Арман Шораев

"Намыстанамын": Арман Шораев қазақ күресінің жағдайына қатысты ойын айтты

1817
(Жаңартылды 15:44 07.06.2019)
Арман Шораев қазақтың ұлттық күресін дамыту үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты

НҰР-СҰЛТАН, 7 маусым – Sputnik, Дәурен Ерболат. "Қазақстан барысы" қазақ күресін дамыту қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы қазақ күресін Олимпиада бағдарламасына енгізу үшін не істеу қажеттігін әрі қазақ күресі атауын не себепті өзгерту керектігін Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.

"Қазақстан барысы"

Алдымен Арман Шораев 8 маусымда өтетін "Қазақстан барысына" қалай дайындалып жатқанын, бір жарысты ұйымдастыруға қанша қаржы жұмсалатынын жеткізді.

"Құдайға шүкір, дайындығымыз жақсы. Осымен жарысты тоғызыншы рет ұйымдастырып отырмыз. Жинаған тәжірибеміз де бар. Соңғы дайындық жұмыстарын пысықтап жатырмыз. Осы жылы "Қазақстан барысын" әдеттегідей, жоғары деңгейде өткіземіз деген үміттемін. Бір жарысты ұйымдастыруға қанша қаржы жұмсалатынын айта алмаймын. Себебі, біз шығындарды есептеген жоқпыз. Кейбір кездері мен намыстанамын. Мысалы, облыстағы ең нашар деген футбол клубының бюджеті шамамен 1 миллиард теңге. Ал біздің бюджетіміз осыдан 10-15 есе төмен", - дейді қазақ күресі федерациясының президенті.

Балуандардың жағдайы жақсарды

Сұқбат барысында ол "Қазақстан барысына" қатысқан балуандардың материалдық жағдайы жақсарып, қоғамның дамуына қызмет етіп жүргенін атап өтті.

"Қазақстан барысы" спортшылардың жағдайын жақсартуға септігін тигізді. Девальвацияға дейін біз бірінші орын алған балуанға 150 мың доллар беріп жүрдік. Қазіргі таңда бұл соманың мөлшері азайды. Бірақ 25 миллион теңгенің өзі қомақты ақша. Оған астана мен Алматыдан үй сатып алуға болады. "Қазақстан барысын" әлеуметтік "лифт" деп айтуға болады деп ойлаймын. Бейбіт Ыстыбаев, Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұрсынов, Ержан Шынкеев, Руслан Әбдіразақов сынды балуандарды халық таниды. Бейбіт Ыстыбаев үлкен спорттан кетті. Қазір ол – Жамбыл облысындағы спорт мектебінің директоры.

Ал Айбек Нұғымаров – Семейдегі көлік колледжінің директоры. Бұл балуан биыл да Шығыс Қазақстан облысы атынан жарысқа қатысқалы отыр", - деді Арман Шораев.

"Шала ұйымдастырылады..."

Сондай-ақ, федерация президенті елімізде қазақ күресімен шұғылданатын жастардың саны артып келе жатқанын қуанышпен жеткізді. Алайда кейбір өңірлерде "Қазақстан барысы" балуандарын іріктеу жарысы өте төмен деңгейде ұйымдастырылатынын атап өтті. Шораев Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовке неге "сәлем" жолдағанын түсіндірді.

Тағы оқыңыз: Арман Шораев облыс әкіміне "сәлем" жолдады

"Қазақ күресі федерациясының әр облыста өзінің филиалы бар. Қостанайдағы азаматтардан "жарыс өте төмен деңгейде ұйымдастырылды" деген мәлімет келді. Сондықтан мен бұл өңірдегі облыс әкімінің назарын осы мәселеге аударту үшін осылай айттым. Мұнда әкімнің кінәсі жоқ. Олар шамасы жеткенше қолдап жүр. Өкінішке қарай, кейбір облыстардағы спорт басшылары қазақ күресіне тиісті деңгейде көңіл бөлмейді. Бұл мәселе олардың жұмысты шала жүргізуінен туындап отыр", - дейді ол.

Қазақ күресін Олимпиадаға енгізу үшін не істеу керек

Сондай-ақ, Арман Шораев ұлттық спортты Олимпиада бағдарламасына енгізу үшін тиісті жұмыстардың жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша,
"Халық барысы" мен "Қазақстан барысы" қазақ күресін кеңінен насихаттауға септігін тигізген. Ал "Әлем барысы" мен "Еуразия барысы" бұл спорт түрін халықаралық деңгейге шығару үшін қажет болған. Бірақ федерация президенті мұндай жұмыс мемлекеттік деңгейде жүргізілуі қажет деген пікірде.

