Ерлан Қасымжанұлы

Назарбаевтың дауысын айнытпай салатын актер: президенттің мінезін көрсете білдім

1822
(Жаңартылды 17:22 10.02.2019)
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың даусын айнытпай салатын актер, режиссер Ерлан Қасымжанұлы кәсібінің қыр-сырымен бөлісті

АЛМАТЫ, 29 қаңтар — Sputnik, Айгерім Таубай. 2018 жылы жарық көрген "Елбасы жолы. Астана" фильмінде Нұрсұлтан Назарбаевты "сөйлеткен", жетінші арнадан 2016 жылдан бері үзілмей көрсетіліп келе жатқан "Бастық боламын" сериалының сценарисі, продюсер әрі режиссері, аталған фильмде басты рөлді сомдаған Ерлан Қасымжанұлы тілшісіне өзінің жоспарлары мен өнер жолына қалай түскені туралы айтып берді. 

Алғашында Нұртас Адамбайдың тобында жұмыс істеген Ерлан Қасымжанұлы 3 жылдан бері продюсер, режиссер, актер әрі сценарист болып қызмет етеді. Айтуынша, өзіне шығармашылық еркіндік ұнайды. "Бастық боламын" комедиясы көрерменнің көңілінен шығып, сұранысқа ие. Сол себепті өткен 2018 жылы 3-ші бөлімі түсіріліп, көрерменге жол тартқан. 

"2018 жыл мен үшін табысты жыл болды. Жақсы жобалар жасадық. 3 жыл болды Нұртас Адамбайдың тобынан шығып, жеке жұмыс істеп жатырмын. "Бастық боламын" – актуалды жоба. Қазіргі кезде жастар жылы, жұмсақ орынға тез отырып, бір жерде бастық болғысы келеді. Барлығына бірден қол жеткізсем дейді. Кейде оның еңбекпен, талаппен, уақытпен келетінін ескермейді. Фильм осы жайында. Әр бөлімі 40 минуттан тұратын комедияның өзіндік айтары бар", – дейді Ерлан Қасымжанұлы. 

Айтуынша, актерлік құрамның өзі сатираның қазанында қайнап, өз рөлдерін үлкен жауапкершілікпен атқарып жүрген абыройлы жандар. Кейде рөлдің дәл өзіне арналғанын көріп актерлер де таң қалады. Идея туа салысымен жетінші арнамен уағдаласып қойған режиссер дәл осы актерлердің келісім беретініне сенімді болған. Жас сценарист ретінде бүгінгі қоғамды, бүгінгі адамды жастардың өз тілінде жеткізгісі келгенін айтады.

"Кей көрермен әзіл ретінде, комедия жанрындағы кезекті фильм ретінде қабылдап жатады. Астарына үңілсе, үлкен мән бар. Жылы жұмсақ орындықтың да мойнында ауыр жүк жатқанын айтқымыз келді", – дейді сценарист. 

Бүгінде келін мен ене, күйеу бала мен құдалықтың дәурені жүріп, комедияның көрермені көбейген кезең. Оны соңғы шығып жатқан фильмдердің атауынан–ақ көріп жүрміз. Соған қарап көзі қарақты көрерменнің өзі комедияны түсіру оңай деп қабылдауы мүмкін. Ал Ерлан Қасымжанұлының айтуынша, коммедияны түсіру драмадан да қиын. 

"Біріншіден, комедия өзіме жақын жанр. Көп адам комедияны жасау оңай деп ойлайды, бірақ ол драмадан да қиын. Көрерменді күлдіру, күлдіре отырып ой тастау оңай емес. Тек комедиямен шектелмей, драма түсіру де ойда бар. Кей идея қағазға түсіріліп, өз кезегін күтіп жатыр", – дейді Ерлан Қасымжанұлы. 

Бүгінде кино әлемінде, комедия жанрында жүрген актерлер секілді Ерлан Қасымжанұлы да КВН-нен бастаған. Өнерге келуге мектеп кезінде Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ–ға келіп сахнада өнер көрсеткені себепші болған.

"Ағам 2001 жылы ҚазҰТУ–ға түсіп, сол жерде бірге оқыған достарымен КВН командасын құрды. Мен сол кезде мектеп оқушысымын. Үйде Ресейдің президенті Борис Николаевич Ельциннің дауысын салатынмын. Бір күні қолыма мәтін беріп, жаттап ал деді. Бірнеше рет дайындыққа бардым. Бастауыш сыныптың оқушысы үшін үлкен университетке бару үлкен бақыт еді. Соңында сахнаға шығып, көпшіліктің алдында Ельцинге пародия жасадым. Сол сәтте бір залдың маған қол соққаны қатты әсер етті. Сол күні ағамдар жеңіске жетті. Ал маған ішкі дауысым "менің қалауым – осы" дегендей болды", – дейді ол. 

