ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова

Вице-министр ер азаматтар 55 жасында зейнетке шыға алатынын айтты

10962
(Жаңартылды 12:52 18.07.2018)
ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында зейнетақы төңірегіндегі сауалдарға жауап берді

АСТАНА, 16 наурыз – Sputnik, Нұргүл Абай. Қазақстанда зейнетке ерте шығуға кімдер құқылы? Баспана сатып алу үшін зейнетақы қорындағы ақшаны мерзімінен бұрын алуға бола ма? Қарағандылық кеншілердің талабы неге орындалмайды? Әйелдердің 63 жаста зейнетке шығуы жұмыссыз жастардың артуына себеп болмай ма? Зейнетақы жүйесіне қатысты осы және өзге де сұрақтарға ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова жауап берді.

Светлана Қабыкенқызы, қазір зейнетақыға қатысты жұртты мазалайтын сұрақтар көп. Бәрі де бейнетінің зейнетін көргісі келеді. Осы көптің көкейінде жүрген сауалдардың басын ашып алсақ. Зейнетке кімдер ерте шыға алады?

– Бізде қазіргі таңда зейнетке ерте шығатын бірнеше топ бар. Біріншісі, дүниеге бес бала әкеліп, оларды сегіз жасына дейін тәрбиелеген аналар 53 жасында зейнетке шығады. Екіншісі, Семей полигонында, өте жоғары радиациялық қатер, төтенше радиациялық қатер аймағында 1949 жылдан 1963 жылға дейін тұрған азаматтар. Үшіншісі, зейнетақы аннуитетін сатып алған жағдайда, ер азаматтар 55 жасында, әйелдер 50 жасында зейнетке шықтым деп үйде отыра алады. Төртіншісі, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери азаматтар. 

Осыған дейін зейнеткердің қалауына қарай бір жылдық зейнетақыны толық көлемде алуға болатын еді. Биылдан бастап тек ай сайын ғана төленетін болды. Мұның себебі неде?

– Біздің зейнетақы жүйеміз үш деңгейден тұратынын білесіздер. Біріншісі – базалық деңгей, қазіргі таңда ол бәріне бірдей 15 274 теңгені құрап отыр. Бірақ біз оның методикасын өзгерттік, яғни 1 шілдеден бастап зейнеткердің еңбек өтіліне қарап төлейтін боламыз. Қазіргі таңда бәрін есептеп, тиісті жұмыстарды жүргіздік. Барлығы дайын деп айтуға болады. Екінші деңгей – ынтымақты зейнетақы жүйесі. Кеңес өкіметі кезінде жұмыс істеген аға-апаларымыздың 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі есепке алынады. Сол еңбек өтілі саналып төленетін төлем ынтымақты зейнетақы деп аталады. Ал үшінші деңгей – бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры. 1998 жылдан бастап қорға ай сайын аударылып отырған жарна есебінен төленеді. Енді неге біз осы төлемдерді тек ай сайын беретін болдық? 

Светлана Жақыпова Sputnik Қазақстан тілшісімен сұхбаттасып отыр
© Sputnik / Болат Шайхинов
Светлана Жақыпова Sputnik Қазақстан тілшісімен сұхбаттасып отыр
Ынтымақты жүйеде зейнеткерлердің тек 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі саналады деп айтып кеттім ғой, жыл сайын сол азаматтардың еңбек өтілі төмендей береді. Сәйкесінше ынтымақты жүйеден төленетін зейнетақы мөлшері азаяды. Бірақ оның орнын толтырып отыратын басқа төлемдер жоқ. Сондықтан біз мұны алып тастадық. Әдетте үлкендер зейнетақы қорынан бір жылдық ақшасын алып не істейді?! Дүркіретіп той өткізеді, немесе тұрмыстық техника алады, оңды-солды жұмсайды да, кейін зейнетақының мөлшеріне наразылық білдіреді. Ал негізі бұл төлемдердің мақсаты – бір реттік қажеттілікті қанағаттандыру емес, кәрілікті қамтамасыз ету. Сондықтан осындай шешім қабылдадық. Егер адамдарға зейнетақыны пайдалану мәдениетін үйретпесек, осы қалпында қалайын деп отыр. Осы үш төлем – базалық, ынтымақты және жинақтаушы зейнетақы азаматтың жоғалтқан табысының кем дегенде 40 пайызын өтейді. Ал қазіргі уақытта біз оның 46 пайызын беріп отырмыз. 

Зейнетақы қорындағы ақша қандай жағдайда толық көлемде төленеді?

– Қазір зейнетке шыққандардың бәрі зейнетақысын толық алғысы келеді. Бірақ бұл мүмкін емес. Біріншіден, егер Қазақстан азаматы басқа елге қоныс аударып, сол мемлекеттің азаматтығын алса, онда төлем толық аударылады. Екіншіден, азамат қайтыс болған жағдайда, отбасы мұрагер ретінде алты айдан кейін ақшаны алуға құқылы. Үшіншіден, зейнетақы аннуитеті арқылы. Азамат зейнетақы аннуитетін сатып алу үшін сақтандыру компаниясымен келісімшартқа отырады. Кейін сақтандыру компаниясы оған ай сайын төлейді немесе бір жылдың ақшасын бір-ақ аударады. Ол үшін қорда жинақталған зейнетақы жарнасының сомасы аннуитетті сатып алуға жеткілікті болуы керек. 

Аннуитет үшін ерлер мен әйелдердің шотында қанша теңге жиналуы  керек сонда?

