Назгүл Кенжетай

Сирияда болған журналист қыз: соғыстан қажыған халықты көріп, азға қанағат етуді үйрендім

1334
(Жаңартылды 14:17 27.04.2019)
Қазақтан шыққан белгілі әскери журналист Назгүл Кенжетай Сириядағы босқындардың жағдайын көрген кезде қандай күйде болғанын айтты

НҰР-СҰЛТАН, 26 сәуір – Sputnik, Дәурен Ерболат. 23 жастағы әскери және саяси журналист Назгүл Кенжетай Сириядағы соғыстың зардабын, азға қанағат етуді қалай үйренгенін, соғыс "тәрбиелеген" балалардың дүниеге көзқарасы қандай болатынын Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.

Биік мақсат жетістікке жетелейді

2013 жылы Назгүл Қызылорда қаласындағы №10 орта мектепті бітіріп, Түркияның Анталия қаласындағы Aқдениз университетінің журналистика мамандығына оқуға түседі. Журналист неге шетелде білім алуға аттанғанын түсіндірді.

Тағы оқыңыз: Сталиннен қаймықпаған қазақ қызы туралы шындықтың беті ашылды

"Маған қиындықтармен күресу, оны жеңу ұнайды. Сондай-ақ шетелде тіл үйреніп, дүниетанымымды кеңейткім келді. Мектеп қабырғасында 5-6 жыл ағылшын тілін үзбей оқыдым. Сөйтіп, Түркиядағы беделді жоғары оқу орнының грантын жеңіп алдым. Түрікше бір жыл дайындық курсын оқыдым. Кейін 4 жыл 60% түрік тілінде, 40% ағылшын тілінде білім алдым", - дейді ол.

Әскери журналистикаға қалай келді

Университет қабырғасында оқытушылар қазақ қызының әскери тілшілікке бейімін байқап, сол салаға қарай бағыттайды. Жас журналистің айтуынша, ол өз мамандығын шын ниетімін беріліп оқыпты.

"Оқытушыларым "сіз журналистиканың осы саласына барсаңыз, қабілетіңізді одан әрі ұштауға мүмкіндік бар, ойланыңыз" деді. Әскери журналистикада осыған дейін бірнеше жобам болды. Ашығын айтқанда, бұл салаға қалай келгенімді өзім де байқамай қалдым. Түрлі емтихандардан сүрінбей өттім. Бұл таңдауыма еш өкінбеймін", - дейді Назгүл Кенжетай.

Табысқа жетудің сыры

Кейін ол түрлі әскери қақтығыс ошақтарында болып, журналистік зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Қиындықтырға қарамастан сенімді ақпарат таратуға бар күшін салады. Нәтижесінде жас журналист журналистік зерттеу жұмыстары үшін 2 мәрте TRT нұсқауымен "Project of the year" (Жыл жобасы) болып жарияланады. Сонымен қатар Назгүл беделді Bloomberg, Financial Times агенттіктерінде де жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Ол түрік, қазақ, ағылшын, орыс тілдерін жетік біледі. Ал мақалаларын түрік және ағылшын тілдерінде жазады.

Тағы оқыңыз: Самал Еслямова "Айка" фильміне түскен кездегі қиындықтар туралы айтты

"23 жасыңда осындай жетістіктерге қалай жеттің" деген сұрақтар маған жиі қойылады. Мұның барлығы еңбектің арқасы. Студенттік шақтан жұмыс істей бастадым. Аз ұйықтап, біраз тер төгуге тура келді. Онсыз нәтижеге жету мүмкін емес", - дейді қазақ қызы.

Назгүл Кенжетайдың айтуынша, әскери журналист қандай жағдай болмасын эмоцияға берілмей, сабыр сақтауы қажет.

Сириядағы соғыс

Әңгіме барысында журналист Түркия мен Сирияның шектескен аумақтарында журналистік зерттеу жұмыстарын жүргізгенін атап өтті.

