Наурыз мерекесі

Омбы қазақтары ана тілі мен салт-дәстүрін қалай сақтап қалды?

218
(Жаңартылды 12:05 06.11.2019)
Омбының этникалық қазақтары ана тілін оқытуды жаңа деңгейге көтермек. Қала белсенділері бір жылда алты курс ашты, алда орыс мектептерінде қазақ сыныптарын ашу жоспары да бар

ОМБЫ, 6 қараша– Sputnik. Омбыда қазақ тілі тұрмыстық деңгейде сақталып қалған, әзіргі ғылым ана тілімізде сөйлемейді. XX ғасырдың басында Омбы облысында алты жүзге жуық қазақ ауылы болған, қазір шамамен қырық ауыл қалды.

Бүгінде Омбының өзінде Ресейдегі көрсеткіш бойынша үшінші қазақ қауымы тұрады. "Омбы қазақтары" қоғамдық ұйымының басқарма төрағасы Қуаныш Елеутаев Sputnik Қазақстан-ға сұхбат беріп, тіл, дәстүр мен проблемалар жайында айтып берді.

 Председатель правления общественной организации Казахи Омска Куаныш Елеутаев
© Sputnik / Айгюзель Кадир
"Омбы қазақтары" қоғамдық ұйымының басқарма төрағасы Қуаныш Елеутаев

- Омбыда қанша қазақ тұрады?

- 2010 жылғы ресми мәлімет бойынша, 78-80 мың қазақ тұрады. Қазақтар саны бойынша бірінші орында - Астрахань, 180-190 мың қазақ. Екінші орында – Орынбор, 120 мың. Ал Омбыда жүз мыңға жуық этникалық қазақ тұрады деп болжап отырмыз.

Мәліметтер шамамен он жыл жаңартылған жоқ. Келесі бүкілресейлік халық санағы 2020 жылға жоспарланған.

- Омбыдағы қазақтар санының ұлғаюы немен байланысты?

- Мен Қазақстаннан жаппай бізге келіп жатыр деп айта алмаймын. Омбыға өңірлерден көптеген адам келеді, бірақ олар этникалық қазақтар емес. Мысалы, Ресейдегі немістер жиі келеді. Бұл олар үшін Ресей азаматтығын алуға жасалған бір қадам.

Тағы оқыңыз: Қазақстан бүкіл әлемдегі этникалық қазақтарға арнайы куәліктер береді

2019 жылы қазақтардың орташа жасы 32 болды. Ал Омбы облысы тұрғынының орташа жасы – 38. Яғни, алты жасқа үлкен. Бұған қоса, қазақтар отбасында бала саны екеуден көп. Бірақ халық саны бойынша мәліметтер өзгеріп тұрады, еңбек көші-қоны деген бар. Қазақтар бұл жерден Мәскеу, Санкт-Петербор, Астанаға (қазір Нұр-Сұлтан) кетеді. Олар көбінесе Ресей азаматтығын сақтап қалады, тұруға ыхтиярхат қана алады.

Омские школьники побывали в казахском ауле
© Photo : предоставлено организацией "Казахи Омска"
Омбы оқушылары қазақ ауылында болды

- Дәстүр мен тілді сақтай алдыңыздар ма?

- Бізде дәстүр жақсы сақталған. Біз неке, жерлеумен байланысты барлық әдет-ғұрыпты ұстанамыз, мұсылманбыз ғой. Дегенмен тілдің сақталуына қатысты кейбір проблема бар. Себебі қазақ тілі негізінен ауылдарда сақталған. Қазір Омбы облысында қырыққа жуық қазақ ауылы бар. Бірақ біз бұл проблеманы шешіп жатырмыз.

- Қалайша?

- Өткен жылы "Ана тілі" деген қазақ тілі курсын аштық. Бастапқыда бізде 10 оқушы ғана болған, ал қазір алты курс бар. 70 адам жазылды, енді жетінші курсты ашпақпыз. Біз бұны қазақ тілі жанашырлары клубы деп те атаймыз. Бұнда келу тегін емес, айына 1200 рубль (7200 теңге). Десек те, біз бұдан пайда көріп отырған жоқпыз, ақша ғимаратты жалға алу мен оқытушылардың жалақысына кетеді.