Актердің айтуынша, сахнада халықтың көңілін аулап, олар саған қол соққан кезде ерекше адреналин береді. Дегенмен болашақта білікті дәрігер болуды ойлап, ҰБТ–дан мемлекеттік грант ұтып алуға балы жетпей қалады. Осындайда айтылған болу керек "Әрбір істің қайыры бар" деп. Ағасының ұсынысмен ҚазҰПУ–нің педагогика–психология мамандығының ақылы бөліміне оқуға түседі. 

Ерлан Қасымжанұлы
© Sputnik / Тимур Батыршин
Ерлан Қасымжанұлы

"Ағам нақты дәрігер боламың десең ақылы бөлімде оқытамыз деді. Ол кезде оқу ақысы – 505 000 теңге. 2009 жылы бұл баға біздің отбасының қаржылық жағдайы үшін ауыртпашылық салатын еді. Медицинада 9 жыл оқитының тағы бар. Ағамның ұсынысымен ҚазҰПУ–нің педагогика–психология мамандығына тапсырдым. Бұл жерде әскери кафедра болды. Ұлттық қауіпсіздік қызметі болсын, педагогика, әлеуметтану саласы болсын, барлығына жол ашық екенін ойлап түстім. Бірінші семестрден соң грантқа ауыстым", – дейді Ерлан Қасымжанұлы. 

Айтуынша, 9-10-сыныптан бастап шетелдің президенттерінің дауысын салатындарды көріп, "бізде неге жоқ?" деген ой келген. Өзім оқушы болсам да, соны ойладым деп әзілдейді актер. Кенеттен Елбасының дауысын салған. Барлығы ду күліп, таң қалған көрінеді. Мектептен басталған әуестік жүре келе жеңіске апарған жолға айналыпты.

"Университетке түскен әрбір студенттің іс-шара өткізіп, тойлайтын мерекесі – тілдер күні. Сол шарада президенттің дауысын салып, көрерменнің қошеметіне бөлендім. Жастар комитетінің де көзіне түстім. Артынша факультетіміздің деканы Розалинда Шаханова шақырып алып "Балам, сен мұндайыңды қой. Үлкен кісінің, ел басқарып отырған азаматтың дауысын олай салуға болмайды. Қазір аумалы–төкпелі заман. Сенің шашың кетеді, менің басым кетеді" деді. Мен басымды изеп, келісімімді бердім", – дейді Қасымжанұлы.

 Апайымен келіскеніне қарамастан, бірінші курста КВН командасын құрып, факультетаралық ойындарда бірінші орын алдық дейді актер. Сол кездегі ойынның қазылар алқасында "Патруль" сериалындағы жігіттер мен университеттің магистратурасында оқып жүрген КВН ойыншылары отырған. Әрі қарай бірден финалға жолдама алады. 

 "Олар менің президенттің дауысын салатынымды көріп, ойыннан соң жолықты. Өздерімен бірге республикалық ойынға қатысуға, бірден финалға шығуды ұсынды. Мен деканға берген сөзімді айтып, өз келісімді берген жоқпын. Себебі мен бұл жерде әлі төрт жыл оқитын едім. Артынша мені университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректор шақырып, университеттің абыройы үшін жаса деді. Мен деканыммен арадағы келісімді айттым. Ол жағын өзіме қалдыр деген соң қуана–қуана келісімімді бердім. Елбасының дауысын салғанымда залдағы көрерменнің барлығы қол соққаны есімде", – дейді актер. 

 "Өзімді ең алдымен сценарист санаймын. Түрлі оқиғаларды ойлап табамын, персонаждарды бір–бірімен тоғыстырамын. Тіпті конфликтінің өзін әдемі жеткізу керек. Әр кейіпкердің минусы мен жақсы жағын жеткізуім керек. Екіншіден, мен продюсермін. Түсірілім алаңындағы барлық жұмысқа, сценарийге жауап беремін. Яғни киноның алғашқы әрпінен соңғы нүктесіне дейінгі жұмысты ұйымдастырамын", – дейді Ерлан.

Одан бөлек актерлермен жұмыс жүргізіп, режиссер қызметін атқарып жүрген әрі басты рөлді сомдап жүрген Ерлан Қасымжанұлы "Елбасы жолы. Астана" фильмінде Елбасыға дубляж жасады. Фильмді тамашалаған көрерменнің пікірінше, дауысты дәлме–дәл айнытпай салған. Оны біз де әңгіме барысында тексеріп көрдік. 

"Елбасы жолы. Астана" жобасында отандық режиссер Ақан Сатаевпен алғаш рет бірге жұмыс істеген. Тәжірибелі режиссердің адамдық қасиеттерінен үйренерім көп дейді. 