– Ер адамдар үшін – 9 миллион, әйелдер үшін – 13 миллион теңге. Қазіргі таңда Ұлттық банк есептеу әдістемесін өзгертеміз деп жатыр. 

Депутаттар зейнетақы жинағын оқу, баспана алу мақсатында азаматтарға алдын ала шешіп алуға рұқсат беруді ұсынған болатын. Мұндай халықаралық тәжірибеде де бар екен. Болашақта қазақстандықтарға осындай мүмкіндік беріле ме? 

– Бүгінде бұл Сингапурдың тәжірибесінде бар. Бірақ ол елде жарнаның мөлшері – 20 пайыз. Ал біз жинақтаушы қорына 10 пайыз ғана аударып отырмыз. Сондықтан сингапурлықтар 20 пайыздың 10 пайызынан жиналған ақшаны баспана алу үшін немесе оқу ақысын төлеу үшін жұмсай алады. Ал қалған он пайызы тек зейнетақы төлеуге қалады. Қазіргі таңда Ұлттық банк депутаттардың ұсынысын қарастырып жатыр. Жоғары кірістілікті қамтамасыз ету үшін қандай да бір өзгерістер қажет. Әйтпесе бес теңге кіргізіп, сол бес теңгені қайта алған дұрыс болмайтын шығар. Бес теңгені мен қырық жыл бұрын кіргізгем, енді 40 жылдан кейін де сол тиынды алғаным дұрыс емес қой. Әзірге бір нәрсе деу ертерек, анық-қанығын ұлттық банк айта жатар.

Өткен жылдың соңында Қарағанды облысында ереуілге шыққан шахтерлердің қойған талаптарының бірі зейнет жасын төмендету болған еді. Осы мәселе қарастырылып жатыр ма?

– Иә, кеншілердің бұл мәселені көтергені рас. 2014 жылдан бастап біз бірыңғай жинақтаушы зейнетақы жүйесіне бөлек жарна, яғни кәсіби зейнетақы жарнасын енгіздік. Жұмыс беруші өз тарапынан әр жұмысшы үшін қосымша бес пайыз аударып отырады. Ал жұмысшы өзінің жалақысынан 10 пайыз аударады. Сондықтан 15 пайыздан аударылған жарнадан жиналған ақшаға зейнетақы аннуитетін сатып алып, зейнетке ерте шыға алады деп айтамыз. Алайда біз сараптама жасадық. Сонда байқап қарасақ, 2014 жылдан бастап 2018 жылға дейін үш жыл ішінде ол жарналар аннуитет сатып алуға жеткілікті соманы бере қоймайды екен.

Аннуитет сатып алу үшін ерлердің зейнетақы шотында 9 миллион теңге болуы керек деп айтып өттім ғой жоғарыда. Бірақ қазір олардың зейнет жасын төмендету міндеті тұрған жоқ, алдағы уақытта қаралмайды да. Өйткені, біріншіден, ынтымақты зейнетақы онсыз да біртіндеп кетіп барады. 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі азаюда. Мәселен, 1960 жылы туған әйелдер зейнетке шығып жатыр, солардың еңбек өтіліне қарасақ 20 жылдан аз.

Ал заң бойынша егер сіздің еңбек өтіліңіз 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін 20 жылды құраса, онда зейнетақы мөлшері де толық болады. Сондықтан азаматтардың еңбек өтілі аз болғаннан кейін, ынтымақты жүйеден төленетін зейнетақы мөлшері ең төмен болып шығып отыр қазір. Осындай жалақымен 2008-2015 жылдары зейнетке шыққан әйелдердің зейнетақысы жүз мыңға баратын еді. Ал қазір шығып отырған әйел азаматтардың зейнетақысы аз, қырық бес мың ғана. Сондықтан егер біз 50 жасқа дейін төмендетсек, ынтымақты жүйе мүлде жойылады. Мысалы 1981-82 жылдары туған азаматтардың еңбек өтілі ынтымақты жүйеде онсыз да жоқ. Сонда 50 жасқа келгенде қай қордан ақша төленеді? Ақша болмайды. Әр азамат өз жалақысынан жарна аударып отыру үшін жинақтау жүйесін енгіздік. Бірақ оны істеп отырған ешкім жоқ. Салық төлемінен босатылса да, өз еркімен зейнетақы жарнасын аударып отырғандар өте аз. 

Қазақстан халқының тұрмыс деңгейіне, әл-ауқатына қандай баға бересіз?

– Орташа деп айтар едім. Статистикаға сүйенсек, Қазақстан халқы санының 2,9 пайызы ең төменгі күнкөріс деңгейін алады. Соған қарағанда тұрмысы төмен азаматтар болмауы керек елімізде. Олардың кейбіреуі қиын жағдайға тап болғандар, енді біреулері жұмыс ұсынсаң да, істегісі келмейтін, ол жұмысты өзің істе дейтіндер. Білім деңгейі де төмен, жоғары білімі жоқ, 11 сыныпты ғана бітірген. Бірақ қоғамдық, әлеуметтік жұмыс орнына жіберсең, бармаймын деп бастарын ала қашады. Қазір былай қарасаң, жастар төмен сатыдан бастап, азға қанағат етіп, бірте-бірте көтерілу дегенді білмейді, оны қаламайды да. Бізге жоғары білімі бар жастар жұмыс іздеп келеді ғой, сол кезде ең бірінші қоятын талабы "маған жалақысы кем дегенде 200 мың теңге болатын жұмыс беріңіз" дейді. Сондай сәттерде маған өзімнің еңбек жолымды қалай бастағаным еске түседі.  

