Лидия Каденова

Лидия Кәден: 37 жасымда тұрмыс құрдым, жақсылықтың ерте-кеші жоқ

7550
Актриса бекітілген пьесаны дәптерге көшіріп, бір ай бойы сол дәптерді ұстап жүргенін айтты. Қазір сол дәптерлер архив ретінде үйінде сақтаулы

АЛМАТЫ, 8 наурыз – Sputnik, Айгерім Таубай. Елу жылдан бері өнер жолында қызмет етіп, 46 жыл бойы Ғабит Мүсірепов атындағы театрдың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген Қазақ КСР халық әртісі Лидия Кәден  Sputnik Қазақстан тілшісіне өнер мен отбасы, әртіске тән әдет пен театрдағы өмір жайлы айтты.

Жүрегім аузыма тығылады

Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында "Құлагер"қойылымының премьерасы өтіп жатыр. Ілияс Жансүгіровтің поэмасы негізінде сахналанып жатқан қойылымда Лидия Кәденова Сағынай әйелінің рөлін сомдайды. Әртіс премьера алдында сұхбаттасқысы келмейтінін айтты. Өйткені ойы бөлінеді.

"Қойылым алдында бетімді, киімімді ойлаймын. Кейде үлгермей жатамыз. Арасында сөзімізді қайталап жүреміз. Әсіресе, премьера кезінде ойымның бөлінгенін қаламаймын. Себебі ол әлі сіңбеген дүние. Жасымыз келген адамбыз, бұрынғыдай 2-3 күнде сөзімізді жаттап ала салмаймыз. Тіпті толқыған кезде бәрі ойыңнан шығып кетеді. Сөзімді ұмытып қаламын ба деп те ойлайсың", - дейді Лидия Кәденова.

View this post on Instagram

A post shared by 🎭MÚSIREPOV TEATRY🎭 (@musrepov.theatre) on

Әртіс мұны сахнадан қорқу емес, сахнаға шығу алдындағы қобалжу деп түсіндірді. Оның айтуынша, нағыз әртістің бойында қобалжу үнемі болады.

"46 жыл сахнада жүрсем де, әр қойылым алдында жүрегім аузыма тығылады. Сахнадан қорықпауым мүмкін, алайда сахнаға шыққан кездебастапқы 7-8 минут қобалжу болады. Партнермен сөйлесіп, көрермен лебін сезіп, естігеннен кейін ғана жүрегің басылады. Қобалжымаған дұрыс емес. Әр актер адам шын актер болса, әрине, қобалжиды, толқиды. Кейде оның кедергі келтіретін кезі де бар. Қатты толқудан дауысың шықпай қалуы мүмкін, я болмаса біліп тұрған сөзіңді ұмытып қаласың", - дейді актриса.

"Сахнаның иесі де, киесі де бар"

Сұхбат кезінде Лидия Кәденованың көпшілік біле бермейтін тағы бір әдеті жайлы білдік. Ұжымдағы әріптестері дайындық кезінде сахнаның сыртында тұрып, сәлем салатынын байқағанын айтты. Рас, әртіс сахнаның иесі мен киесі бар деп тағзым ететінін айтты.

"Бұны кімнің байқап қойғанын білмеймін, алайда жастық кезеңнен өтіп, кемелдене бастаған шағымнан сахнаның сыртында "Бісмілләмді" айтып, тағзым етемін. Сахнаның иесі де, киесі де бар. Өткен-кеткенді еске алып, бас иіп, өзімнен өзім сөйлейтінім бар. Қазір қойылым басталар кезде келіп, тез боянып сахнаға шыға салады. Біздің заманның адамдары екі сағат бұрын ерте келіп киімдерін, бетін түзеп дайындалып отырады", - дейді ол.

Тағы бір әдеті – бекітілген пьесаны дәптерге көшіріп, бір ай бойы сол дәптерді ұстап жүреді. Қазір сол дәптерлер архив ретінде үйінде сақтаулы.

