Талғат Теменов

"Ол менің актрисам болды".Теменов Алагөзовамен дұшпан болайын деген ойы жоқтығын айтты

1587
(Жаңартылды 15:13 05.10.2018)
Театр және кино режиссері, кинодраматург, Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген экслюзив сұхбатында театр мен киноның ұлтқа берері туралы әңгіме өрбітті

АСТАНА, 3 қазан – Sputnik, Кенжекей Тоқтамұрат. Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыка театрының көркемдік жетекшісі Талғат Теменов зиялы қауымды оятатын факторлар, қазақ тойының неге бәсекеге айналғаны және білімді қазақ жастарының неге шетел асып жатқаны туралы тұшымды ойларымен бөлісті. 

- Сұхбат уақытын белгілеу үшін телефон шалғанымызда бос сөзбен емес, ұлт, ұлттық мәдениетімізге, театрымыздың бүгіні мен ертеңіне қатысты сұрақтармен келіңіздер деп қысқа қайырған едіңіз. Сіздің қабылдауыңызда менен кейін екі адам бар екен, уақыт тығыз болғандықтан, әңгіменің тұздығын дәмді ететін негізгі сауалдарды қойсам деймін. Жалпы, Талғат Досымғалиұлы, бұрын ақын-жаушылардың, шенді-шенеуніктердің жарлары үлде мен бүлдеге оранып, қымбат тасты әшекейін көрсету үшін осы театрға келетін еді. Театр бір элита жиналатын орын сияқты болатын Ал, қазір…қазір адамдар бар байлығын той-тоймалақта көрсетуден жарысып-ақ жүр. Кейбір тойлардың сиқын өзіңіз де жақсы білесіз. Жалпы, қазір театрға өзіңіз білетін шенеуніктерден, ақын-жазушы, атақты адамдардан кімдер келеді?

— Біріншіден, театрға келу мәдениеті – мәдениеттің мәдениеті дер едім. Мысалы, өз көзіммен көрген Венадағы Опера театрына үлкен кісілер кешкі сәнді көйлек, ер адамдар смокинг киіп барады. Немесе Жапониядағы Кабуки театрын алайық, жапондар үстеріне ұлттық киімі – кимоноларын киіп барады. Біздегідей театрға "джинсы" киіп келетін адам жоқ. Яғни, бұл халықтың генетикалық мәдениетін көрсетіп тұр. Ал, бізде осы тектік мәдениет 1960-90 жылдарға дейін болды да, одан кейін барлығы өзгерді. Құндылықтар өзгерді. Мәдениет емес, көшедегі "бандалар" сәнге айналды. Содан бастап бізде театр өзінің зиялы көрерменін жоғалтып алды.

Қазір Астанада Опера және балет театрына немесе орыс драма театрына баратын адамдар арасынан кешкі көйлек пен смокинг кигендерді көремін. Ал, біздің (Қаллеки театры – Sputnik Қазақстан) көрермендер арасында ондайлар жоқ. Бұның бірінші себебі – театрдың аурасы, театрдың ғимараты. Қойылым көргісі келген адам біздің ғимараттай жерге келгісі келмейді. 

Екіншіден, Астанада театрға келіп жатқан шенеуніктерді мен көп көрмеймін. Шақырмаса, келмейді. Кеше ғана біздер Астананың 20 жылдығына байланысты Әуезов атындағы театрға гастроль жасап, "Оттелло"-ны көрсеттік. Сонда бельэтаждағы көрермен отыратын орын емес, тұрып көретін орын іздеді. Және зиялы қауым өте көп болды. Бұл, біріншіден, театрдың абыройы, театрдың аурасы, атақ-даңқы, ойнаған актерлер мен режиссердің атағы, шығарманың творчестволық биіктігі. Осы компонеттер түгел болғанда, театрға адам келеді. 

Ал, енді той дейсіз, ия, соңғы 20-25 жылдан бері біздің болмысымызда, сана-сезімімізде, мәдениетімізде той жасау дәстүрі өзгерді. Шоу-бизнес той бизнес болып кетті. Осы той бизнесте кімдер тойға келеді, кім не киініп келеді, кім не алып келеді, кім кіммен сөйлеседі, кім кімнің жанына отырады — қып-қызыл бәсекеге айналды. Бұл ендігі 5-10 жылда кете қоятын дерт емес. Ол үшін сана өзгеру керек. Сана өзгеру үшін бір ұрпақ өзгеруі керек.

10-15 жылда арыла алмайтын дерт болды. Кейде бір жағынан тойлап жүргенге де шүкір дейсіз. Бірақ, асып-төгіліп жатқан ас, дастарханға қойылған тамақтың 80-85 пайызы желінбей қалады. Ысырап. Адам басына неше түрлі ой келеді, осыған қарап, кейде қайырымдылық қорын құрса, сол қор тойдан қалған тамақты мұқтаж адамдарға, тіпті, жатақханада жатқан студенттерге таратса ғой деп ойлайсыз. Өйткені, ысырапты көріп, шошынасың. Баяғыда, Хайнань қаласына барған кезде дәмхананың төбесінен бір жазу байқадым. Ұлымнан аудармасын сұрап едім, "алған асыңызды бірақ жеп қойыңыз, асты тастаудан артық күнә жоқ" деп жазылып тұр екен. Міне, осыны түсіну керек. 

- Жаңа сіз қазақ театры 90-шы жылдардан бастап, зиялы көрерменін жоғалтты дедіңіз. Одан бері қайта таба алды ма, әлде таба ала ма?