Арман Шораев
© Sputnik / Владислав Воднев
"Қазақстан барысы" қазақ күресін дамыту қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Арман Шораев

"Бұл үшін көп еңбектену керек. Мысалы, Жапония 30 жыл бойы еңбектеніп, дзюдо күресін Олимпиада бағдарламасына кіргізді. Дамыған және кедей мемлекеттерде де дзюдо федерациясы бар. Сондықтан Жапонияның тәжірибесін қолдану керек. Олар дзюдо күресін дамыту бойынша арнайы мемлекеттік бағдарлама әзірледі. Жапония әр мемлекетке жылына 200 мың доллар бөліп отырды. Бұл мәселені шешу Арман Шораев пен Қанат Бозымбаевтың қолында емес. Осыдан екі жыл бұрын қазақ күресі федерациясын құрдық. Қазіргі таңда 29 мемлекетте қазақ күресі федерациясы бар. Ал спорт түрі Олимпиадаға ену үшін оның кемінде 65 мемлекетте федерациясы болуы керек. Сондықтан мемлекеттік бағдарлама қажет", - дейді ол.

Оның айтуынша, қазақ күресін Олимпиадаға енгізу үшін қыздар арасында бәсекелестікті арттыру қажет.

Қазақ күресінің атауын өзгерту керек

Әңгіме барысында Арман Шораев ұлттық спорт халықаралық деңгейде көтірілсе, қазақ күресінің атауын өзгерту мәселесі туындайтынын жеткізді. Бірақ бұл уақыт еншісінде.

"Егер біз қазақ күресін халықаралық дәрежеге шығаратын болсақ, оның атауын өзгертуге мәжбүр боламыз. "Қазақ" деген сөзін алып тастауымыз мүмкін. Ол қазақты менсінбегеннен емес. Қытайлықтардың "мысықтың түсі қандай болғаны маңызды емес, бастысы тышқан аулауы керек" деген сөзі бар. Сондықтан оның атауы өзгергенмен, заты қазақтікі болып қала береді. Сондықтан біз "Халық барысы" жарысында белдесу күресін жаңғыртып жатырмыз. "Белдесу" ағылшынша, орысша, французша айтуға өте оңай. Жалпы қазақ күресінің атауын өзгерту болашақтың еншісінде", - деді федерация президенті.

Допинг мәселесі

Оның айтуынша, "Қазақстан барысына" қатысатын әрбір балуан допинг сынамасын тапсырады. Сынама нәтижесі оң болғанда ғана олар өзіне тиісті қаражатты алады.

Финал Қазақстан барысы
ИА "Новости-Казахстан", Болат Шайхинов
"Қазақстан барысын" тамашалап отырған жанкүйерлер

"Осыдан 2 апта бұрын "Қазақстан барысына" іріктеуден өткен балуандар Алматыда медициналық зерттеуден өтті. Олар да допинг-тест тапсыруға міндеттеледі. Мысалы, "Қазақстан барысының" өтуіне 2-3 күн қалды. Егер WADA балуанның қанынан допинг тапса, ол ойыннан шеттетіледі. Сонымен қатар "Қазақстан барысы" жеңімпазы мен жүлделі орынға ие болған балуандардан ойыннан кейін допинг сынамасын аламыз. Оның қорытындысы шықпай, тиесілі қаражатты бермейміз", - деді Арман Шораев.

Сөз соңында қазақ күресі федерациясының президенті 2017 жылы "Қазақстан барысы" атанған Еламан Ерғалиевтің допингпен ұсталуына қатысты пікірін білдірді.

Тағы оқыңыз: Қазақстан барысы - 2019: жеңімпаз балуан қанша теңге ұтады?

"Еламан Ерғалиев "Қазақстан барысы" атағынан айырылмайды. Себебі, жарыста жеңімпаз атанғаннан кейін оның қанынан допинг табылған жоқ. Ол 1,5 жылдан кейін ғана допингпен ұсталып отыр. Бізде федерациялар арасында меморандум бар. Бір спорт түрінен балуан допингпен ұсталса, оны басқа спорт түрлері қолдайды. Еламанның допинг сынамасы дзюдодан болды.

Бірақ соған қарамастан біз қазақ күрес федерациясы да оның жарысқа қатысуына шектеу қоямыз. Ол 2 жыл дзюда жарыстарына қатыса алмайтын болса, бізде сонша уақытқа жарысқа қатыстырмаймыз", - деп түйіндеді сөзін ол.

