Суретші Аңсаған Мұстафа

Аңсаған Мұстафа: қыз алып қашқан жігіт сотталғанда қатты қуандым

1283
(Жаңартылды 20:01 12.03.2018)
Танымал суретші Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берді

АСТАНА, 8 наурыз – Sputnik. Нұргүл Абай. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай көпшілікке әлеуметтік тақырыптарға арналған суреттерімен танылған белгілі суретші, елдегі өткір проблемаларға бей-жай қарай алмайтын белсенді блогер, кәсіпкер Аңсаған Мұстафамен сұхбаттасудың сәті түсті. 

– Сізді, ең әуелі, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтаймын. Отбасыңызға бақыт, бақ-береке тілеймін. Жалпы сіз бұл күнді қалай атап өтесіз?  

– Балаларым күні бұрын салған суреттерін, ермексаздан жасаған ойыншықтарын сыйлап, құттықтайды. Бірақ, шыны керек, бұл күнді өз басым мейрам деп асыға күтпеймін. Маған бұдан гөрі Наурыз мейрамы қымбат. 

– Неге? Жылдың бір күнінде әйел, ана ретінде жұбайыңыз бен балаларыңызға еркелеп, демалу деген жоқ па? 

– Ондай жоқ (күлді). Бала кезден бастап санада қалған қарсылық сияқты, 8 наурыз біздің емес, шет елдің мейрамы, бізге қатысы жоқ сияқты көрінеді. Сондықтан болар, бұл мерекеге аса көңіл бөлмеппін. Бірақ өзгелердің тойлауына қарсы емеспін, тек өзіме бәрібір. Анамды, апаларымды, сіңлілерімді құттықтаймын. Көрісіп жатсақ, сыйлық та жасаймын. 

Суретшінің телефонға тәуелділікті сипаттаған туындысы
© Sputnik
Суретшінің телефонға тәуелділікті сипаттаған туындысы

– Суреттеріңізде әлеуметтік тақырыптарды жиі қозғайсыз. Сіздің ойыңызша, Қазақстанда өткір проблемалардың көбейіп кетуіне не себеп? 

– Негізі, балаларға қорлық көрсету, әйелді ұрып-соғу, қыз алып қашу секілді проблемалар баяғыдан бар.Тек бұрын әлеуметтік желі, интернет деген болған жоқ. Қазір көшеде бала табылса, оны біреу интернетке салады, сөйтіп ол лезде бәріне тарап, үлкен шу болады. Сондықтан соңғы кезде "жастар бұзылып кетті, проблема шаш-етектен" деген әңгімені жиі естисің. Ал шындығында, оның бәрі бұрыннан бар дүние. 1991 жылы анам отбасыларға, қыз-келіншектерге арналған "Ақ босаға" газетін жарыққа шығарды. Ол жылдары мен небәрі он бір жаста едім. Сол кезден бастап жоғарыда айтып өткен проблемалардың барлығы газет бетінде жазылды. Ол заманда психологтар болған жоқ, қыз-келіншектер газетте оқығандарына Құдайдай сенетін. Ал қазір газет-журнал, сайт дегендер қаптап кетті. Оның үстіне тек журналистер ғана емес, пайда, ақша үшін ашып жатқандар көп. Мәселен, журналистерде "журналистік этика" деген болады, оның бәрін оқу орнында оқытады оларға. Ал өз пайдасы үшін ашатындар не болса соны жазып, сенсация қуып, лайк жинау үшін ғана жұмыс істейді. Ақпараттың құнын түсіріп жіберді деп ойлаймын. Айтайын дегенім, бұл мәселелердің бәрі баяғыдан бар. Газет редакциясына бір қолына пакетін ұстап, екінші қолына баласын жетектеп жап-жас келіншектер жылап келетін. Біреуін атасы ұрған, енді бірін енесі үйден қуып шыққан. Басқа барар жері, басар тауы қалмаған қыздар. Үйіме қайтып оралсам, әке-шешеден, көрші-қолаңнан ұят дейді. Осы бір өтірік ұят маған ұнамайды. Балаға ата-анасынан жақын адам жоқ бұл дүниеде. 

– Сіз мұның бәрін өз көзіңізбен көріп өстіңіз ғой сонда… 

– Иә, бәрін көріп өстім. Бірде редакцияда жалғыз қалған кезімде бір қыз қоңырау шалды. Ол кезде жасым он төрт-он бесте. Тұтқаны көтермейін десем, ешкім жоқ. Амалсыздан телефонды алдым, ар жағынан жылап тұрған қыздың даусы естілді. Сүйіктісі үйленемін деп алдап, жүкті болып қалған кезде тастап кеткен. "Енді не істеймін мен?" деп қайғырып, жылап жатыр. Анамнан, сол жердегі апайлардан естігенімді айтып, жұбатқандай болдым. Қатты ұяламын оған, бірақ сол кезде оған "мен бала едім" десем, ол одан әрі түңіліп кетер еді. Өкінішке қарай, ол жалғыз емес, опық жеп жылап жүрген талай қыз бар. Қыздар аңқау, сенгіш, бұл жағынан бір-біріне өте қатты ұқсайды. Қазақтың қыздары романтик болып келеді деп ойлаймын. Өздері алданғысы келіп тұрады. Мәселен, өзге ұлттар қыздарын "жалмауыз" етіп тәрбиелейді, қақшаңдап тұрады, ал біздікілер майысып, айтқанына көніп, алданып қалып жатады. 

– Бала кезден редакция қабырғасында өстім деп жатырсыз. Ата-анаңыз да, жұбайыңыз да журналист. Журналистика саласына бет бұру ойыңызда болған жоқ па?