Тағы оқыңыз: ҰҚК Қытайдан қашып келген қандастарға қатысты түсініктеме берді

Ресей заңы бойынша, бұл елде тұратын әр халық өз ана тілін оқуға құқылы. Мысалы, Түмен облысының мектебінде қазақ сыныбы ашылды. Біз де осы жүйені бүкіл өңірге толық енгізгіміз келеді. Аймағымыздың жеті мектебіне қазақ тілі екінші шет тілі ретінде оқытылады, ал біз ана тілі ретінде оқытылғанын қалаймыз.

Наурыз отпраздновали в Омске
© Photo : предоставлено организацией "Казахи Омска"
Омбыда наурыз тойланды

- Ұйымдарыңыз тағы немен айналысады?

- Біздің жобалар қатарында "Ару қыз" атты дәстүр, талант пен сұлулық конкурсы, ауылдарға барып, концерт қойып, ақсақалдардан қазақша аңыздар мен ертегілер жазып алуға бағытталған "Ұрпақтар сабақтастығы" отбасылық жобасы, Омбы қазақтарымен "Ашық әңгіме" және тағы басқалар бар. "Алтын адам" қазақтардың өңірлік сыйлығы да бар. Ол бойынша біз ғылым, медицина, спорт, шығармашылық, тіпті  той-бизнес сияқты түрлі салада үздіктерді таңдаймыз.

Вечер Домбыра кешi, посвященный Дню Победы
© Photo : предоставлено организацией "Казахи Омска"
Жеңіс күніне арналған домбыра кеші

- Сұхбатыңызға көп рахмет!

View this post on Instagram

A post shared by ОРОО Казахи Омска (@kazahi_omska) on

218
Кілт сөздер:
ана тілі, қазақтар, Омбы
Тақырып бойынша
"Тұрып қошемет көрсетті": Франция қазағы жұрттың Димашқа қалай тамсанғанын айтты
Түмен облысында қазақ сыныбы ашылды
Қазақтың "қазақ" деп атанып жүргені Сәкен Сейфуллиннің арқасы - танымал ақын
Ұйқастырып қоюға тырысады: қазақтар егіздерге қандай ерекше есім таңдайды?
Сұлтанғали Смайылов ұлдарымен бірге

"Оттан қорықпайтын адам жоқ": өмірін адам құтқаруға арнаған әулетпен сұқбат

310
(Жаңартылды 16:52 19.10.2020)
19 қазан – құтқарушылар күні. Биыл азаматтық қорғау органдарының құрылғанына 25 жыл болды. Sputnik Қазақстан тілшісі құтқару қызметінде жұмыс істейтін Смайыловтар отбасымен сұқбаттасты

АЛМАТЫ, 19 қазан – Sputnik. Өрт – тілсіз жау. Төтенше жағдайды алдын ала болжап білу мүмкін емес. Ал ұшқыннан шыққан өртті ауыздықтауда ондаған, тіпті жүздеген адамның маңдай тері жатыр. Зейнеттегі азаматтық қорғау полковнигі Сұлтанғали Смайылов бұл салаға 33 жылын арнаған. Артынан ерген екі ұлы да ізін қуды.

Өрт сөндірушіден департамент басшысына дейін

Түркістан облысы Қызылқұм ауданында дүниеге келген Сұлтанғали Смайылов 2020 жылы ақпанда зейнетке шықты. Алайда бұл саладан әлі де болса, алыстай қойған жоқ. Себебі екі ұлы да әкесі секілді қызмет бабын қатардағы өрт сөндіруші болудан бастады. 

"Нағашым өрт сөндіруші болды. Қазір ол кісі де зейнетке шықты. Нағашымның жұмысына қарап, елге қызмет жасап жүргенін көріп, бір жағынан формасына да қызығып осы саланы таңдадым", - деп бастады әңгімесін зейнеттегі азаматтық қорғау полковнигі.

Осылайша Сұлтанғали Иманғалиұлы 1987 жылы Алматыда өрт-техникалық училищесінде оқуды аяқтап, туған жеріне оралған. Сол жылы Түркістан қаласында өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы болып жұмысқа орналасқан.