1817
Кілт сөздер:
қазақ күресі
Тақырып бойынша
"Қазақстан барысы" ұйымдастырушылары алдағы турнирге қатысты жоспарларымен бөлісті
Қазақстан құрамасы "Еуразия барысы" турнирінің бас жүлдесін жеңіп алды
12 жастағы қазақ қызы джиу-джитсудан екі дүркін әлем чемпионы атанды
Үш дүркін "Қазақстан барысы" атанған балуан биыл жарысқа қатыспайды
"Бар күшімді саламын" Айбек Нұғымаров басшылық қызметке тағайындалды
Сұлтанғали Смайылов ұлдарымен бірге

"Оттан қорықпайтын адам жоқ": өмірін адам құтқаруға арнаған әулетпен сұқбат

309
(Жаңартылды 16:52 19.10.2020)
19 қазан – құтқарушылар күні. Биыл азаматтық қорғау органдарының құрылғанына 25 жыл болды. Sputnik Қазақстан тілшісі құтқару қызметінде жұмыс істейтін Смайыловтар отбасымен сұқбаттасты

АЛМАТЫ, 19 қазан – Sputnik. Өрт – тілсіз жау. Төтенше жағдайды алдын ала болжап білу мүмкін емес. Ал ұшқыннан шыққан өртті ауыздықтауда ондаған, тіпті жүздеген адамның маңдай тері жатыр. Зейнеттегі азаматтық қорғау полковнигі Сұлтанғали Смайылов бұл салаға 33 жылын арнаған. Артынан ерген екі ұлы да ізін қуды.

Өрт сөндірушіден департамент басшысына дейін

Түркістан облысы Қызылқұм ауданында дүниеге келген Сұлтанғали Смайылов 2020 жылы ақпанда зейнетке шықты. Алайда бұл саладан әлі де болса, алыстай қойған жоқ. Себебі екі ұлы да әкесі секілді қызмет бабын қатардағы өрт сөндіруші болудан бастады. 

"Нағашым өрт сөндіруші болды. Қазір ол кісі де зейнетке шықты. Нағашымның жұмысына қарап, елге қызмет жасап жүргенін көріп, бір жағынан формасына да қызығып осы саланы таңдадым", - деп бастады әңгімесін зейнеттегі азаматтық қорғау полковнигі.

Осылайша Сұлтанғали Иманғалиұлы 1987 жылы Алматыда өрт-техникалық училищесінде оқуды аяқтап, туған жеріне оралған. Сол жылы Түркістан қаласында өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы болып жұмысқа орналасқан.

"Бастапқыда қарауыл бастығы болдым. Бұл қазіргі тілмен айтқанда – ауысым жетекшісі. Бір ауысымға 10-12 жігіт түседі. Бәріміз бірге өртті сөндіруге барамыз, жетекші болған адам өрт қауіпсіздігі сақталуын бақылайды. Ал жалпы сол жердегі құтқарушылармен қатар жұмыс істейді", - деп түсіндірді алғашқы жұмысын Смайылов.

Айтуынша, еңбек жолын басшылық қызметтен бастауына бұған дейін әскер қатарында борышын өтегені, сонымен қатар Алматыда білім алып келгені әсер еткен.

Одан кейінгі жылдары аға инженер, аға анықтаушы, бөлім бастығының орынбасары, бөлім бастығы, облыстық төтенше жағдай басқармасының басшысы қызметін атқарған. Зейнетке шығар алдында Түркістан облысы ТЖД бастығының орынбасары болды.

"Жарылыс болып, құлап түстім"

Смайылов сұқбат барысында қызмет жолында есінде жақсы сақталған үш төтенше жағдайды айтып берді.

"Жұмысқа орналасқаныма бірнеше жыл болған кезде Шымкентте май сақтайтын ірі зауытта өрт шықты. Бізді қосымша күш ретінде жіберген болатын. Сол кезде адам шығыны да болды. Өрт сөндіру барысында қатты жарылыс болып, сол жарылыстан құлап түстім. Саусағым шығып кетіпті", - деп еске алды ол.

Оттан қорықпайтын адам жоқ
© Photo : Смайыловтар әулетінің жеке архивінен алынды
Зейнеттегі полковник басынан кешкен үш төтенше жағдай туралы айтып берді

Тағы бір оқиға – Төрткөлдегі мақта зауытыныңдағы өрт. Айтуынша, сол кезде күн өте қатты суық болған. Оған Төрткөлдің желі қосылып, өртті ауыздықтау оңайға соқпаған. Екі минут тоқтап қалсақ, желдің күшінен өрт сөндіргіш құрылғы қатып қалатын еді, дейді ол.

Келесі төтенше жағдай – Арыс қаласындағы жарылыс. Ол кезде облыстың төтенше жағдай департаменті басшысы еңбек демалысында болып, Смайылов басшылық қызметті атқарып жүрген. Әңгіме кезінде сол жердегі оқиғаны еске алды. 