1993 жылы теңге ұлттық валюта ретінде енді ғана енгізілгенде, менің еңбекақым алты мың теңге ғана болатын. Мен өзім еңбек жолымды мектепте бастадым. Бірақ барлық мекемеде орташа жалақы сол шамада болды. Сонда менің жолдасым айтатын "несіне жұмыс істейсің, үйге бәрібір жарытып ақша әкелмейсің, үйде отырсаңшы одан да" деп (күлді). Бірақ мен ақша үшін емес, өзім үшін еңбек еттім. Себебі жұмысымды қатты жақсы көретін едім. Алты мың теңге қолыма тигенде, ең қымбат қағаз-картон сатып алып, балаларға түрлі карточка, әдістемелік дүниелер жасайтынмын. Бар тапқан-таянғанымды бүлдіршіндерге жұмсайтын едім. 

Жұмыспен қамту орталықтарына барғанда, жастармен сөйлесесің, сол кезде бәрінің айтатыны "жалақысы осынша болмаса, маған ондай жұмыстың керегі жоқ" деп кетіп қалады. 

Әйелдердің зейнетке шығу жасын 63-ке көтеріп тастадық. Егер әрбір зейнеткер алпыс үшке дейін жұмыс орнын босатпай, қызметін жалғастыра берсе, бұл жастар арасында жұмыссыздықты ұлғайтпай ма?

– Жоқ, бұл мәселеге басқа қырынан қарау керек. Мен айтып өттім ғой, ынтымақты жүйеде әйелдердің еңбек өтілі азайып бара жатыр. Бұған қоса, олардың жинақтаушы зейнетақы қорына жарна аудару мерзімі қысқа. 58 жасында зейнетке шығатын әйел 63 жаста шығатын ер адамға қарағанда аз жарна аударады. Яғни еңбек өтілі де, аудару мерзімі де аз, тиісінше зейнетақы шамалы шығады. Сондықтан әйелдер жинақтаушы қорына көбірек жарна аударып үлгеру үшін осындай шешім қабылданды. Сонда олардың зейнетақысы ерлердікімен тең болады. Біз қазір гендерлік теңдік деп айтып жүрміз ғой. Бізде ерлердің табысы әйелдерге қарағанда анағұрлым көп. Статистикада бұл ап-айқын көрсетілген.

Сонда қараңыз, әйелдер аз жалақы алып, зейнетақы жарнасын аз аударады, оның үстіне жарна аудару мерзімі де қысқа. Егер мәселен ер адам еңбек нарығына 20 жасында келсе, 63-ке дейін 43 жыл еңбек өтілі болады. Ал дәл сол жаста келген әйел 58 жасында шықса, онда 38 жыл. Бірақ бұл аралықта әйел декреттік демалысқа шығатынын ұмытпау керек. Сол себепті бұл жерде әйелдердің құқығы шектеліп тұр. Әрине, егер ер адамдар әйеліне зейнетақы аннуитетін сатып әперіп, мол мұра қалдырып, кәрілігін қамтамасыз етсе жақсы. Бірақ біз қазір статистикаға қараймыз. Ер адамдардың өмір сүру ұзақтығы 65 жастан сәл ғана асады, ал әйелдер 80 жасқа дейін өмір сүреді. Сонда есептеңіз, сексен жасқа дейін ол әйелді кім асырайды?

Жаңа өзіңіз статистика бойынша ерлер аз өмір сүреді деп айтып  қалдыңыз. Осыны негізге алып, ерлер жағы зейнет жасын 58 жасқа дейін қысқартуды талап етуі мүмкін бе?

–  Олай айтпайтын шығар енді, ер болғаннан кейін ондай талап қоймас деп ойлаймын (күлді). Алайда қазір қоғамда парадигма өзгеріп бара жатыр. Біз жұмыс істейтін әйелдер үшін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорында бала күтіміне байланысты төлем енгіздік. Яғни ана бала күтіміне байланысты мемлекеттен ақша алады. Қазір біз нені байқап отырмыз? Бізде қаңтар айында 8 мың ер адам үйде бала күтіміне байланысты жәрдемақы рәсімдеген. Иә, заң бойынша ерлерге тыйым салынбаған, бізде теңдік. Бірақ, өзіңіз ойлаңызшы, бұрынғы уақытта ер адам декретке шықты деген болды ма?! Әйеліне "сен бар, жұмыс істе, ал мен үйде бала бағамын" деген болды ма сондай? Біз әйелдер баланы тамақтандыру керек, тәрбиелеу керек деп ойлаймыз, ал сонда ерлер қай бетімен декретке кетеді?

Қазақстанда әйелдердің барлығының тұрмысы бірдей емес. Ауыр жұмыс істейтіндері бар, бала тәрбиесімен айналысады дегендей. Осы тұрғыдан алғанда, әйелдерді 63 жасқа дейін жұмысқа жегіп қою әділетсіздік емес пе? Вице-министр ретінде емес, қарапайым әйел ретінде не айтар едіңіз?

