"Жолаушыларға жақындауға қорықтым": бортсерік басынан кешкен жағдайды айтып берді

© Photo : Айдын Әбитаевтың жеке архивінен алындыАйдын Әбитаев бортсерік
Айдын Әбитаев бортсерік - Sputnik Қазақстан
Жазылу
12 шілдеде бүкіләлемдік азаматтық авиация бортсерігі күні аталып өтеді. Кәсіп иесіне қойылатын талап пен қызметтегі қызықтар жайлы қазақстандық бортсерік әңгімеледі

АЛМАТЫ, 12 шілде – Sputnik, Айгерім Таубай. Кәсіби мереке қарсаңында Air Astana әуе компаниясында төрт жылдан бері қызмет етіп келе жатқан бортсерік Айдын Әбитаев Sputnik Қазақстан тілшісіне қызметінің қыр-сыры туралы айтып берді.

- Айдын, бортсерік болуыңыздың қандай да бір ерекше себебі бар ма? Бала кезіңізден арманыңыз ба, әлде есейе келе ел көруге деген қызығушылық пайда болды ма? Неше жылдан бері әуе компаниясында қызмет етіп келе жатырсыз?

Төрт жыл екі айдан бері бортсерік болып қызмет етемін. Бұл мамандықты әлемдегі мәртебелі мамандықтардың бірі деп санаймын. Менің де өге әріптестерім секілді бұл салаға әлемді шарлап, әртүрлі елдің салт-дәстүріне, өміріне үңілгім келді деуге болады. Сонымен қатар мектеп кезінен ағылшын тіліне жақын болдым. Осы салада тіл жағынан да көп тәжірибе жинадым.

- Бортсерік болу үшін қандай талап қойылады. Сынақтардан қалай өттіңіз?

Кез келген сала сияқты, бортсерік боламын деген үміткерге бірнеше талап қойылады. Ең алдымен, үміткер қазақ, орыс, ағылшын тілін жетік білуі, еркін сөйлей алуы қажет. Қосымша қытай және түрік тілін білсе, құба-құп. Ұшақ бортындағы жұмысымыздың ең басты бөлігінің бірі жолаушыларға қызмет көрсету болғандықтан, осы салада тәжірибе болғаны жөн. Тартымды келбет те рөл ойнайды. Ер адамның бойы кем дегенде 170 см, әйелдердікі кем дегенде 165 см болу қажет деген талап та бар. Сондай-ақ, жас жігіттер үшін әскери есепке алу құжатының болуы маңызды.

© Photo : Айдын Әбитаевтың жеке архивінен алындыАйдын бірінші іріктеуден өте алмай, екінші рет бақ сынап көргенін айтады
Жолаушыларға жақындауға қорықтым: бортсерік басынан кешкен жағдайды айтып берді - Sputnik Қазақстан
Айдын бірінші іріктеуден өте алмай, екінші рет бақ сынап көргенін айтады

Егер үміткер осы талаптарға сай болса, компанияның сайтында көрсетілген поштаға түйіндеме және түрі анық көрінетін фото жіберуі қажет.
Өзім жайлы айтар болсам, мен де іріктеуден бірден өте қойған жоқпын. Бірінші рет іріктеудің барлық кезеңін өтіп, соңғы кезеңінен "құлап қалдым". Екі жыл бойы ағылшын тілінде ешкіммен сөйлеспей, тәжірибе болмағандықтан, аздап ұмытып қалсам керек. Алайда екінші рет бағымды сынап көрдім. Бұл жолы дайындығым мықты болды. Қайтадан құжат жіберу үшін арада жарты жыл өту қажет. Бұл салаға қызыққаным соншалық, жарты жыл бойы ағылшын тілін қайталап, дайындалдым. Екінші рет тапсырғанда сынақтардан сүрінбей өту оңайға түсті.

- Қызмет бойынша қанша елді көріп, ішкі рейстерде қай қалаға бару мүмкіндігіне ие болдыңыз?

