Кинотаспа. Архивтегі фото

Нұрлан Санжар: Самал Еслямова марапатты ресейлік актриса ретінде алды

877
(Жаңартылды 11:02 01.10.2018)
"Менің атым Қожа" фильмінде басты рөлді сомдаған Нұрлан Санжар қазіргі қазақ киносындағы өзекті мәселелер туралы әңгімеледі

АЛМАТЫ, 3 қыркүйек — Sputnik, Айгерім Таубай. Қазақ баласының бірнеше буыны көгілдір жәшіктен көріп өскен "Менің атым Қожа" фильмінің түсірілгеніне биыл – 55 жыл. Бердібек Соқпақбаевтың шығармасы негізінде режиссер Абдолла Қарсақбаев экранға шығарған фильмде басты рөлді сомдаған Нұрлан Санжар Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берді. 

"Балалар киносына айтарлықтай көңіл бөлініп жатқан жоқ"

– 54 жыл бұрын көрерменге жол тартқан "Менің атым Қожа" фильмі әлі күнге дейін экраннан түспей келеді. Бүгінде "Менің атым Қожа" секілді ел есінен шықпайтын фильмдер санаулы. Себебі неде? Сценарийден бе, әлде режиссерден бе? 

– Расымен де "Менің атым Қожа" фильмінің түсірілгеніне биыл 55  жыл толып отыр. Бұл тым көп уақыт. Бұрын біз өзімізді мәңгі жас боламыз, өмір де аяқталмайды деп ойладық. Бірақ олай емес екен. Биыл қаңтарда 68 жасқа келдім. Қартайғым келмейді. Ал А. Қарсақбаевтың фильмі бірегей туынды. Алайда фильм қатты сынға ұшыраған кезде сыншылар "Менің атым Қожа" фильмінің бірегей туынды екенін жоққа шығарды. Қарсақбаевтың өзі сол сынның шын екеніне сенді.

Сыншылардың айтуынша, Қожа тіл алмайтын жаман пионер, өскелең ұрпаққа теріс тәрбие беретін кейіпкер. Бір кездері партиялық БАҚ-тың қатал сынына ұшыраған Абдолла уайымға салынып, ең әдемі тақырыптардың бірі балалар тақырыбынан революциялық тақырыптарға ауысты. Алайда ол жақта оны үлкен қиынықтар күтіп тұрды. "Тревожное утро" фильмі көрерменге жол тартпай сөреде ұзақ жатты. Ал режиссер уайымға салынып, қайғы жұтты. Осының барлығы оның өмірін қысқартты. Ол өмірден ерте озды. Ал фильмнің әлі күнге дейін қошеметке бөленіп, сахнадан түспей келе жатқанын түсіну үшін, фильмнің сәтті шығу себебін білу үшін жазушы неге басты кейіпкерді Қожа деп атады деген сұраққа жауап іздеу керек. Неге?

Бұл жерде бір жұмбақ бар. Повесть 60-шы жылдардың басында жазылды. Ол кезде Сталин дүниеден өтіп, партияның 20-шы сьезі өткен шақ. Бұл бостандыққа жеткен көктем еді. Сол кезде жазушы да Шәмші Қалдаяқовтың ізімен бұл кең даланың иесі Қожа есімді бұзық бала екенін айтқысы келді. Қазақстанның қожайыны – қарапайым қазақтың баласы. Мұны бір деңіз. Ал екіншіден, ауыл баласының оқиғасы барлық бала үшін таныс жағдай еді. Әркім өзін басты рөлдегі баланың орнына қойып көре алады. Бұл жағдай жарты ғасырдан бері жалғасып келеді. Қазір балалар киносына айтарлықтай көңіл бөлініп жатқан жоқ. Жақсы балалар әдебиеті де төбесін көрсетпей отыр. Балалар киносын түсіретін режиссер де, Мәдениет министрлігінде балалар киносына қатысты жоспар да жоқ. 

 Голливудтың ең сұл актрисаларының гонорары белгілі болды   

– Қожаның рөлін сомдауда қандай қиындықтар кездесті? Есіңізде бар ма? 

– Фильмнің түсірілгеніне жарты ғасыр өтті. Мен біраз дүниені ұмытып қалдым. Ал кадрда шынайы қайғырып, жылайтын болсаң, иә, рөлді ойнау қиын. Өміріңде бір дүниені жоғалтып алатының тағы бар. Мысалы мен 5-сыныпқа екінші рет қалдым…

"Самал Еслямова марапатты ресейлік фильмнің ресейлік актрисасы ретінде алды"

– "Менің атым Қожа" фильмі 1967 жылы Франциядағы Канн кинфестивалінің арнайы жүлдесіне ие болған. Жуырда Самал Еслямова есімді қазақ қызы үздік әйел рөлін сомдағаны үшін марапатқа ие болды. Алайда Самал Еслямоваға жеңіс сыйлаған "Айка" фильмін түсірген Ресейдің режиссерлері. Өзіміздегі талантты жастардың төл туындымызбен бірге жеңіске жетуіне не кедергі? 