— Зиялы көрермен Алматыда Әуезов театрында, Лермонтов театрында, Астанада орыс драма театрында, Астана Опера мен Астана балетте бар. 

- Сіздерге сонда ғимарат керек болып тұр ғой?

— Ия. Елбасы театр салып береміз деп айтқан. Кейін әкімдер ауысып кетті. Енді бірнеше күнде жаңа әкімге (Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтановқа – Sputnik Қазақстан) қайта кіріп шығамын. Театрдың жаңа ғимараты – күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе болып тұр. 

- Қазір, дәл қазір емес болса да жаңа кино түсіру жоспарда бар ма? "Көшпенділер" сияқты тарихи жанр болмаса да, басқа жандрда?

— Құдайға шүкір, дайын тұрған сценарийлерім бар. Мәдениет министрлігі қаржыландырса, мен дайынмын. Менде "Томирис" тұр, менде "Зарина" тұр, менде "Қаракөз" тұр, "Такси", "Долина смерти" тұр. 

- Тағы да көрермен тақырыбына оралсақ? Жуырда жаңа маусым ашасыздар. Ал, Қаллеки театрына жастар, соның ішінде оқушылар көп келетінін жақсы білемін. Осы жастар мен оқушылар сіздердің мақсатты аудиторияларыңыз ба, мақсатты болса, жаңа маусымда оларға қандай қойылымдар дайындайсыздар? Ал, мақсатты емес десеңіз, оқушыларға билетті күштеп сата ма, қалай?

— Театрдың да, киноның да негізгі көрермені – 16-28 жас аралығындағы адамдар. Соңғы уақытта оқушы балаларды зорлап театрға апарудың керегі жоқ деген желеу шықты. Бұл – теріс түсінік. Айналайындар-ау, біз баланы 6-7 жасқа тола сала күшпен мектепке апарамыз емес пе!? Оған ұнаса да, ұнамаса да оқиды. Яғни, бұл заң, бала білім алу керек. Ал, білімнің екінші жағы – баланы бала кезден сұлулыққа, мәдениетке, өнерге баулуда жатыр. Оның бірден бір жолы – мультфильмнен басқа, интернеттегі ойындардан басқа – театрға апару. Баланы театрға апарып көрсетсең, бұл оның – тәрбиесі, бұл оның – білімі, бұл оның – мәдениеті, бұл оның – тағылымы, бұл оның – тілі. Осы тұрғыдан келген кезде, мектеп жасындағы балалардың театрға келгені дұрыс. 

Екіншіден, есті көрермендердің де келгені дұрыс. Өйткені, қоғамда зиялы қауымды қозғайтын үш-төрт фактор бар. Біріншісі – бүгінгі интернет, екіншісі – білім, үшіншісі – саяси оқиға, төртінші – өнер. Осы факторлар болмаса, зиялы қауым қалғып кетеді, ұйқыға кетеді. Қоғам өсу үшін ең алдымен зиялы қауым, ақын-жазушылар, өнер адамдары, балет әртістері, театр әртістері, суретшілер, әншілер ояу жүруі керек. Өйткені, халық зиялы қауымға еліктейді. Мысалы, бір Олжас Сүлейменов бір стадионды жинайды, бір Димаш бір стадионды жинайды, бір Қайрат Нұртас бір стадионды жинайды. Осы тұрғыда осы топтардың театрға келгені жақсы. 

- "Рухани азық" деп көп айтып жүрміз, жастар зиялы қауымға еліктейді дедіңіз жаңа. Бірақ, соңғы кезде жастар шетелге көп еліктеп жүрген сияқты. Өйткені, шетелге көшіп жатқан жастардың қарасы көп. Жастардың мұндай шешіміне қалай қарайсыз? Шынымен, жастарға жағдай қалмағаныма?

— "Арқада күн салқын болмаса, арқар ауып не бар?" дейді. Сол сияқты шетелге кетіп жатқан жастарды көргенде қарның ашады. Бұл – қоғамдық, экономикалық, әлеуметтік жағдай. Осы үш жағдай дұрыс болмаса, жастардың шетелге кетуі көбейеді. Орысша мұны "утечка мозгов" дейді. 

Қазақша айтсам, еліне ғылымын, білімін, тәрбиесін, күш-жігерін нағыз жұмсайтын шағында көп ақылды азаматтар көшіп кетіп жатыр. Қоғамның әлі зерттелмеген, диагнозы қойлымаған мәселе деп ойлаймын. Бір қыз шетелдікке күйеуге шығып кетсе, артынан шу ете қаламыз. Бүгін бір қыз тұрмақ, отбасымен, бала-шағасымен, әке-шешесімен кетіп жатыр жастар. Қазақстан жер бетіндегі аз халықтың біріміз.

Қытай – 1,5 миллиард шетелде жүргендерін қосқанда 2 миллиард адам. Біз – Бейжіңнің бір көшесіндей-ақ халықпыз. Енді оған шетелге кететіндерді қоссақ, санымыз не болмақ? Шетелге кететіндер кімдер? Талаптылар, білімділер, таланттылар, әдемі қыздар мен ақылды жігіттер және қолында кіші-гірім ақшасы барлар. Мемлекет шетелге көшемін, шетелге кетемін деген әрбір азаматпен жеке-жеке сөйлесіп, "неге кетіп барасың, не керек болғанда қалар едің, қандай мүмкіндік керек?" деп, жөн білуі тиіс деп ойлаймын.