– Қызық болғанда, жақындарымның бәрі журналист болып шықты. Әкем журналист, жазушы, бірнеше кітабы басылып шыққан. Қазір Қазақстан жазушылар одағында аударма бөлімінің директоры. Анам "Ақ босаға" газетін шығарып жүр. Жолдасым да журналист. Алматыда троллейбуспен ҚазҰУ-дің жанынан өтіп бара жатып, "осы жерде оқысам ғой, шіркін" деп армандайтын едім. Бірақ дәл оқуға түсерде ойымнан айнып қалдым, суретшілік жағы тартып кетті. 

Кейбір сайттардан хабарласып, "колонка" жүргізіп тұруға ұсыныс тастаған. Бірақ оған бір жүйелілік, жауапкершілік керек қой. Ертең оны ашып алып, ештеңе жазбасам, тағы ұят. 

– Сіздің "Ауру" деп аталатын бір суретіңізде телефонға тәуелділік өте жақсы сипатталған. Бір отбасының мүшелері қолдарындағы телефонға шұқшиып, көз алмайды. Осы суреттің сіздің отбасыңызға қаншалықты қатысы бар? 

– Тура осылай, жүз пайыз біздің үй. Әркім телефонына жабысып жатады. Оның жасыратын дәнемесі жоқ, әлеуметтік желілер бәрімізді бастан-аяқ жаулап алды. 

– Әлеуметтік желінің пайдасын көп көріп жүрсіз бе, әлде зиянын ба?

– Зияны жоқ, өте жақсы пайдаланып жүрмін (күлді). Инстаграмда екі парақшам бар, уақытымның біразы соған кетіп қалады. Сол жерден тапсырыс аламын, қабылдаймын, адамдардың сұрақтарына жауап беремін. 

– Ал балаларыңызға әлеуметтік желіде отыруға рұқсат етесіз бе?

– Олардың әлеуметтік желісі – Youtube. Видео түсіреді де жариялайды, сол жерге пікір қалдырады. Видеоблогерлердің видеосын қарайды. Өздерінің каналдары бар, кішкентай болған соң, жазылушылары аз. Он төрт жастағы қызым 30-40 шақты видео түсіріп тастады. Ұлым неше түрлі эксперимент жасап, видеоға түсіріп, ютубқа жүктейді. 

– Бір сұқбатыңызда тұрмысқа шыққан қыздарға "бала туған кезде жақсылап ойланып, есеппен туу керек, өздеріңе ғана сеніңдер. Әйтпесе екі-үш баланы дүниеге әкелгеннен кейін, күйеуіңіз тастап кетуі мүмкін. Асырай алатындарыңа көздерің жеткенде ғана жоспарлаңдар" деп кеңес беріпсіз. Бірақ тұрмысқа шыққаннан кейін "жұбайым тастап кетпес пе екен" деген қорқынышпен әр баланы жоспарлап, есеппен өмірге әкелу қаншалықты дұрыс? Демографияға кері әсері тимей ме?

– Халқымыздың санын көбейтейік деп отырған үкімет жоқ бізде. Төрт балаға алатыны – он мың теңге, ол ақшаға қазіргі заманда екі қорап памперс аласың.  Сондықтан адам өзінің күшіне сену керек. Мен оны еріккеннен жаза салған жоқпын ғой. Қиын жағдайға тап болып, өз-өзіне қол жұмсаған қыздар бар. Оқуды бітірер-бітірместен алып қашып жатады, қыз да соның ығына көнеді, неге екенін мен түсінбеймін. Одан үш-төрт бала туады, кейін әлгі еркек әр нәрсені сылтауратып, басқа қыздарға көз салады, соған кетіп қалады. Соның кесірінен өзіне қол жұмсап, өліп қалып жатқан қыздар бар. Ал балалар тірідей жетім қалды. Бұл өте ауыр жағдай. Сондықтан қыздарға кішкене есін жисын деп айтқаным еді. Осыдан кейін әлеуметтік желіде еркектер жабылып, "неге олай жазасың? Феминиссің, біздің әйелдерге жаман әсер етесің" деп шулап жатты. Жоқ, мен қыздарды өте қатты жақсы көремін. Өмір деген зу етіп өте шығады, сондықтан шалыс қадам баспай, өздерін күтсін,  бақытты болсын деймін. Жұмыс істесін, қанша баланы асырауға шамасы жетеді, соншасын дүниеге әкеліп, көп ақша тапсын. 

–  "Шындықты айтатыным үшін еркектер мені жек көреді" деген едіңіз. Сіздіңше, XXI ғасырдың нағыз жігіті қандай болуы керек?

– Қазақтың жігіті, ең алдымен, мықты, жан-жақты болуы керек деп ойлаймын. Елдегі оқиғаларға немқұрайлы қарамауы керек. Бізде қазір тек жігіттерде емес, қыздарда да, жалпы қоғамда немқұрайлылық бар. Біреу құлап жатса, аттап өтіп кетеді, қирап қалса, тастай салады, "жөндейік, бірігейік" деген түсінік жоқ. Ұйымшылдықтың жоқтығынан ба, жоқ әлде жұрт өз күнін өзі көре алмай жүр ме, білмедім енді. "Менің елім, жерім" деген сезім жоқ. Бір жағынан ойлаймын, өзі баласын асырай алмай, пәтер жағалап жүрсе, қайдағы менің елім, менің жерім. Жастарға бақытты болу үшін үй керек. Елім деп сезінуі үшін үйі, отбасы, бала-шағасы болуы керек. Мысалы, Астананың өзінде қанша жас баспанасыз жүр. Кредит алайын десе, жұмысы жоқ, жұмысқа тұрайын десе, "пропискасы" жоқ. 

–  Әлеуметтік желілерде ер азаматтардың намысын қайрау үшін дөрекі сөздермен тиісіп жатасыз. Осындай жазбаларыңызға жұбайыңыз не дейді?  