– 1967 жылы "Менің атым Қожа" фильмі қазақстандық алғашқы туынды болып  Канн кинофестиваліндегі арнайы сыйлыққа ие болды.  Бұл жастарға арналған үздік фильм номинациясы еді. Фильм тентек бала жайында. Содан бері мұндай арнайы сыйлықты Қазақстаннан әлі еш фильм алған жоқ. Ал Самал марапатты ресейлік фильмнің ресейлік актрисасы ретінде алды. Ал ол фильмнің режиссері Сергей Дворцевой Шымкентте дүниеге келгенімен, жаны мен тәні орыс. Одан кейін бізде айналымға батыл киноларды шығарғысы келмейді. Өкінішке қарай билік оған жол бермейді. Қазақстандық әртістер  өздерін толыққанды дайын, мықты актер санайды. 

Мен өзімді ешқашан әртіспін деп санамадым. Мен бұл сөзді айтуға  ұяламын. Түсінесіз бе? Жігіттер мен қыздар киноға түспей жатып өздерін актер санайды. Бұл – жаман. Станиславскийдің "Өнерде өзіңізді емес, өзіңіздегі өнерді ұнатыңыз" деген сөзі бар. Бұл жерде шындық жатыр. Біздің жастар мақтаншақ, өзін киімімен, сыртқы сұлулығымен көрсеткісі келеді. Алайда сұлулықты кәсіби актерлік шеберлік арқылы көрсету керек, жүрек пен ақылдың сұлулығын көрсету қажет. Ал мұндай жағдай біздің жастарда сирек кездеседі, тіпті жоқтың қасы. Бірақ алдағы уақытта жастарымыз ақылына ақыл қоса түсе ме деген үмітіміз бар.

Бір жағынан бұл біздің бұқаралық ақпарат құралдарымыздың кінәсі. Журналистер барлық Алакөзова-Есентаева, Байзақовалардың кір киімдерін, жөнсіз әрекеттерін жарыса жазады. Олардың жағымсыз әрекеттерін жарнамалайды. Оның орнына ақыл, ар, адамгершілік секілді адамның жақсы қасиеттерін жазу керек. Мен үнемі журналистерден сұрағым келеді: Олар сізге осы үшін ақша төлей ме? деп.  Мен ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде 4 жыл сабақ бердім. Студенттерді өз елінің азаматтары болуға, "желтая прессаға" бет бұрмауға үйреттім. Алайда олар мұны ұмытып кетеді. 

"Екі ғылыми кітабым мен оқулықтарымды әлемнің кез келген жерінен сатып алуға болады"

– Өткен өміріңізге қарап  "Әттеген-ай" дейтін кездеріңіз бола ма? 

– Киноға түсуім биографиямдағы эпизод болды. Мен үшін фильмге түскенім маңызды емес, одан кейінгі өмірімде атқарған жұмысым маңызды. Мен актер болғым келмеді, себебі актерлерде әйелдің сана сезімі болады. Олар барлығына ұнағысы келіп тұрады. Ал мен ондай емеспін. Мен кино түсіргім келді. Сондықтан кинодраматург болдым, яғни кинематографиялық жазушымын. Менің бірнеше фильмім бар. Сонымен қатар мен философия ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерімін. Менің екі ғылыми кітабым мен оқулықтарымды әлемнің кез келген жерінен сатып алуға болады. Бұл – үлкен жетістік.  

– Қазіргі қазақ киносы туралы пікіріңіз қандай? 

– Қазіргі қазақ киносы қайта құру дағдарысын бастан кешуде. Кеңес өнері нарықтағы өз орнын табуға тырысып жатыр. Ұлттық кинематографты  халық пен билік  қолдауы керек.

"Менің кітаптарымды халыққа жеткізуге маған қаржылай көмек керек!"  

– Әдебиет пен киноны қатар алып жүрген жансыз. Шығармашылығыңыз жайлы айтып берсеңіз. Баспа бетіне шықпаған еңбектеріңіз бар ма?