Мұқағали Мақатаев айтпақшы, "Сен де кеттің. Мен де кеттім. Ол да кетті ауылдан. Осынымыз ұят болды-ау, ұят болды-ау бауырдан!". Бәрі кетсе Қазақстанда ата-бабаларымыдың моласынан басқа кім қалады?

Бұл дегеніміз – есік-терезесі ашық қалған үйдей, басқа шетелдің азаматтары кіре салады деген сөз. Тіпті, шекараны күзететін адам қалмай кетіп қалсақ, не боламыз? Бұл – жаһандық мәселенің бірі. Егер Үкімет, жастар ісімен айналысатын министрлік, осы процесті зерттейтін ғылыми институттар болса, біз бұл аурудың диагнозын немқұрлым ерте тапсақ, соғұрлым тез жазамыз.

Маған мәселен киелі Түркістанның орталық болғаны, яғни, мемлекеттің осындай бағыттағы жұмыстары ұнайды, бірақ, біздің таланатты жастар елден кетпей, керісінше, шетелдегі жастарымыз елге келсе, сондай жұмыстар жүргізілсе мен одан сайын қуанар едім. 

- Мемлекет ұжымдардан құралса, сол сияқты әр ұжым өзі бір мемлекет қой. Сол "мемлекетіңіздегі" жас әртістерді баспана жоқ, жалақы аз, жұмыс ауыр болса да, қандай тәсілдермен театрда "ұстап" отырсыздар?

— Дарынды, таланатты адамға не керек? Рөл керек! Басында шатыры, астында көлігі болмаса да, бұлардың рухани азығы – сахнаға шыққанда ойнаған рөлі. Актер алты-ақ секунд өмір сүреді. Спектакльді ойнап бітіп, сахнаның артынан алдына келіп, көременге игілгенге дейін алты секунд уақыт керек. Міне, сол алты секунд үшін театр әртісі қиналғанын, аш-жалаңаш жүргенін, үйінің жоқтығын, жатақхана болса болды, болмаса бір төсекте бес-алты адаммен ұйықтап жүргенін ұмытады. Яғни, творчестволық өтемақысы бар. 

- Жаңа маусым да жақындап келеді. Жаңа маусымды қандай қойылыммен бастайсыздар?

— Ия, жаңа 28-ші маусымды ашқалы отырмыз. Қазанның 10-ы күні "Абай" қойылымымен жаңа маусымның шымылдығы ашылады. Одан өзге, Тілектес Мейрамовтың (ҚР Халық әртісі, Еңбек сіңірген әртіс – Sputnik Қазақстан) 70 жылдығын Қарағандыға барып өткіземіз. Алматыда өткізіп, енді келіп отырмыз. Жалпы, мұндай шаралар актердің сыйлы екенін, елге керек екенін одан сайын сездіре түседі деп ойлаймын.

Яғни, актерлердің шығармашылық кешін, бенефисін жасау, арнайы спектакль жазу – олардың еңбегін бағалаудың бір жолы. Тілектес Мейрамовқа арнап "Қар үстіндегі көгершіннің ізі" деген спектакльді қойдық. Оның алдында Гүлжан Әспетованың мерейтойында актрисаға арнап "Зере" деген пьеса жазғыздық. Бұның барлығы актерлерді бағалап, қадірлегеніміздің белгісі. Мұндай кез келген театрда бола бермейтін дәстүр. 

- Талғат аға, тұшымды ойларыңыз үшін көп рақмет. Расымен, бос әңгіме, бос сөзге уақытыңыз жоқ екен. Бірақ, соңғы кезде сіздің де атыңызға қарата айтылып жүрген әңгімелер көбейді. Әсіресе, "Махаббат бекетіне" қатысты. Ол әңгіме өзі Сізді мүлде қызықтырмай ма?

— Мені қызықтырмайды. Мен ештеңені өз көзіммен көрген жоқпын. Баян (продюсер Баян Алагөзова – Sputnik Қазақстан) киносын түсіріп жатыр деп естідім. Бірақ, шын мәнінде ол менің повесім, ол менің сценарийім. Бұл мәселені заңгерлер сөйлесіп, өздері шешеді.

Ал, жеке өз басым Баянмен дұшпан болайын деп отырған жоқпын. Ол да менің студентім. Ол менің актрисам болды. Оны Оралдан алып келген мен. Қазақта мақал бар: "Алдыңда жүрген ағаның етегін баспа, жолын қу. Артыңнан ерген інінің бетінен қақпа, белін бу" дейді. 

- Ия, осыған дейінгі сұхбаттарыңызда 1-курс студенті Баян ханымды киноға таңдап алғаныңызды айтқансыз. Жалпы, Гүлнәздің рөліне сол кезде Баян Алагөзовадан басқа үміткер болды ма әлде таңдау Баян ханымға ғана түсті ме?

— Жоқ, бір ғана сол болды. Баян үшін сценарийді арнайы жаздым. 

- Жақсы, түсінікті. Сұхбатыңызға көп рақмет! 