– Бізге бұрын Тамара Қасымқызы (бұрынғы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі – автор ескертп.) айтатын,  "сендер не әйел, не ер емессіңдер. Сендер мемлекеттік қызметкерсіңдер" деп (күлді). Мен үнемі өз апаларыма қараймын. Менің үш апам бар, ең үлкені 70 жаста, кішісі биыл 65-ке келеді. Үшеуі де жұмыс істейді. Жұмыс істеп, ақша табамын деп отырған жоқ, оларды тәжірибесі, көргені мен түйгені мол қызметкер ретінде айналасындағылар жібергісі келмейді. Тым болмаса ақылшымыз, кеңесшіміз болып отыра беріңіз деп. Апаларыма қарасам, олар өз ісін сүйетін, өз ісіне берілген еңбекқор жандар. Мұндай жаста оларға еңбек ету тіпті де ауыр емес, керісінше.  

Жаңа басшының келуімен министрлік жұмысына қандай өзгерістер енді? Мадина Әбілқасымованың қарамағындағы қызметкерлеріне қоятын басты талабы қандай?

– Әр министрдің басты талабы – нақты әрі тиімді жұмыс істеу. Уақытты босқа өткізу деген болмау керек. Қазір мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес жұмысты жалғастырып жатырмыз. 

Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет!


10962
Кілт сөздер:
зейнетақы қоры, зейнет жасы, вице-министр, сұхбат, зейнетақы, әйелдер, Светлана Жақыпова
Тақырып:
Зейнетақы мөлшері қалай өзгерді (66)
Шолпан Оразбаева

Шолпанның көз жасы: алты баласы бар 29 жастағы келіншек халықтан көмек сұрады

1396
(Жаңартылды 20:28 23.10.2020)
Алматылық көпбалалы ана он жыл бойы күйеуінің ұрып-соққанына қарамастан, отбасын сақтап қалуға тырысқан. Алайда сол уақыттан бері ер мен әйелдің арасында заңды неке болмаған, арадағы алты баланың біреуіне ғана әкесінің тегі берілген

АЛМАТЫ, 23 қазан – Sputnik. Бүгінде жас келіншек алты баласымен көпшіліктен көмек сұрап отыр. Алматылық 29 жастағы Шолпан Оразбаева алты баласымен бірге бір жарым жылдан бері күйеуінен қашып дағдарыс орталығы мен пәтерде бас сауғалап жүр.

Айтуынша, күйеуінен алтыншы баласына аяғы ауыр кезде кетіп қалған. Қазір Алматы қаласындағы "Жансая" дағдарыс орталығына тұрақтағанына бір жарым ай болды.

Sputnik Қазақстан тілшісі орталыққа барып, әйелдің жағдайын білді. Жас келіншектің бір жарым жастағы баласының аяғы ыстық суға күйіп қалған, содан бері екі рет жансақтау бөлімінде өмір үшін арпалысты. Көпбалалы ана мойымай, жақындарынан ақша алып, баласын аяққа тұрғызды. Дегенмен толық сауығып кетуі үшін әлі де қаражат қажет.

"Бұған дейін басқа дағдарыс орталығында тұрдым. Ол жерде бас сауғалап барған аналар кезекпен ас әзірлейді. Кішкентай балам жөргекте болған соң қиналып кеттім. Ыңғайсыз болған соң кетіп қалдым. Одан кейін пәтер жалдап тұрдым. Оны пәтер деуге де келмейді. Бұрын дүкен болған жерді айына 12 мың теңгеге берді. Ішінде тарақан мен тышқан жүретін, өте суық болды", - деп еске алды әйел.

Шолпан Оразбаева
© Sputnik / Айгерім Таубай
Шолпан Оразбаева бес баласымен бірге дағдарыс орталығында тұрып жатыр, бір қызын ата-анасының жанына жіберген. Орталықта бірнеше әйел балаларымен бірге бір бөлмеде тұрады

Шолпанның ата-анасы да Алматыда пәтер жалдап тұрады. "Күйеуі" іздеп барып, ол кісілердің де мазасын алмауы үшін пәтерге шыққан.

Бір ай бойы алып қашып кеткенін білмеген 

Шолпан Оразбаева Қарақалпақстанда дүниеге келген. Бірінші сынып оқитын кезінде ата-анасы, бауыларымен бірге Алматыға қоныс аударды. Өзі – егіздің сыңары. 

Әңгіменің төркінін осыдан 11 жыл бұрынғы оқиғадан бастасақ, Шолпанды 18 жасында өзінен бес жас үлкен жігіт алып қашып кеткен. Содан кейін бір ай бойы ата-анасына ол жайлы хабар бермеген.

"Есіктің жігіті алып қашып кетті. Басында жұмыс істеген еді. Мені алғаннан кейін жұмыс істемей қойды. Үйде бос жататын болды. Арасында бір күндік жұмысқа шығып жүрді. Тұңғышыма аяғым ауыр болған сәттен іше бастады. Достарымен қыдырып, бірнеше күнге жоқ болып кететін", - дейді Шолпан.

Айтуынша, күйеуінің әкесі де ішімдік ішеді. Үйіне мас адамдарды жинап алған күндері де болған.

"Күйеуім көзімше шөп шегіп отыратын. Иісі де жаман еді. Көзі қызарып, біртүрлі сөйлейтін. Соны шегіп алса, тиісе бастайды. Бала жылап қалса, соны ұрып-соғатын, лақтырып жіберетін. Содан екеуміз қатты ұрсып қалатынбыз. Бірақ үйден қашпайтынмын. Қоятын шығар деп сендім. Сондай сәтте ұйықтап қалса екен деп тілейтінмін", - дейді келіншек.

Шолпанның айтуынша, ұрып-соғуына көп жағдайда қызғаныш себеп болған. Әйелі ешқайда шықпауы үшін киімдерін де өртеп жіберген.