"Бастапқыда қарауыл бастығы болдым. Бұл қазіргі тілмен айтқанда – ауысым жетекшісі. Бір ауысымға 10-12 жігіт түседі. Бәріміз бірге өртті сөндіруге барамыз, жетекші болған адам өрт қауіпсіздігі сақталуын бақылайды. Ал жалпы сол жердегі құтқарушылармен қатар жұмыс істейді", - деп түсіндірді алғашқы жұмысын Смайылов.

Айтуынша, еңбек жолын басшылық қызметтен бастауына бұған дейін әскер қатарында борышын өтегені, сонымен қатар Алматыда білім алып келгені әсер еткен.

Одан кейінгі жылдары аға инженер, аға анықтаушы, бөлім бастығының орынбасары, бөлім бастығы, облыстық төтенше жағдай басқармасының басшысы қызметін атқарған. Зейнетке шығар алдында Түркістан облысы ТЖД бастығының орынбасары болды.

"Жарылыс болып, құлап түстім"

Смайылов сұқбат барысында қызмет жолында есінде жақсы сақталған үш төтенше жағдайды айтып берді.

"Жұмысқа орналасқаныма бірнеше жыл болған кезде Шымкентте май сақтайтын ірі зауытта өрт шықты. Бізді қосымша күш ретінде жіберген болатын. Сол кезде адам шығыны да болды. Өрт сөндіру барысында қатты жарылыс болып, сол жарылыстан құлап түстім. Саусағым шығып кетіпті", - деп еске алды ол.

Оттан қорықпайтын адам жоқ
© Photo : Смайыловтар әулетінің жеке архивінен алынды
Зейнеттегі полковник басынан кешкен үш төтенше жағдай туралы айтып берді

Тағы бір оқиға – Төрткөлдегі мақта зауытыныңдағы өрт. Айтуынша, сол кезде күн өте қатты суық болған. Оған Төрткөлдің желі қосылып, өртті ауыздықтау оңайға соқпаған. Екі минут тоқтап қалсақ, желдің күшінен өрт сөндіргіш құрылғы қатып қалатын еді, дейді ол.

Келесі төтенше жағдай – Арыс қаласындағы жарылыс. Ол кезде облыстың төтенше жағдай департаменті басшысы еңбек демалысында болып, Смайылов басшылық қызметті атқарып жүрген. Әңгіме кезінде сол жердегі оқиғаны еске алды. 

"Арыс қаласына жақындағаннан-ақ жарылыстың дауысы, снарядтың ұшқыны ұшып жатты. Бізді көрген халық көмек сұрай бастады. Үш қабатты тұрғын үйдің ішінде мүгедек адам қалып қойғанын айтқан соң қызметтік автокөлікпен барып, сол кісілерді шығарып алдық", - деді ол.

Айтуынша, өрт сөндіру көлігінің ішінде тұрған кезде құтқарушылардың жанына жарылғыш зат түскен.

Иыққа погон таққан соң...

Сұлтанғали Смайыловтың екі ұл, екі қызы бар. Қос ұлының құтқару саласында қызмет етуіне өзі бастамашы болмаса да, үлгі бола білгенімен байланыстырды.

"Полиция, прокуратураның жұмысы өте қиын. Ұлттық қауіпсіздік қызметіндегілер үйдің бетін көрмейді. "Балам, әкенің жолын қуып, адал жұмыс істесең, жетістікке жетесің" дегенімде, ұлдарым бұл сөзімді құп көрді. Себебі өздерінің ынтасы болды. Мен қанша қинасам да, бұл саланы ұнатпай тұрса, қызмет ете алмайды", - дейді ол.

Әкенің сөзін кенже ұлы да қостай кетті. Азаматтық қорғау қызметінде екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Ерғали Сұлтанғалиұлы әкесі мен ағасының формасына, еңбегіне қарап қызығушылық пайда болғанын жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстанда құтқарушылардың білім алуы үшін бар жағдай жасалғанын айтты.

"Көкшетеу техникалық институтында тегін білім алдым. Ол жерде білім алған түлектерді жұмысқа міндетті түрде орналастырады. Иыққа погон таққан соң, өсуге деген талпыныс бар", - дейді Ерғали.