"Сценарийді бекіткен соң, оны дәптерге көшіреміз. Қойылым бір ай бойы түзеліп, өңделеді. Режиссермен бірге отырып, қойылым айналасында жұмыс істеп, астарын ашып, түзеп боламын дегенше бір ай өтеді. Сол кезде қолымыздағы дәптер мыжылып, түгі қалмайды. Қойылымдағы рөлге қарай ол 36, 48 беттік болады. Қойылым толық бекітілген соң кейінге қалады деп қайтадан көшіреміз. Қазір жиырма жыл бұрын жазылған қағаздарым үйде жатыр", - дейді ол.

Өнерде жүргеніне 50 жыл болды

50 жылда Әуезов театрына бірнеше рет шақырту алса да, Мүсірепов театрынан, ұжымынан кетпеген әртіс театр жастарының жанкештілігін жоғары бағалайтынын жеткізді.

"Өнерде жүргеніме 50 жылдай болды. Ал Мүсірепов театрында қызмет етіп жүргеніме – 46 жыл. Әзірбайжан Мәмбетов, Тұңғышбай Жаманқұлов театр басшысы болып тұрған кезде де Әуезов театрына шақырту алдым. Ол жақта да ойнадым. "Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық" деген соң ба, осы театрда жүрмін. Қазір театрда өз орным, өз ұжымым бар деп ойлаймын. Қуанышың болса, қайғың болса да, бәрін ұжыммен бірге көресің. Ұжым – бір отбасы.  Қазіргі жастарға ризамын. Таңертең биге қатысады, түсте дайындықта жүреді",- дейді Кәденова.

Кешке келіп тағы да дайындалады. Актриса жастардың өнерге бар жанымен беріліп жұмыс істейтінін байқаған.

"Алатын қаржысы тиын-тебен болса да, өнерге бар жанымен беріліп тұрады. Арасында киносына түседі, телеарнаға барады. Заманына сай бәріне үлгеріп жатыр. Жастардың жанкештілігі ұнайды", - деді жас әріптестері жайлы.

"Отыз жеті жасымда тұрмыс құрдым"

Әңгімеміз отбасы тақырыбына ауған кезде, әртіс 37 жаста тұрмыс құрғанын, адамның ширақтығына қарай бәріне үлгеруге болатынын айтты.

"Отыз жеті жасымда тұрмыс құрдым. Күйеуіме қарап, дүниеге бала әкеліп, үйімді де жинап, тамағымды да пісіріп, театрға да келіп жүрдім. Жақсылықтың ерте-кеші жоқ", - деді актриса.

Ол қазіргі жастарға таңғалатынын жасырмады.

"Тұрмыс құрады, баланы дүниеге әкеледі, содан барып өзім үшін өмір сүргім келеді деп шығады. Сен өзің үшін өмір сүріп ал, содан кейін барып тұрмыс құр. Театр актрисаларының көбі үш жыл декреттік демалыста отырады. Қиналып жатқандары баласын бір жыл қарайды да, әжесіне, не болмаса күтушісіне қалдырып, жұмысқа шығады. Театрдағы жұмысынан қалмайды. Біздің балаларымыз театрда өсті. Сахнаның артында жүретін. Қазір оған рұқсат жоқ. Техника үстіне құлап кете ме деп қорқады. Адам жинақы болса, бәріне үлгереді", - деді Кәденова.

Әңгімеміздің соңында халық әртісі барша қыз-келіншектерді халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.

"Бүкіл қазақ жерінде тұратын аруларды, қыздарды, әжелерімізді, апаларымызды көктем мерекесімен құттықтағым келеді. Біресе ел арасындағы ылаң дедік, біресе тарап жатқан вирус – мұның бірі де болмаса екен. Оның бәрі ананың жүрегін ауыртады. Еліміз аман болсын, тыныштық болсын", - деді Кәденова.

