, қалалық байқауда 5 кезең бар.

Байқау өте ауқымды болды, осы бес кезеңге дайындыққа көп энергия жұмсадық. Бұл жүлденің артында 10 жылға жуық тәжірибе мен 8 айлық еңбек жатыр. Осы сегіз айда үлкен толғаныс пен тебіреністі бастан кешірдік. Байқау барысында жан-жақтан шыңдалдық. Болат қайнауда шынығады, батыр майданда шынығады. Ал ұстаз осындай байқауда шынығады.

Оқи отырыңыз: Алматының үздік мұғаліміне пәтер берілді

- Ақтық мәреде бақ сынаған 30 мұғалімнің ішінде немен ерекшелендім деп ойлайсыз?

- Байқауға авторлық New Generation деген жобамды ұсындым. Ол қазір мен жұмыс істейтін мектепте жүзеге асып жатыр. Оның мақсаты – цифрлы дәуірде рухани кемелденген тұлғаны тәрбиелеп шығу. Қазір цифрлы дәуір адамды жұтып жіберіп жатыр. Ол адам өмірінің мәніне айналған сайын, рухани мүгедектікке кетіп барамыз. Бұл жобада цифрлы кезең мен рухани білім ұштасады. Байқауда жеңіске жетуіме осындай жобаны басшылыққа алғаным себеп болды деп ойлаймын.

Қазір оқушылар арасында көркем шығарманы оқытуда қиындық бар. Ал мен ұсынған жоба соған көмектеседі. Мысалы телефоннан бас алмайтын оқушыға телефон арқылы тапсырма беремін. Бізге қазір заманына қарай адамы, адамына қарай әдіс-тәсілі деген ұстаным керек.

- Жеңіске жететініңізге сенімді болдыңыз ба?

- Байқауға қатысу барысында еңбегіме қарай жүлдені алсам да, алмасам да таңғалмаймын дедім. Жеңіп жатсам, идеям мықты, деңгейім жетіп тұр деп ойладым. Алмасам, әлі де шынығу керек деген ойда болдым. Қатты күту, толғаныс болмады.

Бізге алдын ала кімнің жеңгенін, кім қандай орын алғанын айтпады. Бір күні марапаттау сәтіне дайындыққа бардық. 30 мұғалімнің ішінен 4 адамды шақырыпты. Содан не болса да, төрттіктің ішінде бармыз деп ішіміз жылып қалды.

Марапат табысталған күні үш байқаудың жүлдегерлері жиналды. Бізді ең соңында сахнаға шақырды. Жанымдағы әріптестерімнің атын айтып, соңында менің атады. Іштей жеңісті сезіп, алдын ала әкімнің алдында сөйлеймін деп дайындалып бардым. Тіпті сөзімді жаттап алдым. Бірақ сөз берген кезде жаттаған бір сөз есіме түспеді.

Алматының жыл мұғалімі Нұржігіт Аманов
© Photo : Айгерім Таубай
Нұржігіт Аманов — қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі

- Әкім пәтер кілтін табыстады. Бұған дейін пәтер жалдап тұрдыңыз ба?

- Иә, келіншегім және екі баламмен бірге үй жалдап тұрамыз. Әйелім де осы мектепте мұғалім болып жұмыс істейді, қазір декреттік демалыста.
Екі бөлмелі пәтер алу деген мен үшін үлкен қуаныш, өмірімде жеткен жетістіктің бірі болды. Күтпеген жағдай. Ең алдымен әке-шешем қуанды.

- Үздік мұғалім болу үшін не керек?

- Жетістікке жетудің кілті – еңбек. Одан бөлек білім, идея, табандылық, ұстамдылық секілді қасиеттер қажет. Өз әрекетіңнің нәтижесін бағамдап, яғни алдыңда не болатынын болжай алу керек.