–  Құдайға шүкір, әлеуметтік желіге кірмейді (күлді). Мүлде оқымайды, қатысқан бағдарламаларымды да қарамайды. Уақыты жоқ, жұмысы көп.  

– Ұл-қыздарыңыз сурет сала ма?

– Қызым кішкентай кезінде салған, одан кейін модельер боламын деп неше түрліні қиыстырып, құрастырып жүрді. Уақыт өте журналистикаға көңілі ауды, бауырым "16 қыз" фильміне түсіргеннен кейін, әртіс болғысы келді. Қазір жасы он төртте, таңертеңнен кеш батқанға дейін сценарий жазады, режиссер боламын дейді. Одан кейінгі ұлым Сұлташ, он жаста. Қасымда жүрген соң, менімен бірге сурет салады. Бес жасар кенже ұлым тентек, бірақ суретті жақсы салады. Қағаздан бастайды да, үйдің қабырғасымен аяқтайды (күлді).  Соңғы кезде магнитик жасап жүрмін, үйде пластилин көбейіп кетті. Соны ермек қылып, ерітіп, қабырғаға жағады. 

– Балаларыңыздың суретші болғанын қалар ма едіңіз? 

– Өздерінің қалауы сол болып тұрса, қолдан келген көмегімді аянып қалмаймын. Бірақ күштемеймін, қинағым келмейді. Өздері білсін.  

– Бала тәрбиесінде ең алдымен не нәрсеге көңіл бөлесіз? Уақыт тапшы заманда өскелең ұрпақты қалай тәрбиелеген жөн?

– Сөзіңмен емес, ісіңмен үлгі болу керек шығар. Өзім арақ ішіп алып, темекі тартсам, қызыма мұның зияны туралы әңгіме айтып тұрсам, ол мені тыңдай ма? Сондықтан үйдегі балаларға тек адал еңбегіңмен, жақсы ісіңмен үлгі көрсетіп, тәрбие беру керек. 

–  Көшеде темекі тартып тұрған бойжеткенді немесе басқа да ерсі әрекет жасап тұрған адамды көрсеңіз, қасына барып айтасыз ба? 

– Қоқыс контейнерлерінің қасында шылым шегіп тұратын қыздарға айтамын. Сосын біраздан кейін қартайғанның белгісі шығар деп ойлаймын. Ұяты барлар, бұрылып кетіп қалады. Ал кейбіреулері "шаруаң болмасын, ары жүр" деп өзіңе зекіреді. Бір қызық болды, біздің үйдің қасында үлкен сауда орны бар. Сол жерде босануға айы-күні жетіп қалған жүкті әйел бар. Үнемі темекі тартып тұрады. Бірде ұлым сол әйелді нұсқап "анашым, қарашы" деді. Үйге келген соң, темекі тартып тұрған шошқаның суретін салып, далаға қарата терезеге жабыстырып қойдым. Бұл сурет әлеуметтік желілерде кең тарап кетті. 

Темекі тартып тұрған шошқаның суреті
© Sputnik
Темекі тартып тұрған шошқаның суреті

– Суретіңіздің пайдасы болды ма? 

– Ол жағын білмеймін. Мәселен, 2012 жылы "мамам мені өлтіретін шығар" деген сурет шықты. Содан кейін екі анадан хат алдым. "Біз осы суретті көргеннен кейін жаман ойдан айнып, өмірге сәби әкелдік" деп жазыпты. Аналардың бірі "сіз оның кіндік шешесісіз" деп баланың суреттерін жіберді. Қуанғаннан жылап жібердім. Осындай адамды толғандыратын сәттер болады. 

– Өзіңізді батылмын деп санайсыз ба? 

– Жоқ, батыл емеспін, керісінше қорқақпын. Жаңағы айтқанымның бәрі тек қорқақтықтан деп ойлаймын. Өзге елдер біздің ақпарат кеңістігімізді жаулап алмасын, еліміз тыныш болсын, өзге жұрттан кем болып қалмайық, жеріміз сатылып кетпесін деген сықылды ойлар қорқыныштан туып жатқан ойлар.  

– Әлеуметтік желідегі жазбаларыңыздан қыздарды алып қашуға мүлде қарсы екеніңізді аңғардым. Сіздің ойыңызша, осылай тұрмыс құрған қыздардың бәрі бақытсыз ба? 

– Иә, бақытсыз. Өйткені ол қыздың өз арманы, алға қойған мақсаты болды. Ал қайдағы біреу келіп, сырттай ұнатып, таныспастан, танымастан алып қашып кетті. Қыздың одан кейінгі өмірі зорлық-зомбылықпен өтеді. Өйткені мұны жасайтын еркектер оқыған-тоқыған, ақылды қызды емес, аңқау, айтқанымен жүретін, не істесе де көнетін, еш қулық-сұмдығы жоқ қыздарды алып қашады. Ал байғұс қыздың не білімі, не жігітке тойтарыс беретін күші жоқ. Ақылды, тәрбиелі жігіт келісіммен, сүйген қызына үйленеді. Ал адамды ұрлау – бұл қылмыс. Ақтөбеде бір жігіт қыз алып қашамын деп түрмеге қамалды ғой. Соны естігенде өз басым қатты қуандым. Бәрі көрсін, білсін, басқалары мұндай қылмысқа бармасын деп әлеуметтік желілерде бөлістім.  Сондықтан алып қашу дәстүр емес, қылмыс. Бұған қоғам болып қарсы тұру керек. Әр қыздың өз арман-мақсаты, болашағы бар. Әр қыз сүйгенімен қосылып, бақытты болуға лайықты. 

– Қалай ойлайсыз, әйел бақыты неде?