"Арыс қаласына жақындағаннан-ақ жарылыстың дауысы, снарядтың ұшқыны ұшып жатты. Бізді көрген халық көмек сұрай бастады. Үш қабатты тұрғын үйдің ішінде мүгедек адам қалып қойғанын айтқан соң қызметтік автокөлікпен барып, сол кісілерді шығарып алдық", - деді ол.

Айтуынша, өрт сөндіру көлігінің ішінде тұрған кезде құтқарушылардың жанына жарылғыш зат түскен.

Иыққа погон таққан соң...

Сұлтанғали Смайыловтың екі ұл, екі қызы бар. Қос ұлының құтқару саласында қызмет етуіне өзі бастамашы болмаса да, үлгі бола білгенімен байланыстырды.

"Полиция, прокуратураның жұмысы өте қиын. Ұлттық қауіпсіздік қызметіндегілер үйдің бетін көрмейді. "Балам, әкенің жолын қуып, адал жұмыс істесең, жетістікке жетесің" дегенімде, ұлдарым бұл сөзімді құп көрді. Себебі өздерінің ынтасы болды. Мен қанша қинасам да, бұл саланы ұнатпай тұрса, қызмет ете алмайды", - дейді ол.

Әкенің сөзін кенже ұлы да қостай кетті. Азаматтық қорғау қызметінде екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Ерғали Сұлтанғалиұлы әкесі мен ағасының формасына, еңбегіне қарап қызығушылық пайда болғанын жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстанда құтқарушылардың білім алуы үшін бар жағдай жасалғанын айтты.

"Көкшетеу техникалық институтында тегін білім алдым. Ол жерде білім алған түлектерді жұмысқа міндетті түрде орналастырады. Иыққа погон таққан соң, өсуге деген талпыныс бар", - дейді Ерғали.

Смайыловтар әулеті
© Photo : Смайыловтар әулетінің жеке архивінен алынды
"Балам, әкенің жолын қуып, адал жұмыс істесең, жетістікке жетесің"

Ал тұңғыш перзенті Серікғали Сұлтанғалиұлы 19 жасынан бас азаматтық құтқару саласында қызмет етіп келеді. Биыл осы салада жүргеніне 11 жыл болды. Оның ішінде 2009-2018 жылдары өрт сөндіруші болған. Бұл жылдары елорда мен Шымкент қаласында жұмыс істеген. Кейінгі екі жылда лейтенант шешін алған соң Түркістан облысына ауысқан. 

"Үйдің үлкен баласы болған соң әкенің жолын жалғауды өзіме жетістік санадым. Екіншіден, бала күнімен құтқарушының қызметін көріп өстім. Елдің алғысын алып, ел игілігіне қызмет еткім келді. Әкемнің тарапынан таңдауыма қысым жасау не қарсылық таныту болған емес", - дейді үлкен ұлы.

Әкем – ұстазым. Ол кісі болса, басқа ұстаздың қажеті де жоқ. Өзі қатал әрі тәртіппен жүреді, дейді Серікғали әкесі жайлы.

Әке өсиеті

Сұлтанғали Смайылов қос ұлына Қазақстанның әр азаматын қорғау – қызметтік парызы екенін үнемі айтып отырады.

Ерғали Сұлтанғалиұлы
© Photo : Смайыловтар әулетінің жеке архивінен алынды
Ерғали Сұлтанғалиұлы құтқарушылар күнінің 25 жылдығына орай Түркістан облысы ТЖД бастығының алғыс хатымен марапатталды

"Елін, халық сүйген адам әрқашан өседі. Екі ұлыма да адамды оттан, судан қорғау – қызметтік парызы екенін үнемі айтып отырамын. Ұлдарымның жұмысына байланысты өміріне қауіп төнеді деп қорықпаймын. Не болса да қызмет бабындағы жағдай деп қараймын", - дейді Смайылов.

Үлкен ұлы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Серікғали Сұлтанғалиұлы осы салада зейнетке шыққанша жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

"Оттан қорықпайтын адам жоқ, алайда қауіпсіздік шараларын сақтаса бәрі жақсы болады. Ішкі тәртіп бойынша ғана жұмыс істеу қажет. Елге қызметке әрқашан дайынбыз. Зейнетке де осы салада шыққым келеді", - дейді үлкен ұлы Серікғали.

Ал кенже ұлы құтқару қызметінде қыздардың да көп жұмыс істейтінін айтып, болашақ жарының да осы салада қызмет етуі мүмкін екенін жеткізді.