1587
Кілт сөздер:
той-бизнес, шоу-бизнес, театр мәдениеті, қазақ өнері, қазақ киносы, қазақстандық режиссер, театр, Талғат Теменов
Тақырып бойынша
Француз режиссер Шымкенттен шабыт алып кітап жазғанын айтты
Меркельдің алдында өнер көрсеткен қазақстандық пианист қызды Германия елден шығармақ
Танымал продюсер: Скриптониттің жасап жүргенін өнер деп айтуға болмайды
Астананың қалыптасуына үлес қосқан өнер жұлдыздарына 1 млн теңге табысталды
Қазақстандық өнер жұлдызының күйеуі қарт адамды соққыға жықты – видео
Иранда қазақстандық режиссер не үшін ұсталғаны белгілі болды
Режиссер Талғад Жәнібековті жемқорлыққа қарсы қызмет ұстады
Сұлтанғали Смайылов ұлдарымен бірге

"Оттан қорықпайтын адам жоқ": өмірін адам құтқаруға арнаған әулетпен сұқбат

376
(Жаңартылды 16:52 19.10.2020)
19 қазан – құтқарушылар күні. Биыл азаматтық қорғау органдарының құрылғанына 25 жыл болды. Sputnik Қазақстан тілшісі құтқару қызметінде жұмыс істейтін Смайыловтар отбасымен сұқбаттасты

АЛМАТЫ, 19 қазан – Sputnik. Өрт – тілсіз жау. Төтенше жағдайды алдын ала болжап білу мүмкін емес. Ал ұшқыннан шыққан өртті ауыздықтауда ондаған, тіпті жүздеген адамның маңдай тері жатыр. Зейнеттегі азаматтық қорғау полковнигі Сұлтанғали Смайылов бұл салаға 33 жылын арнаған. Артынан ерген екі ұлы да ізін қуды.

Өрт сөндірушіден департамент басшысына дейін

Түркістан облысы Қызылқұм ауданында дүниеге келген Сұлтанғали Смайылов 2020 жылы ақпанда зейнетке шықты. Алайда бұл саладан әлі де болса, алыстай қойған жоқ. Себебі екі ұлы да әкесі секілді қызмет бабын қатардағы өрт сөндіруші болудан бастады. 

"Нағашым өрт сөндіруші болды. Қазір ол кісі де зейнетке шықты. Нағашымның жұмысына қарап, елге қызмет жасап жүргенін көріп, бір жағынан формасына да қызығып осы саланы таңдадым", - деп бастады әңгімесін зейнеттегі азаматтық қорғау полковнигі.

Осылайша Сұлтанғали Иманғалиұлы 1987 жылы Алматыда өрт-техникалық училищесінде оқуды аяқтап, туған жеріне оралған. Сол жылы Түркістан қаласында өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы болып жұмысқа орналасқан.

"Бастапқыда қарауыл бастығы болдым. Бұл қазіргі тілмен айтқанда – ауысым жетекшісі. Бір ауысымға 10-12 жігіт түседі. Бәріміз бірге өртті сөндіруге барамыз, жетекші болған адам өрт қауіпсіздігі сақталуын бақылайды. Ал жалпы сол жердегі құтқарушылармен қатар жұмыс істейді", - деп түсіндірді алғашқы жұмысын Смайылов.

Айтуынша, еңбек жолын басшылық қызметтен бастауына бұған дейін әскер қатарында борышын өтегені, сонымен қатар Алматыда білім алып келгені әсер еткен.

Одан кейінгі жылдары аға инженер, аға анықтаушы, бөлім бастығының орынбасары, бөлім бастығы, облыстық төтенше жағдай басқармасының басшысы қызметін атқарған. Зейнетке шығар алдында Түркістан облысы ТЖД бастығының орынбасары болды.

"Жарылыс болып, құлап түстім"

Смайылов сұқбат барысында қызмет жолында есінде жақсы сақталған үш төтенше жағдайды айтып берді.

"Жұмысқа орналасқаныма бірнеше жыл болған кезде Шымкентте май сақтайтын ірі зауытта өрт шықты. Бізді қосымша күш ретінде жіберген болатын. Сол кезде адам шығыны да болды. Өрт сөндіру барысында қатты жарылыс болып, сол жарылыстан құлап түстім. Саусағым шығып кетіпті", - деп еске алды ол.

Оттан қорықпайтын адам жоқ
© Photo : Смайыловтар әулетінің жеке архивінен алынды
Зейнеттегі полковник басынан кешкен үш төтенше жағдай туралы айтып берді

Тағы бір оқиға – Төрткөлдегі мақта зауытыныңдағы өрт. Айтуынша, сол кезде күн өте қатты суық болған. Оған Төрткөлдің желі қосылып, өртті ауыздықтау оңайға соқпаған. Екі минут тоқтап қалсақ, желдің күшінен өрт сөндіргіш құрылғы қатып қалатын еді, дейді ол.

Келесі төтенше жағдай – Арыс қаласындағы жарылыс. Ол кезде облыстың төтенше жағдай департаменті басшысы еңбек демалысында болып, Смайылов басшылық қызметті атқарып жүрген. Әңгіме кезінде сол жердегі оқиғаны еске алды. 

"Арыс қаласына жақындағаннан-ақ жарылыстың дауысы, снарядтың ұшқыны ұшып жатты. Бізді көрген халық көмек сұрай бастады. Үш қабатты тұрғын үйдің ішінде мүгедек адам қалып қойғанын айтқан соң қызметтік автокөлікпен барып, сол кісілерді шығарып алдық", - деді ол.

Айтуынша, өрт сөндіру көлігінің ішінде тұрған кезде құтқарушылардың жанына жарылғыш зат түскен.

Иыққа погон таққан соң...

Сұлтанғали Смайыловтың екі ұл, екі қызы бар. Қос ұлының құтқару саласында қызмет етуіне өзі бастамашы болмаса да, үлгі бола білгенімен байланыстырды.