Смайыловтар әулеті
© Photo : Смайыловтар әулетінің жеке архивінен алынды
"Балам, әкенің жолын қуып, адал жұмыс істесең, жетістікке жетесің"

Ал тұңғыш перзенті Серікғали Сұлтанғалиұлы 19 жасынан бас азаматтық құтқару саласында қызмет етіп келеді. Биыл осы салада жүргеніне 11 жыл болды. Оның ішінде 2009-2018 жылдары өрт сөндіруші болған. Бұл жылдары елорда мен Шымкент қаласында жұмыс істеген. Кейінгі екі жылда лейтенант шешін алған соң Түркістан облысына ауысқан. 

"Үйдің үлкен баласы болған соң әкенің жолын жалғауды өзіме жетістік санадым. Екіншіден, бала күнімен құтқарушының қызметін көріп өстім. Елдің алғысын алып, ел игілігіне қызмет еткім келді. Әкемнің тарапынан таңдауыма қысым жасау не қарсылық таныту болған емес", - дейді үлкен ұлы.

Әкем – ұстазым. Ол кісі болса, басқа ұстаздың қажеті де жоқ. Өзі қатал әрі тәртіппен жүреді, дейді Серікғали әкесі жайлы.

Әке өсиеті

Сұлтанғали Смайылов қос ұлына Қазақстанның әр азаматын қорғау – қызметтік парызы екенін үнемі айтып отырады.

Ерғали Сұлтанғалиұлы
© Photo : Смайыловтар әулетінің жеке архивінен алынды
Ерғали Сұлтанғалиұлы құтқарушылар күнінің 25 жылдығына орай Түркістан облысы ТЖД бастығының алғыс хатымен марапатталды

"Елін, халық сүйген адам әрқашан өседі. Екі ұлыма да адамды оттан, судан қорғау – қызметтік парызы екенін үнемі айтып отырамын. Ұлдарымның жұмысына байланысты өміріне қауіп төнеді деп қорықпаймын. Не болса да қызмет бабындағы жағдай деп қараймын", - дейді Смайылов.

Үлкен ұлы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Серікғали Сұлтанғалиұлы осы салада зейнетке шыққанша жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

"Оттан қорықпайтын адам жоқ, алайда қауіпсіздік шараларын сақтаса бәрі жақсы болады. Ішкі тәртіп бойынша ғана жұмыс істеу қажет. Елге қызметке әрқашан дайынбыз. Зейнетке де осы салада шыққым келеді", - дейді үлкен ұлы Серікғали.

Ал кенже ұлы құтқару қызметінде қыздардың да көп жұмыс істейтінін айтып, болашақ жарының да осы салада қызмет етуі мүмкін екенін жеткізді.

310
Кілт сөздер:
сұхбат, өрт сөндірушілер
Тақырып бойынша
"Басқа іспен айналыса алмаймын" Әке жолын қуған полицейдің әңгімесі
"Таңдауым Ерланға түсті": ерлі-зайыпты полицейлер махаббат хикаясын айтып берді
17 жыл бойы краншы болған әйел: жұмысқа таңғы 5-те тұрамын
Көп жыл Назарбаевтың ұшағын басқарған пилот Елбасы туралы айтып берді
Елордада өрт сөндірушілер коронавируспен күресуге көшеге шықты – видео
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов

Қашықтан оқыту қашан аяқталады Аймағамбетов эксклюзивті сұқбат берді

21023
(Жаңартылды 11:17 14.09.2020)
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген эксклюзивті сұқбатында көпті мазалап жүрген сауалдарға жауап берді

НҰР-СҰЛТАН, 12 қыркүйек – Sputnik, Ксения Воронина, Арман Асқар. Қазақстан коронавирустың шарықтау шегінен өтті. Дегенмен, тұмау маусымы кезінде вирустың екінші толқыны басталып кетеді деген қауіп бар. Сол себепті жаңа оқу жылын қашықтан білім беру форматында бастауға шешім қабылданды.

Мектепте кезекші сыныптар ашылса да, оған, көбінесе, бірінші сынып оқушылары барып жүр, қалғаны үйде отырып, сабақ оқиды. Сөз жоқ, ондайда ата-аналарға көп салмақ түседі. Себебі баланың жұмыс орнын жасақтау, техниканы орнату, сабақ барысы мен үй тапсырмасын қадағалау сияқты қосымша жұмыс пайда болады.

Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат берген білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қашықтан оқытудың артықшылығы мен кемшілігіне тоқталып, дәстүрлі форматқа ауысудың мерзімі туралы айтып берді.