– Оның үйі, жері, мемлекеті. Кейбір нәзік жандар тұрмыс құрғаннан кейін, туған әке-шешесін ұмытып кетіп жатады. Бұл дұрыс емес. Шыққан жеріңді еш уақытта естен шығармау керек. Сосын, қыздарға айтарым, тектеріңді ауыстырмаңдар. Қыздар, әкелеріңді сатпаңдар. Сендердің әкелерің – бұл әлемдегі ең жақсы адам. 

– Енді өнеріңіз жайлы әңгіме қозғасақ. Әлеуметтік тақырыптағы  суреттеріңізді граффити стилінде салу ойыңызда бар ма? 

– Алматыда бір жігіт менің рұқсатыммен ҚазҰУ-дің сыртына әдемі етіп салып қойған еді. "Мамам, мені өлтіретін шығар" деген суретті. Қатты қуанғаным бар еді сол кезде. Кейін оған басқа да оқу орындарына салуды ұсындым. Бірақ оның реті келмей, сол күйі аяқсыз қалып қойды. Қазір енді қызығы басылып қалды. 

– 8 наурыз мерекесіне арнайы дайындаған сыйларыңыз бар ма? Нәзік жандарды немен қуантасыздар?

– Мерекеге деп қазақтың сәукеле киген сұлу қызын футболкаға салып беруді сұрап жатыр. Тапсырыс алып жатырмыз. Қазір джинс пиджактарға сурет салуды бастадық. 

– Ұлттық нақыштағы тауар шығару бастамаңыз өзін-өзі ақтап отыр ма?

– Иә, футболкалар баяғыда-ақ ақтады. Табыс көзіне айналып келе жатыр. Былтыр жазда ісіміз оңға басып, мәз болып жүргенде "подделка" шығып кетті. Менің бір қателігім – алпыстан астам дүкенмен серіктес болдық. Олар дүкеннің аумағына, тұрған жеріне қарай 30-40, кейде 50 футболкаға тапсырыс береді. Мен әр өңірде ұлттық нақыштағы дүниелерді сататын орын болса, жақсы ғой деп ойлағанмын. Бірақ тізімін әлеуметтік желіге шығарғаным қате болған. "Подделка" жасайтындар тізімдегі сауда орындарына хабарласып шығып, дәл біздікі сияқты футболкаларды екі есе арзан бағаға ұсынған. Санына да шектеу жоқ, екі аптада бес мың данасын дайындап жібереміз деп уәде еткен. 

– Әңгіме барысында магнитик жасап жатырмын дедіңіз. Бұл ой қайдан келді, сатылымға қашан шығады?

– Негізі магнитик жасау ойымда болмаған. Бір күні футболкаға арнап қыз бен жігіттің суретін салдым да, әдемі көрінсін деп пластилиннен жасай бастадым. Бірінші гуашьпен суретін салып алдым. Өзіме қатты ұнады. Кейін футболканың жаңа түрі деп әлеуметтік желіге жарияладым. Жұрт суреттің астына "керемет дүние, шетелдіктерге сыйлайтын магнитик пе" деп жаза бастады. Бұл ой осылай туған еді. Дүкендерді араласам, өзбектердің керамикадан жасаған магнитиктері толып тұр. Бірақ суретінде шәй ішіп отырған өзбек шалдар мен кемпірлер. Шетелдіктерге бәрібір ғой, қазақ, өзбек бір оларға. Қазір магнитиктің мың данасы дайын, бірақ сатылымға шығаруға тартыншақтап жүрмін.

Аңсаған Мұстафа жасаған магнитик
© Sputnik
Аңсаған Мұстафа жасаған магнитик
 

– 8 наурыз мерекесіне орай барша нәзік жанға айтарыңыз…

– Енді жасы өзімнен үлкендерге ештеңе айта алмаймын. Жас қыздарды жақсы көремін, бақытты болғандарын қалаймын. Көбірек оқып-ізденсін дегім келеді. Кез келген істің шебері болуға ұмтылыңдар. Тәуекелге барып үйреніңдер. Қазақ қызының қолынан бәрі де келеді, ешкімнен кем емес. Бірақ кейбір жерде ұяңдық кедергі келтіреді оларға. Сондықтан президент әйел адам болса, қарсы емеспін негізі (күлді). 

– Уақытыңызды бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет! Ісіңіз алға бассын!


1283
Шолпан Оразбаева

Шолпанның көз жасы: алты баласы бар 29 жастағы келіншек халықтан көмек сұрады

1647
(Жаңартылды 20:28 23.10.2020)
Алматылық көпбалалы ана он жыл бойы күйеуінің ұрып-соққанына қарамастан, отбасын сақтап қалуға тырысқан. Алайда сол уақыттан бері ер мен әйелдің арасында заңды неке болмаған, арадағы алты баланың біреуіне ғана әкесінің тегі берілген

АЛМАТЫ, 23 қазан – Sputnik. Бүгінде жас келіншек алты баласымен көпшіліктен көмек сұрап отыр. Алматылық 29 жастағы Шолпан Оразбаева алты баласымен бірге бір жарым жылдан бері күйеуінен қашып дағдарыс орталығы мен пәтерде бас сауғалап жүр.

Айтуынша, күйеуінен алтыншы баласына аяғы ауыр кезде кетіп қалған. Қазір Алматы қаласындағы "Жансая" дағдарыс орталығына тұрақтағанына бір жарым ай болды.

Sputnik Қазақстан тілшісі орталыққа барып, әйелдің жағдайын білді. Жас келіншектің бір жарым жастағы баласының аяғы ыстық суға күйіп қалған, содан бері екі рет жансақтау бөлімінде өмір үшін арпалысты. Көпбалалы ана мойымай, жақындарынан ақша алып, баласын аяққа тұрғызды. Дегенмен толық сауығып кетуі үшін әлі де қаражат қажет.