"Бастық боламынның" үшінші бөліміне дайындалып жатқанмын. "Елбасы жолы. Астана" фильмінің атқарушы режиссері хабарласып, мені аудиотыңдалымға кастингке шақырды. Менің дауысымның ұқсайтынына қатты таң қалды. Қыркүйекте түсірілімде болып, қазанда жұмысты бастадық. 15 күн бойы 7 сағаттан жұмыс істедік. Осы жобада Ақан Сатаевпен бірге алғаш рет жұмыс істедім. Өте жақсы маман. Қазақстанда жақсы мамандар аз. Президент өз ойын әдемі жеткізеді. Аудиторияны өзіне қарата алады. Ол кісінің интонация арқылы қай жерде үтір, қай жерде кідіріс жасайтынын мен де бір кісідей меңгердім. Дауысы, сөзі арқылы мінезін көрсету керек болды. Меніңше, сәтті шықты. Тағы бір айта кететіні, грим жасаған кісінің еңбегі зор. Оны көрермен де байқаған болар. Фильм көңілімнен шықты", – дейді ол.

"Жігітке жеті өнер де аз" десе керек, мерекелік кештер мен той жүргізетінін де айтты. Қазақстанның қалаларына барып, үнемі қозғалыста жүргенді ұнатамын дейді. 

 "24 жасымда өзімнің компаниямды аштым, 25 жасымда бірінші сериалымды шығардым. Істеймін деген адамға елімізде мүмкіндік бар. Ал егер мен диванда отырып, елімізде бәрі жаман деп жата берсем мұның бірі де болмас еді", – дейді актер. 

 Өнер, кино саласында жүрген Ерлан Қасымжанұлы алдағы уақытта басқа салада да төбе көрсетіп, жақсы жетістікке жететініне сенеді. Оның ішінде ашық әңгіме алаңы ретінде журналистикаға бет бұру да бар екен. 

 "Педагогикамен Құдай қаласа зейнет жасында айналысуым мүмкін. Сол жаста ғана жастарға тұлға ретінде қалыптасу үшін не істеу керк екенін айтып, ақыл үйрете аламын. Қай жерде жүрсем де, қай іспен айналыссам да, халқыма пайдам тимесе, зияны тимейтін адам боламын. Он жылдан кейін болсын, он бес жылдан кейін болсын басқа салада жұмыс істеуім мүмкін. Мені журналистика, оның ішінде адамдармен сұхбат жүргізу қызықтырады. Мүмкін осы салаға бет бұрармын. Ол енді уақыттың еншісінде. Ойымда түрлі жоспар бар", – дейді актер. 

 "Өзімді бақытты санаймын. Мен керемет елде өмір сүріп жатырмын. Еуропаға қарасаңыз, ол жақ та жақсы. Ол жақтың менталитеті бөлек. Біз пейілі кең, дархан халықпыз", – деп түйіндеді актер.

1822
Кілт сөздер:
"Бастық боламын", "Елбасы жолы. Астана", Ерлан Қасымжанұлы, Ақан Сатаев, Назарбаев
Тақырып бойынша
Назарбаевтың туған күні президент жайлы не дейді? Нумеролог сандарды "сөйлетті"
Майра Ілиясова: Ринат айтыста профессор болсын, ал Димашта жұмысы болмасын
Дулыға Ақмолда: Актер деген мамандықты төменге түсіріп жібердік...
Смағұл Елубай: Құдайын ұмытқан қазіргі қоғамнан қорқамын...
Мырзан Кенжебай: Абайды бүкіл ұлттың бас ақыны деу әрі күнә, әрі надандық
Шолпан Оразбаева

Шолпанның көз жасы: алты баласы бар 29 жастағы келіншек халықтан көмек сұрады

1610
(Жаңартылды 20:28 23.10.2020)
Алматылық көпбалалы ана он жыл бойы күйеуінің ұрып-соққанына қарамастан, отбасын сақтап қалуға тырысқан. Алайда сол уақыттан бері ер мен әйелдің арасында заңды неке болмаған, арадағы алты баланың біреуіне ғана әкесінің тегі берілген

АЛМАТЫ, 23 қазан – Sputnik. Бүгінде жас келіншек алты баласымен көпшіліктен көмек сұрап отыр. Алматылық 29 жастағы Шолпан Оразбаева алты баласымен бірге бір жарым жылдан бері күйеуінен қашып дағдарыс орталығы мен пәтерде бас сауғалап жүр.

Айтуынша, күйеуінен алтыншы баласына аяғы ауыр кезде кетіп қалған. Қазір Алматы қаласындағы "Жансая" дағдарыс орталығына тұрақтағанына бір жарым ай болды.

Sputnik Қазақстан тілшісі орталыққа барып, әйелдің жағдайын білді. Жас келіншектің бір жарым жастағы баласының аяғы ыстық суға күйіп қалған, содан бері екі рет жансақтау бөлімінде өмір үшін арпалысты. Көпбалалы ана мойымай, жақындарынан ақша алып, баласын аяққа тұрғызды. Дегенмен толық сауығып кетуі үшін әлі де қаражат қажет.