Максим Акбаров , Санжар Мәди және Артур Төлепов
© Sputnik / Айгюзель Кадир

– Менің "Ангелочек" повесім сәтті шықты. Тез сатылып кетті. Сонымен қатар  қазақстандық бестселлер деп танылды. "Ангелочек" деп аталатын сериал да түсірілді. Ол екі Гран-при алды. Қазір 3-ші томына дайындап жатырмын, бірақ қаржыландыруға байланысты мәселелер бар. Биыл Жошы хан туралы тарихи романды аяқтадым. Кітапқа қызығып жатқан продюсер бар. Біз алға жылжи береміз. Қалғанын уақыт көрсетеді. 

Тұтастай алғанда, менің кітапты ақша үшін емес халық үшін жазатынымды түсінетін жақсы демеуші немесе меценатты жолықтырғым келеді. Бұл менің арманым! Менің кітаптарымды халыққа жеткізуге маған көмек керек!  

– Хабарласқанымда сценарий жазып жатқаныңызды жеткіздіңіз. Толық айтып берсеңіз. 

– Биыл күзде режиссер С.Нарымбетовпен бірге жаңа жұмысты бастағалы жатырмыз. Бұл Құнанбай мен Тәттімбеттің досы поляк  А. Янушкевич туралы фильм. Сценарий  "Долгое эхо" деп аталады.

"Махаббат бекеті" фильмі арқылы танылған Баян Алагөзова жайлы қызықты деректер 

– Бүгінгінің (ХХІ ғасырдың) Қожасына не тілегіңіз бар?

– Бұл кейіпкер халықта әрдайым өмір сүрсін, өйткені ол өз халқының адал өкілі. Ал жаңа заманның Қожасы бар, ол сіздермен бірге жүр. 

– Отбасыңыз жайында айтып берсеңіз. Ұл-қыздарыңыз кино саласында ма? Жалпы киноға келуіне, әртіс болуына қарсы емессіз бе?

– Отбасымда төрт адам. Әйелім Мәдина Санжар – аурухана қызметкері, менің және балалардың қамқоршысы болып жүрген керемет адам. Ал қызымның есімі – Айым. Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері универитетінің 1-курс студенті. Қызымның ізімді жалғап, ғалым-зерттеуші, ғылым докторы, өнертанушы болғанын қалаймын. Үмітім де зор. Ал ұлым Әли қазір 8-сынып оқушысы. Ол қазір жай ғана тәртіпі бала. 


877
Кілт сөздер:
қазақ киносы, фильм, Менің атым қожа, "Айка" фильмі, Абдолла Қарсақбаев, Нұрлан Санжар, Самал Еслямова, Қазақстан
Тақырып бойынша
Самал Еслямова жаңа қазақ сериалына түсіп жатқанын айтты
Самал Еслямоваға Петропавлдан пәтер сыйға берілді
Джеки Чан Астанада қытай киносы фестивалін ашады
Кино көрудің үкімі қандай?
Қазақстан мен Қытай бірлесіп кино түсіреді
Мұхамедиұлы: Қазақстан Қытайдың кино нарығына шықпақшы
Қазақ қызы түскен "Айка" фильмі прокатқа күзде шығады
"Оралман" фильмі Германияда арнайы жүлде алды
Шолпан Оразбаева

Шолпанның көз жасы: алты баласы бар 29 жастағы келіншек халықтан көмек сұрады

1535
(Жаңартылды 20:28 23.10.2020)
Алматылық көпбалалы ана он жыл бойы күйеуінің ұрып-соққанына қарамастан, отбасын сақтап қалуға тырысқан. Алайда сол уақыттан бері ер мен әйелдің арасында заңды неке болмаған, арадағы алты баланың біреуіне ғана әкесінің тегі берілген

АЛМАТЫ, 23 қазан – Sputnik. Бүгінде жас келіншек алты баласымен көпшіліктен көмек сұрап отыр. Алматылық 29 жастағы Шолпан Оразбаева алты баласымен бірге бір жарым жылдан бері күйеуінен қашып дағдарыс орталығы мен пәтерде бас сауғалап жүр.

Айтуынша, күйеуінен алтыншы баласына аяғы ауыр кезде кетіп қалған. Қазір Алматы қаласындағы "Жансая" дағдарыс орталығына тұрақтағанына бір жарым ай болды.

Sputnik Қазақстан тілшісі орталыққа барып, әйелдің жағдайын білді. Жас келіншектің бір жарым жастағы баласының аяғы ыстық суға күйіп қалған, содан бері екі рет жансақтау бөлімінде өмір үшін арпалысты. Көпбалалы ана мойымай, жақындарынан ақша алып, баласын аяққа тұрғызды. Дегенмен толық сауығып кетуі үшін әлі де қаражат қажет.