Соғыс тәрбиелеген балалар
© Photo : Назгүл Кенжетай
Сириядағы соғыстан қашқан босқындар

"Мен Сирияда ұзақ болған жоқпын. Түркия мен Сирияның шектескен аумақтарында журналистік зерттеуімді жүргіздім. Босқындардың өмірін зерттедім. Сондай-ақ мұндағы әскери тараптардың қару-жарақты қай жақтан алып жатқанын, кіммен не үшін соғысып жатқаны туралы мәлімет жинадым. 2016 жылы Түркияның террор аймағы болып саналған Рейхан қалашығында әрі еуропалық журналистермен бірге Сирияның ең ірі қаласы Алеппода зерттеу жұмысын жүргіздім. Ақпарат жинап, жергілікті халықты фотоға түсірдім", - деді Назгүл Кенжетай.

Соғыс тәрбиелеген балалар
© Photo : Назгүл Кенжетай
Назгүл Кенжетай: фотоаппарат қолымдағы қару сияқты

Оның пікірінше, суретке түсіру ақпарат таратудың маңызды бір бөлігі.

"Фотоаппарат қолымдағы бір қару сияқты. Өйткені жазғандарымды көбісі оқымауы мүмкін. Сондықтан болған жайтты фотоға түсіріп, оқырманның жүрегіне жеткізуді мақсат тұттым. Босқындардың тұрмысы өте нашар екенін көзіммен көрдім. Олар "тірі өліктер" сияқты. Ешқандай құжаты жоқ, еш жерде тіркелмеген", - дейді әскери тілші.

Әскери қақтығыстан қажыған халық

Сонымен қатар ол соғыста тәрбиеленген балаларды, өмірден түңілген адамдары көріп, азға қанағат етуді үйренгенін айтты.

Соғыс тәрбиелеген балалар
© Photo : Назгүл Кенжетай
Соғыс тәрбиелеген балалар

"Қиындыққа душар болған жандарды көрген кезде азға қанағат етуді үйренесің. Олардың ешнәрселері жоқ. Көздеріндегі қайғы-мұңды көресің. Неге? Өйткені, олардың болашақтары бұлыңғыр. Сонымен қатар кішкентай балалардың ересектер сияқты сөйлесуіне куә болдым. Олар аспанда ұшып бара жатқан әскери ұшақтардың қай елдікі екенін, тіпті нөміріне дейін СУ-25, EF 16 деп біліп отырады. Бұл – соғыстың тәрбиелеген балалары. Мұны көрген кезде жүрегің ауырады", - дейді ол.

Сонымен қатар Назгүл Кенжетай босқындар лагерінен соғыстан қашқан жұртты көріп, елдегі тұрақтылық пен бейбітшіліктің қадірін түсінгенін айтты.

Соғыс тәрбиелеген балалар
© Photo : Назгүл Кенжетай
Босқындар лагері

"Босқындар лагерінен ерлі-зайыпты отбасыны кездестірдім: күйеуі инженер, әйелі адвокат. Екеуі де таптырмайтын мамандық иесі, ағылшын тілін жақсы біледі. Оларға "неге Еуропаға көшіп кетпейсіз" деп сұрақ қойдым. "Мықты инженер, профессор болсам да, ол жақта мен босқын, қашқын болып қала беремін" деді. Осы әңгімеден кейін отаным, паспортым, туым бар екеніне шүкіршілік еттім", - дейді әскери тілші.

Алға қойған мақсаты

Сұқбат барысында жас журналист болашаққа алдын ала жоспар құрып қоятынын айтты.

"5 жылда осындай жұмыстарды жүргізуім керек деп алдыма мақсат қоямын. Бұл жұмыстар міндетті түрде істелуі қажет. Мысалы, бір аптаға жоспар құрамын. Кейін оны орындау үшін жанталасамын. Егер жоспар орындалмаса, өзімді жайсыз сезінемін", - дейді Назгүл Кенжетай.

Тағы оқыңыз: Голливудта танылған қазақ режиссері Диас Азимжанның ашық әңгімесі

Сонымен қатар ол болашақта тәуелсіз ақпарат агенттігін ашуды жоспарлап жүргенін жеткізді.

"Бүгінде Ыстанбұл университетінің магистратурасында оқып жатырмын. Жоспарда АҚШ-та доктарантура оқу да бар. Ең басты мақсатым – халықаралық деңгейдегі Қазақстанның медиа агенттігін ашу. Қазақстандықтардың әлемге деген өзіндік көзқарасы болғанын қалаймын. Әлемде болып жатқан оқиғаларға Қазақстанның өзіндік көзқарасы болуы керек", - дейді қазақ журналисі.