"Полиция, прокуратураның жұмысы өте қиын. Ұлттық қауіпсіздік қызметіндегілер үйдің бетін көрмейді. "Балам, әкенің жолын қуып, адал жұмыс істесең, жетістікке жетесің" дегенімде, ұлдарым бұл сөзімді құп көрді. Себебі өздерінің ынтасы болды. Мен қанша қинасам да, бұл саланы ұнатпай тұрса, қызмет ете алмайды", - дейді ол.

Әкенің сөзін кенже ұлы да қостай кетті. Азаматтық қорғау қызметінде екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Ерғали Сұлтанғалиұлы әкесі мен ағасының формасына, еңбегіне қарап қызығушылық пайда болғанын жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстанда құтқарушылардың білім алуы үшін бар жағдай жасалғанын айтты.

"Көкшетеу техникалық институтында тегін білім алдым. Ол жерде білім алған түлектерді жұмысқа міндетті түрде орналастырады. Иыққа погон таққан соң, өсуге деген талпыныс бар", - дейді Ерғали.

Смайыловтар әулеті
© Photo : Смайыловтар әулетінің жеке архивінен алынды
"Балам, әкенің жолын қуып, адал жұмыс істесең, жетістікке жетесің"

Ал тұңғыш перзенті Серікғали Сұлтанғалиұлы 19 жасынан бас азаматтық құтқару саласында қызмет етіп келеді. Биыл осы салада жүргеніне 11 жыл болды. Оның ішінде 2009-2018 жылдары өрт сөндіруші болған. Бұл жылдары елорда мен Шымкент қаласында жұмыс істеген. Кейінгі екі жылда лейтенант шешін алған соң Түркістан облысына ауысқан. 

"Үйдің үлкен баласы болған соң әкенің жолын жалғауды өзіме жетістік санадым. Екіншіден, бала күнімен құтқарушының қызметін көріп өстім. Елдің алғысын алып, ел игілігіне қызмет еткім келді. Әкемнің тарапынан таңдауыма қысым жасау не қарсылық таныту болған емес", - дейді үлкен ұлы.

Әкем – ұстазым. Ол кісі болса, басқа ұстаздың қажеті де жоқ. Өзі қатал әрі тәртіппен жүреді, дейді Серікғали әкесі жайлы.

Әке өсиеті

Сұлтанғали Смайылов қос ұлына Қазақстанның әр азаматын қорғау – қызметтік парызы екенін үнемі айтып отырады.

Ерғали Сұлтанғалиұлы
© Photo : Смайыловтар әулетінің жеке архивінен алынды
Ерғали Сұлтанғалиұлы құтқарушылар күнінің 25 жылдығына орай Түркістан облысы ТЖД бастығының алғыс хатымен марапатталды

"Елін, халық сүйген адам әрқашан өседі. Екі ұлыма да адамды оттан, судан қорғау – қызметтік парызы екенін үнемі айтып отырамын. Ұлдарымның жұмысына байланысты өміріне қауіп төнеді деп қорықпаймын. Не болса да қызмет бабындағы жағдай деп қараймын", - дейді Смайылов.

Үлкен ұлы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Серікғали Сұлтанғалиұлы осы салада зейнетке шыққанша жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

"Оттан қорықпайтын адам жоқ, алайда қауіпсіздік шараларын сақтаса бәрі жақсы болады. Ішкі тәртіп бойынша ғана жұмыс істеу қажет. Елге қызметке әрқашан дайынбыз. Зейнетке де осы салада шыққым келеді", - дейді үлкен ұлы Серікғали.

Ал кенже ұлы құтқару қызметінде қыздардың да көп жұмыс істейтінін айтып, болашақ жарының да осы салада қызмет етуі мүмкін екенін жеткізді.

376
Кілт сөздер:
сұхбат, өрт сөндірушілер
Тақырып бойынша
"Басқа іспен айналыса алмаймын" Әке жолын қуған полицейдің әңгімесі
"Таңдауым Ерланға түсті": ерлі-зайыпты полицейлер махаббат хикаясын айтып берді
17 жыл бойы краншы болған әйел: жұмысқа таңғы 5-те тұрамын
Көп жыл Назарбаевтың ұшағын басқарған пилот Елбасы туралы айтып берді
Елордада өрт сөндірушілер коронавируспен күресуге көшеге шықты – видео
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов

Қашықтан оқыту қашан аяқталады Аймағамбетов эксклюзивті сұқбат берді

21150
(Жаңартылды 11:17 14.09.2020)
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген эксклюзивті сұқбатында көпті мазалап жүрген сауалдарға жауап берді

НҰР-СҰЛТАН, 12 қыркүйек – Sputnik, Ксения Воронина, Арман Асқар. Қазақстан коронавирустың шарықтау шегінен өтті. Дегенмен, тұмау маусымы кезінде вирустың екінші толқыны басталып кетеді деген қауіп бар. Сол себепті жаңа оқу жылын қашықтан білім беру форматында бастауға шешім қабылданды.

Мектепте кезекші сыныптар ашылса да, оған, көбінесе, бірінші сынып оқушылары барып жүр, қалғаны үйде отырып, сабақ оқиды. Сөз жоқ, ондайда ата-аналарға көп салмақ түседі. Себебі баланың жұмыс орнын жасақтау, техниканы орнату, сабақ барысы мен үй тапсырмасын қадағалау сияқты қосымша жұмыс пайда болады.

Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат берген білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қашықтан оқытудың артықшылығы мен кемшілігіне тоқталып, дәстүрлі форматқа ауысудың мерзімі туралы айтып берді.