"Бұған дейін басқа дағдарыс орталығында тұрдым. Ол жерде бас сауғалап барған аналар кезекпен ас әзірлейді. Кішкентай балам жөргекте болған соң қиналып кеттім. Ыңғайсыз болған соң кетіп қалдым. Одан кейін пәтер жалдап тұрдым. Оны пәтер деуге де келмейді. Бұрын дүкен болған жерді айына 12 мың теңгеге берді. Ішінде тарақан мен тышқан жүретін, өте суық болды", - деп еске алды әйел.

Шолпан Оразбаева
© Sputnik / Айгерім Таубай
Шолпан Оразбаева бес баласымен бірге дағдарыс орталығында тұрып жатыр, бір қызын ата-анасының жанына жіберген. Орталықта бірнеше әйел балаларымен бірге бір бөлмеде тұрады

Шолпанның ата-анасы да Алматыда пәтер жалдап тұрады. "Күйеуі" іздеп барып, ол кісілердің де мазасын алмауы үшін пәтерге шыққан.

Бір ай бойы алып қашып кеткенін білмеген 

Шолпан Оразбаева Қарақалпақстанда дүниеге келген. Бірінші сынып оқитын кезінде ата-анасы, бауыларымен бірге Алматыға қоныс аударды. Өзі – егіздің сыңары. 

Әңгіменің төркінін осыдан 11 жыл бұрынғы оқиғадан бастасақ, Шолпанды 18 жасында өзінен бес жас үлкен жігіт алып қашып кеткен. Содан кейін бір ай бойы ата-анасына ол жайлы хабар бермеген.

"Есіктің жігіті алып қашып кетті. Басында жұмыс істеген еді. Мені алғаннан кейін жұмыс істемей қойды. Үйде бос жататын болды. Арасында бір күндік жұмысқа шығып жүрді. Тұңғышыма аяғым ауыр болған сәттен іше бастады. Достарымен қыдырып, бірнеше күнге жоқ болып кететін", - дейді Шолпан.

Айтуынша, күйеуінің әкесі де ішімдік ішеді. Үйіне мас адамдарды жинап алған күндері де болған.

"Күйеуім көзімше шөп шегіп отыратын. Иісі де жаман еді. Көзі қызарып, біртүрлі сөйлейтін. Соны шегіп алса, тиісе бастайды. Бала жылап қалса, соны ұрып-соғатын, лақтырып жіберетін. Содан екеуміз қатты ұрсып қалатынбыз. Бірақ үйден қашпайтынмын. Қоятын шығар деп сендім. Сондай сәтте ұйықтап қалса екен деп тілейтінмін", - дейді келіншек.

Шолпанның айтуынша, ұрып-соғуына көп жағдайда қызғаныш себеп болған. Әйелі ешқайда шықпауы үшін киімдерін де өртеп жіберген.

"Төртінші балам дүниеге келген кезде ата-анамның үйіне кетіп қалдым. Артымнан келіп, кешірім сұраған соң қайтып бардым. Содан кейін анам менімен бір ай сөйлеспей қойды. Үйге барған соң ұрып-соғу қайта басталды. Сол ұлым әкесінен аумай қалған, бірақ соны көп ұратын. Төсекке лақтырып, жұлқылайтын", - дейді әйел.

Айтуынша, қолындағы алты айлық сәбиді әкесі әлі көрмеген.

"Көремін деп талпынды, бірақ рұқсат бермедім. Босанып жатқанымда ауруханаға келген жоқ. Күйеуімнің әпкелерімен сөйлесіп тұрамын, солар арқылы естіді. Басқа балаларым дүниеге келгенде де ізімнен келіп, бір ыстық тамақ әкелген емес. "Ұлды болдым", "қызды болдым" деп достарымен ішімдік ішетін. Мен ауруханада аш жататынмын", - деп көзіне жас алды келіншек.

Көпбалалы ана
© Sputnik / Айгерім Таубай
Көпбалалы ананың бір жарым жасар баласының сол қолы жұмыс істемейді. Оның еміне де қомақты қаражат қажет

Көпбалалы ана осындай жағдайдан кейін сәби дүниеге әкелмеу туралы да ой болғанын жасырмады. Алайда күйеуінің қорқытып-үркіткенін де айтты.

"Осыдан тумай көрші..." деп қорқытатын. Сәбиді босанып, ауруханадан шыққаныма екі ай болса, "көтердің бе?" деп қайта аңди бастайтын. "Неге көтермей жүрсің?" деп ұрып-соғатын", - дейді әйел.

9 айлық баласы күйіп қалған

Грэсте пәтер жалдап тұрып жатқанында Шолпан бір күні күйеуін үйіне кіргізген. Ол кезде анасының ақылын тыңдаған екен. Өзгерді деп сенген. Содан күйеуі қолында бар ақшасын алып, азық-түлік әкелемін деп шығып кетеді.