Сөз соңында ол Ливанға барғалы жатқанын, ондағы Қазақстанның бітімгершілік әскері туралы арнайы материал жасайтынын атап өтті.

1334
Кілт сөздер:
журналист, босқындар, соғыс, Сирия
Шолпан Оразбаева

Шолпанның көз жасы: алты баласы бар 29 жастағы келіншек халықтан көмек сұрады

1647
(Жаңартылды 20:28 23.10.2020)
Алматылық көпбалалы ана он жыл бойы күйеуінің ұрып-соққанына қарамастан, отбасын сақтап қалуға тырысқан. Алайда сол уақыттан бері ер мен әйелдің арасында заңды неке болмаған, арадағы алты баланың біреуіне ғана әкесінің тегі берілген

АЛМАТЫ, 23 қазан – Sputnik. Бүгінде жас келіншек алты баласымен көпшіліктен көмек сұрап отыр. Алматылық 29 жастағы Шолпан Оразбаева алты баласымен бірге бір жарым жылдан бері күйеуінен қашып дағдарыс орталығы мен пәтерде бас сауғалап жүр.

Айтуынша, күйеуінен алтыншы баласына аяғы ауыр кезде кетіп қалған. Қазір Алматы қаласындағы "Жансая" дағдарыс орталығына тұрақтағанына бір жарым ай болды.

Sputnik Қазақстан тілшісі орталыққа барып, әйелдің жағдайын білді. Жас келіншектің бір жарым жастағы баласының аяғы ыстық суға күйіп қалған, содан бері екі рет жансақтау бөлімінде өмір үшін арпалысты. Көпбалалы ана мойымай, жақындарынан ақша алып, баласын аяққа тұрғызды. Дегенмен толық сауығып кетуі үшін әлі де қаражат қажет.

"Бұған дейін басқа дағдарыс орталығында тұрдым. Ол жерде бас сауғалап барған аналар кезекпен ас әзірлейді. Кішкентай балам жөргекте болған соң қиналып кеттім. Ыңғайсыз болған соң кетіп қалдым. Одан кейін пәтер жалдап тұрдым. Оны пәтер деуге де келмейді. Бұрын дүкен болған жерді айына 12 мың теңгеге берді. Ішінде тарақан мен тышқан жүретін, өте суық болды", - деп еске алды әйел.

Шолпан Оразбаева
© Sputnik / Айгерім Таубай
Шолпан Оразбаева бес баласымен бірге дағдарыс орталығында тұрып жатыр, бір қызын ата-анасының жанына жіберген. Орталықта бірнеше әйел балаларымен бірге бір бөлмеде тұрады

Шолпанның ата-анасы да Алматыда пәтер жалдап тұрады. "Күйеуі" іздеп барып, ол кісілердің де мазасын алмауы үшін пәтерге шыққан.

Бір ай бойы алып қашып кеткенін білмеген 

Шолпан Оразбаева Қарақалпақстанда дүниеге келген. Бірінші сынып оқитын кезінде ата-анасы, бауыларымен бірге Алматыға қоныс аударды. Өзі – егіздің сыңары. 

Әңгіменің төркінін осыдан 11 жыл бұрынғы оқиғадан бастасақ, Шолпанды 18 жасында өзінен бес жас үлкен жігіт алып қашып кеткен. Содан кейін бір ай бойы ата-анасына ол жайлы хабар бермеген.

"Есіктің жігіті алып қашып кетті. Басында жұмыс істеген еді. Мені алғаннан кейін жұмыс істемей қойды. Үйде бос жататын болды. Арасында бір күндік жұмысқа шығып жүрді. Тұңғышыма аяғым ауыр болған сәттен іше бастады. Достарымен қыдырып, бірнеше күнге жоқ болып кететін", - дейді Шолпан.

Айтуынша, күйеуінің әкесі де ішімдік ішеді. Үйіне мас адамдарды жинап алған күндері де болған.

"Күйеуім көзімше шөп шегіп отыратын. Иісі де жаман еді. Көзі қызарып, біртүрлі сөйлейтін. Соны шегіп алса, тиісе бастайды. Бала жылап қалса, соны ұрып-соғатын, лақтырып жіберетін. Содан екеуміз қатты ұрсып қалатынбыз. Бірақ үйден қашпайтынмын. Қоятын шығар деп сендім. Сондай сәтте ұйықтап қалса екен деп тілейтінмін", - дейді келіншек.