Байқауға келер болсақ, өзіңе сыни көзбен қараған маңызды. Тыңдай алу керек, себебі әріптестер көмек қолын созып, ойын айтады. Жиналған барлық ақпаратты қорытып, өз идеяң пайда болады. Бұл – ұжымдық жұмыс. Мұндай жағдайда тек "менікі жақсы", "менікі дұрыс" деп қарауға болмайды. Дайындық барысында сабақ өткенімді көріп әріптестерім 1-2 әдіс-тәсіліме қатысты өз ойын айтты. Сол кісілердің айтқанын істеп, расымен де осы жолдың тиімді екенін байқадым. Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайды.

Ал жеңу үшін ешкімге ұқсамайтын жолды іздеп, қазылар алқасының көзін жарқ еткізіп, таңғалдыратын стилің болуы керек. Сол стиль арқылы жеңіске жетуге болады.

Қазір 21 ғасырды ақпарат ғасыры дейміз. Сол даму оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынасты өзгертіп жіберді. Жаңа арнасын қалыптастырды. Бұл мұғалімнің сабақ беру тәсіліне әсер етті. Цифрландыру "ұстаз бренді", "ұстаз стилі" деген терминді алып келе жатыр. Сабақта жаңашылдық болмаса, ол өтімді болмайды. Ал менің ұстаздық стилім – сабақты өмірмен байланыстырып, оқушылардың бойында жақсы білім қалыптастыру.

- Бүгін Алматының үздік мұғалімі атандыңыз, келесі ендігі мақсатыңыз қандай?

- Жоспар өте көп. "Алматыда жыл мұғалімі" болған күні жекеменшік мектептің негізін салушылар хабарласып, мектепке директор болуды ұсынды. Мен келіспедім. Ол мектеп бұрын да мұғалім ретінде шақырған. Жүлдені ала салып, кетіп қалу адамгершілікке жатпайды. Алайда келешекте осындай ұсыныстар түсіп жатса, жоқ демеймін.

Ұжымды басқару оңай емес. Қаншама адам арыз айтып келеді, оның бәрін тыңдай алуың керек. Директор болу – жауапты іс. Оған үлкен дайындық қажет.

- Әңгімеңізге рахмет! Жеңісті әрі жемісті күніңіз көп болсын!

223
Тақырып бойынша
Депутат Қазақстанда неліктен мұғалім мен мектеп жетіспей жатқанын түсіндірді – видео
"Топас маймылсыңдар!": эмоцияға ерік берген мұғалім аудиожазбасы тарап кетті
Атырауда баласының күйеуінен екеніне күмәнданған мұғалім жантүршігерлік қылмыс жасады
"Ерекше қатал мұғалім еді": Аймағамбетов ұстаздары туралы айтты
Абай Құнабайұлына қойылған ескерткіш

"Абайдың деңгейін түсінбейді": абайтанушы өзін не қынжылтып жүргенін айтты

277
(Жаңартылды 11:36 10.08.2021)
Бүгін Қазақстанда Абай күні аталып өтіп жатыр. Бұл дата 2020 жылы үкімет қаулысымен Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ресми түрде енгізілді

АЛМАТЫ, 10 тамыз – Sputnik. Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында абайтану саласында ғылыми ізденіс жағынан алға жылжу болмады, керісінше құлдырау байқалды. Айтулы күнді көпшілік науқанға айналдырып жіберді. Себебі былтыр "Абай жылы" қарсаңында баспасөз беттерінде мақалалар қарша бораса, биыл олар саябырсыды. Мұндай пікірді абайтанушы, теолог Досым Омаров Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Абайтанушы Досым Омаров
© Photo : Досым Омаровтың жеке архивінен
Абайтанушы Досым Омаров.

- Досым Қайырбекұлы, Абай Құнанбайұлы мұрасын қанша уақыттан бері зерттеп келе жатырсыз? Ғылыми ізденісіңіздің бағыты жайлы айтып берсеңіз.