"Бұған дейін басқа дағдарыс орталығында тұрдым. Ол жерде бас сауғалап барған аналар кезекпен ас әзірлейді. Кішкентай балам жөргекте болған соң қиналып кеттім. Ыңғайсыз болған соң кетіп қалдым. Одан кейін пәтер жалдап тұрдым. Оны пәтер деуге де келмейді. Бұрын дүкен болған жерді айына 12 мың теңгеге берді. Ішінде тарақан мен тышқан жүретін, өте суық болды", - деп еске алды әйел.

Шолпан Оразбаева
© Sputnik / Айгерім Таубай
Шолпан Оразбаева бес баласымен бірге дағдарыс орталығында тұрып жатыр, бір қызын ата-анасының жанына жіберген. Орталықта бірнеше әйел балаларымен бірге бір бөлмеде тұрады

Шолпанның ата-анасы да Алматыда пәтер жалдап тұрады. "Күйеуі" іздеп барып, ол кісілердің де мазасын алмауы үшін пәтерге шыққан.

Бір ай бойы алып қашып кеткенін білмеген 

Шолпан Оразбаева Қарақалпақстанда дүниеге келген. Бірінші сынып оқитын кезінде ата-анасы, бауыларымен бірге Алматыға қоныс аударды. Өзі – егіздің сыңары. 

Әңгіменің төркінін осыдан 11 жыл бұрынғы оқиғадан бастасақ, Шолпанды 18 жасында өзінен бес жас үлкен жігіт алып қашып кеткен. Содан кейін бір ай бойы ата-анасына ол жайлы хабар бермеген.

"Есіктің жігіті алып қашып кетті. Басында жұмыс істеген еді. Мені алғаннан кейін жұмыс істемей қойды. Үйде бос жататын болды. Арасында бір күндік жұмысқа шығып жүрді. Тұңғышыма аяғым ауыр болған сәттен іше бастады. Достарымен қыдырып, бірнеше күнге жоқ болып кететін", - дейді Шолпан.

Айтуынша, күйеуінің әкесі де ішімдік ішеді. Үйіне мас адамдарды жинап алған күндері де болған.

"Күйеуім көзімше шөп шегіп отыратын. Иісі де жаман еді. Көзі қызарып, біртүрлі сөйлейтін. Соны шегіп алса, тиісе бастайды. Бала жылап қалса, соны ұрып-соғатын, лақтырып жіберетін. Содан екеуміз қатты ұрсып қалатынбыз. Бірақ үйден қашпайтынмын. Қоятын шығар деп сендім. Сондай сәтте ұйықтап қалса екен деп тілейтінмін", - дейді келіншек.

Шолпанның айтуынша, ұрып-соғуына көп жағдайда қызғаныш себеп болған. Әйелі ешқайда шықпауы үшін киімдерін де өртеп жіберген.

"Төртінші балам дүниеге келген кезде ата-анамның үйіне кетіп қалдым. Артымнан келіп, кешірім сұраған соң қайтып бардым. Содан кейін анам менімен бір ай сөйлеспей қойды. Үйге барған соң ұрып-соғу қайта басталды. Сол ұлым әкесінен аумай қалған, бірақ соны көп ұратын. Төсекке лақтырып, жұлқылайтын", - дейді әйел.

Айтуынша, қолындағы алты айлық сәбиді әкесі әлі көрмеген.

"Көремін деп талпынды, бірақ рұқсат бермедім. Босанып жатқанымда ауруханаға келген жоқ. Күйеуімнің әпкелерімен сөйлесіп тұрамын, солар арқылы естіді. Басқа балаларым дүниеге келгенде де ізімнен келіп, бір ыстық тамақ әкелген емес. "Ұлды болдым", "қызды болдым" деп достарымен ішімдік ішетін. Мен ауруханада аш жататынмын", - деп көзіне жас алды келіншек.

Көпбалалы ана
© Sputnik / Айгерім Таубай
Көпбалалы ананың бір жарым жасар баласының сол қолы жұмыс істемейді. Оның еміне де қомақты қаражат қажет

Көпбалалы ана осындай жағдайдан кейін сәби дүниеге әкелмеу туралы да ой болғанын жасырмады. Алайда күйеуінің қорқытып-үркіткенін де айтты.

"Осыдан тумай көрші..." деп қорқытатын. Сәбиді босанып, ауруханадан шыққаныма екі ай болса, "көтердің бе?" деп қайта аңди бастайтын. "Неге көтермей жүрсің?" деп ұрып-соғатын", - дейді әйел.

9 айлық баласы күйіп қалған

Грэсте пәтер жалдап тұрып жатқанында Шолпан бір күні күйеуін үйіне кіргізген. Ол кезде анасының ақылын тыңдаған екен. Өзгерді деп сенген. Содан күйеуі қолында бар ақшасын алып, азық-түлік әкелемін деп шығып кетеді.