Шолпанның айтуынша, ұрып-соғуына көп жағдайда қызғаныш себеп болған. Әйелі ешқайда шықпауы үшін киімдерін де өртеп жіберген.

"Төртінші балам дүниеге келген кезде ата-анамның үйіне кетіп қалдым. Артымнан келіп, кешірім сұраған соң қайтып бардым. Содан кейін анам менімен бір ай сөйлеспей қойды. Үйге барған соң ұрып-соғу қайта басталды. Сол ұлым әкесінен аумай қалған, бірақ соны көп ұратын. Төсекке лақтырып, жұлқылайтын", - дейді әйел.

Айтуынша, қолындағы алты айлық сәбиді әкесі әлі көрмеген.

"Көремін деп талпынды, бірақ рұқсат бермедім. Босанып жатқанымда ауруханаға келген жоқ. Күйеуімнің әпкелерімен сөйлесіп тұрамын, солар арқылы естіді. Басқа балаларым дүниеге келгенде де ізімнен келіп, бір ыстық тамақ әкелген емес. "Ұлды болдым", "қызды болдым" деп достарымен ішімдік ішетін. Мен ауруханада аш жататынмын", - деп көзіне жас алды келіншек.

Көпбалалы ана
© Sputnik / Айгерім Таубай
Көпбалалы ананың бір жарым жасар баласының сол қолы жұмыс істемейді. Оның еміне де қомақты қаражат қажет

Көпбалалы ана осындай жағдайдан кейін сәби дүниеге әкелмеу туралы да ой болғанын жасырмады. Алайда күйеуінің қорқытып-үркіткенін де айтты.

"Осыдан тумай көрші..." деп қорқытатын. Сәбиді босанып, ауруханадан шыққаныма екі ай болса, "көтердің бе?" деп қайта аңди бастайтын. "Неге көтермей жүрсің?" деп ұрып-соғатын", - дейді әйел.

9 айлық баласы күйіп қалған

Грэсте пәтер жалдап тұрып жатқанында Шолпан бір күні күйеуін үйіне кіргізген. Ол кезде анасының ақылын тыңдаған екен. Өзгерді деп сенген. Содан күйеуі қолында бар ақшасын алып, азық-түлік әкелемін деп шығып кетеді.

"Келетін шығар деп ойладым. Қолымдағы бар ақшаны бердім. Содан кеш батты, балалардың қарны аша бастады. Барып дүкеннен роллтон алып келдім. Үйде газ да бітіп қалған еді. Көршімнен электр шайнек алып, су қойдым. Сол қайнап болған кезде балама төгіліп кетті. Сол оқиғадан кейін оны қуып жібердім", - дейді әйел.

Қазір бір жарым жастағы ұлының сол қолы жұмыс істемейді. Бір аяғының терісі жиырылып жатыр. Анасы келешекте екі аяғы екі түрлі бола ма деген қорқынышы бар екенін айтты.

"Дәрігерге әр апарғанымның құны – 35 мың теңге. Айына алты балаға 66 мың теңге алып отырмын. Балам қолын үнемі жұмып жүреді. Соған арналған арнайы аппарат бар екен. Оның бағасы бір жерде 50 мың, басқа жерде 60-70 мың деп тұр. Дәрігер баламды жүрмейді, сөйлей алмайды деп айтты. Алақан жайдым. Сөйтіп жүріп аяққа тұрғыздым, қазір жайлап сөйлейді. Қызыма да телефон алып бергім келеді, қазір онлайн сабаққа қатысып жүр", - дейді Оразбаева.

Шолпан Оразбаева
© Sputnik / Шолпан Оразбаеваның жеке архивінен алынды
Келіншек алты баласына айына 66 мың теңге жәрдемақы алады

Шолпан күйеуінің сондай қиын сәтте жанынан табылмағанын айтып, қынжылып отыр. Ол жақсы жаңалық барын естісе, іздеп келуді әдетке айналдырған. Айтуынша, күйеуі қазірге дейін хабарласады.