- Асхат Қанатұлы, бүгінде қашықтан оқыту процесіне қатысты арыз-шағымдар аз емес. Әсіресе, ата-аналар тарапынан жиі сын айтылады. Көбісі балаларға көмектесеміз деп, еңбек демалысын қыркүйекке ауыстырған екен. Біреулер жұмысты мүлдем тастап кеткен. Енді, біреулер біраз ақша шығарып, балаларын білім беру орталықтарына беріп жатыр. Қашықтан оқыту шешімін қабылдағанда осы мәселелер неге ескерілмеді?

- Қашықтан білім беру шешімі эпидемиологиялық жағдайға байланысты қабылданған болатын. Біз де заңға бағынамыз, бас санитарлық дәрігердің қаулысын және жергілікті жердегі санитар дәрігерлердің шешімін орындауымыз керек. Олар карантиндік режимді реттеген, мектептерге қатысты шешімді де қабылдап отыр. Біз болсақ, осы шешімді орындап, қажетті жағдай жасап келеміз.

Ал ата-аналарды қолдау мәселесіне келетін болсақ, білім министрі ондай сұрақтарды қарамайды. Әлеуметтік қорғау және санитарлық қызмет мәселесі менің құзіретіме жатпайды.

Тағы оқыңыз: Депутат білім министріне шүйлікті: ведомство жауабы қандай

Негізі, қашықтан оқытуға қатысты арыз-шағымдар бізде ғана емес, басқа жақта да көп. Өзге елдердің бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерін қарап шықсаңыз, бәріне ортақ бір тенденцияны байқайсыз. Барлық жерде ата-аналар тарапынан сын айтылады. Себебі барлық жерде оларға қосымша салмақ түсіп жатыр. Сосын барлық жерде педагогтер балаларға көбірек білім беруге тырысады. Содан баланың онлайн сабақта отырғанын талап етеді.

Біз де халықаралық тәжірибені зерделейміз, шетелдегі әріптестерімізбен сөйлесіп тұрамыз. Әлем бойынша қашықтан оқытуға қатысты барлығына ортақ бірнеше проблеманың бар екенін көріп отырмыз. Мәселен, бізде қашықтан білім берудің сапасы төмен дейді. Өйткені интернеттің жылдамдығы баяу. Алайда жақсы интернеті бар дамыған мемлекеттердің өзінде қашықтан және дәстүрлі жолмен берілген білімнің арасында үлкен айырмашылық бар.

Негізі, біз де мектептердің ашылғанын қалаймыз және балалардың дәстүрлі форматта білім алғанын қолдаймыз. Иә, мұғалімдер үшін арнайы курстар ұйымдастырылды. Дегенмен, олардың жаңа форматта жұмыс істеу дайындығына қатысты мәселе бар.

- Биыл төртінші тоқсан төтенше жағдаймен тұспа-тұс келді. Артынан қашықтан оқыту жүйесі енгізілді. Ашығын айту керек, сол кезде оқушылар босаңсып кетті. Олардың білімін бағалау жағынан да жеңілдік жасалды. Қазір баға қою жүйесі өзгерді. Тіпті, бала онлайн-сабаққа уақытында қосылмаса, бағаны төмендету жағдайлары да бар. Мектеп формасын кию керек дейді. Сонда қашықтан білім алатын баланың білімі қалай бағаланады? Нақты бір регламент бар ма? 

- Мұғалім баға қойғанда тым қатты болмауы керек. Біз болсақ, осы жұмысты тым қатты регламентке де салып жібермеуіміз қажет. Себебі пәндер, сабақтар, жалпы педагогикалық жұмыс – бұл шығармашылық процесс. Бүгінде жалпы рекомендациялар бар. Соның бәрі мұғалімдерге арналған курстарда талқыланған болатын.

Сосын бала онлайн-сабаққа қосыла алмады, мектеп формасын кию керек дейсіз, ондай фактілер жалпыға бірдей емес екені белгілі. Үш миллион оқушының бәрі солай білім алып жатыр деп қабылдамау қажет. Онлайн-сабақтар кезіндегі эксцестер де солай.