"Төртінші балам дүниеге келген кезде ата-анамның үйіне кетіп қалдым. Артымнан келіп, кешірім сұраған соң қайтып бардым. Содан кейін анам менімен бір ай сөйлеспей қойды. Үйге барған соң ұрып-соғу қайта басталды. Сол ұлым әкесінен аумай қалған, бірақ соны көп ұратын. Төсекке лақтырып, жұлқылайтын", - дейді әйел.

Айтуынша, қолындағы алты айлық сәбиді әкесі әлі көрмеген.

"Көремін деп талпынды, бірақ рұқсат бермедім. Босанып жатқанымда ауруханаға келген жоқ. Күйеуімнің әпкелерімен сөйлесіп тұрамын, солар арқылы естіді. Басқа балаларым дүниеге келгенде де ізімнен келіп, бір ыстық тамақ әкелген емес. "Ұлды болдым", "қызды болдым" деп достарымен ішімдік ішетін. Мен ауруханада аш жататынмын", - деп көзіне жас алды келіншек.

Көпбалалы ана
© Sputnik / Айгерім Таубай
Көпбалалы ананың бір жарым жасар баласының сол қолы жұмыс істемейді. Оның еміне де қомақты қаражат қажет

Көпбалалы ана осындай жағдайдан кейін сәби дүниеге әкелмеу туралы да ой болғанын жасырмады. Алайда күйеуінің қорқытып-үркіткенін де айтты.

"Осыдан тумай көрші..." деп қорқытатын. Сәбиді босанып, ауруханадан шыққаныма екі ай болса, "көтердің бе?" деп қайта аңди бастайтын. "Неге көтермей жүрсің?" деп ұрып-соғатын", - дейді әйел.

9 айлық баласы күйіп қалған

Грэсте пәтер жалдап тұрып жатқанында Шолпан бір күні күйеуін үйіне кіргізген. Ол кезде анасының ақылын тыңдаған екен. Өзгерді деп сенген. Содан күйеуі қолында бар ақшасын алып, азық-түлік әкелемін деп шығып кетеді.

"Келетін шығар деп ойладым. Қолымдағы бар ақшаны бердім. Содан кеш батты, балалардың қарны аша бастады. Барып дүкеннен роллтон алып келдім. Үйде газ да бітіп қалған еді. Көршімнен электр шайнек алып, су қойдым. Сол қайнап болған кезде балама төгіліп кетті. Сол оқиғадан кейін оны қуып жібердім", - дейді әйел.

Қазір бір жарым жастағы ұлының сол қолы жұмыс істемейді. Бір аяғының терісі жиырылып жатыр. Анасы келешекте екі аяғы екі түрлі бола ма деген қорқынышы бар екенін айтты.

"Дәрігерге әр апарғанымның құны – 35 мың теңге. Айына алты балаға 66 мың теңге алып отырмын. Балам қолын үнемі жұмып жүреді. Соған арналған арнайы аппарат бар екен. Оның бағасы бір жерде 50 мың, басқа жерде 60-70 мың деп тұр. Дәрігер баламды жүрмейді, сөйлей алмайды деп айтты. Алақан жайдым. Сөйтіп жүріп аяққа тұрғыздым, қазір жайлап сөйлейді. Қызыма да телефон алып бергім келеді, қазір онлайн сабаққа қатысып жүр", - дейді Оразбаева.

Шолпан Оразбаева
© Sputnik / Шолпан Оразбаеваның жеке архивінен алынды
Келіншек алты баласына айына 66 мың теңге жәрдемақы алады

Шолпан күйеуінің сондай қиын сәтте жанынан табылмағанын айтып, қынжылып отыр. Ол жақсы жаңалық барын естісе, іздеп келуді әдетке айналдырған. Айтуынша, күйеуі қазірге дейін хабарласады.

"Хабарласқан кезде өлтіріп кетемін деп қорқытады. Одан бұрын баласына беретін тәрбиесі жоқ. Баласына "бандит болады", "бауыздайтын болады" деп үйретіп отырады. Телефонда да боқтық сөз үйретеді", - дейді әйел.

Балаларды ұратын болған соң кеттім. Қыста көршінің үйіне де қашып баратынбыз. Іздеп жүріп, тауып алса, шашымнан сүйреп алып кететін, дейді көпбалалы ана.

Айтуынша, әйел бір рет Есік қаласының полициясына арызданған. Алайда біраз уақыт өткен соң арызын қайтып алған.

Шолпанның арманы

Шолпанның тұңғышы 10 жаста, одан кейінгі қызы тоғызда. Бір ұлы 4 жаста болса, одан кейінгі перзенті 2,5 жаста. Кіші ұлы – бір жарым жасар, кенжесі алты айлық нәресте. Алғашқы екеуі мектепте оқиды.

Мектептен кейін оқу орнында білім алмаған Шолпан Оразбаева тігінші немесе аспаз оқуын оқып алсам дейді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Asar-ume (@asarume_kz)

Жақында ғана Asarume қоры үй алуы үшін келіншектің қолына 6 миллион теңге беріпті. Енді Шолпан 5 миллионға үй алып, қалған ақшаға көлік алғысы келеді. Үйінің алдынан азық-түлік сататын дүкен ашсам деген де арманы бар.

Көпбалалы анаға Kaspi Gold арқылы көмек көрсетуге болады (4400430111238397 Шолпан Ермекбаевна)

10 жыл бойы заңды некеге тұрмаған

Он жыл бойы бір шаңырақта өмір сүргенімен Алтай мен Шолпан арасында заңды неке болмаған. Тіпті алты баланың біреуінің метіркесінде ғана әкесі екені жазылған. Қалған бес бала анасының тегін алған. 