"Хабарласқан кезде өлтіріп кетемін деп қорқытады. Одан бұрын баласына беретін тәрбиесі жоқ. Баласына "бандит болады", "бауыздайтын болады" деп үйретіп отырады. Телефонда да боқтық сөз үйретеді", - дейді әйел.

Балаларды ұратын болған соң кеттім. Қыста көршінің үйіне де қашып баратынбыз. Іздеп жүріп, тауып алса, шашымнан сүйреп алып кететін, дейді көпбалалы ана.

Айтуынша, әйел бір рет Есік қаласының полициясына арызданған. Алайда біраз уақыт өткен соң арызын қайтып алған.

Шолпанның арманы

Шолпанның тұңғышы 10 жаста, одан кейінгі қызы тоғызда. Бір ұлы 4 жаста болса, одан кейінгі перзенті 2,5 жаста. Кіші ұлы – бір жарым жасар, кенжесі алты айлық нәресте. Алғашқы екеуі мектепте оқиды.

Мектептен кейін оқу орнында білім алмаған Шолпан Оразбаева тігінші немесе аспаз оқуын оқып алсам дейді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Asar-ume (@asarume_kz)

Жақында ғана Asarume қоры үй алуы үшін келіншектің қолына 6 миллион теңге беріпті. Енді Шолпан 5 миллионға үй алып, қалған ақшаға көлік алғысы келеді. Үйінің алдынан азық-түлік сататын дүкен ашсам деген де арманы бар.

Көпбалалы анаға Kaspi Gold арқылы көмек көрсетуге болады (4400430111238397 Шолпан Ермекбаевна)

10 жыл бойы заңды некеге тұрмаған

Он жыл бойы бір шаңырақта өмір сүргенімен Алтай мен Шолпан арасында заңды неке болмаған. Тіпті алты баланың біреуінің метіркесінде ғана әкесі екені жазылған. Қалған бес бала анасының тегін алған. 

"Балаларға алимент төлемеймін деп айтты. Төлесем де әкелік құқық берілген жалғыз балаға ғана төлеймін, оны 18 жасқа толған соң өндіріп аламын деді. Қолымдағы алты айлық қызымды "менен емес, басқадан тудың" деп айыптайды", - дейді Шолпан.

Айтуынша, біраз уақытқа дейін күйеуімен қайта қосылу туралы ойы болған. Алайда енді балалары үшін өмір сүремін деп отыр.

"Кешеге дейін балалар үшін қайта қосылсам деген ой болды. Қазір ұмыттым, қосылатын ойым жоқ. Балалар да әкесіне барғысы келмейді. Осылай жүргеніме бір жарым жыл болды. Бала керек болса, тіршілік жасап, түзелдім деп келер еді, осылайша өзіне бәрібір екенін көрсетті. Ендігі арманым – балаларымды елге жалтақтатпай өсіру", - дейді әйел.

Келіншек екінші рет тұрмыс құру туралы ойы жоқ екенін де айтты.

Дағдарыс орталығы 50 адам қабылдай алады

Бұл орталық 2017 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы деп ашылған. Орталықтың мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қабылдау, оларға көмек көрсету. Бұл жерде медициналық, педагогикалық, заңгерлік, тұрмыстық, еңбек бағыты бойынша көмек көрсетіледі. 

"Әйел орталыққа келген кезде оның психологиялық жағдайын анықтаймыз. Бізге келетін әйелдердің міндетті түрде баласы болады. Отбасы ішінде қол көтеру, ұрыс-керістің куәсі болған баланың да психологиялы бұзылған күйінде келеді. Алғашқы үш күнде анаға да, балаға да ешқандай қысым көрсетпей, тыныштық береміз. Содан кейін ғана мамандар жұмыс істей бастайды", - дейді арнайы әлеуметтік көмекті бағалайтын қызметкер Зүлфия Омарова.

Зүлфия Омарова
© Sputnik / Айгерім Таубай
"Жансая" дағдарыс орталығының әлеуметтік қызметкері Зүлфия Омарова

Бұл мемлекеттік мекеме болған соң әйелге де, балаға да бес уақыт тамақ тегін беріледі. Өзі табыс таба алатындай арнайы курстарға қатысу мүмкіндігі де қарастырылған. 