309
Кілт сөздер:
сұхбат, өрт сөндірушілер
Тақырып бойынша
"Басқа іспен айналыса алмаймын" Әке жолын қуған полицейдің әңгімесі
"Таңдауым Ерланға түсті": ерлі-зайыпты полицейлер махаббат хикаясын айтып берді
17 жыл бойы краншы болған әйел: жұмысқа таңғы 5-те тұрамын
Көп жыл Назарбаевтың ұшағын басқарған пилот Елбасы туралы айтып берді
Елордада өрт сөндірушілер коронавируспен күресуге көшеге шықты – видео
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов

Қашықтан оқыту қашан аяқталады Аймағамбетов эксклюзивті сұқбат берді

21023
(Жаңартылды 11:17 14.09.2020)
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген эксклюзивті сұқбатында көпті мазалап жүрген сауалдарға жауап берді

НҰР-СҰЛТАН, 12 қыркүйек – Sputnik, Ксения Воронина, Арман Асқар. Қазақстан коронавирустың шарықтау шегінен өтті. Дегенмен, тұмау маусымы кезінде вирустың екінші толқыны басталып кетеді деген қауіп бар. Сол себепті жаңа оқу жылын қашықтан білім беру форматында бастауға шешім қабылданды.

Мектепте кезекші сыныптар ашылса да, оған, көбінесе, бірінші сынып оқушылары барып жүр, қалғаны үйде отырып, сабақ оқиды. Сөз жоқ, ондайда ата-аналарға көп салмақ түседі. Себебі баланың жұмыс орнын жасақтау, техниканы орнату, сабақ барысы мен үй тапсырмасын қадағалау сияқты қосымша жұмыс пайда болады.

Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат берген білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қашықтан оқытудың артықшылығы мен кемшілігіне тоқталып, дәстүрлі форматқа ауысудың мерзімі туралы айтып берді.

- Асхат Қанатұлы, бүгінде қашықтан оқыту процесіне қатысты арыз-шағымдар аз емес. Әсіресе, ата-аналар тарапынан жиі сын айтылады. Көбісі балаларға көмектесеміз деп, еңбек демалысын қыркүйекке ауыстырған екен. Біреулер жұмысты мүлдем тастап кеткен. Енді, біреулер біраз ақша шығарып, балаларын білім беру орталықтарына беріп жатыр. Қашықтан оқыту шешімін қабылдағанда осы мәселелер неге ескерілмеді?

- Қашықтан білім беру шешімі эпидемиологиялық жағдайға байланысты қабылданған болатын. Біз де заңға бағынамыз, бас санитарлық дәрігердің қаулысын және жергілікті жердегі санитар дәрігерлердің шешімін орындауымыз керек. Олар карантиндік режимді реттеген, мектептерге қатысты шешімді де қабылдап отыр. Біз болсақ, осы шешімді орындап, қажетті жағдай жасап келеміз.

Ал ата-аналарды қолдау мәселесіне келетін болсақ, білім министрі ондай сұрақтарды қарамайды. Әлеуметтік қорғау және санитарлық қызмет мәселесі менің құзіретіме жатпайды.

Тағы оқыңыз: Депутат білім министріне шүйлікті: ведомство жауабы қандай

Негізі, қашықтан оқытуға қатысты арыз-шағымдар бізде ғана емес, басқа жақта да көп. Өзге елдердің бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерін қарап шықсаңыз, бәріне ортақ бір тенденцияны байқайсыз. Барлық жерде ата-аналар тарапынан сын айтылады. Себебі барлық жерде оларға қосымша салмақ түсіп жатыр. Сосын барлық жерде педагогтер балаларға көбірек білім беруге тырысады. Содан баланың онлайн сабақта отырғанын талап етеді.

Біз де халықаралық тәжірибені зерделейміз, шетелдегі әріптестерімізбен сөйлесіп тұрамыз. Әлем бойынша қашықтан оқытуға қатысты барлығына ортақ бірнеше проблеманың бар екенін көріп отырмыз. Мәселен, бізде қашықтан білім берудің сапасы төмен дейді. Өйткені интернеттің жылдамдығы баяу. Алайда жақсы интернеті бар дамыған мемлекеттердің өзінде қашықтан және дәстүрлі жолмен берілген білімнің арасында үлкен айырмашылық бар.

Негізі, біз де мектептердің ашылғанын қалаймыз және балалардың дәстүрлі форматта білім алғанын қолдаймыз. Иә, мұғалімдер үшін арнайы курстар ұйымдастырылды. Дегенмен, олардың жаңа форматта жұмыс істеу дайындығына қатысты мәселе бар.