Бортсеріктер де ұшқыштар сияқты әуеде өткізген сағатын санайды. Сайтта қанша сағат ұшқанымыз көрініп тұрады. Қызмет бабымен 16 мемлекетте болдым. Кей мемлекеттің бірнеше қаласын көрдім. Мысалы, Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург қаласына бардым. Қазақстанды алатын болсақ, осы жұмыстың арқасында Нұр-Сұлтан, Алматы, Қостанай, Орал, Атырау, Ақтау қалаларын көрдім.

- Ұшақта қызықты, есте қаларлық оқиғалар жиі болып тұра ма?

Жұмыста күн сайын түрлі оқиға болады. Арасында ерекше есте қалатыны да бар. Бірде Лондоннан Нұр-Сұлтан қаласына шотландиялық футбол жанкүйерлері келді. Шамамен алты жарым сағаттай ұштық. Жолаушылар алты сағат бойы ұшақта әндетіп, көңіл көтеріп келді. Тамақпен түрлі сусындар беріледі. Ұшақ қонуға жақындаған кезде арбамен ұшақ салонына кірдік. Сонда жанкүйерлер салонның басынан аяғына дейін бір қатарға тізіліп тұрып, ыдыстарды бір-біріне беріп, бізге жинап берді. Ең қызығы, барлық шотландиялық ер адам белдемше киіп алған еді. Бұл ол кісілер үшін қалыпты өмір, үйренген киімі. Ал біз мұндайды күнде көрмегендіктен, өте қызық болып көрінді.

© Photo : Айдын Әбитаевтың жеке архивінен алындыБортсеріктер де ұшқыштар сияқты әуеде өткізген сағатын санайды
Жолаушыларға жақындауға қорықтым: бортсерік басынан кешкен жағдайды айтып берді - Sputnik Қазақстан
Бортсеріктер де ұшқыштар сияқты әуеде өткізген сағатын санайды

- Карантин кезінде жұмыс істеуде қандай қиындық бар? Жолаушылар барлық қорғаныс шараларын сақтай ма?

Карантин жолаушылармен қатар бортсеріктерге де көп әсерін тигізді. Үнемі бетперде, қолғап тағып жұмыс істеу керек. Бірақ уақыт өте келе оған да үйреніп кетеді екенсің. Ең бастысы – әріптестеріміз бен жолаушылардың қауіпсіздігі. Соны жолаушылар да өз тарапынан есте сақтап жүрсе дейміз. Себебі әр рейсте кем дегенде 3-4 жолаушы бетпердесін киюден бас тартып немесе ұшу барысында шешіп қояды. Ондай жағдайда мұрын мен ауызды жабатындай етіп тағу керек екенін қайта-қайта айтуға тура келеді.

- Бортсерік қызметі адамның қандай қасиетін, қырын дамытады деп ойлайсыз?

Бортсерік болған адам психолог болып алады. Уақыт өте, тәжірибе жинай келе, ұшақ бортына келген жолаушылардың қандай екенін бірден аңғаруды үйренеді екенсің. Ұшақтағы барлық жолаушыны жақының секілді жақсы көріп тұрасың. Бірақ кейде әртүрлі жағдайға байланысты еркелігін, көңіл-күйінің жоқ екенін, ұшудан қорқатынын көрсететіндер де бар. Бортсерік ретінде әр жолаушының көңілін аулап, барынша көмектееміз. Әр жолаушының бабын табуға тырысып, ұшақтан барынша көтеріңкі көңіл-күймен шығу үшін бар күшімізді саламыз. Әсіресе, бала ерткен аналарға, балалар мен қарт кісілерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ерекше көңіл бөлінеді.

- Бортсерік болу ер адамның жұмысы емес деп бағалайтындар да бар. Қалай жауап берер едіңіз?