"Көп жағдайда көпбалалы аналардың өзін-өзі бағалауы өте төмен. Олар баланы дүниеге әкеліп, күйеуінің қолына қарап отырған. Экономикалық жағынан бағынышты болған. Ақша берсе алады, бермесе, сұрамайды. Сол жағынан көп көмек көрсетеміз. Әйелдер бізден кетер кезде бір істі меңгеріп шығады", - дейді маман.

"Жансая" дағдарыс орталығы 50 адамға лайықталған. Қазір бұл жерде 17 әйел, 31 бала тұрып жатыр.

Көпбалалы анаға Kaspi Gold арқылы көмек көрсетуге болады. 4400430111238397 Шолпан Ермекбаевна

1647
Кілт сөздер:
көпбалалы отбасы, бала, күйеу, келіншек
Тақырып бойынша
Көпбалалы ана жаңа оқу жылы туралы: бес балам бір телефон қолданады
Күйеуі ұрып-соғатын әйелдер өзін қалай қорғай алады - мамандар кеңес берді
Көпбалалы отбасылар қашықтан білім алудың қиындығы туралы айтты - видео
Жылап тұрып көмек сұраған қостанайлық мұғалімнің бұрынғы күйеуі видео жариялады
Өскеменде көпбалалы ана полицияға өтініш жазып, балаларын алып кетуді сұрады
Сұлтанғали Смайылов ұлдарымен бірге

"Оттан қорықпайтын адам жоқ": өмірін адам құтқаруға арнаған әулетпен сұқбат

436
(Жаңартылды 16:52 19.10.2020)
19 қазан – құтқарушылар күні. Биыл азаматтық қорғау органдарының құрылғанына 25 жыл болды. Sputnik Қазақстан тілшісі құтқару қызметінде жұмыс істейтін Смайыловтар отбасымен сұқбаттасты

АЛМАТЫ, 19 қазан – Sputnik. Өрт – тілсіз жау. Төтенше жағдайды алдын ала болжап білу мүмкін емес. Ал ұшқыннан шыққан өртті ауыздықтауда ондаған, тіпті жүздеген адамның маңдай тері жатыр. Зейнеттегі азаматтық қорғау полковнигі Сұлтанғали Смайылов бұл салаға 33 жылын арнаған. Артынан ерген екі ұлы да ізін қуды.

Өрт сөндірушіден департамент басшысына дейін

Түркістан облысы Қызылқұм ауданында дүниеге келген Сұлтанғали Смайылов 2020 жылы ақпанда зейнетке шықты. Алайда бұл саладан әлі де болса, алыстай қойған жоқ. Себебі екі ұлы да әкесі секілді қызмет бабын қатардағы өрт сөндіруші болудан бастады. 

"Нағашым өрт сөндіруші болды. Қазір ол кісі де зейнетке шықты. Нағашымның жұмысына қарап, елге қызмет жасап жүргенін көріп, бір жағынан формасына да қызығып осы саланы таңдадым", - деп бастады әңгімесін зейнеттегі азаматтық қорғау полковнигі.

Осылайша Сұлтанғали Иманғалиұлы 1987 жылы Алматыда өрт-техникалық училищесінде оқуды аяқтап, туған жеріне оралған. Сол жылы Түркістан қаласында өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы болып жұмысқа орналасқан.

"Бастапқыда қарауыл бастығы болдым. Бұл қазіргі тілмен айтқанда – ауысым жетекшісі. Бір ауысымға 10-12 жігіт түседі. Бәріміз бірге өртті сөндіруге барамыз, жетекші болған адам өрт қауіпсіздігі сақталуын бақылайды. Ал жалпы сол жердегі құтқарушылармен қатар жұмыс істейді", - деп түсіндірді алғашқы жұмысын Смайылов.

Айтуынша, еңбек жолын басшылық қызметтен бастауына бұған дейін әскер қатарында борышын өтегені, сонымен қатар Алматыда білім алып келгені әсер еткен.

Одан кейінгі жылдары аға инженер, аға анықтаушы, бөлім бастығының орынбасары, бөлім бастығы, облыстық төтенше жағдай басқармасының басшысы қызметін атқарған. Зейнетке шығар алдында Түркістан облысы ТЖД бастығының орынбасары болды.