"Келетін шығар деп ойладым. Қолымдағы бар ақшаны бердім. Содан кеш батты, балалардың қарны аша бастады. Барып дүкеннен роллтон алып келдім. Үйде газ да бітіп қалған еді. Көршімнен электр шайнек алып, су қойдым. Сол қайнап болған кезде балама төгіліп кетті. Сол оқиғадан кейін оны қуып жібердім", - дейді әйел.

Қазір бір жарым жастағы ұлының сол қолы жұмыс істемейді. Бір аяғының терісі жиырылып жатыр. Анасы келешекте екі аяғы екі түрлі бола ма деген қорқынышы бар екенін айтты.

"Дәрігерге әр апарғанымның құны – 35 мың теңге. Айына алты балаға 66 мың теңге алып отырмын. Балам қолын үнемі жұмып жүреді. Соған арналған арнайы аппарат бар екен. Оның бағасы бір жерде 50 мың, басқа жерде 60-70 мың деп тұр. Дәрігер баламды жүрмейді, сөйлей алмайды деп айтты. Алақан жайдым. Сөйтіп жүріп аяққа тұрғыздым, қазір жайлап сөйлейді. Қызыма да телефон алып бергім келеді, қазір онлайн сабаққа қатысып жүр", - дейді Оразбаева.

Шолпан Оразбаева
© Sputnik / Шолпан Оразбаеваның жеке архивінен алынды
Келіншек алты баласына айына 66 мың теңге жәрдемақы алады

Шолпан күйеуінің сондай қиын сәтте жанынан табылмағанын айтып, қынжылып отыр. Ол жақсы жаңалық барын естісе, іздеп келуді әдетке айналдырған. Айтуынша, күйеуі қазірге дейін хабарласады.

"Хабарласқан кезде өлтіріп кетемін деп қорқытады. Одан бұрын баласына беретін тәрбиесі жоқ. Баласына "бандит болады", "бауыздайтын болады" деп үйретіп отырады. Телефонда да боқтық сөз үйретеді", - дейді әйел.

Балаларды ұратын болған соң кеттім. Қыста көршінің үйіне де қашып баратынбыз. Іздеп жүріп, тауып алса, шашымнан сүйреп алып кететін, дейді көпбалалы ана.

Айтуынша, әйел бір рет Есік қаласының полициясына арызданған. Алайда біраз уақыт өткен соң арызын қайтып алған.

Шолпанның арманы

Шолпанның тұңғышы 10 жаста, одан кейінгі қызы тоғызда. Бір ұлы 4 жаста болса, одан кейінгі перзенті 2,5 жаста. Кіші ұлы – бір жарым жасар, кенжесі алты айлық нәресте. Алғашқы екеуі мектепте оқиды.

Мектептен кейін оқу орнында білім алмаған Шолпан Оразбаева тігінші немесе аспаз оқуын оқып алсам дейді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Asar-ume (@asarume_kz)

Жақында ғана Asarume қоры үй алуы үшін келіншектің қолына 6 миллион теңге беріпті. Енді Шолпан 5 миллионға үй алып, қалған ақшаға көлік алғысы келеді. Үйінің алдынан азық-түлік сататын дүкен ашсам деген де арманы бар.

Көпбалалы анаға Kaspi Gold арқылы көмек көрсетуге болады (4400430111238397 Шолпан Ермекбаевна)

10 жыл бойы заңды некеге тұрмаған

Он жыл бойы бір шаңырақта өмір сүргенімен Алтай мен Шолпан арасында заңды неке болмаған. Тіпті алты баланың біреуінің метіркесінде ғана әкесі екені жазылған. Қалған бес бала анасының тегін алған. 

"Балаларға алимент төлемеймін деп айтты. Төлесем де әкелік құқық берілген жалғыз балаға ғана төлеймін, оны 18 жасқа толған соң өндіріп аламын деді. Қолымдағы алты айлық қызымды "менен емес, басқадан тудың" деп айыптайды", - дейді Шолпан.

Айтуынша, біраз уақытқа дейін күйеуімен қайта қосылу туралы ойы болған. Алайда енді балалары үшін өмір сүремін деп отыр.

"Кешеге дейін балалар үшін қайта қосылсам деген ой болды. Қазір ұмыттым, қосылатын ойым жоқ. Балалар да әкесіне барғысы келмейді. Осылай жүргеніме бір жарым жыл болды. Бала керек болса, тіршілік жасап, түзелдім деп келер еді, осылайша өзіне бәрібір екенін көрсетті. Ендігі арманым – балаларымды елге жалтақтатпай өсіру", - дейді әйел.

Келіншек екінші рет тұрмыс құру туралы ойы жоқ екенін де айтты.