- Асхат Қанатұлы, бүгінде қашықтан оқыту процесіне қатысты арыз-шағымдар аз емес. Әсіресе, ата-аналар тарапынан жиі сын айтылады. Көбісі балаларға көмектесеміз деп, еңбек демалысын қыркүйекке ауыстырған екен. Біреулер жұмысты мүлдем тастап кеткен. Енді, біреулер біраз ақша шығарып, балаларын білім беру орталықтарына беріп жатыр. Қашықтан оқыту шешімін қабылдағанда осы мәселелер неге ескерілмеді?

- Қашықтан білім беру шешімі эпидемиологиялық жағдайға байланысты қабылданған болатын. Біз де заңға бағынамыз, бас санитарлық дәрігердің қаулысын және жергілікті жердегі санитар дәрігерлердің шешімін орындауымыз керек. Олар карантиндік режимді реттеген, мектептерге қатысты шешімді де қабылдап отыр. Біз болсақ, осы шешімді орындап, қажетті жағдай жасап келеміз.

Ал ата-аналарды қолдау мәселесіне келетін болсақ, білім министрі ондай сұрақтарды қарамайды. Әлеуметтік қорғау және санитарлық қызмет мәселесі менің құзіретіме жатпайды.

Тағы оқыңыз: Депутат білім министріне шүйлікті: ведомство жауабы қандай

Негізі, қашықтан оқытуға қатысты арыз-шағымдар бізде ғана емес, басқа жақта да көп. Өзге елдердің бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерін қарап шықсаңыз, бәріне ортақ бір тенденцияны байқайсыз. Барлық жерде ата-аналар тарапынан сын айтылады. Себебі барлық жерде оларға қосымша салмақ түсіп жатыр. Сосын барлық жерде педагогтер балаларға көбірек білім беруге тырысады. Содан баланың онлайн сабақта отырғанын талап етеді.

Біз де халықаралық тәжірибені зерделейміз, шетелдегі әріптестерімізбен сөйлесіп тұрамыз. Әлем бойынша қашықтан оқытуға қатысты барлығына ортақ бірнеше проблеманың бар екенін көріп отырмыз. Мәселен, бізде қашықтан білім берудің сапасы төмен дейді. Өйткені интернеттің жылдамдығы баяу. Алайда жақсы интернеті бар дамыған мемлекеттердің өзінде қашықтан және дәстүрлі жолмен берілген білімнің арасында үлкен айырмашылық бар.

Негізі, біз де мектептердің ашылғанын қалаймыз және балалардың дәстүрлі форматта білім алғанын қолдаймыз. Иә, мұғалімдер үшін арнайы курстар ұйымдастырылды. Дегенмен, олардың жаңа форматта жұмыс істеу дайындығына қатысты мәселе бар.

- Биыл төртінші тоқсан төтенше жағдаймен тұспа-тұс келді. Артынан қашықтан оқыту жүйесі енгізілді. Ашығын айту керек, сол кезде оқушылар босаңсып кетті. Олардың білімін бағалау жағынан да жеңілдік жасалды. Қазір баға қою жүйесі өзгерді. Тіпті, бала онлайн-сабаққа уақытында қосылмаса, бағаны төмендету жағдайлары да бар. Мектеп формасын кию керек дейді. Сонда қашықтан білім алатын баланың білімі қалай бағаланады? Нақты бір регламент бар ма? 

- Мұғалім баға қойғанда тым қатты болмауы керек. Біз болсақ, осы жұмысты тым қатты регламентке де салып жібермеуіміз қажет. Себебі пәндер, сабақтар, жалпы педагогикалық жұмыс – бұл шығармашылық процесс. Бүгінде жалпы рекомендациялар бар. Соның бәрі мұғалімдерге арналған курстарда талқыланған болатын.

Сосын бала онлайн-сабаққа қосыла алмады, мектеп формасын кию керек дейсіз, ондай фактілер жалпыға бірдей емес екені белгілі. Үш миллион оқушының бәрі солай білім алып жатыр деп қабылдамау қажет. Онлайн-сабақтар кезіндегі эксцестер де солай.

Мен мұғалімдерді қорғап отырған жоқпын. Бірақ педагогтерге де қашықтан білім беру оңай емес екенін түсінуіміз керек. Қазір маңызды трансформация жүріп жатыр. Педагогтер, оқушылар мен ата-аналар жаңа жағдайға бейімделуде.

Бүгінде 500 мыңға жуық педагог жаңа жағдайға тап болды, проблемалар да бар. Бірақ сабақтар жалғасуда. Иә, кей кезде асыра сілтеу де бар. Мен төртінші тоқсанда анық бір нәрсені айттым, баланы экранның алдына мектеп формасында отырғызудың қажеті жоқ. Барлық бала экранның алдында отырсын деген талап жоқ. Бір жерде байланыс дұрыс істемесе, оқушыларға бейнетрансляцияны ағытуға рұқсат болсын деп кеңес бергенбіз.

Біз әріптестерімізбен осы іспетті жағдайларды күнде талқылап отырамыз, кемшін тұстарын көрсетеміз, жаңа жолдарын ұсынамыз. Мен өзім аптасына, кем дегенде үш рет білім беру бөлімдерінің басшыларын жинап, кеңес өткізіп тұрамын.

Біз стриминг қосамыз да, оған 300-ден астам адам кіре алады. Олардың ішінде жергілікті жердегі әдістемелік кабинеттер де бар. Жазда тікелей мектеп директорларымен жұмыс істедік. Бүгінде арнайы чаттар бар, сол жерге барлық шешімді жіберіп отырамыз. Мектеп директорлары бәрін біліп отырады. Осылайша, әрбір педагогке министрліктің ұстанымын жеткізуге мүмкіндік бар.