- Отыз жылдан бері Абайдың рухани мұрасын жүйелеумен шұғылданып келемін. Ондағы мақсатым – ойшылдың рухани мұрасын халыққа жеткізу ғана емес, сонымен қатар оның ұлылық тұлғасын ашып көрсету. Алғашқы мамандығым – инженер. Техника ғылымдарының кандидаты болсам да, Абай мұрасын зерттеуді қолға алдым. Себебі Абай арқылы халыққа рухани жағынан қажет дүниенің бәрін беруге болатынын түсіндім. Ол үшін теологияны зерттедім. Абайдың мұрасын ойшылдық деңгейде, философиялық жағынан зерттеуге күш салдым. Ғылым академиясының философия институтында "Абайдың рухани мұрасы" деген тақырыпта философиядан докторлық диссертация қорғадым. Соның нәтижесінде бүгінге дейін Абай, Шәкәрімнің мұрасы жөнінде 11 кітап жаздым.

- Былтыр Абайдың 175 жылдығы қарсаңында ғылыми ізденіс жағынан алға жылжу болды ма?

- Жоқ, ғылыми ізденіс жағынан алға жылжу болған жоқ. Керісінше құлдырау байқалады. Себебі қазір еліміз өркениеттің құлдырау дәуірі мен өркендеуінің өтпелі кезеңінде тұр. Құлдырау дәуірі шегіне жеткен жоқ. Оның қашан шегіне жететіні халықтың жағдайына байланысты. Ал осы жағдай абайтануға да әсер етті. Оны Абайдың ойшылдығына әлі де толық көңіл бөлінбей, оның заңғар биігін түсіне алмай келе жатқанымыз аңғартады.

Қазір мектепте абайтануды оқытатын арнайы оқулық жоқ. Аптасына бір рет қосымша сабақ ретінде өтеді. Мектептен бастап оқытпаған соң келер ұрпақ Абайдың кім екенін қайдан біледі?!

Оқи отырыңыз: Абай Құнанбайұлы ұрпағының шежіресі

- Абайдың шығармалары бірнеше тілге аударылып, шетелде Абайға ескерткіш, бюст орнатылды. Ал ел ішіндегі жұмыстар соның көлеңкесінде қалып қойған жоқ па?

- Абай жылын науқанға айналдырдық. Былтыр мерейтой қарсаңында Абай туралы түрлі мақала шықты. Ал қазір оның саны күрт азайып қалды. Шын мәнінде Абай мұрасын зерттеп, оны халыққа тарату үзілмейтін нәрсе болуға тиіс. Абайдың әр сөзін талдап, жариялап отырса, халық оны бойына сіңіруге молынан мүмкіндік алар еді. Абайдың бір сөзін түсінудің өзі адам өмірін өзгертуі мүмкін. Себебі Абай хәкім болған адам. Хәкімде қателік деген болмайды, әрбір сөзі терең, шындық, әрі мың жыл жүрсе де өлмейді. Абайдың шығармалары шет тілге аударылып, таратылып жатыр. Абай сияқты ұлы тұлға бар екенін көрсетіп, басқа елге әлі де тарату керек. Кеңес дәуірінде Абайдың ойшылдығы зерттелмей, оны тек ақын ретінде қабылдап келдік. Шын мәнінде Абайдың ұлылығын әлі танымай жатырмыз. Оның ұлылығын танып, түсініп, түйсінген кезде ғана шет тілге дұрыс аударуға болады. Өзіміз дұрыс түсіне алмай, оны басқаға қалай түсіндіреміз?!

- Ақынның қай шығармасын түсіну өзіңізге қиынға соқты?

- Мен үшін Абай шығармасындағы ең қиыны – отыз сегізінші қара сөзі. Бұл адамды ең жоғары деңгейге бағыттайтын рухани шығарма. Оны тек рухани деңгейде түсінуге болады. Менің кітап жазғандағы мақсатым – Абай сөзін жүйеге келтіріп, "толық адамға" бағыттау болды. Яғни, ең төменгі деңгейден бастап адам қалай жетілуі керек дегенді жүйеледім.

- Иә, кейінгі жылдары Абайдың "толық адам" концепциясы жиі айтылып жүр. Абай айтқан "толық адам" кім?