"Келетін шығар деп ойладым. Қолымдағы бар ақшаны бердім. Содан кеш батты, балалардың қарны аша бастады. Барып дүкеннен роллтон алып келдім. Үйде газ да бітіп қалған еді. Көршімнен электр шайнек алып, су қойдым. Сол қайнап болған кезде балама төгіліп кетті. Сол оқиғадан кейін оны қуып жібердім", - дейді әйел.

Қазір бір жарым жастағы ұлының сол қолы жұмыс істемейді. Бір аяғының терісі жиырылып жатыр. Анасы келешекте екі аяғы екі түрлі бола ма деген қорқынышы бар екенін айтты.

"Дәрігерге әр апарғанымның құны – 35 мың теңге. Айына алты балаға 66 мың теңге алып отырмын. Балам қолын үнемі жұмып жүреді. Соған арналған арнайы аппарат бар екен. Оның бағасы бір жерде 50 мың, басқа жерде 60-70 мың деп тұр. Дәрігер баламды жүрмейді, сөйлей алмайды деп айтты. Алақан жайдым. Сөйтіп жүріп аяққа тұрғыздым, қазір жайлап сөйлейді. Қызыма да телефон алып бергім келеді, қазір онлайн сабаққа қатысып жүр", - дейді Оразбаева.

Шолпан Оразбаева
© Sputnik / Шолпан Оразбаеваның жеке архивінен алынды
Келіншек алты баласына айына 66 мың теңге жәрдемақы алады

Шолпан күйеуінің сондай қиын сәтте жанынан табылмағанын айтып, қынжылып отыр. Ол жақсы жаңалық барын естісе, іздеп келуді әдетке айналдырған. Айтуынша, күйеуі қазірге дейін хабарласады.

"Хабарласқан кезде өлтіріп кетемін деп қорқытады. Одан бұрын баласына беретін тәрбиесі жоқ. Баласына "бандит болады", "бауыздайтын болады" деп үйретіп отырады. Телефонда да боқтық сөз үйретеді", - дейді әйел.

Балаларды ұратын болған соң кеттім. Қыста көршінің үйіне де қашып баратынбыз. Іздеп жүріп, тауып алса, шашымнан сүйреп алып кететін, дейді көпбалалы ана.

Айтуынша, әйел бір рет Есік қаласының полициясына арызданған. Алайда біраз уақыт өткен соң арызын қайтып алған.

Шолпанның арманы

Шолпанның тұңғышы 10 жаста, одан кейінгі қызы тоғызда. Бір ұлы 4 жаста болса, одан кейінгі перзенті 2,5 жаста. Кіші ұлы – бір жарым жасар, кенжесі алты айлық нәресте. Алғашқы екеуі мектепте оқиды.

Мектептен кейін оқу орнында білім алмаған Шолпан Оразбаева тігінші немесе аспаз оқуын оқып алсам дейді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Asar-ume (@asarume_kz)

Жақында ғана Asarume қоры үй алуы үшін келіншектің қолына 6 миллион теңге беріпті. Енді Шолпан 5 миллионға үй алып, қалған ақшаға көлік алғысы келеді. Үйінің алдынан азық-түлік сататын дүкен ашсам деген де арманы бар.

Көпбалалы анаға Kaspi Gold арқылы көмек көрсетуге болады (4400430111238397 Шолпан Ермекбаевна)

10 жыл бойы заңды некеге тұрмаған

Он жыл бойы бір шаңырақта өмір сүргенімен Алтай мен Шолпан арасында заңды неке болмаған. Тіпті алты баланың біреуінің метіркесінде ғана әкесі екені жазылған. Қалған бес бала анасының тегін алған. 

"Балаларға алимент төлемеймін деп айтты. Төлесем де әкелік құқық берілген жалғыз балаға ғана төлеймін, оны 18 жасқа толған соң өндіріп аламын деді. Қолымдағы алты айлық қызымды "менен емес, басқадан тудың" деп айыптайды", - дейді Шолпан.

Айтуынша, біраз уақытқа дейін күйеуімен қайта қосылу туралы ойы болған. Алайда енді балалары үшін өмір сүремін деп отыр.

"Кешеге дейін балалар үшін қайта қосылсам деген ой болды. Қазір ұмыттым, қосылатын ойым жоқ. Балалар да әкесіне барғысы келмейді. Осылай жүргеніме бір жарым жыл болды. Бала керек болса, тіршілік жасап, түзелдім деп келер еді, осылайша өзіне бәрібір екенін көрсетті. Ендігі арманым – балаларымды елге жалтақтатпай өсіру", - дейді әйел.

Келіншек екінші рет тұрмыс құру туралы ойы жоқ екенін де айтты.