- Биыл төртінші тоқсан төтенше жағдаймен тұспа-тұс келді. Артынан қашықтан оқыту жүйесі енгізілді. Ашығын айту керек, сол кезде оқушылар босаңсып кетті. Олардың білімін бағалау жағынан да жеңілдік жасалды. Қазір баға қою жүйесі өзгерді. Тіпті, бала онлайн-сабаққа уақытында қосылмаса, бағаны төмендету жағдайлары да бар. Мектеп формасын кию керек дейді. Сонда қашықтан білім алатын баланың білімі қалай бағаланады? Нақты бір регламент бар ма? 

- Мұғалім баға қойғанда тым қатты болмауы керек. Біз болсақ, осы жұмысты тым қатты регламентке де салып жібермеуіміз қажет. Себебі пәндер, сабақтар, жалпы педагогикалық жұмыс – бұл шығармашылық процесс. Бүгінде жалпы рекомендациялар бар. Соның бәрі мұғалімдерге арналған курстарда талқыланған болатын.

Сосын бала онлайн-сабаққа қосыла алмады, мектеп формасын кию керек дейсіз, ондай фактілер жалпыға бірдей емес екені белгілі. Үш миллион оқушының бәрі солай білім алып жатыр деп қабылдамау қажет. Онлайн-сабақтар кезіндегі эксцестер де солай.

Мен мұғалімдерді қорғап отырған жоқпын. Бірақ педагогтерге де қашықтан білім беру оңай емес екенін түсінуіміз керек. Қазір маңызды трансформация жүріп жатыр. Педагогтер, оқушылар мен ата-аналар жаңа жағдайға бейімделуде.

Бүгінде 500 мыңға жуық педагог жаңа жағдайға тап болды, проблемалар да бар. Бірақ сабақтар жалғасуда. Иә, кей кезде асыра сілтеу де бар. Мен төртінші тоқсанда анық бір нәрсені айттым, баланы экранның алдына мектеп формасында отырғызудың қажеті жоқ. Барлық бала экранның алдында отырсын деген талап жоқ. Бір жерде байланыс дұрыс істемесе, оқушыларға бейнетрансляцияны ағытуға рұқсат болсын деп кеңес бергенбіз.

Біз әріптестерімізбен осы іспетті жағдайларды күнде талқылап отырамыз, кемшін тұстарын көрсетеміз, жаңа жолдарын ұсынамыз. Мен өзім аптасына, кем дегенде үш рет білім беру бөлімдерінің басшыларын жинап, кеңес өткізіп тұрамын.

Біз стриминг қосамыз да, оған 300-ден астам адам кіре алады. Олардың ішінде жергілікті жердегі әдістемелік кабинеттер де бар. Жазда тікелей мектеп директорларымен жұмыс істедік. Бүгінде арнайы чаттар бар, сол жерге барлық шешімді жіберіп отырамыз. Мектеп директорлары бәрін біліп отырады. Осылайша, әрбір педагогке министрліктің ұстанымын жеткізуге мүмкіндік бар.

- Сіз өзіңіз қашықтан оқытудың қандай артықшылықтарын көріп отырсыз? Жаңа мүмкіндіктер бар дейді...

-   Негізі, білім беру синхронды ("онлайн" немесе "стриминг", ондайда оқу процесі тікелей эфир арқылы жүргізіледі - Sputnik) форматтан бұрын асинхронды сипатта болуы керек. Бұл – қашықтан оқыту қағидаттарының бірі.

Бала 6-7 сабақ бойы экранның алдында отыра алмайды, үнемі отыруға да міндетті емес. Ал онлайн-сабақ кезінде оқушыны "5 минутқа кетіп қалғаны" үшін жазаласа немесе бағасын төмендетсе, олай істеген дұрыс емес. Ондай жағдайлар бар шығар, бірақ көп емес сияқты.

Тағы оқыңыз: Қашықтан оқытуға 70 млн доллар бөлінгені рас па - Аймағамбетов жауап берді

Бүгінде педагогтердің басым бөлігі синхронды білім берудің тиімсіз тұстарын түсінді. Ал асинхронды формат кезінде бала қалаған уақытта сабақ оқиды. Қашықтан оқытудың артықшылығы да сол, оқушы берілген тапсырманы өзіне ыңғайлы уақытта орындай алады. Дәл осы артықшылықты тиімді пайдалану қажет. Педагогтерге арналған курстар кезінде біз осы мәселеге баса назар аудардық. Бір жерде асыра сілтеу болып жатса, оны түзейтін боламыз.

- Қашықтан оқытудың тағы бір артықшылығы бар емес пе? Ата-аналар мектеп бағдарламасын терең зерделей бастады, оқулықтарға қатысты сұрақтары да көбейді. Бұған дейін сіз оқулықтарды құрастыру тәсілдері өзгереді деп айтқансыз. Авторлар мен сарапшыларға арналған оқыту шаралары болады дедіңіз. Осы жұмыс басталды ма?