7550
Тақырып бойынша
"Актриса болуды армандадым": Сара Алпысқызы бүгін туған күнін тойлап жатыр
Асанәлі Әшімов: Қалекең құжатқа қол қоя білмейтін, тек бармағын басатын
"Жанымды жегідей жейді" Азамат Сатыбалды ешкімге айтпаған сырымен бөлісті
"Өзге ұлтта дұшпаным жоқ, қазақтардың ісі": танымал актер атышулы видео жайлы айтты
Актер Асылхан Төлепов отандық кино саласының былығын әшкереледі
Шолпан Оразбаева

Шолпанның көз жасы: алты баласы бар 29 жастағы келіншек халықтан көмек сұрады

1486
(Жаңартылды 20:28 23.10.2020)
Алматылық көпбалалы ана он жыл бойы күйеуінің ұрып-соққанына қарамастан, отбасын сақтап қалуға тырысқан. Алайда сол уақыттан бері ер мен әйелдің арасында заңды неке болмаған, арадағы алты баланың біреуіне ғана әкесінің тегі берілген

АЛМАТЫ, 23 қазан – Sputnik. Бүгінде жас келіншек алты баласымен көпшіліктен көмек сұрап отыр. Алматылық 29 жастағы Шолпан Оразбаева алты баласымен бірге бір жарым жылдан бері күйеуінен қашып дағдарыс орталығы мен пәтерде бас сауғалап жүр.

Айтуынша, күйеуінен алтыншы баласына аяғы ауыр кезде кетіп қалған. Қазір Алматы қаласындағы "Жансая" дағдарыс орталығына тұрақтағанына бір жарым ай болды.

Sputnik Қазақстан тілшісі орталыққа барып, әйелдің жағдайын білді. Жас келіншектің бір жарым жастағы баласының аяғы ыстық суға күйіп қалған, содан бері екі рет жансақтау бөлімінде өмір үшін арпалысты. Көпбалалы ана мойымай, жақындарынан ақша алып, баласын аяққа тұрғызды. Дегенмен толық сауығып кетуі үшін әлі де қаражат қажет.

"Бұған дейін басқа дағдарыс орталығында тұрдым. Ол жерде бас сауғалап барған аналар кезекпен ас әзірлейді. Кішкентай балам жөргекте болған соң қиналып кеттім. Ыңғайсыз болған соң кетіп қалдым. Одан кейін пәтер жалдап тұрдым. Оны пәтер деуге де келмейді. Бұрын дүкен болған жерді айына 12 мың теңгеге берді. Ішінде тарақан мен тышқан жүретін, өте суық болды", - деп еске алды әйел.

Шолпан Оразбаева
© Sputnik / Айгерім Таубай
Шолпан Оразбаева бес баласымен бірге дағдарыс орталығында тұрып жатыр, бір қызын ата-анасының жанына жіберген. Орталықта бірнеше әйел балаларымен бірге бір бөлмеде тұрады

Шолпанның ата-анасы да Алматыда пәтер жалдап тұрады. "Күйеуі" іздеп барып, ол кісілердің де мазасын алмауы үшін пәтерге шыққан.

Бір ай бойы алып қашып кеткенін білмеген 

Шолпан Оразбаева Қарақалпақстанда дүниеге келген. Бірінші сынып оқитын кезінде ата-анасы, бауыларымен бірге Алматыға қоныс аударды. Өзі – егіздің сыңары. 

Әңгіменің төркінін осыдан 11 жыл бұрынғы оқиғадан бастасақ, Шолпанды 18 жасында өзінен бес жас үлкен жігіт алып қашып кеткен. Содан кейін бір ай бойы ата-анасына ол жайлы хабар бермеген.

"Есіктің жігіті алып қашып кетті. Басында жұмыс істеген еді. Мені алғаннан кейін жұмыс істемей қойды. Үйде бос жататын болды. Арасында бір күндік жұмысқа шығып жүрді. Тұңғышыма аяғым ауыр болған сәттен іше бастады. Достарымен қыдырып, бірнеше күнге жоқ болып кететін", - дейді Шолпан.

Айтуынша, күйеуінің әкесі де ішімдік ішеді. Үйіне мас адамдарды жинап алған күндері де болған.

"Күйеуім көзімше шөп шегіп отыратын. Иісі де жаман еді. Көзі қызарып, біртүрлі сөйлейтін. Соны шегіп алса, тиісе бастайды. Бала жылап қалса, соны ұрып-соғатын, лақтырып жіберетін. Содан екеуміз қатты ұрсып қалатынбыз. Бірақ үйден қашпайтынмын. Қоятын шығар деп сендім. Сондай сәтте ұйықтап қалса екен деп тілейтінмін", - дейді келіншек.