Дағдарыс орталығы 50 адам қабылдай алады

Бұл орталық 2017 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы деп ашылған. Орталықтың мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қабылдау, оларға көмек көрсету. Бұл жерде медициналық, педагогикалық, заңгерлік, тұрмыстық, еңбек бағыты бойынша көмек көрсетіледі. 

"Әйел орталыққа келген кезде оның психологиялық жағдайын анықтаймыз. Бізге келетін әйелдердің міндетті түрде баласы болады. Отбасы ішінде қол көтеру, ұрыс-керістің куәсі болған баланың да психологиялы бұзылған күйінде келеді. Алғашқы үш күнде анаға да, балаға да ешқандай қысым көрсетпей, тыныштық береміз. Содан кейін ғана мамандар жұмыс істей бастайды", - дейді арнайы әлеуметтік көмекті бағалайтын қызметкер Зүлфия Омарова.

Зүлфия Омарова
© Sputnik / Айгерім Таубай
"Жансая" дағдарыс орталығының әлеуметтік қызметкері Зүлфия Омарова

Бұл мемлекеттік мекеме болған соң әйелге де, балаға да бес уақыт тамақ тегін беріледі. Өзі табыс таба алатындай арнайы курстарға қатысу мүмкіндігі де қарастырылған. 

"Көп жағдайда көпбалалы аналардың өзін-өзі бағалауы өте төмен. Олар баланы дүниеге әкеліп, күйеуінің қолына қарап отырған. Экономикалық жағынан бағынышты болған. Ақша берсе алады, бермесе, сұрамайды. Сол жағынан көп көмек көрсетеміз. Әйелдер бізден кетер кезде бір істі меңгеріп шығады", - дейді маман.

"Жансая" дағдарыс орталығы 50 адамға лайықталған. Қазір бұл жерде 17 әйел, 31 бала тұрып жатыр.

Көпбалалы анаға Kaspi Gold арқылы көмек көрсетуге болады. 4400430111238397 Шолпан Ермекбаевна

1610
Кілт сөздер:
көпбалалы отбасы, бала, күйеу, келіншек
Тақырып бойынша
Көпбалалы ана жаңа оқу жылы туралы: бес балам бір телефон қолданады
Күйеуі ұрып-соғатын әйелдер өзін қалай қорғай алады - мамандар кеңес берді
Көпбалалы отбасылар қашықтан білім алудың қиындығы туралы айтты - видео
Жылап тұрып көмек сұраған қостанайлық мұғалімнің бұрынғы күйеуі видео жариялады
Өскеменде көпбалалы ана полицияға өтініш жазып, балаларын алып кетуді сұрады
Сұлтанғали Смайылов ұлдарымен бірге

"Оттан қорықпайтын адам жоқ": өмірін адам құтқаруға арнаған әулетпен сұқбат

431
(Жаңартылды 16:52 19.10.2020)
19 қазан – құтқарушылар күні. Биыл азаматтық қорғау органдарының құрылғанына 25 жыл болды. Sputnik Қазақстан тілшісі құтқару қызметінде жұмыс істейтін Смайыловтар отбасымен сұқбаттасты

АЛМАТЫ, 19 қазан – Sputnik. Өрт – тілсіз жау. Төтенше жағдайды алдын ала болжап білу мүмкін емес. Ал ұшқыннан шыққан өртті ауыздықтауда ондаған, тіпті жүздеген адамның маңдай тері жатыр. Зейнеттегі азаматтық қорғау полковнигі Сұлтанғали Смайылов бұл салаға 33 жылын арнаған. Артынан ерген екі ұлы да ізін қуды.

Өрт сөндірушіден департамент басшысына дейін

Түркістан облысы Қызылқұм ауданында дүниеге келген Сұлтанғали Смайылов 2020 жылы ақпанда зейнетке шықты. Алайда бұл саладан әлі де болса, алыстай қойған жоқ. Себебі екі ұлы да әкесі секілді қызмет бабын қатардағы өрт сөндіруші болудан бастады. 

"Нағашым өрт сөндіруші болды. Қазір ол кісі де зейнетке шықты. Нағашымның жұмысына қарап, елге қызмет жасап жүргенін көріп, бір жағынан формасына да қызығып осы саланы таңдадым", - деп бастады әңгімесін зейнеттегі азаматтық қорғау полковнигі.

Осылайша Сұлтанғали Иманғалиұлы 1987 жылы Алматыда өрт-техникалық училищесінде оқуды аяқтап, туған жеріне оралған. Сол жылы Түркістан қаласында өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы болып жұмысқа орналасқан.

"Бастапқыда қарауыл бастығы болдым. Бұл қазіргі тілмен айтқанда – ауысым жетекшісі. Бір ауысымға 10-12 жігіт түседі. Бәріміз бірге өртті сөндіруге барамыз, жетекші болған адам өрт қауіпсіздігі сақталуын бақылайды. Ал жалпы сол жердегі құтқарушылармен қатар жұмыс істейді", - деп түсіндірді алғашқы жұмысын Смайылов.