- Бұл жұмыс атқарылып жатыр. Өткен аптада мен баспалар, авторлар мен сарапшылармен кеңес өткіздім. Авторлар мен сарапшылар үшін университеттерде арнайы курстар ұйымдастырылды. Бұл жерде маңызды бір мәселені ескеру керек, мықты мамандардың барлығы бірдей дидактика мен педагогика жағынан жақсы оқулық шығара бермейді. Авторларға да көмек пен қолдау қажет. Оған қоса, мектептерде әдістеме де, оқу бағдарламалары да өзгерді. Сондықтан барлық оқулық сараптама мен апробациядан өтуі керек. Сол жерде мұғалімдер, сарапшылар мен авторлар бәрін қарайды, талқыға салады, бір шешімге келіп, өзгеріс енгізеді.

Талқылаудан кейін апробация басталады. Біз балалардың жаңа оқулықты қалай қабылдағанын зерделейміз. Мұғалімдерге қаншалықты қиын болды, осы жағын да қараймыз. Содан барып бағдарлама бекітіледі де, оның негізінде оқулық басылып шығады.

Сосын мектеп оқулықтарын шығаратын баспаларға жаңа талаптар қойылып отыр. Мәселен, оқулықтардың электронды нұсқасы тегін болуы шарт.

- Жаңа стандарт бойынша жазылған оқулықтар қашан шығады?

- Біз осы жұмысты 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу шараларымен үндестіруіміз керек. Әйтпесе, екі жұмыс болып кетеді, бюджеттен артық шығын шығады. Бала бірінші сыныпқа барған кезде жаңа оқулықтарды да алуы тиіс. 

- 2021 жылы 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу жоспарланған болатын. Қашықтан оқытудан кейін осы жоспар кейінге шегеріле ме?

- Жоқ, ол әсер етпейді. 12 жылдық білім беруге көшу жоспар бойынша атқарылып келеді.

- Коронавирус шыққанда пандемия 2023 жылға дейін жалғасады деген болжам болған. Осыған байланысты "қашықтан оқыту үш жылға созылуы мүмкін" деген негативті сценарийді қарастырып отырған жоқсыз ба?

- Жоқ, қашықтан оқыту үш жыл болмайды. Біз біртіндеп дәстүрлі білім беру формасына көшуді жоспарлап отырмыз.

- Сонда осы жоспардың мерзімі қандай? Қашықтан оқыту қашан аяқталады?

- Соңғы шешімді бас санитарлық дәрігер қабылдайды. Дәл қазір ол шешімнің қай кезде шығатынын айта алмаймын. Әзірше, қашықтан оқытуды тек бірінші тоқсанда ғана қалдыруға ұсыныс жасалды.

- Ашығын айту керек, бүгінде мектеп тапшылығы мәселесі әлі де бар. Нұр-Сұлтанның өзінде орын тапшылығы сезіледі. Карантин болмай тұрғанда кейбір сыныптарда 40 оқушы отырды. Енді, пандемиядан кейін қатаң санитарлық талаптар болады. Осындай жағдайға дәстүрлі білімге көшу шаралары қалай атқарылады?

- Енді, республика бойынша 7 мың мектептің барлығы толып тұрған жоқ. Басым бөлігі бір ауысыммен жұмыс істейді. Сосын шағын жинақты мектептер бар. Мәселен, ауыл мектептері жартылай бос тұр. Ондай мектептер жылда жабылады, себебі бала жоқ, адамдар ауылдан қалаға көшіп жатыр. Содан қаладағы мектептер балаға тез толып кетеді.

Ал оқушы көп болса, мектеп инфрақұрылымы да соған сай болуы қажет. Спорт залдары, асхана, компьютерлік техника – бәрі-бәрі бала санына сәйкес жасалауы шарт. Егер мектепте 25 балаға бір компьютер келсе, онда цифровизация туралы айтудың өзі қисынсыз.

Мәселен, қазір компютерлерді тым көп алып жатырсыңдар деп сын айтатындар аз емес. Соның бәрін не үшін алып жатырсыңдар дейді. Бүгінде осы шаралардың арқасында 5 оқушыға бір компьютер келеді. Демек, жағдай өзгерді. Солай емес пе?

Бұдан бөлек, физика, химия мен биология кабинеттерін жасақтау, мультимедиялық кабинеттер мәселесі бар. Бұның барлығы пандемияға қарамастан, шешіліп жатыр.

Әрине, коронавирус пандемиясы білім беру жүйесіне өз әсерін тигізді. Дегенмен, қазіргі жағдайды тиімді пайдалансақ, білім беру саласын модернизациядан өткізіп алуға мүмкіндік бар.