Бортсерік, ең алдымен, ұшақ бортындағы жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әлемдік стандарттарға сай үздік қызмет көрсетуге жауапты. Жұмысты ер адамға немесе әйелге арналған деп бөлуді құптамаймын. Қолыңнан келіп тұрса, денсаулығыңа зақым келмесе, табыс пен жан дүниеңе ләззат сыйласа болғаны. Керісінше, осы салада ер азаматтардың көп болғанын қалаймын. Ұшақ ішінде арба мен контейнерлердің өзі өте ауыр болады. Оларды қозғалтып, жылжыту оңай емес. Кейбір жүк сөресін жабу тіпті қиын. Сондай кезде экипаж ішінде ер азамат болса, әріптестеріміз де қатты қуанады. Жеке өзім бортсерік екенімді мақтан тұтамын.

- Алғаш рет бортсерік ретінде әуеге көтерілген сәт есіңізде ме, қандай сезімде болдыңыз?

Шыны керек қатты қобалжыдым. Тіпті жолаушыларға жақындауға қорықтым. Өте баяу қимылдап, көп дүниеге таңғалдым. Жолаушының үстіне бір зат төгіп аламын ба деп уайымдадым. Бұл мектептен барлық бортсерік өтті деп ойлаймын. Уақыт өте келе тәжірибе жинақтайсың. Әріптестерім қолдау көрсетіп, ол үрейден де арылдым.

© Photo : Айдын Әбитаев жеке архивінен алынды"Бортсерік болған адам психолог болып алады"
Бортсерік болған адам психолог болып алады - Sputnik Қазақстан
1/3
"Бортсерік болған адам психолог болып алады"
© Photo : Айдын Әбитаев жеке архивінен алынды"Жолаушының үстіне бір зат төгіп аламын ба деп уайымдадым"
Жолаушының үстіне бір зат төгіп аламын ба деп уайымдадым - Sputnik Қазақстан
2/3
"Жолаушының үстіне бір зат төгіп аламын ба деп уайымдадым"
© Photo : Айдын Әбитаевтың жеке архивінен алынды"Осы салада ер азаматтардың көп болғанын қалаймын"
Осы салада ер азаматтардың көп болғанын қалаймын - Sputnik Қазақстан
3/3
"Осы салада ер азаматтардың көп болғанын қалаймын"
1/3
"Бортсерік болған адам психолог болып алады"
2/3
"Жолаушының үстіне бір зат төгіп аламын ба деп уайымдадым"
3/3
"Осы салада ер азаматтардың көп болғанын қалаймын"

Ұшу барысында ең қорқыныштысы – ашық аспан кезіндегі турбуленттілік. Бұл ешқандай радар арқылы анықталмайтын табиғи құбылыс. Ұшып бара жатқан ұшақ кенеттен бірнеше ондаған метрге түсіп кетеді. Белдікті байламай отырған жолаушылар немесе салонда жүрген бортсеріктер жарақат алуы мүмкін. Сол себепті жолаушылардан ұшу кезінде белдікті тағып отыруларын сұраймыз. Жұмыс істеп жүргеніме жарты жыл болған кезде осыған ұқсас оқиға болды. Ұшақ кенет қатты сілкінді. Әріптесім екеуіміз ұшақтың артқы жағында арбаларды дайындап жүрген едік. Кенет бір жақтан екінші жаққа секіріп түстім. Арба құлап, оның үстіндегі сусын мен шарап сынып, жерге төгілді. Әйтеуір, ешкім зардап шеккен жоқ. Бірақ бір сағат бойы жүрегім дүрсілдеп, орын таба алмадым. Бұл маған үлкен тәжірибе болды.

- Бортсерікке қандай талап қойылады?

Кез келген жұмыста ең басты талаптардың бірі – тәртіпке бағыну. Бұл қызметке кіріскен алғашқы күннен бастап уақытымды, күн тәртібімді алдын ала жоспарлауды үйрендім. Жұмысқа әрқашан уақытында жиналамын, әсіресе, шет елде жүрген кезде (күліп). Бортсерік болу тәртіппен қатар бірқатар жағымды әсер қалдырады. Әлемді көруге мүмкіндік береді, жаңа жоспар мен таныс адамдар қатарын арттырып, керемет естеліктер қалдырады.

-Әңгімеңізге рахмет! Ісіңізге табыс, сәтті сапар тілейміз!

Жаңалықтар
0