Дағдарыс орталығы 50 адам қабылдай алады

Бұл орталық 2017 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы деп ашылған. Орталықтың мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қабылдау, оларға көмек көрсету. Бұл жерде медициналық, педагогикалық, заңгерлік, тұрмыстық, еңбек бағыты бойынша көмек көрсетіледі. 

"Әйел орталыққа келген кезде оның психологиялық жағдайын анықтаймыз. Бізге келетін әйелдердің міндетті түрде баласы болады. Отбасы ішінде қол көтеру, ұрыс-керістің куәсі болған баланың да психологиялы бұзылған күйінде келеді. Алғашқы үш күнде анаға да, балаға да ешқандай қысым көрсетпей, тыныштық береміз. Содан кейін ғана мамандар жұмыс істей бастайды", - дейді арнайы әлеуметтік көмекті бағалайтын қызметкер Зүлфия Омарова.

Зүлфия Омарова
© Sputnik / Айгерім Таубай
"Жансая" дағдарыс орталығының әлеуметтік қызметкері Зүлфия Омарова

Бұл мемлекеттік мекеме болған соң әйелге де, балаға да бес уақыт тамақ тегін беріледі. Өзі табыс таба алатындай арнайы курстарға қатысу мүмкіндігі де қарастырылған. 

"Көп жағдайда көпбалалы аналардың өзін-өзі бағалауы өте төмен. Олар баланы дүниеге әкеліп, күйеуінің қолына қарап отырған. Экономикалық жағынан бағынышты болған. Ақша берсе алады, бермесе, сұрамайды. Сол жағынан көп көмек көрсетеміз. Әйелдер бізден кетер кезде бір істі меңгеріп шығады", - дейді маман.

"Жансая" дағдарыс орталығы 50 адамға лайықталған. Қазір бұл жерде 17 әйел, 31 бала тұрып жатыр.

Көпбалалы анаға Kaspi Gold арқылы көмек көрсетуге болады. 4400430111238397 Шолпан Ермекбаевна

1535
Кілт сөздер:
көпбалалы отбасы, бала, күйеу, келіншек
Тақырып бойынша
Көпбалалы ана жаңа оқу жылы туралы: бес балам бір телефон қолданады
Күйеуі ұрып-соғатын әйелдер өзін қалай қорғай алады - мамандар кеңес берді
Көпбалалы отбасылар қашықтан білім алудың қиындығы туралы айтты - видео
Жылап тұрып көмек сұраған қостанайлық мұғалімнің бұрынғы күйеуі видео жариялады
Өскеменде көпбалалы ана полицияға өтініш жазып, балаларын алып кетуді сұрады
Сұлтанғали Смайылов ұлдарымен бірге

"Оттан қорықпайтын адам жоқ": өмірін адам құтқаруға арнаған әулетпен сұқбат

412
(Жаңартылды 16:52 19.10.2020)
19 қазан – құтқарушылар күні. Биыл азаматтық қорғау органдарының құрылғанына 25 жыл болды. Sputnik Қазақстан тілшісі құтқару қызметінде жұмыс істейтін Смайыловтар отбасымен сұқбаттасты

АЛМАТЫ, 19 қазан – Sputnik. Өрт – тілсіз жау. Төтенше жағдайды алдын ала болжап білу мүмкін емес. Ал ұшқыннан шыққан өртті ауыздықтауда ондаған, тіпті жүздеген адамның маңдай тері жатыр. Зейнеттегі азаматтық қорғау полковнигі Сұлтанғали Смайылов бұл салаға 33 жылын арнаған. Артынан ерген екі ұлы да ізін қуды.

Өрт сөндірушіден департамент басшысына дейін

Түркістан облысы Қызылқұм ауданында дүниеге келген Сұлтанғали Смайылов 2020 жылы ақпанда зейнетке шықты. Алайда бұл саладан әлі де болса, алыстай қойған жоқ. Себебі екі ұлы да әкесі секілді қызмет бабын қатардағы өрт сөндіруші болудан бастады. 

"Нағашым өрт сөндіруші болды. Қазір ол кісі де зейнетке шықты. Нағашымның жұмысына қарап, елге қызмет жасап жүргенін көріп, бір жағынан формасына да қызығып осы саланы таңдадым", - деп бастады әңгімесін зейнеттегі азаматтық қорғау полковнигі.

Осылайша Сұлтанғали Иманғалиұлы 1987 жылы Алматыда өрт-техникалық училищесінде оқуды аяқтап, туған жеріне оралған. Сол жылы Түркістан қаласында өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы болып жұмысқа орналасқан.