Мен мұғалімдерді қорғап отырған жоқпын. Бірақ педагогтерге де қашықтан білім беру оңай емес екенін түсінуіміз керек. Қазір маңызды трансформация жүріп жатыр. Педагогтер, оқушылар мен ата-аналар жаңа жағдайға бейімделуде.

Бүгінде 500 мыңға жуық педагог жаңа жағдайға тап болды, проблемалар да бар. Бірақ сабақтар жалғасуда. Иә, кей кезде асыра сілтеу де бар. Мен төртінші тоқсанда анық бір нәрсені айттым, баланы экранның алдына мектеп формасында отырғызудың қажеті жоқ. Барлық бала экранның алдында отырсын деген талап жоқ. Бір жерде байланыс дұрыс істемесе, оқушыларға бейнетрансляцияны ағытуға рұқсат болсын деп кеңес бергенбіз.

Біз әріптестерімізбен осы іспетті жағдайларды күнде талқылап отырамыз, кемшін тұстарын көрсетеміз, жаңа жолдарын ұсынамыз. Мен өзім аптасына, кем дегенде үш рет білім беру бөлімдерінің басшыларын жинап, кеңес өткізіп тұрамын.

Біз стриминг қосамыз да, оған 300-ден астам адам кіре алады. Олардың ішінде жергілікті жердегі әдістемелік кабинеттер де бар. Жазда тікелей мектеп директорларымен жұмыс істедік. Бүгінде арнайы чаттар бар, сол жерге барлық шешімді жіберіп отырамыз. Мектеп директорлары бәрін біліп отырады. Осылайша, әрбір педагогке министрліктің ұстанымын жеткізуге мүмкіндік бар.

- Сіз өзіңіз қашықтан оқытудың қандай артықшылықтарын көріп отырсыз? Жаңа мүмкіндіктер бар дейді...

-   Негізі, білім беру синхронды ("онлайн" немесе "стриминг", ондайда оқу процесі тікелей эфир арқылы жүргізіледі - Sputnik) форматтан бұрын асинхронды сипатта болуы керек. Бұл – қашықтан оқыту қағидаттарының бірі.

Бала 6-7 сабақ бойы экранның алдында отыра алмайды, үнемі отыруға да міндетті емес. Ал онлайн-сабақ кезінде оқушыны "5 минутқа кетіп қалғаны" үшін жазаласа немесе бағасын төмендетсе, олай істеген дұрыс емес. Ондай жағдайлар бар шығар, бірақ көп емес сияқты.

Тағы оқыңыз: Қашықтан оқытуға 70 млн доллар бөлінгені рас па - Аймағамбетов жауап берді

Бүгінде педагогтердің басым бөлігі синхронды білім берудің тиімсіз тұстарын түсінді. Ал асинхронды формат кезінде бала қалаған уақытта сабақ оқиды. Қашықтан оқытудың артықшылығы да сол, оқушы берілген тапсырманы өзіне ыңғайлы уақытта орындай алады. Дәл осы артықшылықты тиімді пайдалану қажет. Педагогтерге арналған курстар кезінде біз осы мәселеге баса назар аудардық. Бір жерде асыра сілтеу болып жатса, оны түзейтін боламыз.

- Қашықтан оқытудың тағы бір артықшылығы бар емес пе? Ата-аналар мектеп бағдарламасын терең зерделей бастады, оқулықтарға қатысты сұрақтары да көбейді. Бұған дейін сіз оқулықтарды құрастыру тәсілдері өзгереді деп айтқансыз. Авторлар мен сарапшыларға арналған оқыту шаралары болады дедіңіз. Осы жұмыс басталды ма?

- Бұл жұмыс атқарылып жатыр. Өткен аптада мен баспалар, авторлар мен сарапшылармен кеңес өткіздім. Авторлар мен сарапшылар үшін университеттерде арнайы курстар ұйымдастырылды. Бұл жерде маңызды бір мәселені ескеру керек, мықты мамандардың барлығы бірдей дидактика мен педагогика жағынан жақсы оқулық шығара бермейді. Авторларға да көмек пен қолдау қажет. Оған қоса, мектептерде әдістеме де, оқу бағдарламалары да өзгерді. Сондықтан барлық оқулық сараптама мен апробациядан өтуі керек. Сол жерде мұғалімдер, сарапшылар мен авторлар бәрін қарайды, талқыға салады, бір шешімге келіп, өзгеріс енгізеді.