"Балаларға алимент төлемеймін деп айтты. Төлесем де әкелік құқық берілген жалғыз балаға ғана төлеймін, оны 18 жасқа толған соң өндіріп аламын деді. Қолымдағы алты айлық қызымды "менен емес, басқадан тудың" деп айыптайды", - дейді Шолпан.

Айтуынша, біраз уақытқа дейін күйеуімен қайта қосылу туралы ойы болған. Алайда енді балалары үшін өмір сүремін деп отыр.

"Кешеге дейін балалар үшін қайта қосылсам деген ой болды. Қазір ұмыттым, қосылатын ойым жоқ. Балалар да әкесіне барғысы келмейді. Осылай жүргеніме бір жарым жыл болды. Бала керек болса, тіршілік жасап, түзелдім деп келер еді, осылайша өзіне бәрібір екенін көрсетті. Ендігі арманым – балаларымды елге жалтақтатпай өсіру", - дейді әйел.

Келіншек екінші рет тұрмыс құру туралы ойы жоқ екенін де айтты.

Дағдарыс орталығы 50 адам қабылдай алады

Бұл орталық 2017 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы деп ашылған. Орталықтың мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қабылдау, оларға көмек көрсету. Бұл жерде медициналық, педагогикалық, заңгерлік, тұрмыстық, еңбек бағыты бойынша көмек көрсетіледі. 

"Әйел орталыққа келген кезде оның психологиялық жағдайын анықтаймыз. Бізге келетін әйелдердің міндетті түрде баласы болады. Отбасы ішінде қол көтеру, ұрыс-керістің куәсі болған баланың да психологиялы бұзылған күйінде келеді. Алғашқы үш күнде анаға да, балаға да ешқандай қысым көрсетпей, тыныштық береміз. Содан кейін ғана мамандар жұмыс істей бастайды", - дейді арнайы әлеуметтік көмекті бағалайтын қызметкер Зүлфия Омарова.

Зүлфия Омарова
© Sputnik / Айгерім Таубай
"Жансая" дағдарыс орталығының әлеуметтік қызметкері Зүлфия Омарова

Бұл мемлекеттік мекеме болған соң әйелге де, балаға да бес уақыт тамақ тегін беріледі. Өзі табыс таба алатындай арнайы курстарға қатысу мүмкіндігі де қарастырылған. 

"Көп жағдайда көпбалалы аналардың өзін-өзі бағалауы өте төмен. Олар баланы дүниеге әкеліп, күйеуінің қолына қарап отырған. Экономикалық жағынан бағынышты болған. Ақша берсе алады, бермесе, сұрамайды. Сол жағынан көп көмек көрсетеміз. Әйелдер бізден кетер кезде бір істі меңгеріп шығады", - дейді маман.

"Жансая" дағдарыс орталығы 50 адамға лайықталған. Қазір бұл жерде 17 әйел, 31 бала тұрып жатыр.

Көпбалалы анаға Kaspi Gold арқылы көмек көрсетуге болады. 4400430111238397 Шолпан Ермекбаевна

1396
Кілт сөздер:
көпбалалы отбасы, бала, күйеу, келіншек
Тақырып бойынша
Көпбалалы ана жаңа оқу жылы туралы: бес балам бір телефон қолданады
Күйеуі ұрып-соғатын әйелдер өзін қалай қорғай алады - мамандар кеңес берді
Көпбалалы отбасылар қашықтан білім алудың қиындығы туралы айтты - видео
Жылап тұрып көмек сұраған қостанайлық мұғалімнің бұрынғы күйеуі видео жариялады
Өскеменде көпбалалы ана полицияға өтініш жазып, балаларын алып кетуді сұрады
Сұлтанғали Смайылов ұлдарымен бірге

"Оттан қорықпайтын адам жоқ": өмірін адам құтқаруға арнаған әулетпен сұқбат

406
(Жаңартылды 16:52 19.10.2020)
19 қазан – құтқарушылар күні. Биыл азаматтық қорғау органдарының құрылғанына 25 жыл болды. Sputnik Қазақстан тілшісі құтқару қызметінде жұмыс істейтін Смайыловтар отбасымен сұқбаттасты

АЛМАТЫ, 19 қазан – Sputnik. Өрт – тілсіз жау. Төтенше жағдайды алдын ала болжап білу мүмкін емес. Ал ұшқыннан шыққан өртті ауыздықтауда ондаған, тіпті жүздеген адамның маңдай тері жатыр. Зейнеттегі азаматтық қорғау полковнигі Сұлтанғали Смайылов бұл салаға 33 жылын арнаған. Артынан ерген екі ұлы да ізін қуды.

Өрт сөндірушіден департамент басшысына дейін

Түркістан облысы Қызылқұм ауданында дүниеге келген Сұлтанғали Смайылов 2020 жылы ақпанда зейнетке шықты. Алайда бұл саладан әлі де болса, алыстай қойған жоқ. Себебі екі ұлы да әкесі секілді қызмет бабын қатардағы өрт сөндіруші болудан бастады. 

"Нағашым өрт сөндіруші болды. Қазір ол кісі де зейнетке шықты. Нағашымның жұмысына қарап, елге қызмет жасап жүргенін көріп, бір жағынан формасына да қызығып осы саланы таңдадым", - деп бастады әңгімесін зейнеттегі азаматтық қорғау полковнигі.