- Абай шығармаларын адамзатқа арнаған. Абай адамның өзін "жарым адам", "адам", "толық адам" деп үш сатыға бөледі. Сол үш сатыдағы адамдар Абай мұрасынан өзіне керегін алады. Абайдың "толық адам" іліміне жақсы көңіл бөлініп жүргені қуантады. "Толық адам" ілімін түсінетін болсақ, адам дейгейлерін түсінеміз. "Жарым адам" мен "адамның", "адам" мен "толық адамның" аражігін ажыратамыз. Өзіміздің қай дейгейде тұрғанымызды біліп, алдымызда не күтіп тұрғанын түсініп, соған ұмтыламыз.

Оқи отырыңыз: Абайдың үш әйелі: ақын сүйіктілеріне не сыйлаған - фото

Абай отыз сегізінші қара сөзінде "толық адамның" негізгі белгілерін атаған. "Толық адам" иманы толық, тән құмарын жеңіп, тек қана жан құмары үшін өмір сүреді. Осылайша рухани жетілу арқылы "кәміл мұсылман", "хакім", "әулие" деңгейіне көтеріле алады. Абай "толық адамның" ең жоғары деңгейі "пайғамбар" деп көрсетеді. "Толық адам" жолы – сананың өсу жолы. Сананың эволюциялық өзгеруін, "толық адам" жолын түсіну үшін сананың не екенін білу керек. Адам екі болмыстан тұрады: рухани және материалдық. Материалдық болмыс тән және психикадан тұрады. Рухани болмыс жан және рухтан тұрады. Рух – жанның қуаты. Рух адам болмысын қалыптастырады, ал сана рухтың қасиеті, бір бөлігі. Жан кірлемей, рух таза болса, сана да жоғары деңгейде болады. Адам өмірін сана басқаратын болғандықтан, өмірдің түпкі мақсаты – жанды тазартып, сананы өсіру. Рухани жетілу дегеніміз осы. Бұл "толық адам" сатысына көтерілу жолы.

- Абайды зерттеп жүрген адам ретінде ақын туралы түсірілген фильм, театр қойылымдарындағы рөлдерге қатысты ойыңыз қандай? 

- Оған теолог ретінде көңілім толмайды. Себебі мен Абайға хәкім, ойшыл ретінде қараймын. Абайдың рухани дүниесін қабылдай білуіміз керек. Ал оның рухани деңгейін көрсету үшін түсіретін адам рухани биік болуы қажет. Ал олар қарапайым деңгейдегі адамдар, Абайдың деңгейін түсінбейді. Сондықтан Абайды қарапайым адам ретінде көрсетеді. Мысалы, "Абай" деген көркем фильм шықты. Олар Абайдың ішкі жан дүниесін көрсете алмаған, тек сыртқы болмысын көрсеткен. Кім болды, қалай өмір сүргенін ғана танытты. Данышпанның ішкі дүниесінің жетілу сыры, оның көтерілген рухани шыңы, эволюциялық даму жолы ашып көрсетілмеген. Шығарма Абай туралы болғандықтан, оған үлкен жауапкершілікпен қарау керек еді.

- Досым Қайырбекұлы, әңгімеңізге рақмет!

277
Кілт сөздер:
Абай, абайтанушы, Абай Құнанбайұлы
Тақырып бойынша
Абай, Ыбырай, Міржақыпты танитын 2 жасар балақайдың анасы: қолынан кітап түспейді
Иордания астанасында Абай көшесі ашылды
Америкалық топ Абайдың әнін орындады – видео
Абайдың 175 жылдығы: Тоқаев пен Назарбаев ресми шараға бірге келді     
"Абай аренаға" Елбасының атын беру ұсынылды: Назарбаев өз ойын айтты
Жидебайға саяхат: Абайдың үшінші әйелі Еркежанмен тұрған үйі – фото
"Абай" сериалы түрік арнасынан көрсетіледі
АҚШ туы