"Бұған дейін басқа дағдарыс орталығында тұрдым. Ол жерде бас сауғалап барған аналар кезекпен ас әзірлейді. Кішкентай балам жөргекте болған соң қиналып кеттім. Ыңғайсыз болған соң кетіп қалдым. Одан кейін пәтер жалдап тұрдым. Оны пәтер деуге де келмейді. Бұрын дүкен болған жерді айына 12 мың теңгеге берді. Ішінде тарақан мен тышқан жүретін, өте суық болды", - деп еске алды әйел.

Шолпан Оразбаева
© Sputnik / Айгерім Таубай
Шолпан Оразбаева бес баласымен бірге дағдарыс орталығында тұрып жатыр, бір қызын ата-анасының жанына жіберген. Орталықта бірнеше әйел балаларымен бірге бір бөлмеде тұрады

Шолпанның ата-анасы да Алматыда пәтер жалдап тұрады. "Күйеуі" іздеп барып, ол кісілердің де мазасын алмауы үшін пәтерге шыққан.

Бір ай бойы алып қашып кеткенін білмеген 

Шолпан Оразбаева Қарақалпақстанда дүниеге келген. Бірінші сынып оқитын кезінде ата-анасы, бауыларымен бірге Алматыға қоныс аударды. Өзі – егіздің сыңары. 

Әңгіменің төркінін осыдан 11 жыл бұрынғы оқиғадан бастасақ, Шолпанды 18 жасында өзінен бес жас үлкен жігіт алып қашып кеткен. Содан кейін бір ай бойы ата-анасына ол жайлы хабар бермеген.

"Есіктің жігіті алып қашып кетті. Басында жұмыс істеген еді. Мені алғаннан кейін жұмыс істемей қойды. Үйде бос жататын болды. Арасында бір күндік жұмысқа шығып жүрді. Тұңғышыма аяғым ауыр болған сәттен іше бастады. Достарымен қыдырып, бірнеше күнге жоқ болып кететін", - дейді Шолпан.

Айтуынша, күйеуінің әкесі де ішімдік ішеді. Үйіне мас адамдарды жинап алған күндері де болған.

"Күйеуім көзімше шөп шегіп отыратын. Иісі де жаман еді. Көзі қызарып, біртүрлі сөйлейтін. Соны шегіп алса, тиісе бастайды. Бала жылап қалса, соны ұрып-соғатын, лақтырып жіберетін. Содан екеуміз қатты ұрсып қалатынбыз. Бірақ үйден қашпайтынмын. Қоятын шығар деп сендім. Сондай сәтте ұйықтап қалса екен деп тілейтінмін", - дейді келіншек.

Шолпанның айтуынша, ұрып-соғуына көп жағдайда қызғаныш себеп болған. Әйелі ешқайда шықпауы үшін киімдерін де өртеп жіберген.

"Төртінші балам дүниеге келген кезде ата-анамның үйіне кетіп қалдым. Артымнан келіп, кешірім сұраған соң қайтып бардым. Содан кейін анам менімен бір ай сөйлеспей қойды. Үйге барған соң ұрып-соғу қайта басталды. Сол ұлым әкесінен аумай қалған, бірақ соны көп ұратын. Төсекке лақтырып, жұлқылайтын", - дейді әйел.

Айтуынша, қолындағы алты айлық сәбиді әкесі әлі көрмеген.

"Көремін деп талпынды, бірақ рұқсат бермедім. Босанып жатқанымда ауруханаға келген жоқ. Күйеуімнің әпкелерімен сөйлесіп тұрамын, солар арқылы естіді. Басқа балаларым дүниеге келгенде де ізімнен келіп, бір ыстық тамақ әкелген емес. "Ұлды болдым", "қызды болдым" деп достарымен ішімдік ішетін. Мен ауруханада аш жататынмын", - деп көзіне жас алды келіншек.

Көпбалалы ана
© Sputnik / Айгерім Таубай
Көпбалалы ананың бір жарым жасар баласының сол қолы жұмыс істемейді. Оның еміне де қомақты қаражат қажет

Көпбалалы ана осындай жағдайдан кейін сәби дүниеге әкелмеу туралы да ой болғанын жасырмады. Алайда күйеуінің қорқытып-үркіткенін де айтты.

"Осыдан тумай көрші..." деп қорқытатын. Сәбиді босанып, ауруханадан шыққаныма екі ай болса, "көтердің бе?" деп қайта аңди бастайтын. "Неге көтермей жүрсің?" деп ұрып-соғатын", - дейді әйел.

9 айлық баласы күйіп қалған

Грэсте пәтер жалдап тұрып жатқанында Шолпан бір күні күйеуін үйіне кіргізген. Ол кезде анасының ақылын тыңдаған екен. Өзгерді деп сенген. Содан күйеуі қолында бар ақшасын алып, азық-түлік әкелемін деп шығып кетеді.

"Келетін шығар деп ойладым. Қолымдағы бар ақшаны бердім. Содан кеш батты, балалардың қарны аша бастады. Барып дүкеннен роллтон алып келдім. Үйде газ да бітіп қалған еді. Көршімнен электр шайнек алып, су қойдым. Сол қайнап болған кезде балама төгіліп кетті. Сол оқиғадан кейін оны қуып жібердім", - дейді әйел.

Қазір бір жарым жастағы ұлының сол қолы жұмыс істемейді. Бір аяғының терісі жиырылып жатыр. Анасы келешекте екі аяғы екі түрлі бола ма деген қорқынышы бар екенін айтты.

"Дәрігерге әр апарғанымның құны – 35 мың теңге. Айына алты балаға 66 мың теңге алып отырмын. Балам қолын үнемі жұмып жүреді. Соған арналған арнайы аппарат бар екен. Оның бағасы бір жерде 50 мың, басқа жерде 60-70 мың деп тұр. Дәрігер баламды жүрмейді, сөйлей алмайды деп айтты. Алақан жайдым. Сөйтіп жүріп аяққа тұрғыздым, қазір жайлап сөйлейді. Қызыма да телефон алып бергім келеді, қазір онлайн сабаққа қатысып жүр", - дейді Оразбаева.