- Сіз өзіңіз қашықтан оқытудың қандай артықшылықтарын көріп отырсыз? Жаңа мүмкіндіктер бар дейді...

-   Негізі, білім беру синхронды ("онлайн" немесе "стриминг", ондайда оқу процесі тікелей эфир арқылы жүргізіледі - Sputnik) форматтан бұрын асинхронды сипатта болуы керек. Бұл – қашықтан оқыту қағидаттарының бірі.

Бала 6-7 сабақ бойы экранның алдында отыра алмайды, үнемі отыруға да міндетті емес. Ал онлайн-сабақ кезінде оқушыны "5 минутқа кетіп қалғаны" үшін жазаласа немесе бағасын төмендетсе, олай істеген дұрыс емес. Ондай жағдайлар бар шығар, бірақ көп емес сияқты.

Тағы оқыңыз: Қашықтан оқытуға 70 млн доллар бөлінгені рас па - Аймағамбетов жауап берді

Бүгінде педагогтердің басым бөлігі синхронды білім берудің тиімсіз тұстарын түсінді. Ал асинхронды формат кезінде бала қалаған уақытта сабақ оқиды. Қашықтан оқытудың артықшылығы да сол, оқушы берілген тапсырманы өзіне ыңғайлы уақытта орындай алады. Дәл осы артықшылықты тиімді пайдалану қажет. Педагогтерге арналған курстар кезінде біз осы мәселеге баса назар аудардық. Бір жерде асыра сілтеу болып жатса, оны түзейтін боламыз.

- Қашықтан оқытудың тағы бір артықшылығы бар емес пе? Ата-аналар мектеп бағдарламасын терең зерделей бастады, оқулықтарға қатысты сұрақтары да көбейді. Бұған дейін сіз оқулықтарды құрастыру тәсілдері өзгереді деп айтқансыз. Авторлар мен сарапшыларға арналған оқыту шаралары болады дедіңіз. Осы жұмыс басталды ма?

- Бұл жұмыс атқарылып жатыр. Өткен аптада мен баспалар, авторлар мен сарапшылармен кеңес өткіздім. Авторлар мен сарапшылар үшін университеттерде арнайы курстар ұйымдастырылды. Бұл жерде маңызды бір мәселені ескеру керек, мықты мамандардың барлығы бірдей дидактика мен педагогика жағынан жақсы оқулық шығара бермейді. Авторларға да көмек пен қолдау қажет. Оған қоса, мектептерде әдістеме де, оқу бағдарламалары да өзгерді. Сондықтан барлық оқулық сараптама мен апробациядан өтуі керек. Сол жерде мұғалімдер, сарапшылар мен авторлар бәрін қарайды, талқыға салады, бір шешімге келіп, өзгеріс енгізеді.

Талқылаудан кейін апробация басталады. Біз балалардың жаңа оқулықты қалай қабылдағанын зерделейміз. Мұғалімдерге қаншалықты қиын болды, осы жағын да қараймыз. Содан барып бағдарлама бекітіледі де, оның негізінде оқулық басылып шығады.

Сосын мектеп оқулықтарын шығаратын баспаларға жаңа талаптар қойылып отыр. Мәселен, оқулықтардың электронды нұсқасы тегін болуы шарт.

- Жаңа стандарт бойынша жазылған оқулықтар қашан шығады?

- Біз осы жұмысты 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу шараларымен үндестіруіміз керек. Әйтпесе, екі жұмыс болып кетеді, бюджеттен артық шығын шығады. Бала бірінші сыныпқа барған кезде жаңа оқулықтарды да алуы тиіс. 

- 2021 жылы 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу жоспарланған болатын. Қашықтан оқытудан кейін осы жоспар кейінге шегеріле ме?

- Жоқ, ол әсер етпейді. 12 жылдық білім беруге көшу жоспар бойынша атқарылып келеді.

- Коронавирус шыққанда пандемия 2023 жылға дейін жалғасады деген болжам болған. Осыған байланысты "қашықтан оқыту үш жылға созылуы мүмкін" деген негативті сценарийді қарастырып отырған жоқсыз ба?

- Жоқ, қашықтан оқыту үш жыл болмайды. Біз біртіндеп дәстүрлі білім беру формасына көшуді жоспарлап отырмыз.

- Сонда осы жоспардың мерзімі қандай? Қашықтан оқыту қашан аяқталады?

- Соңғы шешімді бас санитарлық дәрігер қабылдайды. Дәл қазір ол шешімнің қай кезде шығатынын айта алмаймын. Әзірше, қашықтан оқытуды тек бірінші тоқсанда ғана қалдыруға ұсыныс жасалды.

- Ашығын айту керек, бүгінде мектеп тапшылығы мәселесі әлі де бар. Нұр-Сұлтанның өзінде орын тапшылығы сезіледі. Карантин болмай тұрғанда кейбір сыныптарда 40 оқушы отырды. Енді, пандемиядан кейін қатаң санитарлық талаптар болады. Осындай жағдайға дәстүрлі білімге көшу шаралары қалай атқарылады?

- Енді, республика бойынша 7 мың мектептің барлығы толып тұрған жоқ. Басым бөлігі бір ауысыммен жұмыс істейді. Сосын шағын жинақты мектептер бар. Мәселен, ауыл мектептері жартылай бос тұр. Ондай мектептер жылда жабылады, себебі бала жоқ, адамдар ауылдан қалаға көшіп жатыр. Содан қаладағы мектептер балаға тез толып кетеді.