Шолпанның айтуынша, ұрып-соғуына көп жағдайда қызғаныш себеп болған. Әйелі ешқайда шықпауы үшін киімдерін де өртеп жіберген.

"Төртінші балам дүниеге келген кезде ата-анамның үйіне кетіп қалдым. Артымнан келіп, кешірім сұраған соң қайтып бардым. Содан кейін анам менімен бір ай сөйлеспей қойды. Үйге барған соң ұрып-соғу қайта басталды. Сол ұлым әкесінен аумай қалған, бірақ соны көп ұратын. Төсекке лақтырып, жұлқылайтын", - дейді әйел.

Айтуынша, қолындағы алты айлық сәбиді әкесі әлі көрмеген.

"Көремін деп талпынды, бірақ рұқсат бермедім. Босанып жатқанымда ауруханаға келген жоқ. Күйеуімнің әпкелерімен сөйлесіп тұрамын, солар арқылы естіді. Басқа балаларым дүниеге келгенде де ізімнен келіп, бір ыстық тамақ әкелген емес. "Ұлды болдым", "қызды болдым" деп достарымен ішімдік ішетін. Мен ауруханада аш жататынмын", - деп көзіне жас алды келіншек.

Көпбалалы ана
© Sputnik / Айгерім Таубай
Көпбалалы ананың бір жарым жасар баласының сол қолы жұмыс істемейді. Оның еміне де қомақты қаражат қажет

Көпбалалы ана осындай жағдайдан кейін сәби дүниеге әкелмеу туралы да ой болғанын жасырмады. Алайда күйеуінің қорқытып-үркіткенін де айтты.

"Осыдан тумай көрші..." деп қорқытатын. Сәбиді босанып, ауруханадан шыққаныма екі ай болса, "көтердің бе?" деп қайта аңди бастайтын. "Неге көтермей жүрсің?" деп ұрып-соғатын", - дейді әйел.

9 айлық баласы күйіп қалған

Грэсте пәтер жалдап тұрып жатқанында Шолпан бір күні күйеуін үйіне кіргізген. Ол кезде анасының ақылын тыңдаған екен. Өзгерді деп сенген. Содан күйеуі қолында бар ақшасын алып, азық-түлік әкелемін деп шығып кетеді.

"Келетін шығар деп ойладым. Қолымдағы бар ақшаны бердім. Содан кеш батты, балалардың қарны аша бастады. Барып дүкеннен роллтон алып келдім. Үйде газ да бітіп қалған еді. Көршімнен электр шайнек алып, су қойдым. Сол қайнап болған кезде балама төгіліп кетті. Сол оқиғадан кейін оны қуып жібердім", - дейді әйел.

Қазір бір жарым жастағы ұлының сол қолы жұмыс істемейді. Бір аяғының терісі жиырылып жатыр. Анасы келешекте екі аяғы екі түрлі бола ма деген қорқынышы бар екенін айтты.

"Дәрігерге әр апарғанымның құны – 35 мың теңге. Айына алты балаға 66 мың теңге алып отырмын. Балам қолын үнемі жұмып жүреді. Соған арналған арнайы аппарат бар екен. Оның бағасы бір жерде 50 мың, басқа жерде 60-70 мың деп тұр. Дәрігер баламды жүрмейді, сөйлей алмайды деп айтты. Алақан жайдым. Сөйтіп жүріп аяққа тұрғыздым, қазір жайлап сөйлейді. Қызыма да телефон алып бергім келеді, қазір онлайн сабаққа қатысып жүр", - дейді Оразбаева.

Шолпан Оразбаева
© Sputnik / Шолпан Оразбаеваның жеке архивінен алынды
Келіншек алты баласына айына 66 мың теңге жәрдемақы алады

Шолпан күйеуінің сондай қиын сәтте жанынан табылмағанын айтып, қынжылып отыр. Ол жақсы жаңалық барын естісе, іздеп келуді әдетке айналдырған. Айтуынша, күйеуі қазірге дейін хабарласады.

"Хабарласқан кезде өлтіріп кетемін деп қорқытады. Одан бұрын баласына беретін тәрбиесі жоқ. Баласына "бандит болады", "бауыздайтын болады" деп үйретіп отырады. Телефонда да боқтық сөз үйретеді", - дейді әйел.