Шолпан Оразбаева
© Sputnik / Шолпан Оразбаеваның жеке архивінен алынды
Келіншек алты баласына айына 66 мың теңге жәрдемақы алады

Шолпан күйеуінің сондай қиын сәтте жанынан табылмағанын айтып, қынжылып отыр. Ол жақсы жаңалық барын естісе, іздеп келуді әдетке айналдырған. Айтуынша, күйеуі қазірге дейін хабарласады.

"Хабарласқан кезде өлтіріп кетемін деп қорқытады. Одан бұрын баласына беретін тәрбиесі жоқ. Баласына "бандит болады", "бауыздайтын болады" деп үйретіп отырады. Телефонда да боқтық сөз үйретеді", - дейді әйел.

Балаларды ұратын болған соң кеттім. Қыста көршінің үйіне де қашып баратынбыз. Іздеп жүріп, тауып алса, шашымнан сүйреп алып кететін, дейді көпбалалы ана.

Айтуынша, әйел бір рет Есік қаласының полициясына арызданған. Алайда біраз уақыт өткен соң арызын қайтып алған.

Шолпанның арманы

Шолпанның тұңғышы 10 жаста, одан кейінгі қызы тоғызда. Бір ұлы 4 жаста болса, одан кейінгі перзенті 2,5 жаста. Кіші ұлы – бір жарым жасар, кенжесі алты айлық нәресте. Алғашқы екеуі мектепте оқиды.

Мектептен кейін оқу орнында білім алмаған Шолпан Оразбаева тігінші немесе аспаз оқуын оқып алсам дейді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Asar-ume (@asarume_kz)

Жақында ғана Asarume қоры үй алуы үшін келіншектің қолына 6 миллион теңге беріпті. Енді Шолпан 5 миллионға үй алып, қалған ақшаға көлік алғысы келеді. Үйінің алдынан азық-түлік сататын дүкен ашсам деген де арманы бар.

Көпбалалы анаға Kaspi Gold арқылы көмек көрсетуге болады (4400430111238397 Шолпан Ермекбаевна)

10 жыл бойы заңды некеге тұрмаған

Он жыл бойы бір шаңырақта өмір сүргенімен Алтай мен Шолпан арасында заңды неке болмаған. Тіпті алты баланың біреуінің метіркесінде ғана әкесі екені жазылған. Қалған бес бала анасының тегін алған. 

"Балаларға алимент төлемеймін деп айтты. Төлесем де әкелік құқық берілген жалғыз балаға ғана төлеймін, оны 18 жасқа толған соң өндіріп аламын деді. Қолымдағы алты айлық қызымды "менен емес, басқадан тудың" деп айыптайды", - дейді Шолпан.

Айтуынша, біраз уақытқа дейін күйеуімен қайта қосылу туралы ойы болған. Алайда енді балалары үшін өмір сүремін деп отыр.

"Кешеге дейін балалар үшін қайта қосылсам деген ой болды. Қазір ұмыттым, қосылатын ойым жоқ. Балалар да әкесіне барғысы келмейді. Осылай жүргеніме бір жарым жыл болды. Бала керек болса, тіршілік жасап, түзелдім деп келер еді, осылайша өзіне бәрібір екенін көрсетті. Ендігі арманым – балаларымды елге жалтақтатпай өсіру", - дейді әйел.

Келіншек екінші рет тұрмыс құру туралы ойы жоқ екенін де айтты.

Дағдарыс орталығы 50 адам қабылдай алады

Бұл орталық 2017 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы деп ашылған. Орталықтың мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қабылдау, оларға көмек көрсету. Бұл жерде медициналық, педагогикалық, заңгерлік, тұрмыстық, еңбек бағыты бойынша көмек көрсетіледі. 

"Әйел орталыққа келген кезде оның психологиялық жағдайын анықтаймыз. Бізге келетін әйелдердің міндетті түрде баласы болады. Отбасы ішінде қол көтеру, ұрыс-керістің куәсі болған баланың да психологиялы бұзылған күйінде келеді. Алғашқы үш күнде анаға да, балаға да ешқандай қысым көрсетпей, тыныштық береміз. Содан кейін ғана мамандар жұмыс істей бастайды", - дейді арнайы әлеуметтік көмекті бағалайтын қызметкер Зүлфия Омарова.

Зүлфия Омарова
© Sputnik / Айгерім Таубай
"Жансая" дағдарыс орталығының әлеуметтік қызметкері Зүлфия Омарова

Бұл мемлекеттік мекеме болған соң әйелге де, балаға да бес уақыт тамақ тегін беріледі. Өзі табыс таба алатындай арнайы курстарға қатысу мүмкіндігі де қарастырылған. 

"Көп жағдайда көпбалалы аналардың өзін-өзі бағалауы өте төмен. Олар баланы дүниеге әкеліп, күйеуінің қолына қарап отырған. Экономикалық жағынан бағынышты болған. Ақша берсе алады, бермесе, сұрамайды. Сол жағынан көп көмек көрсетеміз. Әйелдер бізден кетер кезде бір істі меңгеріп шығады", - дейді маман.

"Жансая" дағдарыс орталығы 50 адамға лайықталған. Қазір бұл жерде 17 әйел, 31 бала тұрып жатыр.