"Бастапқыда қарауыл бастығы болдым. Бұл қазіргі тілмен айтқанда – ауысым жетекшісі. Бір ауысымға 10-12 жігіт түседі. Бәріміз бірге өртті сөндіруге барамыз, жетекші болған адам өрт қауіпсіздігі сақталуын бақылайды. Ал жалпы сол жердегі құтқарушылармен қатар жұмыс істейді", - деп түсіндірді алғашқы жұмысын Смайылов.

Айтуынша, еңбек жолын басшылық қызметтен бастауына бұған дейін әскер қатарында борышын өтегені, сонымен қатар Алматыда білім алып келгені әсер еткен.

Одан кейінгі жылдары аға инженер, аға анықтаушы, бөлім бастығының орынбасары, бөлім бастығы, облыстық төтенше жағдай басқармасының басшысы қызметін атқарған. Зейнетке шығар алдында Түркістан облысы ТЖД бастығының орынбасары болды.

"Жарылыс болып, құлап түстім"

Смайылов сұқбат барысында қызмет жолында есінде жақсы сақталған үш төтенше жағдайды айтып берді.

"Жұмысқа орналасқаныма бірнеше жыл болған кезде Шымкентте май сақтайтын ірі зауытта өрт шықты. Бізді қосымша күш ретінде жіберген болатын. Сол кезде адам шығыны да болды. Өрт сөндіру барысында қатты жарылыс болып, сол жарылыстан құлап түстім. Саусағым шығып кетіпті", - деп еске алды ол.

Оттан қорықпайтын адам жоқ
© Photo : Смайыловтар әулетінің жеке архивінен алынды
Зейнеттегі полковник басынан кешкен үш төтенше жағдай туралы айтып берді

Тағы бір оқиға – Төрткөлдегі мақта зауытыныңдағы өрт. Айтуынша, сол кезде күн өте қатты суық болған. Оған Төрткөлдің желі қосылып, өртті ауыздықтау оңайға соқпаған. Екі минут тоқтап қалсақ, желдің күшінен өрт сөндіргіш құрылғы қатып қалатын еді, дейді ол.

Келесі төтенше жағдай – Арыс қаласындағы жарылыс. Ол кезде облыстың төтенше жағдай департаменті басшысы еңбек демалысында болып, Смайылов басшылық қызметті атқарып жүрген. Әңгіме кезінде сол жердегі оқиғаны еске алды. 

"Арыс қаласына жақындағаннан-ақ жарылыстың дауысы, снарядтың ұшқыны ұшып жатты. Бізді көрген халық көмек сұрай бастады. Үш қабатты тұрғын үйдің ішінде мүгедек адам қалып қойғанын айтқан соң қызметтік автокөлікпен барып, сол кісілерді шығарып алдық", - деді ол.

Айтуынша, өрт сөндіру көлігінің ішінде тұрған кезде құтқарушылардың жанына жарылғыш зат түскен.

Иыққа погон таққан соң...

Сұлтанғали Смайыловтың екі ұл, екі қызы бар. Қос ұлының құтқару саласында қызмет етуіне өзі бастамашы болмаса да, үлгі бола білгенімен байланыстырды.

"Полиция, прокуратураның жұмысы өте қиын. Ұлттық қауіпсіздік қызметіндегілер үйдің бетін көрмейді. "Балам, әкенің жолын қуып, адал жұмыс істесең, жетістікке жетесің" дегенімде, ұлдарым бұл сөзімді құп көрді. Себебі өздерінің ынтасы болды. Мен қанша қинасам да, бұл саланы ұнатпай тұрса, қызмет ете алмайды", - дейді ол.

Әкенің сөзін кенже ұлы да қостай кетті. Азаматтық қорғау қызметінде екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Ерғали Сұлтанғалиұлы әкесі мен ағасының формасына, еңбегіне қарап қызығушылық пайда болғанын жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстанда құтқарушылардың білім алуы үшін бар жағдай жасалғанын айтты.

"Көкшетеу техникалық институтында тегін білім алдым. Ол жерде білім алған түлектерді жұмысқа міндетті түрде орналастырады. Иыққа погон таққан соң, өсуге деген талпыныс бар", - дейді Ерғали.

Смайыловтар әулеті
© Photo : Смайыловтар әулетінің жеке архивінен алынды
"Балам, әкенің жолын қуып, адал жұмыс істесең, жетістікке жетесің"

Ал тұңғыш перзенті Серікғали Сұлтанғалиұлы 19 жасынан бас азаматтық құтқару саласында қызмет етіп келеді. Биыл осы салада жүргеніне 11 жыл болды. Оның ішінде 2009-2018 жылдары өрт сөндіруші болған. Бұл жылдары елорда мен Шымкент қаласында жұмыс істеген. Кейінгі екі жылда лейтенант шешін алған соң Түркістан облысына ауысқан. 