Ал оқушы көп болса, мектеп инфрақұрылымы да соған сай болуы қажет. Спорт залдары, асхана, компьютерлік техника – бәрі-бәрі бала санына сәйкес жасалауы шарт. Егер мектепте 25 балаға бір компьютер келсе, онда цифровизация туралы айтудың өзі қисынсыз.

Мәселен, қазір компютерлерді тым көп алып жатырсыңдар деп сын айтатындар аз емес. Соның бәрін не үшін алып жатырсыңдар дейді. Бүгінде осы шаралардың арқасында 5 оқушыға бір компьютер келеді. Демек, жағдай өзгерді. Солай емес пе?

Бұдан бөлек, физика, химия мен биология кабинеттерін жасақтау, мультимедиялық кабинеттер мәселесі бар. Бұның барлығы пандемияға қарамастан, шешіліп жатыр.

Әрине, коронавирус пандемиясы білім беру жүйесіне өз әсерін тигізді. Дегенмен, қазіргі жағдайды тиімді пайдалансақ, білім беру саласын модернизациядан өткізіп алуға мүмкіндік бар.

Анықтама: 2020-2021 оқу жылында 3,3 миллион оқушы білім алуға кірісті. Олардың ішінде бірінші сыныпқа барған 352 мың бала бар.

Бастауыш сынып оқушылары кезекші топтарға барып, мектепте сабақ оқи алады. Бұдан бөлек, шағын жинақты мектептің балалары дәстүрлі форматта білім алып жүр. Жалпы, ондай оқушылардың саны 800 мыңға жуық. Ал 2,6 миллион бала қашықтан сабақ оқиды.

21150
Кілт сөздер:
коронавирус, мұғалімдер, оқушылар, Білім және ғылым министрлігі, Асхат Аймағамбетов
Кресло ұстап тұрған ер адам, иллюстративті фото

Тоқаев жаңа агенттік басшысының орынбасарларын тағайындады

0
Жаңа лауазымға тағайындалған үш шенеуніктің екеуі қайта құрылымдаудан өткен ведомствода қызмет еткен

АЛМАТЫ, 21 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа агенттік басшысының орынбасарларын тағайындады, деп хабарлайды Ақорда.

"Президент өкімімен Рустам Ахметов бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. Ал Марат Омаров пен Болат Сәмбетов Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары қызметін атқаратын болады", – делінген хабарламада.

Айта кетейік, Болат Сәмбетов бұған дейін ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Алматы қаласы бойынша департамент басшысы қызметін атқарған.

Рустам Ахметов кім?

Рустам Нұрланұлы Ахметов 1978 жылы Қарағанды облысының Теміртау қаласында дүниеге келген.

1999 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін бітірген. Еңбек жолын мемлекеттік кірістер министрлігінің кінәрат-қуыным жұмысы бөлімінің жетекші маманы болып бастады.

2001 жылы Қазақстан Республикасы президент әкімшілігіндегі мемлекеттік-құқықтық бөлімнің аға референті қызметіне қабылданды.

Әр жылдары президент әкімшілігіндегі мемлекеттік-құқықтық бөлімінің кеңесшісі, заңнама және құқықтық сараптама бөлімінің бас сарапшысы, сектор меңгерушісі болып жұмыс істеген.

2011 жылы табиғи монополияларды реттеу агенттігінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалды.

2014 жылдың тамыз айы мен 2017 жылдың сәуір айы аралығында ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті төрағасының орынбасары болды.

2017 жылы ұлттық экономика министрлігінің табиғи ресурстарды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды.

2019 жылы ұлттық экономика министрлігі бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің төрағасы болды.

Марат Омаров жайлы не білеміз

Марат Талғатұлы Омаров 1988 жылы дүниеге келген. Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебін бітірген.

Еңбек жолын 2009 жылы Лондон қаласында "Digiet Limited" IT компаниясында бизнес-сарапшы болып бастаған.

2010-2012 жылдары "Digiet Limited" IT компаниясының коммерциялық директоры болды.

2012-2014 жылдары экономикалық даму және сауда, экономика және бюджеттік жоспарлау, ұлттық экономика министрінің кеңесшісі қызметін атқарды.

2014-2016 жылдары ұлттық экономика министрлігі тарифтік және институционалдық саясатты қалыптастыру департаменті директорының орынбасары болды.

2016-2017 жылдары "Қазақтелеком" АҚ басқарушы директоры болған.

2017 жылы технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік басшысы болып тағайындалды.

2019 жылы "Бәйтерек" холдингінің басқарушы директоры – басқарма мүшесі болды.

Жаңа агенттік туралы

Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында бәсекелестікті қорғау мен дамыту бойынша мықты және тәуелсіз орган қажет екенін мәлімдеді. Ол президентке тікелей есеп беретін бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігін құруды тапсырды.

Оқи отырыңыз: Тоқаев бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің құрылымын бекітті

Жаңа ведомствоны бұған дейін Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі алқа мүшесі (министрі) болып қызмет еткен Серік Жұманғарин басқарады.

0
Кілт сөздер:
Ақорда, шенеуніктер, лауазым
Тақырып бойынша
Қазақстанда екі облыс әкімінің орынбасарлары тағайындалды
Григорий Марченко жаңа қызметке тағайындалды
Қазақстанның төтенше жағдайлар вице-министрлері тағайындалды
Қазақстанның бұрынғы бас санитар дәрігері жаңа қызметке тағайындалды
Қорғаныс министрінің екі орынбасары тағайындалды