Айтуынша, еңбек жолын басшылық қызметтен бастауына бұған дейін әскер қатарында борышын өтегені, сонымен қатар Алматыда білім алып келгені әсер еткен.

Одан кейінгі жылдары аға инженер, аға анықтаушы, бөлім бастығының орынбасары, бөлім бастығы, облыстық төтенше жағдай басқармасының басшысы қызметін атқарған. Зейнетке шығар алдында Түркістан облысы ТЖД бастығының орынбасары болды.

"Жарылыс болып, құлап түстім"

Смайылов сұқбат барысында қызмет жолында есінде жақсы сақталған үш төтенше жағдайды айтып берді.

"Жұмысқа орналасқаныма бірнеше жыл болған кезде Шымкентте май сақтайтын ірі зауытта өрт шықты. Бізді қосымша күш ретінде жіберген болатын. Сол кезде адам шығыны да болды. Өрт сөндіру барысында қатты жарылыс болып, сол жарылыстан құлап түстім. Саусағым шығып кетіпті", - деп еске алды ол.

Оттан қорықпайтын адам жоқ
© Photo : Смайыловтар әулетінің жеке архивінен алынды
Зейнеттегі полковник басынан кешкен үш төтенше жағдай туралы айтып берді

Тағы бір оқиға – Төрткөлдегі мақта зауытыныңдағы өрт. Айтуынша, сол кезде күн өте қатты суық болған. Оған Төрткөлдің желі қосылып, өртті ауыздықтау оңайға соқпаған. Екі минут тоқтап қалсақ, желдің күшінен өрт сөндіргіш құрылғы қатып қалатын еді, дейді ол.

Келесі төтенше жағдай – Арыс қаласындағы жарылыс. Ол кезде облыстың төтенше жағдай департаменті басшысы еңбек демалысында болып, Смайылов басшылық қызметті атқарып жүрген. Әңгіме кезінде сол жердегі оқиғаны еске алды. 

"Арыс қаласына жақындағаннан-ақ жарылыстың дауысы, снарядтың ұшқыны ұшып жатты. Бізді көрген халық көмек сұрай бастады. Үш қабатты тұрғын үйдің ішінде мүгедек адам қалып қойғанын айтқан соң қызметтік автокөлікпен барып, сол кісілерді шығарып алдық", - деді ол.

Айтуынша, өрт сөндіру көлігінің ішінде тұрған кезде құтқарушылардың жанына жарылғыш зат түскен.

Иыққа погон таққан соң...

Сұлтанғали Смайыловтың екі ұл, екі қызы бар. Қос ұлының құтқару саласында қызмет етуіне өзі бастамашы болмаса да, үлгі бола білгенімен байланыстырды.

"Полиция, прокуратураның жұмысы өте қиын. Ұлттық қауіпсіздік қызметіндегілер үйдің бетін көрмейді. "Балам, әкенің жолын қуып, адал жұмыс істесең, жетістікке жетесің" дегенімде, ұлдарым бұл сөзімді құп көрді. Себебі өздерінің ынтасы болды. Мен қанша қинасам да, бұл саланы ұнатпай тұрса, қызмет ете алмайды", - дейді ол.

Әкенің сөзін кенже ұлы да қостай кетті. Азаматтық қорғау қызметінде екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Ерғали Сұлтанғалиұлы әкесі мен ағасының формасына, еңбегіне қарап қызығушылық пайда болғанын жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстанда құтқарушылардың білім алуы үшін бар жағдай жасалғанын айтты.

"Көкшетеу техникалық институтында тегін білім алдым. Ол жерде білім алған түлектерді жұмысқа міндетті түрде орналастырады. Иыққа погон таққан соң, өсуге деген талпыныс бар", - дейді Ерғали.

Смайыловтар әулеті
© Photo : Смайыловтар әулетінің жеке архивінен алынды
"Балам, әкенің жолын қуып, адал жұмыс істесең, жетістікке жетесің"

Ал тұңғыш перзенті Серікғали Сұлтанғалиұлы 19 жасынан бас азаматтық құтқару саласында қызмет етіп келеді. Биыл осы салада жүргеніне 11 жыл болды. Оның ішінде 2009-2018 жылдары өрт сөндіруші болған. Бұл жылдары елорда мен Шымкент қаласында жұмыс істеген. Кейінгі екі жылда лейтенант шешін алған соң Түркістан облысына ауысқан. 

"Үйдің үлкен баласы болған соң әкенің жолын жалғауды өзіме жетістік санадым. Екіншіден, бала күнімен құтқарушының қызметін көріп өстім. Елдің алғысын алып, ел игілігіне қызмет еткім келді. Әкемнің тарапынан таңдауыма қысым жасау не қарсылық таныту болған емес", - дейді үлкен ұлы.