Балаларды ұратын болған соң кеттім. Қыста көршінің үйіне де қашып баратынбыз. Іздеп жүріп, тауып алса, шашымнан сүйреп алып кететін, дейді көпбалалы ана.

Айтуынша, әйел бір рет Есік қаласының полициясына арызданған. Алайда біраз уақыт өткен соң арызын қайтып алған.

Шолпанның арманы

Шолпанның тұңғышы 10 жаста, одан кейінгі қызы тоғызда. Бір ұлы 4 жаста болса, одан кейінгі перзенті 2,5 жаста. Кіші ұлы – бір жарым жасар, кенжесі алты айлық нәресте. Алғашқы екеуі мектепте оқиды.

Мектептен кейін оқу орнында білім алмаған Шолпан Оразбаева тігінші немесе аспаз оқуын оқып алсам дейді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Asar-ume (@asarume_kz)

Жақында ғана Asarume қоры үй алуы үшін келіншектің қолына 6 миллион теңге беріпті. Енді Шолпан 5 миллионға үй алып, қалған ақшаға көлік алғысы келеді. Үйінің алдынан азық-түлік сататын дүкен ашсам деген де арманы бар.

Көпбалалы анаға Kaspi Gold арқылы көмек көрсетуге болады (4400430111238397 Шолпан Ермекбаевна)

10 жыл бойы заңды некеге тұрмаған

Он жыл бойы бір шаңырақта өмір сүргенімен Алтай мен Шолпан арасында заңды неке болмаған. Тіпті алты баланың біреуінің метіркесінде ғана әкесі екені жазылған. Қалған бес бала анасының тегін алған. 

"Балаларға алимент төлемеймін деп айтты. Төлесем де әкелік құқық берілген жалғыз балаға ғана төлеймін, оны 18 жасқа толған соң өндіріп аламын деді. Қолымдағы алты айлық қызымды "менен емес, басқадан тудың" деп айыптайды", - дейді Шолпан.

Айтуынша, біраз уақытқа дейін күйеуімен қайта қосылу туралы ойы болған. Алайда енді балалары үшін өмір сүремін деп отыр.

"Кешеге дейін балалар үшін қайта қосылсам деген ой болды. Қазір ұмыттым, қосылатын ойым жоқ. Балалар да әкесіне барғысы келмейді. Осылай жүргеніме бір жарым жыл болды. Бала керек болса, тіршілік жасап, түзелдім деп келер еді, осылайша өзіне бәрібір екенін көрсетті. Ендігі арманым – балаларымды елге жалтақтатпай өсіру", - дейді әйел.

Келіншек екінші рет тұрмыс құру туралы ойы жоқ екенін де айтты.

Дағдарыс орталығы 50 адам қабылдай алады

Бұл орталық 2017 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы деп ашылған. Орталықтың мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қабылдау, оларға көмек көрсету. Бұл жерде медициналық, педагогикалық, заңгерлік, тұрмыстық, еңбек бағыты бойынша көмек көрсетіледі. 

"Әйел орталыққа келген кезде оның психологиялық жағдайын анықтаймыз. Бізге келетін әйелдердің міндетті түрде баласы болады. Отбасы ішінде қол көтеру, ұрыс-керістің куәсі болған баланың да психологиялы бұзылған күйінде келеді. Алғашқы үш күнде анаға да, балаға да ешқандай қысым көрсетпей, тыныштық береміз. Содан кейін ғана мамандар жұмыс істей бастайды", - дейді арнайы әлеуметтік көмекті бағалайтын қызметкер Зүлфия Омарова.

Зүлфия Омарова
© Sputnik / Айгерім Таубай
"Жансая" дағдарыс орталығының әлеуметтік қызметкері Зүлфия Омарова

Бұл мемлекеттік мекеме болған соң әйелге де, балаға да бес уақыт тамақ тегін беріледі. Өзі табыс таба алатындай арнайы курстарға қатысу мүмкіндігі де қарастырылған. 

"Көп жағдайда көпбалалы аналардың өзін-өзі бағалауы өте төмен. Олар баланы дүниеге әкеліп, күйеуінің қолына қарап отырған. Экономикалық жағынан бағынышты болған. Ақша берсе алады, бермесе, сұрамайды. Сол жағынан көп көмек көрсетеміз. Әйелдер бізден кетер кезде бір істі меңгеріп шығады", - дейді маман.