АҚШ Ресеймен соғысуды қалай ма БАҚ

0
Пентагонға қызмет ететін Гудзон институтындағы аналитиктер тез арада америкалық орташа қашықтыққа ұшатын зымырандарды Ресей шекарасын бойлай орналастыруға және НАТО әскерін Сувалки дәлізіне жөнелтуге кеңес береді

НҰР-СҰЛТАН, 20 қаңтар – Sputnik. Батыстағы элита БАҚ-та ақпараттық шу шығарып, Украинаны Ресейден "құтқарып" жатқан шақта америкалық әскерилер өз шаруаларын тындырып жатыр, деп жазды РИА Новости.

НАТО Біріккен қарулы күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Филипп Бридлав Еуропада америкалық заманауи стратегиялық көлік ұшақтары мен жанармай тасымалдайтын ұшақтардың жоқ екеніне шағымданды. Ол ұшақтар әуедегі НАТО басымдығын қамтамасыз ететін еді. Алайда кімнен басым түсу қажет? Генерал Бридлав Ресеймен соғысты жоспарлап отырғаны анық.

Ол 2014 жылы НАТО Әуе күштеріне қолбасшылық еткен шақта "сыпайы адамдардың" Қырымға қонуын байқамаған сыңай танытты. Ол сол кезде ашуға мініп, Ресейдің айыру белгісі жоқ әскерді қолдануын ең таңғаларлық блицкирг деп бағалады. Ол бүгінгі жағдайды сол оқиғаның есесін қайтарудың мүмкіндігі ретінде қарастыратын секілді.

Пентагонға қызмет ететін Гудзон институтындағы аналитиктер тез арада америкалық орташа қашықтыққа ұшатын зымырандарды Ресей шекарасын бойлай орналастыруға және НАТО әскерін Сувалки дәлізіне жөнелтуге кеңес береді. Бірақ олар Сувалки дәлізі Белоруссия мен Калининград облысының арасында 65 километрге созылып жатқан аумақ екенін біле ме? Бір жағында Литва болса, екінші жағында Польша орналасқан. Картада бәрі анық көрсетілген. Сонда Украинаның бұған не қатысы бар?

Шындығында Украинаның ешқандай қатысы жоқ және көп уақыттан бері барлығы ашық әрекетке көшті. Америкалықтар Ресеймен соғысуды көздеп отыр. "Тежеу" – бұл сыпайы эвфемизм. АҚШ Украинаны да Балтық маңы елдері секілді қажеттілігіне қарай қолданады. Территориясын әскери әрекеттер театры ретінде, халқын соғыс кезіндегі адам шығыны ретінде, елдегі билікті өз дегенін бұлжытпай орындайтын "одақтас" ретінде қолданады.

Америкалық әскеридің жоспары олар өз одақтастарын аса бағаламайтынын айғақтап тұр. Себебі Украина барлық стратегиялық шараларда атүсті аталады. Украина үшін Ресейді тежеу туралы бірер сөз айтылса, одан кейінгі жоспар ауқымдылығымен таңғалдырады. Сувалки дәлізі, тасымалдаушы ұшақтар, "die erste Kolonne marschiert, die zweite Kolonne marschiert..." Балтық елдеріндегі оқиға қайталанып жатыр.

Соңғы отыз жылда кейбір лимитрофты елдерде ұлтшылдықты тым асқақтатып жібергені соншалық, жергілікті тұрғындар қарапайым нәрсені елемей отыр. Олар өзерінің ұлттық ерекшеліктерін айтып, қанша мақтанса да, америкалықтар оларды әрдайым "орыстар" ретінде ғана қабылдайды. Немесе "кеңестік" деп қарастырады, айырмашылығы жоқ.

Бір кездері Еуразияның жүрегі болған одаақтың елдері біртұтас болған шақта ешкімге жеңістік бермейтін. Ресей шекарасын бойлай орналасқан халықтарға "дербес ұлтшылдық" таңу үшін бүтіндей сарапшылар институты ондаған жылдар бойы жұмыс істеп жатыр.