Көпбалалы анаға Kaspi Gold арқылы көмек көрсетуге болады. 4400430111238397 Шолпан Ермекбаевна

1647
Кілт сөздер:
көпбалалы отбасы, бала, күйеу, келіншек
Тақырып бойынша
Көпбалалы ана жаңа оқу жылы туралы: бес балам бір телефон қолданады
Күйеуі ұрып-соғатын әйелдер өзін қалай қорғай алады - мамандар кеңес берді
Көпбалалы отбасылар қашықтан білім алудың қиындығы туралы айтты - видео
Жылап тұрып көмек сұраған қостанайлық мұғалімнің бұрынғы күйеуі видео жариялады
Өскеменде көпбалалы ана полицияға өтініш жазып, балаларын алып кетуді сұрады
Сұлтанғали Смайылов ұлдарымен бірге

"Оттан қорықпайтын адам жоқ": өмірін адам құтқаруға арнаған әулетпен сұқбат

436
(Жаңартылды 16:52 19.10.2020)
19 қазан – құтқарушылар күні. Биыл азаматтық қорғау органдарының құрылғанына 25 жыл болды. Sputnik Қазақстан тілшісі құтқару қызметінде жұмыс істейтін Смайыловтар отбасымен сұқбаттасты

АЛМАТЫ, 19 қазан – Sputnik. Өрт – тілсіз жау. Төтенше жағдайды алдын ала болжап білу мүмкін емес. Ал ұшқыннан шыққан өртті ауыздықтауда ондаған, тіпті жүздеген адамның маңдай тері жатыр. Зейнеттегі азаматтық қорғау полковнигі Сұлтанғали Смайылов бұл салаға 33 жылын арнаған. Артынан ерген екі ұлы да ізін қуды.

Өрт сөндірушіден департамент басшысына дейін

Түркістан облысы Қызылқұм ауданында дүниеге келген Сұлтанғали Смайылов 2020 жылы ақпанда зейнетке шықты. Алайда бұл саладан әлі де болса, алыстай қойған жоқ. Себебі екі ұлы да әкесі секілді қызмет бабын қатардағы өрт сөндіруші болудан бастады. 

"Нағашым өрт сөндіруші болды. Қазір ол кісі де зейнетке шықты. Нағашымның жұмысына қарап, елге қызмет жасап жүргенін көріп, бір жағынан формасына да қызығып осы саланы таңдадым", - деп бастады әңгімесін зейнеттегі азаматтық қорғау полковнигі.

Осылайша Сұлтанғали Иманғалиұлы 1987 жылы Алматыда өрт-техникалық училищесінде оқуды аяқтап, туған жеріне оралған. Сол жылы Түркістан қаласында өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы болып жұмысқа орналасқан.

"Бастапқыда қарауыл бастығы болдым. Бұл қазіргі тілмен айтқанда – ауысым жетекшісі. Бір ауысымға 10-12 жігіт түседі. Бәріміз бірге өртті сөндіруге барамыз, жетекші болған адам өрт қауіпсіздігі сақталуын бақылайды. Ал жалпы сол жердегі құтқарушылармен қатар жұмыс істейді", - деп түсіндірді алғашқы жұмысын Смайылов.

Айтуынша, еңбек жолын басшылық қызметтен бастауына бұған дейін әскер қатарында борышын өтегені, сонымен қатар Алматыда білім алып келгені әсер еткен.

Одан кейінгі жылдары аға инженер, аға анықтаушы, бөлім бастығының орынбасары, бөлім бастығы, облыстық төтенше жағдай басқармасының басшысы қызметін атқарған. Зейнетке шығар алдында Түркістан облысы ТЖД бастығының орынбасары болды.

"Жарылыс болып, құлап түстім"

Смайылов сұқбат барысында қызмет жолында есінде жақсы сақталған үш төтенше жағдайды айтып берді.

"Жұмысқа орналасқаныма бірнеше жыл болған кезде Шымкентте май сақтайтын ірі зауытта өрт шықты. Бізді қосымша күш ретінде жіберген болатын. Сол кезде адам шығыны да болды. Өрт сөндіру барысында қатты жарылыс болып, сол жарылыстан құлап түстім. Саусағым шығып кетіпті", - деп еске алды ол.

Оттан қорықпайтын адам жоқ
© Photo : Смайыловтар әулетінің жеке архивінен алынды
Зейнеттегі полковник басынан кешкен үш төтенше жағдай туралы айтып берді

Тағы бір оқиға – Төрткөлдегі мақта зауытыныңдағы өрт. Айтуынша, сол кезде күн өте қатты суық болған. Оған Төрткөлдің желі қосылып, өртті ауыздықтау оңайға соқпаған. Екі минут тоқтап қалсақ, желдің күшінен өрт сөндіргіш құрылғы қатып қалатын еді, дейді ол.

Келесі төтенше жағдай – Арыс қаласындағы жарылыс. Ол кезде облыстың төтенше жағдай департаменті басшысы еңбек демалысында болып, Смайылов басшылық қызметті атқарып жүрген. Әңгіме кезінде сол жердегі оқиғаны еске алды. 

"Арыс қаласына жақындағаннан-ақ жарылыстың дауысы, снарядтың ұшқыны ұшып жатты. Бізді көрген халық көмек сұрай бастады. Үш қабатты тұрғын үйдің ішінде мүгедек адам қалып қойғанын айтқан соң қызметтік автокөлікпен барып, сол кісілерді шығарып алдық", - деді ол.

Айтуынша, өрт сөндіру көлігінің ішінде тұрған кезде құтқарушылардың жанына жарылғыш зат түскен.

Иыққа погон таққан соң...

Сұлтанғали Смайыловтың екі ұл, екі қызы бар. Қос ұлының құтқару саласында қызмет етуіне өзі бастамашы болмаса да, үлгі бола білгенімен байланыстырды.

"Полиция, прокуратураның жұмысы өте қиын. Ұлттық қауіпсіздік қызметіндегілер үйдің бетін көрмейді. "Балам, әкенің жолын қуып, адал жұмыс істесең, жетістікке жетесің" дегенімде, ұлдарым бұл сөзімді құп көрді. Себебі өздерінің ынтасы болды. Мен қанша қинасам да, бұл саланы ұнатпай тұрса, қызмет ете алмайды", - дейді ол.