"Жансая" дағдарыс орталығы 50 адамға лайықталған. Қазір бұл жерде 17 әйел, 31 бала тұрып жатыр.

Көпбалалы анаға Kaspi Gold арқылы көмек көрсетуге болады. 4400430111238397 Шолпан Ермекбаевна

1486
Кілт сөздер:
көпбалалы отбасы, бала, күйеу, келіншек
Тақырып бойынша
Көпбалалы ана жаңа оқу жылы туралы: бес балам бір телефон қолданады
Күйеуі ұрып-соғатын әйелдер өзін қалай қорғай алады - мамандар кеңес берді
Көпбалалы отбасылар қашықтан білім алудың қиындығы туралы айтты - видео
Жылап тұрып көмек сұраған қостанайлық мұғалімнің бұрынғы күйеуі видео жариялады
Өскеменде көпбалалы ана полицияға өтініш жазып, балаларын алып кетуді сұрады
Сұлтанғали Смайылов ұлдарымен бірге

"Оттан қорықпайтын адам жоқ": өмірін адам құтқаруға арнаған әулетпен сұқбат

409
(Жаңартылды 16:52 19.10.2020)
19 қазан – құтқарушылар күні. Биыл азаматтық қорғау органдарының құрылғанына 25 жыл болды. Sputnik Қазақстан тілшісі құтқару қызметінде жұмыс істейтін Смайыловтар отбасымен сұқбаттасты

АЛМАТЫ, 19 қазан – Sputnik. Өрт – тілсіз жау. Төтенше жағдайды алдын ала болжап білу мүмкін емес. Ал ұшқыннан шыққан өртті ауыздықтауда ондаған, тіпті жүздеген адамның маңдай тері жатыр. Зейнеттегі азаматтық қорғау полковнигі Сұлтанғали Смайылов бұл салаға 33 жылын арнаған. Артынан ерген екі ұлы да ізін қуды.

Өрт сөндірушіден департамент басшысына дейін

Түркістан облысы Қызылқұм ауданында дүниеге келген Сұлтанғали Смайылов 2020 жылы ақпанда зейнетке шықты. Алайда бұл саладан әлі де болса, алыстай қойған жоқ. Себебі екі ұлы да әкесі секілді қызмет бабын қатардағы өрт сөндіруші болудан бастады. 

"Нағашым өрт сөндіруші болды. Қазір ол кісі де зейнетке шықты. Нағашымның жұмысына қарап, елге қызмет жасап жүргенін көріп, бір жағынан формасына да қызығып осы саланы таңдадым", - деп бастады әңгімесін зейнеттегі азаматтық қорғау полковнигі.

Осылайша Сұлтанғали Иманғалиұлы 1987 жылы Алматыда өрт-техникалық училищесінде оқуды аяқтап, туған жеріне оралған. Сол жылы Түркістан қаласында өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы болып жұмысқа орналасқан.

"Бастапқыда қарауыл бастығы болдым. Бұл қазіргі тілмен айтқанда – ауысым жетекшісі. Бір ауысымға 10-12 жігіт түседі. Бәріміз бірге өртті сөндіруге барамыз, жетекші болған адам өрт қауіпсіздігі сақталуын бақылайды. Ал жалпы сол жердегі құтқарушылармен қатар жұмыс істейді", - деп түсіндірді алғашқы жұмысын Смайылов.

Айтуынша, еңбек жолын басшылық қызметтен бастауына бұған дейін әскер қатарында борышын өтегені, сонымен қатар Алматыда білім алып келгені әсер еткен.

Одан кейінгі жылдары аға инженер, аға анықтаушы, бөлім бастығының орынбасары, бөлім бастығы, облыстық төтенше жағдай басқармасының басшысы қызметін атқарған. Зейнетке шығар алдында Түркістан облысы ТЖД бастығының орынбасары болды.

"Жарылыс болып, құлап түстім"

Смайылов сұқбат барысында қызмет жолында есінде жақсы сақталған үш төтенше жағдайды айтып берді.