Әкем – ұстазым. Ол кісі болса, басқа ұстаздың қажеті де жоқ. Өзі қатал әрі тәртіппен жүреді, дейді Серікғали әкесі жайлы.

Әке өсиеті

Сұлтанғали Смайылов қос ұлына Қазақстанның әр азаматын қорғау – қызметтік парызы екенін үнемі айтып отырады.

Ерғали Сұлтанғалиұлы
© Photo : Смайыловтар әулетінің жеке архивінен алынды
Ерғали Сұлтанғалиұлы құтқарушылар күнінің 25 жылдығына орай Түркістан облысы ТЖД бастығының алғыс хатымен марапатталды

"Елін, халық сүйген адам әрқашан өседі. Екі ұлыма да адамды оттан, судан қорғау – қызметтік парызы екенін үнемі айтып отырамын. Ұлдарымның жұмысына байланысты өміріне қауіп төнеді деп қорықпаймын. Не болса да қызмет бабындағы жағдай деп қараймын", - дейді Смайылов.

Үлкен ұлы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Серікғали Сұлтанғалиұлы осы салада зейнетке шыққанша жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

"Оттан қорықпайтын адам жоқ, алайда қауіпсіздік шараларын сақтаса бәрі жақсы болады. Ішкі тәртіп бойынша ғана жұмыс істеу қажет. Елге қызметке әрқашан дайынбыз. Зейнетке де осы салада шыққым келеді", - дейді үлкен ұлы Серікғали.

Ал кенже ұлы құтқару қызметінде қыздардың да көп жұмыс істейтінін айтып, болашақ жарының да осы салада қызмет етуі мүмкін екенін жеткізді.

431
Кілт сөздер:
сұхбат, өрт сөндірушілер
Тақырып бойынша
"Басқа іспен айналыса алмаймын" Әке жолын қуған полицейдің әңгімесі
"Таңдауым Ерланға түсті": ерлі-зайыпты полицейлер махаббат хикаясын айтып берді
17 жыл бойы краншы болған әйел: жұмысқа таңғы 5-те тұрамын
Көп жыл Назарбаевтың ұшағын басқарған пилот Елбасы туралы айтып берді
Елордада өрт сөндірушілер коронавируспен күресуге көшеге шықты – видео
Алматы, архивтегі фото

Алматы полициясы күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті

0
Тәртіп сақшылары мен әскери қызметкерлер көшелер мен аулаларда, саябақтарда, саяжайларда және өзге де қоғамдық орындарда рейд жүргізеді

НҰР-СҰЛТАН, 23 қараша – Sputnik. Алматы полициясы күшейтілген жұмыс тәртібіне көшірілді, деп хабарлады Polisia.kz.

Қазақстан аумағында осы жылдың 23 қарашасында басталған "Құқық тәртібі" жедел алдын алу іс-шарасы 30 қараша айына дейін жалғасады. Осыған байланысты Алматы полициясы күшейтілген жұмыс тәртібіне көшірілді. 

Қалалық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Манап Саттаровтың айтуынша, аталған іс-шараға полиция қызметкерлерімен қоса Ұлттық ұлан сарбаздары да жұмылдырылады.

"Іс-шара барысында қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін полицияның жеке құрамы күшейтілген жұмыс тәртібіне көшірілді. Қала бойынша полиция жасақтары көбейтіліп, "Құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік" қағидасы бойынша тәртіп сақшылары мен әскери қызметкерлер көшелер мен аулаларда, саябақтарда, саяжайларда және өзге де қоғамдық орындарда рейд жүргізеді", - дейді ол.

Сондай-ақ көші-қон заңдарын бұзатын келімсектерді анықтау үшін құрылыс алаңдары мен тамақтану орындары тексеріледі. Арнайы есепте тұратын адамдар мен азаматтық қару иелері де полицияның назарынан тыс қалмайды.

"Ал жедел басқарма қызметкерлері пәтер тонау, көлік ұрлығы сияқты қылмыстарды жасайтын қылмыстық топтар мен із-түзсіз жоғалған адамдарды және бұрын қылмыс жасап іздеу жарияланған адамдарды анықтауға бағытталған жұмыстарды атқарады", – деп түйіндеді Саттаров.

Алматыда 10 адамды өлтірген қылмыскерге сот үкімі шықты

Айта кетейік, кең көлемде ұйымдастырылып отырған аталған іс-шара қылмыстық ахуалды тұрақтандыруға, қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.

0
Кілт сөздер:
полиция, Алматы
Тақырып бойынша
Жалған 900 мың долларды сатпақ болған Алматы тұрғыны ұсталды
Алматылық ағайындылар қылмысы әшкере болды
Дәретханада қыздарға порно көрсеткен ер адам 10 жылға сотталды
Нұр-Сұлтанда әйелдерге шабуыл жасаған шетелдік ұсталды