"Үйдің үлкен баласы болған соң әкенің жолын жалғауды өзіме жетістік санадым. Екіншіден, бала күнімен құтқарушының қызметін көріп өстім. Елдің алғысын алып, ел игілігіне қызмет еткім келді. Әкемнің тарапынан таңдауыма қысым жасау не қарсылық таныту болған емес", - дейді үлкен ұлы.

Әкем – ұстазым. Ол кісі болса, басқа ұстаздың қажеті де жоқ. Өзі қатал әрі тәртіппен жүреді, дейді Серікғали әкесі жайлы.

Әке өсиеті

Сұлтанғали Смайылов қос ұлына Қазақстанның әр азаматын қорғау – қызметтік парызы екенін үнемі айтып отырады.

Ерғали Сұлтанғалиұлы
© Photo : Смайыловтар әулетінің жеке архивінен алынды
Ерғали Сұлтанғалиұлы құтқарушылар күнінің 25 жылдығына орай Түркістан облысы ТЖД бастығының алғыс хатымен марапатталды

"Елін, халық сүйген адам әрқашан өседі. Екі ұлыма да адамды оттан, судан қорғау – қызметтік парызы екенін үнемі айтып отырамын. Ұлдарымның жұмысына байланысты өміріне қауіп төнеді деп қорықпаймын. Не болса да қызмет бабындағы жағдай деп қараймын", - дейді Смайылов.

Үлкен ұлы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Серікғали Сұлтанғалиұлы осы салада зейнетке шыққанша жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

"Оттан қорықпайтын адам жоқ, алайда қауіпсіздік шараларын сақтаса бәрі жақсы болады. Ішкі тәртіп бойынша ғана жұмыс істеу қажет. Елге қызметке әрқашан дайынбыз. Зейнетке де осы салада шыққым келеді", - дейді үлкен ұлы Серікғали.

Ал кенже ұлы құтқару қызметінде қыздардың да көп жұмыс істейтінін айтып, болашақ жарының да осы салада қызмет етуі мүмкін екенін жеткізді.

412
Кілт сөздер:
сұхбат, өрт сөндірушілер
Тақырып бойынша
"Басқа іспен айналыса алмаймын" Әке жолын қуған полицейдің әңгімесі
"Таңдауым Ерланға түсті": ерлі-зайыпты полицейлер махаббат хикаясын айтып берді
17 жыл бойы краншы болған әйел: жұмысқа таңғы 5-те тұрамын
Көп жыл Назарбаевтың ұшағын басқарған пилот Елбасы туралы айтып берді
Елордада өрт сөндірушілер коронавируспен күресуге көшеге шықты – видео
Иллюстративті фото

Brent мұнайының бағасы 40 доллардан төмендеді

0
Brent маркалы солтүстік теңіз мұнай қоспасының қаңтардағы фьючерстерінің бағасы барреліне 39,97 долларға дейін төмендеді

НҰР-СҰЛТАН, 28 қазан – Sputnik. Brent мұнайының бағасы едәуір төмендеді, оған сауда-саттық мәліметтері дәлел.

РИА Новостидің хабарлауынша, Brent маркалы мұнайдың бағасы 5 қазаннан бері алғаш рет барреліне 40 доллардан төмен түсті.  

Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 17.38-дегі жағдай бойынша Brent маркалы солтүстік теңіз мұнай қоспасының қаңтардағы фьючерстерінің бағасы 3,92 процентке – барреліне 39,97 долларға дейін, WTI мұнайының желтоқсандағы фьючерстері 4,83 процентке, барреліне 37,66 долларға дейін төмендеді.

Оқи отырыңыз: Ұлттық банк теңгенің неге әлсіреп кеткенін түсіндірді 

Еске сала кетейік, мұнай бағасының арзандауына байланысты, сәрсенбіде Қазақстанның ұлттық валютасы долларға шаққанда 430,51 теңгеге дейін әлсіреді.

Қазақстан Ұлттық банкінің монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов бұған дейін ұлттық валютаның айырбас бағамы туралы түсініктеме берген болатын.

0
Кілт сөздер:
мұнай бағасы
Тақырып бойынша
Назарбаев Абу-Дабидің тақ мұрагерімен телефон арқылы сөйлесті
Экономистер теңгенің болашағына болжам жасады
Мамин экономиканы қалпына келтіру жағынан артта қалған өңірлерді атады 
2021 жылы ЖОО оқытушыларының жалақысы қанша болады
"Инфляциядан төмен болады": депутаттар республикалық бюджеттің шикі тұстарын атады