"Жұмысқа орналасқаныма бірнеше жыл болған кезде Шымкентте май сақтайтын ірі зауытта өрт шықты. Бізді қосымша күш ретінде жіберген болатын. Сол кезде адам шығыны да болды. Өрт сөндіру барысында қатты жарылыс болып, сол жарылыстан құлап түстім. Саусағым шығып кетіпті", - деп еске алды ол.

Оттан қорықпайтын адам жоқ
© Photo : Смайыловтар әулетінің жеке архивінен алынды
Зейнеттегі полковник басынан кешкен үш төтенше жағдай туралы айтып берді

Тағы бір оқиға – Төрткөлдегі мақта зауытыныңдағы өрт. Айтуынша, сол кезде күн өте қатты суық болған. Оған Төрткөлдің желі қосылып, өртті ауыздықтау оңайға соқпаған. Екі минут тоқтап қалсақ, желдің күшінен өрт сөндіргіш құрылғы қатып қалатын еді, дейді ол.

Келесі төтенше жағдай – Арыс қаласындағы жарылыс. Ол кезде облыстың төтенше жағдай департаменті басшысы еңбек демалысында болып, Смайылов басшылық қызметті атқарып жүрген. Әңгіме кезінде сол жердегі оқиғаны еске алды. 

"Арыс қаласына жақындағаннан-ақ жарылыстың дауысы, снарядтың ұшқыны ұшып жатты. Бізді көрген халық көмек сұрай бастады. Үш қабатты тұрғын үйдің ішінде мүгедек адам қалып қойғанын айтқан соң қызметтік автокөлікпен барып, сол кісілерді шығарып алдық", - деді ол.

Айтуынша, өрт сөндіру көлігінің ішінде тұрған кезде құтқарушылардың жанына жарылғыш зат түскен.

Иыққа погон таққан соң...

Сұлтанғали Смайыловтың екі ұл, екі қызы бар. Қос ұлының құтқару саласында қызмет етуіне өзі бастамашы болмаса да, үлгі бола білгенімен байланыстырды.

"Полиция, прокуратураның жұмысы өте қиын. Ұлттық қауіпсіздік қызметіндегілер үйдің бетін көрмейді. "Балам, әкенің жолын қуып, адал жұмыс істесең, жетістікке жетесің" дегенімде, ұлдарым бұл сөзімді құп көрді. Себебі өздерінің ынтасы болды. Мен қанша қинасам да, бұл саланы ұнатпай тұрса, қызмет ете алмайды", - дейді ол.

Әкенің сөзін кенже ұлы да қостай кетті. Азаматтық қорғау қызметінде екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Ерғали Сұлтанғалиұлы әкесі мен ағасының формасына, еңбегіне қарап қызығушылық пайда болғанын жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстанда құтқарушылардың білім алуы үшін бар жағдай жасалғанын айтты.

"Көкшетеу техникалық институтында тегін білім алдым. Ол жерде білім алған түлектерді жұмысқа міндетті түрде орналастырады. Иыққа погон таққан соң, өсуге деген талпыныс бар", - дейді Ерғали.

Смайыловтар әулеті
© Photo : Смайыловтар әулетінің жеке архивінен алынды
"Балам, әкенің жолын қуып, адал жұмыс істесең, жетістікке жетесің"

Ал тұңғыш перзенті Серікғали Сұлтанғалиұлы 19 жасынан бас азаматтық құтқару саласында қызмет етіп келеді. Биыл осы салада жүргеніне 11 жыл болды. Оның ішінде 2009-2018 жылдары өрт сөндіруші болған. Бұл жылдары елорда мен Шымкент қаласында жұмыс істеген. Кейінгі екі жылда лейтенант шешін алған соң Түркістан облысына ауысқан. 

"Үйдің үлкен баласы болған соң әкенің жолын жалғауды өзіме жетістік санадым. Екіншіден, бала күнімен құтқарушының қызметін көріп өстім. Елдің алғысын алып, ел игілігіне қызмет еткім келді. Әкемнің тарапынан таңдауыма қысым жасау не қарсылық таныту болған емес", - дейді үлкен ұлы.