Талқылаудан кейін апробация басталады. Біз балалардың жаңа оқулықты қалай қабылдағанын зерделейміз. Мұғалімдерге қаншалықты қиын болды, осы жағын да қараймыз. Содан барып бағдарлама бекітіледі де, оның негізінде оқулық басылып шығады.

Сосын мектеп оқулықтарын шығаратын баспаларға жаңа талаптар қойылып отыр. Мәселен, оқулықтардың электронды нұсқасы тегін болуы шарт.

- Жаңа стандарт бойынша жазылған оқулықтар қашан шығады?

- Біз осы жұмысты 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу шараларымен үндестіруіміз керек. Әйтпесе, екі жұмыс болып кетеді, бюджеттен артық шығын шығады. Бала бірінші сыныпқа барған кезде жаңа оқулықтарды да алуы тиіс. 

- 2021 жылы 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу жоспарланған болатын. Қашықтан оқытудан кейін осы жоспар кейінге шегеріле ме?

- Жоқ, ол әсер етпейді. 12 жылдық білім беруге көшу жоспар бойынша атқарылып келеді.

- Коронавирус шыққанда пандемия 2023 жылға дейін жалғасады деген болжам болған. Осыған байланысты "қашықтан оқыту үш жылға созылуы мүмкін" деген негативті сценарийді қарастырып отырған жоқсыз ба?

- Жоқ, қашықтан оқыту үш жыл болмайды. Біз біртіндеп дәстүрлі білім беру формасына көшуді жоспарлап отырмыз.

- Сонда осы жоспардың мерзімі қандай? Қашықтан оқыту қашан аяқталады?

- Соңғы шешімді бас санитарлық дәрігер қабылдайды. Дәл қазір ол шешімнің қай кезде шығатынын айта алмаймын. Әзірше, қашықтан оқытуды тек бірінші тоқсанда ғана қалдыруға ұсыныс жасалды.

- Ашығын айту керек, бүгінде мектеп тапшылығы мәселесі әлі де бар. Нұр-Сұлтанның өзінде орын тапшылығы сезіледі. Карантин болмай тұрғанда кейбір сыныптарда 40 оқушы отырды. Енді, пандемиядан кейін қатаң санитарлық талаптар болады. Осындай жағдайға дәстүрлі білімге көшу шаралары қалай атқарылады?

- Енді, республика бойынша 7 мың мектептің барлығы толып тұрған жоқ. Басым бөлігі бір ауысыммен жұмыс істейді. Сосын шағын жинақты мектептер бар. Мәселен, ауыл мектептері жартылай бос тұр. Ондай мектептер жылда жабылады, себебі бала жоқ, адамдар ауылдан қалаға көшіп жатыр. Содан қаладағы мектептер балаға тез толып кетеді.

Ал оқушы көп болса, мектеп инфрақұрылымы да соған сай болуы қажет. Спорт залдары, асхана, компьютерлік техника – бәрі-бәрі бала санына сәйкес жасалауы шарт. Егер мектепте 25 балаға бір компьютер келсе, онда цифровизация туралы айтудың өзі қисынсыз.

Мәселен, қазір компютерлерді тым көп алып жатырсыңдар деп сын айтатындар аз емес. Соның бәрін не үшін алып жатырсыңдар дейді. Бүгінде осы шаралардың арқасында 5 оқушыға бір компьютер келеді. Демек, жағдай өзгерді. Солай емес пе?

Бұдан бөлек, физика, химия мен биология кабинеттерін жасақтау, мультимедиялық кабинеттер мәселесі бар. Бұның барлығы пандемияға қарамастан, шешіліп жатыр.

Әрине, коронавирус пандемиясы білім беру жүйесіне өз әсерін тигізді. Дегенмен, қазіргі жағдайды тиімді пайдалансақ, білім беру саласын модернизациядан өткізіп алуға мүмкіндік бар.

Анықтама: 2020-2021 оқу жылында 3,3 миллион оқушы білім алуға кірісті. Олардың ішінде бірінші сыныпқа барған 352 мың бала бар.