Осылайша Сұлтанғали Иманғалиұлы 1987 жылы Алматыда өрт-техникалық училищесінде оқуды аяқтап, туған жеріне оралған. Сол жылы Түркістан қаласында өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы болып жұмысқа орналасқан.

"Бастапқыда қарауыл бастығы болдым. Бұл қазіргі тілмен айтқанда – ауысым жетекшісі. Бір ауысымға 10-12 жігіт түседі. Бәріміз бірге өртті сөндіруге барамыз, жетекші болған адам өрт қауіпсіздігі сақталуын бақылайды. Ал жалпы сол жердегі құтқарушылармен қатар жұмыс істейді", - деп түсіндірді алғашқы жұмысын Смайылов.

Айтуынша, еңбек жолын басшылық қызметтен бастауына бұған дейін әскер қатарында борышын өтегені, сонымен қатар Алматыда білім алып келгені әсер еткен.

Одан кейінгі жылдары аға инженер, аға анықтаушы, бөлім бастығының орынбасары, бөлім бастығы, облыстық төтенше жағдай басқармасының басшысы қызметін атқарған. Зейнетке шығар алдында Түркістан облысы ТЖД бастығының орынбасары болды.

"Жарылыс болып, құлап түстім"

Смайылов сұқбат барысында қызмет жолында есінде жақсы сақталған үш төтенше жағдайды айтып берді.

"Жұмысқа орналасқаныма бірнеше жыл болған кезде Шымкентте май сақтайтын ірі зауытта өрт шықты. Бізді қосымша күш ретінде жіберген болатын. Сол кезде адам шығыны да болды. Өрт сөндіру барысында қатты жарылыс болып, сол жарылыстан құлап түстім. Саусағым шығып кетіпті", - деп еске алды ол.

Оттан қорықпайтын адам жоқ
© Photo : Смайыловтар әулетінің жеке архивінен алынды
Зейнеттегі полковник басынан кешкен үш төтенше жағдай туралы айтып берді

Тағы бір оқиға – Төрткөлдегі мақта зауытыныңдағы өрт. Айтуынша, сол кезде күн өте қатты суық болған. Оған Төрткөлдің желі қосылып, өртті ауыздықтау оңайға соқпаған. Екі минут тоқтап қалсақ, желдің күшінен өрт сөндіргіш құрылғы қатып қалатын еді, дейді ол.

Келесі төтенше жағдай – Арыс қаласындағы жарылыс. Ол кезде облыстың төтенше жағдай департаменті басшысы еңбек демалысында болып, Смайылов басшылық қызметті атқарып жүрген. Әңгіме кезінде сол жердегі оқиғаны еске алды. 

"Арыс қаласына жақындағаннан-ақ жарылыстың дауысы, снарядтың ұшқыны ұшып жатты. Бізді көрген халық көмек сұрай бастады. Үш қабатты тұрғын үйдің ішінде мүгедек адам қалып қойғанын айтқан соң қызметтік автокөлікпен барып, сол кісілерді шығарып алдық", - деді ол.

Айтуынша, өрт сөндіру көлігінің ішінде тұрған кезде құтқарушылардың жанына жарылғыш зат түскен.

Иыққа погон таққан соң...

Сұлтанғали Смайыловтың екі ұл, екі қызы бар. Қос ұлының құтқару саласында қызмет етуіне өзі бастамашы болмаса да, үлгі бола білгенімен байланыстырды.

"Полиция, прокуратураның жұмысы өте қиын. Ұлттық қауіпсіздік қызметіндегілер үйдің бетін көрмейді. "Балам, әкенің жолын қуып, адал жұмыс істесең, жетістікке жетесің" дегенімде, ұлдарым бұл сөзімді құп көрді. Себебі өздерінің ынтасы болды. Мен қанша қинасам да, бұл саланы ұнатпай тұрса, қызмет ете алмайды", - дейді ол.

Әкенің сөзін кенже ұлы да қостай кетті. Азаматтық қорғау қызметінде екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Ерғали Сұлтанғалиұлы әкесі мен ағасының формасына, еңбегіне қарап қызығушылық пайда болғанын жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстанда құтқарушылардың білім алуы үшін бар жағдай жасалғанын айтты.

"Көкшетеу техникалық институтында тегін білім алдым. Ол жерде білім алған түлектерді жұмысқа міндетті түрде орналастырады. Иыққа погон таққан соң, өсуге деген талпыныс бар", - дейді Ерғали.

Смайыловтар әулеті
© Photo : Смайыловтар әулетінің жеке архивінен алынды
"Балам, әкенің жолын қуып, адал жұмыс істесең, жетістікке жетесің"

Ал тұңғыш перзенті Серікғали Сұлтанғалиұлы 19 жасынан бас азаматтық құтқару саласында қызмет етіп келеді. Биыл осы салада жүргеніне 11 жыл болды. Оның ішінде 2009-2018 жылдары өрт сөндіруші болған. Бұл жылдары елорда мен Шымкент қаласында жұмыс істеген. Кейінгі екі жылда лейтенант шешін алған соң Түркістан облысына ауысқан. 

"Үйдің үлкен баласы болған соң әкенің жолын жалғауды өзіме жетістік санадым. Екіншіден, бала күнімен құтқарушының қызметін көріп өстім. Елдің алғысын алып, ел игілігіне қызмет еткім келді. Әкемнің тарапынан таңдауыма қысым жасау не қарсылық таныту болған емес", - дейді үлкен ұлы.