"Жарылыс болып, құлап түстім"

Смайылов сұқбат барысында қызмет жолында есінде жақсы сақталған үш төтенше жағдайды айтып берді.

"Жұмысқа орналасқаныма бірнеше жыл болған кезде Шымкентте май сақтайтын ірі зауытта өрт шықты. Бізді қосымша күш ретінде жіберген болатын. Сол кезде адам шығыны да болды. Өрт сөндіру барысында қатты жарылыс болып, сол жарылыстан құлап түстім. Саусағым шығып кетіпті", - деп еске алды ол.

Оттан қорықпайтын адам жоқ
© Photo : Смайыловтар әулетінің жеке архивінен алынды
Зейнеттегі полковник басынан кешкен үш төтенше жағдай туралы айтып берді

Тағы бір оқиға – Төрткөлдегі мақта зауытыныңдағы өрт. Айтуынша, сол кезде күн өте қатты суық болған. Оған Төрткөлдің желі қосылып, өртті ауыздықтау оңайға соқпаған. Екі минут тоқтап қалсақ, желдің күшінен өрт сөндіргіш құрылғы қатып қалатын еді, дейді ол.

Келесі төтенше жағдай – Арыс қаласындағы жарылыс. Ол кезде облыстың төтенше жағдай департаменті басшысы еңбек демалысында болып, Смайылов басшылық қызметті атқарып жүрген. Әңгіме кезінде сол жердегі оқиғаны еске алды. 

"Арыс қаласына жақындағаннан-ақ жарылыстың дауысы, снарядтың ұшқыны ұшып жатты. Бізді көрген халық көмек сұрай бастады. Үш қабатты тұрғын үйдің ішінде мүгедек адам қалып қойғанын айтқан соң қызметтік автокөлікпен барып, сол кісілерді шығарып алдық", - деді ол.

Айтуынша, өрт сөндіру көлігінің ішінде тұрған кезде құтқарушылардың жанына жарылғыш зат түскен.

Иыққа погон таққан соң...

Сұлтанғали Смайыловтың екі ұл, екі қызы бар. Қос ұлының құтқару саласында қызмет етуіне өзі бастамашы болмаса да, үлгі бола білгенімен байланыстырды.

"Полиция, прокуратураның жұмысы өте қиын. Ұлттық қауіпсіздік қызметіндегілер үйдің бетін көрмейді. "Балам, әкенің жолын қуып, адал жұмыс істесең, жетістікке жетесің" дегенімде, ұлдарым бұл сөзімді құп көрді. Себебі өздерінің ынтасы болды. Мен қанша қинасам да, бұл саланы ұнатпай тұрса, қызмет ете алмайды", - дейді ол.

Әкенің сөзін кенже ұлы да қостай кетті. Азаматтық қорғау қызметінде екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Ерғали Сұлтанғалиұлы әкесі мен ағасының формасына, еңбегіне қарап қызығушылық пайда болғанын жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстанда құтқарушылардың білім алуы үшін бар жағдай жасалғанын айтты.

"Көкшетеу техникалық институтында тегін білім алдым. Ол жерде білім алған түлектерді жұмысқа міндетті түрде орналастырады. Иыққа погон таққан соң, өсуге деген талпыныс бар", - дейді Ерғали.

Смайыловтар әулеті
© Photo : Смайыловтар әулетінің жеке архивінен алынды
"Балам, әкенің жолын қуып, адал жұмыс істесең, жетістікке жетесің"

Ал тұңғыш перзенті Серікғали Сұлтанғалиұлы 19 жасынан бас азаматтық құтқару саласында қызмет етіп келеді. Биыл осы салада жүргеніне 11 жыл болды. Оның ішінде 2009-2018 жылдары өрт сөндіруші болған. Бұл жылдары елорда мен Шымкент қаласында жұмыс істеген. Кейінгі екі жылда лейтенант шешін алған соң Түркістан облысына ауысқан. 

"Үйдің үлкен баласы болған соң әкенің жолын жалғауды өзіме жетістік санадым. Екіншіден, бала күнімен құтқарушының қызметін көріп өстім. Елдің алғысын алып, ел игілігіне қызмет еткім келді. Әкемнің тарапынан таңдауыма қысым жасау не қарсылық таныту болған емес", - дейді үлкен ұлы.