Бастауыш сынып оқушылары кезекші топтарға барып, мектепте сабақ оқи алады. Бұдан бөлек, шағын жинақты мектептің балалары дәстүрлі форматта білім алып жүр. Жалпы, ондай оқушылардың саны 800 мыңға жуық. Ал 2,6 миллион бала қашықтан сабақ оқиды.

21023
Кілт сөздер:
коронавирус, мұғалімдер, оқушылар, Білім және ғылым министрлігі, Асхат Аймағамбетов
Күзгі астана

Қазақстанда 20 қазанда қандай маңызды оқиғалар болады

0
Sputnik Қазақстан 20-29 қазан аралығында болатын негізгі іс-шаралар мен оқиғаларға шолу жасайды (ақпарат толықтырылып отырады)

Қазақстанда бұқаралық іс-шараларды өткізуге уақытша тыйым салынды. Мемлекеттік органдардың мәжілістері мен баспасөз конференциялары онлайн режимде ұйымдастырылады. Десе де, біз алдағы күндерге жоспарланған іс-шаралар туралы ақпарат беруді жалғастырамыз.

20 ҚАЗАНҒА ЖОСПАРЛАНҒАН ШАРАЛАР

09:00 – Үкімет отырысы. Күн тәртібінде ветеринарлық, фитосанитарлық қауіпсіздік, дәрі-дәрмекпен қамту мәселелері талқыланады. Отырыс PrimeMinister.kz сайтында және әлеуметтік желідегі ресми аккаунттарда көрсетіледі. Байланыс: 8 (7172) 75 00 10, press.kpm@mail.ru.

11.00 – Бернард Шоудың "Пигмалион" пьесасын онлайн оқу. Максим Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының актрисасы оқиды (трансляция театрдың Instagram парақшасында жасалады).

12.30 - Sputnik Қазақстан баспасөз орталығында диктант жазудан халықаралық акцияға арналған Спикерлер: ғарышкер Айдын Айымбетов (диктант оқитын адам), жоба үлестірушісі Лаура Ілиясова, Нұр-Сұлтандағы Ресейдің ғылым және мәдениет орталығының директоры Алексей Коропченко. Байланыс үшін: +7 (747) 2207401 (WhatsApp). Трансляция Sputnik Қазақстан сайты мен YouTube-каналда жасалады.

21 ҚАЗАНҒА ЖОСПАРЛАНҒАН ШАРАЛАР

14.00 – Мәскеу - Ереван - Минск - Нұр-Сұлтан бейнекөпірі. Іс-шара Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасының орынбасары Тигран Саркисянның қатысуымен Еуразиялық кеңістіктегі COVID-19 пандемиясының таралуына және жағымсыз салдарларын жеңуге және еңсеруге арналған үздік цифрлық шешімдерге арналған Еуразиялық даму банкінің (ЕДБ) цифрлық бастамалар қоры конкурсының қорытындылары аясында өтеді. Бейнекөпірдің трансляциясы Sputnik.kz сайтында және біздің Facebook парақшасында қолжетімді. Спикерге қойылатын сұрақтарды a.nurgazinova@sputniknews.com мекен-жайына жіберуге болады.

23 ҚАЗАНҒА ЖОСПАРЛАНҒАН ШАРАЛАР  

19.00 – "Женитьба" қойылымы, Максим Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры (Нұр-Сұлтан, Желтоқсан көшесі 11-13).

26 ҚАЗАНҒА ЖОСПАРЛАНҒАН ШАРАЛАР  
Алматы

17.00 – "Счастливые поют" музыкалық қойылымы – қос сахна саңлағы – Фрэнк Синатра мен Эдит Пиафқа арналған қойылым (Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры).

28 ҚАЗАНҒА ЖОСПАРЛАНҒАН ШАРАЛАР
Нұр-Сұлтан

19.00 – "Мадам Баттерфляй" операсының премьерасы, "Астана Опера" театры (Қонаев көшесі, 1. Байланыс телефоны: +7 (7172) 70 95 94).

29 ҚАЗАНҒА ЖОСПАРЛАНҒАН ШАРАЛАР

19.00 – "Дикарь. Третье слово" қойылымы, Максим Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры (Нұр-Сұлтан қаласы, Желтоқсан көшесі 11-13).

Жоспарланған шаралар тізімі ашық дереккөзден алынды. Sputnik Қазақстан шаралардың уақыты мен күнінің өзгеруіне жауапты емес.

0