Әкем – ұстазым. Ол кісі болса, басқа ұстаздың қажеті де жоқ. Өзі қатал әрі тәртіппен жүреді, дейді Серікғали әкесі жайлы.

Әке өсиеті

Сұлтанғали Смайылов қос ұлына Қазақстанның әр азаматын қорғау – қызметтік парызы екенін үнемі айтып отырады.

Ерғали Сұлтанғалиұлы
© Photo : Смайыловтар әулетінің жеке архивінен алынды
Ерғали Сұлтанғалиұлы құтқарушылар күнінің 25 жылдығына орай Түркістан облысы ТЖД бастығының алғыс хатымен марапатталды

"Елін, халық сүйген адам әрқашан өседі. Екі ұлыма да адамды оттан, судан қорғау – қызметтік парызы екенін үнемі айтып отырамын. Ұлдарымның жұмысына байланысты өміріне қауіп төнеді деп қорықпаймын. Не болса да қызмет бабындағы жағдай деп қараймын", - дейді Смайылов.

Үлкен ұлы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Серікғали Сұлтанғалиұлы осы салада зейнетке шыққанша жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

"Оттан қорықпайтын адам жоқ, алайда қауіпсіздік шараларын сақтаса бәрі жақсы болады. Ішкі тәртіп бойынша ғана жұмыс істеу қажет. Елге қызметке әрқашан дайынбыз. Зейнетке де осы салада шыққым келеді", - дейді үлкен ұлы Серікғали.

Ал кенже ұлы құтқару қызметінде қыздардың да көп жұмыс істейтінін айтып, болашақ жарының да осы салада қызмет етуі мүмкін екенін жеткізді.

406
Кілт сөздер:
сұхбат, өрт сөндірушілер
Тақырып бойынша
"Басқа іспен айналыса алмаймын" Әке жолын қуған полицейдің әңгімесі
"Таңдауым Ерланға түсті": ерлі-зайыпты полицейлер махаббат хикаясын айтып берді
17 жыл бойы краншы болған әйел: жұмысқа таңғы 5-те тұрамын
Көп жыл Назарбаевтың ұшағын басқарған пилот Елбасы туралы айтып берді
Елордада өрт сөндірушілер коронавируспен күресуге көшеге шықты – видео
Сыртқы істер министрлігінің ғимараты

"Дүрліктіруге ниетті": министрлік атышулы фильмге қатысты түсініктеме берді

141
Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде ел азаматтары ашық нәсілшіл шабуылдарға наразы екені айтылады

НҰР-СҰЛТАН, 24 қазан – Sputnik. Фильм авторлары арандату жолымен Қазақстанның мемлекеттік рәміздерін мазақ етіп, дүрліктіруге ниетті, деп хабарлады сыртқы істер министрлігі.

"Арандатушылық мақсатта Қазақстан халқы да, оның мемлекеттік рәміздері де мазаққа ұшыруда. Наразылық нота жолдау мағынасыз, өйткені оның адресаты жоқ. Неғұрлым дүрліктіре берсек, соғұрлым фильм авторлары пайда табады. Үлкен пайда табу авторларды фильмді жалғастыруға итермелейді. Негізінде, фильмде нәсілшілдік пен ксенофобияның айқын формасы бар. Біздің азаматтарымыз ашық нәсілшіл шабуылдарға әділ наразы", – делінген хабарламада.

Айта кетейік, 23 қазанда бір топ жас АҚШ Бас консулдығына жиналып, "Борат-2" фильмінің шығуына қарсы шықты. Олар фильмге тыйым салуды талап етіп, петициясын ұсынды.
Ұйымдастырушылар бұл петиция арқылы қоғамда теріс реакция тудырған фильмнің көрсетілуіне тыйым салуды сұрайды, олардың пікірінше, ол бүкіл мемлекеттің беделін түсіреді.

Бұған дейін Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова британдық актер және режиссер Саша Барон Коэннің атышулы "Борат-2" фильмі туралы пікір білдірген еді. 

Министрдің айтуынша, сенсациялық фильмнің Қазақстанда пайда болуы фактісін елемеуге болмайды. 

"Борат" тарихы

"Журналист" Борат Сагдеевтің Америкаға сапары туралы 2006 жылы шыққан фильм хитке айналды. Бұл фильмді шығаруға 18 миллион доллар жұмсап, оны дайындағандар 261,5 миллион доллар пайда тапты. Тіпті, "Алтын глобус" иегері атанды және "Оскарға" ұсынылды.

Ал Қазақстанда фильм қоғам тарапынан наразылық тудырды. Фильм түсірушілерге елді қорлады деген айып тағылды.

Екінші бөлімнің сюжеті бойынша, ойдан шығарылған кейіпкер, қазақстандық журналист Бораттың тағы да АҚШ-қа жолы түседі. Ол америкалықтардың әдеттегі өмір салтын гротеск тәсілімен мазақ ете келе, президенттік сайлау қарсаңындағы елдің саяси өмірін зерттейтін болады.

Оқи отырыңыз: АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі "Борат" фильміне қатысты пікір білдірді

Жаңа трейлер шыққаннан кейін көптеген қазақстандық фильмді теріс бағалады. Осыдан кейін әлеуметтік желіде "Бораттың" жалғасының шығуына қарсы флешмоб ұйымдастырылды. Оған әлемнің түкпір-түкпіріндегі қолданушылар қосылды, олар #СancelBorat хэштегімен фильмге қарсы шығып жатыр.

141
Кілт сөздер:
сыртқы істер министрлігі, Борат