Әкем – ұстазым. Ол кісі болса, басқа ұстаздың қажеті де жоқ. Өзі қатал әрі тәртіппен жүреді, дейді Серікғали әкесі жайлы.

Әке өсиеті

Сұлтанғали Смайылов қос ұлына Қазақстанның әр азаматын қорғау – қызметтік парызы екенін үнемі айтып отырады.

Ерғали Сұлтанғалиұлы
© Photo : Смайыловтар әулетінің жеке архивінен алынды
Ерғали Сұлтанғалиұлы құтқарушылар күнінің 25 жылдығына орай Түркістан облысы ТЖД бастығының алғыс хатымен марапатталды

"Елін, халық сүйген адам әрқашан өседі. Екі ұлыма да адамды оттан, судан қорғау – қызметтік парызы екенін үнемі айтып отырамын. Ұлдарымның жұмысына байланысты өміріне қауіп төнеді деп қорықпаймын. Не болса да қызмет бабындағы жағдай деп қараймын", - дейді Смайылов.

Үлкен ұлы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Серікғали Сұлтанғалиұлы осы салада зейнетке шыққанша жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

"Оттан қорықпайтын адам жоқ, алайда қауіпсіздік шараларын сақтаса бәрі жақсы болады. Ішкі тәртіп бойынша ғана жұмыс істеу қажет. Елге қызметке әрқашан дайынбыз. Зейнетке де осы салада шыққым келеді", - дейді үлкен ұлы Серікғали.

Ал кенже ұлы құтқару қызметінде қыздардың да көп жұмыс істейтінін айтып, болашақ жарының да осы салада қызмет етуі мүмкін екенін жеткізді.

436
Кілт сөздер:
сұхбат, өрт сөндірушілер
Тақырып бойынша
"Басқа іспен айналыса алмаймын" Әке жолын қуған полицейдің әңгімесі
"Таңдауым Ерланға түсті": ерлі-зайыпты полицейлер махаббат хикаясын айтып берді
17 жыл бойы краншы болған әйел: жұмысқа таңғы 5-те тұрамын
Көп жыл Назарбаевтың ұшағын басқарған пилот Елбасы туралы айтып берді
Елордада өрт сөндірушілер коронавируспен күресуге көшеге шықты – видео
 Қазақстан мен Ресейдің тулары

Көкшетауда өтетін өңіраралық ынтымақтастық форумына Тоқаев пен Путин қатысады

0
Қазақстан-Ресей форумын осы жылдың жылдың қараша айында өткізу жоспарланған болатын, коронавирус пандемиясына байланысты кейінге қалдырылды

НҰР-СҰЛТАН, 4 желтоқсан – Sputnik. Кейінге қалдырылған Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы келесі жылы өтеді, деп хабарлады экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.

Оқи отырыңыз: Тоқаев пен Путин қатысатын жиын кейінге шегерілді 

Жұма күні Мәскеуде Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Ресей Федерациясының табиғи ресурстар және экология министрі Александр Козловпен кездесті. 

"Кездесу аясында 2021 жылы Көкшетау қаласында мемлекет басшыларының қатысуымен өтеді деп жоспарланған Қазақстан мен Ресейдің XVII өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындық мәселелері де талқыланды", - делінген хабарламада. 

Форум 2021 жылдың қараша айында өтуі керек болатын, коронавирус пандемиясына байланысты кейінге қалдырылды.

Көкшетаудағы өңіраралық ынтымақтастық форумы

Қазақстан мен Ресейдің ХVII өңіраралық ынтымақтастық форумына экология және "жасыл" өсу тақырыбы арқау болады.

Алғашқы өңіраралық форум 2003 жылы Омбыда өтті, оған Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей басшысы Владимир Путин қатысты. Содан бері Қазақстан мен Ресей басшыларының шекаралас облыстардың бірінде кездесуі дәстүрге айналды. Алайда бұл жолы форум Ресей Федерациясымен шектеспейтін облыста ұйымдастырылып отыр.   

0
Тақырып бойынша
Тоқаев пен Путин Көкшетауда кездеседі
Путин Тоқаевқа ерекше құрмет көрсетті – видео
Путин мен Тоқаев Омбыда форум өткізіп, сыйлық алмасты – видео
Нұрсұлтан Назарбаев батыл ұсыныс жасады