Әкем – ұстазым. Ол кісі болса, басқа ұстаздың қажеті де жоқ. Өзі қатал әрі тәртіппен жүреді, дейді Серікғали әкесі жайлы.

Әке өсиеті

Сұлтанғали Смайылов қос ұлына Қазақстанның әр азаматын қорғау – қызметтік парызы екенін үнемі айтып отырады.

Ерғали Сұлтанғалиұлы
© Photo : Смайыловтар әулетінің жеке архивінен алынды
Ерғали Сұлтанғалиұлы құтқарушылар күнінің 25 жылдығына орай Түркістан облысы ТЖД бастығының алғыс хатымен марапатталды

"Елін, халық сүйген адам әрқашан өседі. Екі ұлыма да адамды оттан, судан қорғау – қызметтік парызы екенін үнемі айтып отырамын. Ұлдарымның жұмысына байланысты өміріне қауіп төнеді деп қорықпаймын. Не болса да қызмет бабындағы жағдай деп қараймын", - дейді Смайылов.

Үлкен ұлы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Серікғали Сұлтанғалиұлы осы салада зейнетке шыққанша жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

"Оттан қорықпайтын адам жоқ, алайда қауіпсіздік шараларын сақтаса бәрі жақсы болады. Ішкі тәртіп бойынша ғана жұмыс істеу қажет. Елге қызметке әрқашан дайынбыз. Зейнетке де осы салада шыққым келеді", - дейді үлкен ұлы Серікғали.

Ал кенже ұлы құтқару қызметінде қыздардың да көп жұмыс істейтінін айтып, болашақ жарының да осы салада қызмет етуі мүмкін екенін жеткізді.

409
Кілт сөздер:
сұхбат, өрт сөндірушілер
Тақырып бойынша
"Басқа іспен айналыса алмаймын" Әке жолын қуған полицейдің әңгімесі
"Таңдауым Ерланға түсті": ерлі-зайыпты полицейлер махаббат хикаясын айтып берді
17 жыл бойы краншы болған әйел: жұмысқа таңғы 5-те тұрамын
Көп жыл Назарбаевтың ұшағын басқарған пилот Елбасы туралы айтып берді
Елордада өрт сөндірушілер коронавируспен күресуге көшеге шықты – видео
Алматының орталық мешіті

Қарашадан бастап бес уақыт намазды мешітте оқуға болады

15
Қазақстанның мешіттерінде күн сайынғы бес уақыт намазды оқуға рұқсат етілді. Бірақ залдағы адам саны 100-ден аспауы тиіс

НҰР-СҰЛТАН, 26 қазан – Sputnik. Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның селекторлық отырысы өтті, деп хабарлады primeminister.kz.

Отырыста мешіттер мен театрларға қатысты жаңа ереже бекітілді.

Сонымен, 2 қарашадан бастап күн сайынғы бес уақыт намазды мешітте оқуға рұқсат етіледі. Бірақ залдағы адам саны 100-ден аспауы тиіс. Сонымен қатар, 2 метр әлеуметтік арақашықтық, қатаң санитарлық-дезинфекциялық режим сақталады. Келушілердің барлығы маска тағуы керек, олардың дене қызуы өлшенеді.

Жұма намазын оқуға әзірге рұқсат етілген жоқ.

Оқи отырыңыз: Екінші тоқсаннан бастап қандай мектептер дәстүрлі форматқа көшеді?

Сондай-ақ театрлардың жұмысы да талқыланды. Залды 30%-ке дейін толтыруға болады, бірақ 100 адамнан асып кетпеуі керек.  Мұнда да әлеуметтік арақашықтық, маска режимі сақталады.    

15
Кілт сөздер:
мешіттер, намаз, жұма намаз
Тақырып:
Төтенше жағдай және карантин
Тақырып бойынша
Тоқаев карантин енгізген кезде кәсіпкерлердің мүддесін ескеруді тапсырды
Нұр-Сұлтанға келген 100-ден астам жолаушы карантинге жіберілді
Алматыда бас санитар дәрігердің жаңа қаулысы шықты
Бекшин Алматыда инфекция жұқтырғандар неге көбейгенін айтты
Нұр-Сұлтанда карантин күшейтіле ме – әкім астаналықтарға үндеу жасады