Украинаны Ресейден қорғау бойынша батыстағы әріптестердің іс-әрекеті жаға ұстатарлықтай. Себебі бейбітшілікке апаратын жол – бұл келіссөз, келісімді әзірлеу және сақтау емес пе? Ал америкалықтар Украинаға әскери техника жөнелтіп, ағылшындар танкіге қарсы зымырандармен жабдықтап жатыр. Ал Канада арнайы мақсаттағы әскер жасағын осы іске жұмылдырды. Американың Орталық барлау қызметі украин сарбаздарын арнайы даярлықтан өткізіп жатыр. Тіпті немісер де атсалысып жатыр. Олар украин әскерилеріне медициналық көмек көрсетуде.

Егер шындықты бүкпесіз баяндасақ, онда АҚШ үстемдігімен батыс елдердің Украинаны оккупациялауы баяу, бірақ табанды түрде жүріп жатыр. Украинаның бұл мәселеде өз есебі болғаны анық. Олар 2014 жылы осындай бір есепті жүзеге асырды: украиндер америкалықтардың ықпалына көшіп, есесіне солардың қаржысына иек артуға, ал өздерін Ресейден қысым көріп жатқан ел ретінде танытуды көздеді. Соғыс басталғалы жатыр деп дабыл қағып, бірақ ол соғысқа өзіміз қатыспаймыз деп жоспарлады.

Мәскеу көрінісі
© Sputnik / Наталья Селиверстова

Бірақ Ресей көршісі америкалықтар оларға қарағанда есепке жүйрік екенін ескермеді. Себебі украиндер міне, соғыс табалдырығында тұр. Елге аштық пен кедейлік қаупі төнді. Ресейді елемеуге тырысқан Украина өзі құрған қақпанға өзі түсті.

Егер 2014 жылы Украина Майданға мән бермей, Ресеймен тату қарым-қатынасты ұстана берсе, онда сол кездегі қақтығыс кезінде көз жұмған кемінде он төрт мың адам қазір тірі жүрер еді. Ел экономикасы құлдырамас еді және газ бағасы Ресейдегідей, яғни қазіргі өлшем бойынша нөлге тең дәрежеде болар еді.

Бір қызығы, әлемде тек Ресей ғана Украинаны қаз-қалпында, ел ішінде ешқандай жаңашылдық енгізбей-ақ, өзіндік атмосферасымен қабылдады. Ал басқалары бұл елді кезінде Ресейден бөлініп шыққан және ескіліктің заманында қалып кеткен түсініксіз аумақ ретінде қарастырды.

Батыстық басқыншылар жергілікті халыққа қатысты аяушылық пен адамгершілік танытады дегенге сену қиын. Себебі Донбастағылар жас гвардияшыларды әлі ұмытқан жоқ. Бабий Яр әлі де Киевтің жадында. Сол себепті орыстар бүгінде болып жатқан қатыгездікке абыржып отыр.

Украина Қарулы күштері мектептерді оқ ату және соғыс жүргізу орындары ретінде қолдануға көшті. Уукраина артиллериясы Донбастағы жүзден астам бейбіт тұрғынның көзін жойды. Одессадағы Кәсіподақтар үйінде ондаған адам тірідей өртелді және соққыға жығылды. Шаңқай түсте сәбиімен бірге өлтірілген жас әйелдің суреті бүкіл әлемге тарады.

Адам айтса сенгісіз бұл жағдай бүгінде Украинаның ақиқатына айналды. Ал америкалықтар "Ресей Украинаға шабуыл жасауға дайындалып жатыр" деп әлемді дүрліктіруін қояр емес. Ал шындығында америкалықтар мен еуропалықтардың Украинаға басып кіруін әлдеқайда бұрын болып қойған еді.

Енді бүгінде украин халқы кедейлік пен аштықтың қарсаңында тұр. Енді бұл сұрапылдан украиндерді кім құтқарады?

0
Кілт сөздер:
АҚШ, Ресей, соғыс