Анықтама: 2020-2021 оқу жылында 3,3 миллион оқушы білім алуға кірісті. Олардың ішінде бірінші сыныпқа барған 352 мың бала бар.

Бастауыш сынып оқушылары кезекші топтарға барып, мектепте сабақ оқи алады. Бұдан бөлек, шағын жинақты мектептің балалары дәстүрлі форматта білім алып жүр. Жалпы, ондай оқушылардың саны 800 мыңға жуық. Ал 2,6 миллион бала қашықтан сабақ оқиды.

21023
Кілт сөздер:
коронавирус, мұғалімдер, оқушылар, Білім және ғылым министрлігі, Асхат Аймағамбетов
Күзгі астана

Қазақстанда 20 қазанда қандай маңызды оқиғалар болады

0
Sputnik Қазақстан 20-29 қазан аралығында болатын негізгі іс-шаралар мен оқиғаларға шолу жасайды (ақпарат толықтырылып отырады)

Қазақстанда бұқаралық іс-шараларды өткізуге уақытша тыйым салынды. Мемлекеттік органдардың мәжілістері мен баспасөз конференциялары онлайн режимде ұйымдастырылады. Десе де, біз алдағы күндерге жоспарланған іс-шаралар туралы ақпарат беруді жалғастырамыз.

20 ҚАЗАНҒА ЖОСПАРЛАНҒАН ШАРАЛАР

09:00 – Үкімет отырысы. Күн тәртібінде ветеринарлық, фитосанитарлық қауіпсіздік, дәрі-дәрмекпен қамту мәселелері талқыланады. Отырыс PrimeMinister.kz сайтында және әлеуметтік желідегі ресми аккаунттарда көрсетіледі. Байланыс: 8 (7172) 75 00 10, press.kpm@mail.ru.

11.00 – Бернард Шоудың "Пигмалион" пьесасын онлайн оқу. Максим Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының актрисасы оқиды (трансляция театрдың Instagram парақшасында жасалады).

12.30 - Sputnik Қазақстан баспасөз орталығында диктант жазудан халықаралық акцияға арналған Спикерлер: ғарышкер Айдын Айымбетов (диктант оқитын адам), жоба үлестірушісі Лаура Ілиясова, Нұр-Сұлтандағы Ресейдің ғылым және мәдениет орталығының директоры Алексей Коропченко. Байланыс үшін: +7 (747) 2207401 (WhatsApp). Трансляция Sputnik Қазақстан сайты мен YouTube-каналда жасалады.

21 ҚАЗАНҒА ЖОСПАРЛАНҒАН ШАРАЛАР

14.00 – Мәскеу - Ереван - Минск - Нұр-Сұлтан бейнекөпірі. Іс-шара Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасының орынбасары Тигран Саркисянның қатысуымен Еуразиялық кеңістіктегі COVID-19 пандемиясының таралуына және жағымсыз салдарларын жеңуге және еңсеруге арналған үздік цифрлық шешімдерге арналған Еуразиялық даму банкінің (ЕДБ) цифрлық бастамалар қоры конкурсының қорытындылары аясында өтеді. Бейнекөпірдің трансляциясы Sputnik.kz сайтында және біздің Facebook парақшасында қолжетімді. Спикерге қойылатын сұрақтарды a.nurgazinova@sputniknews.com мекен-жайына жіберуге болады.

23 ҚАЗАНҒА ЖОСПАРЛАНҒАН ШАРАЛАР  

19.00 – "Женитьба" қойылымы, Максим Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры (Нұр-Сұлтан, Желтоқсан көшесі 11-13).

26 ҚАЗАНҒА ЖОСПАРЛАНҒАН ШАРАЛАР  
Алматы

17.00 – "Счастливые поют" музыкалық қойылымы – қос сахна саңлағы – Фрэнк Синатра мен Эдит Пиафқа арналған қойылым (Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры).

28 ҚАЗАНҒА ЖОСПАРЛАНҒАН ШАРАЛАР
Нұр-Сұлтан

19.00 – "Мадам Баттерфляй" операсының премьерасы, "Астана Опера" театры (Қонаев көшесі, 1. Байланыс телефоны: +7 (7172) 70 95 94).

29 ҚАЗАНҒА ЖОСПАРЛАНҒАН ШАРАЛАР

19.00 – "Дикарь. Третье слово" қойылымы, Максим Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры (Нұр-Сұлтан қаласы, Желтоқсан көшесі 11-13).

Жоспарланған шаралар тізімі ашық дереккөзден алынды. Sputnik Қазақстан шаралардың уақыты мен күнінің өзгеруіне жауапты емес.

0