Әкенің сөзін кенже ұлы да қостай кетті. Азаматтық қорғау қызметінде екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Ерғали Сұлтанғалиұлы әкесі мен ағасының формасына, еңбегіне қарап қызығушылық пайда болғанын жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстанда құтқарушылардың білім алуы үшін бар жағдай жасалғанын айтты.

"Көкшетеу техникалық институтында тегін білім алдым. Ол жерде білім алған түлектерді жұмысқа міндетті түрде орналастырады. Иыққа погон таққан соң, өсуге деген талпыныс бар", - дейді Ерғали.

Смайыловтар әулеті
© Photo : Смайыловтар әулетінің жеке архивінен алынды
"Балам, әкенің жолын қуып, адал жұмыс істесең, жетістікке жетесің"

Ал тұңғыш перзенті Серікғали Сұлтанғалиұлы 19 жасынан бас азаматтық құтқару саласында қызмет етіп келеді. Биыл осы салада жүргеніне 11 жыл болды. Оның ішінде 2009-2018 жылдары өрт сөндіруші болған. Бұл жылдары елорда мен Шымкент қаласында жұмыс істеген. Кейінгі екі жылда лейтенант шешін алған соң Түркістан облысына ауысқан. 

"Үйдің үлкен баласы болған соң әкенің жолын жалғауды өзіме жетістік санадым. Екіншіден, бала күнімен құтқарушының қызметін көріп өстім. Елдің алғысын алып, ел игілігіне қызмет еткім келді. Әкемнің тарапынан таңдауыма қысым жасау не қарсылық таныту болған емес", - дейді үлкен ұлы.

Әкем – ұстазым. Ол кісі болса, басқа ұстаздың қажеті де жоқ. Өзі қатал әрі тәртіппен жүреді, дейді Серікғали әкесі жайлы.

Әке өсиеті

Сұлтанғали Смайылов қос ұлына Қазақстанның әр азаматын қорғау – қызметтік парызы екенін үнемі айтып отырады.

Ерғали Сұлтанғалиұлы
© Photo : Смайыловтар әулетінің жеке архивінен алынды
Ерғали Сұлтанғалиұлы құтқарушылар күнінің 25 жылдығына орай Түркістан облысы ТЖД бастығының алғыс хатымен марапатталды

"Елін, халық сүйген адам әрқашан өседі. Екі ұлыма да адамды оттан, судан қорғау – қызметтік парызы екенін үнемі айтып отырамын. Ұлдарымның жұмысына байланысты өміріне қауіп төнеді деп қорықпаймын. Не болса да қызмет бабындағы жағдай деп қараймын", - дейді Смайылов.

Үлкен ұлы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Серікғали Сұлтанғалиұлы осы салада зейнетке шыққанша жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

"Оттан қорықпайтын адам жоқ, алайда қауіпсіздік шараларын сақтаса бәрі жақсы болады. Ішкі тәртіп бойынша ғана жұмыс істеу қажет. Елге қызметке әрқашан дайынбыз. Зейнетке де осы салада шыққым келеді", - дейді үлкен ұлы Серікғали.

Ал кенже ұлы құтқару қызметінде қыздардың да көп жұмыс істейтінін айтып, болашақ жарының да осы салада қызмет етуі мүмкін екенін жеткізді.

436
Кілт сөздер:
сұхбат, өрт сөндірушілер
Тақырып бойынша
"Басқа іспен айналыса алмаймын" Әке жолын қуған полицейдің әңгімесі
"Таңдауым Ерланға түсті": ерлі-зайыпты полицейлер махаббат хикаясын айтып берді
17 жыл бойы краншы болған әйел: жұмысқа таңғы 5-те тұрамын
Көп жыл Назарбаевтың ұшағын басқарған пилот Елбасы туралы айтып берді
Елордада өрт сөндірушілер коронавируспен күресуге көшеге шықты – видео
КамАЗ аударылды

Шымкентте КамАЗ 11 автокөлікті соқты видео

105
Жүк көлігінің жүргізушісі зардап шекті, алайда алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін амбулаторлық емге жіберілді

НҰР-СҰЛТАН, 5 желтоқсан – Sputnik. Шымкентте Тәуке хан даңғылында ірі жол апаты болды. Алдын ала мәліметке сүйенсек, арматура тиелген жүк көлігінің тежегіші істен шыққан.

Жол-көлік оқиғасы 4 желтоқсан күні кешке болды. Арматура тиелген жүк көлігі 11 автокөлікті соқты. Оған тежегіштің істен шығуы себеп болған.

Апат салдарынан төрт адам зардап шекті, арасында жүк көлігінің жүргізушісі де бар. Дәрігерлер олардың жағдайы қанағаттанарлық екенін айтты, ауруханаға жатқызылған жоқ.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ОТЫРАР Новости Шымкент (@otyrarkz)

Құқыққорғау органдарының қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысында жантүршігерлік апаттан екі адамның көз жұмғаны хабарланды. Бетон тиелген көлік жеңіл машина мен бензовозға құлаған.

Жол апаты салдарынан Lexus көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы қаза болды. Олардың денесін құтқарушылар алып шықты.

105
Кілт сөздер:
КамАЗ, жол апаты, Шымкент
Тақырып бойынша
Щучинсктегі жол апаты: министр қаза тапқан полицейлердің отбасына көңіл айтты
Нұр-Сұлтанда жаппай жол апаты болып, бір адам жарақат алды – видео
Түйе көліктің ішіне кіріп кеткен: Маңғыстауда жантүршігерлік жол апаты болды
Алматы облысында жол апаты болып, екі адам көз жұмды – видео