Ермек Тұрсынов

"Бұлардың істеп жүргені - мазақ": Ермек Тұрсынов ашық сұхбат берді

5406
(Жаңартылды 23:20 07.08.2020)
Кинорежиссер бір жылдан бері қандай ұсынысы әлі де жүзеге асырылмағанын, кімнің фильмдері көңілінен шықпайтынын айтты

АЛМАТЫ, 7 тамыз – Sputnik. Қазақстандық кинорежиссер, сценарист, Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ермек Тұрсынов ұлттық кеңестегі ұсынысынан кейін мәдениет министрімен қандай қарым-қатынаста екенін, сондай-ақ, қазіргі кино жайлы ойын Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.

Ұлттық кеңестегі ұсыныс

"Ұлттық қоғамдық кеңес құрылған кезде көбіне саясатқа байланысты мәселелер көтерілген болатын. Біраз нәтижелі жұмыс жүргізілді. Әсіресе, митингіге байланысты сұрақтардың жауабы шешілді. Бірнеше салмақты, маңызды шешім қабылданды деп айтуға болады. Ал мен мәдениетке байланысты мәселені көтердім", - дейді Тұрсынов.

Ермек Тұрсынов
© Photo : Ермек Тұрсыновтың жеке архивінен алынды
"Министрмен келіспей қалдық"

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2019 жылы өткен отырысында Ермек Тұрсынов мәдениет және спорт министрлігін бөлуді ұсынды. Тұрсыновтың айтуынша, содан кейін мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова режиссерға қоңырау шалған.

"Ол кісіге менің ұсынысым ұнаған жоқ. Мәдениет пен спортты бөлуді ұнатпады. Сөзге келіп қалдық деп айтуға келмес, бірақ пікіріміз екі түрлі болды. Келіспей қалдық. Ал көпшілік менің айтқанымды өте жақсы қабылдады. Қазірге дейін сол отырыста айтқан сөзімді желіде жариялап отырады", - дейді режиссер.

Ермек Тұрсынов сол отырыстан бері бір жылға жуық уақыт өтсе де, ұсынысының еш нәтиже бермегенін айтып өтті. Алайда республика аумағын аралаған кезінде адамдар ілтипат танытып, режиссер пікірімен толық келісетінін жеткізетін көрінеді.

"Ұлттық кеңес мүшелері мәдениет пен спортты бөлу туралы ұсынысымды өте жақсы қабылдады. Мен қазір де солай ойлаймын. Бәрі мәдениеттен басталады", - дейді Тұрсынов. Ең өкініштісі – сол ұсыныс тек сөз болып қалды, деп толықтырды ол.

"Кино үйі" төңірегіндегі дау

Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы одақ жұмыс істейтінін, алайда "Кино үйі" төңірегіндегі даудың екі жылдан бері шешімі табылмай жатқанын айтты.

"Кино үйі" мәселесі бір орыннан жылжымай тұр. Екі жылдан бері соттасып жатырмыз. Қара шаңырағымызды өзімізге қайтара алмай жүрміз. Сот жалғасып жатыр, қашан бітетіні тіпті белгісіз. Оны ешкім айта алмайды. Бармаған жерім жоқ. Қазір одақ мүшелері отырып жұмыс істейтін орын жоқ. Кейде "Қазақконцерт" ғимаратында, кейде мейрамханада кездесіп, жиналыс өткіземіз. Кейде "Қазақфильмнің" бірінші қабатындағы аядай бөлмеде жиналамыз", - дейді Тұрсынов.

Айтуынша, бұл мәселе кеше туындаған жоқ. Бір кездері одаққа басшылық еткен кісі "Кино үйінің" жартысын сатып жіберген. Одан кейін де басшылыққа келгендер қалған жарты бөлігін жалға беріп қойған. Содан бері сот процесі жүріп жатыр.

"Қазақфильм" басшылығы туралы

Ермек Тұрсыновтан бір салада жүрген әріптесі Ақан Сатаевтың "Қазақфильмге" басшы болып тағайындалғанына қатысты пікірін де сұрадық. Алайда режиссер бұл шешімнің артында жаман оқиға тұрғанын, алайда дәл қазір ашып айта алмайтынын жеткізді.

"Мұны дәл қазір ашып айта алмаймын. Себебі бұл мәселе қазір талқыланып жатыр. Қай жаққа шығаратынын айта алмаймын. Бірнеше аптада бұл мәселе шешіледі. Сатаевтың алдында "Қазақфильмді" Арман Әсенов басқарды. Оны бұл қызметте тоғыз ай қызмет істегеннен кейін орнынан алып тастау, меніңше, қате. Не болатынын көреміз", - дейді Тұрсынов.

Айтуынша, "Қазақфильмді" экономикадан хабары бар маман басқаруы керек.

"Қазақта "қисық аяққа қызыл кебіс не керек?" деген сөз бар. Режиссер – өнердің адамы, ал бұл қызметке есептің адамы, экономиканы білетін адам керек", - деді Ермек Тұрсынов.

"Істеп жүргені - мазақ"

"Тақиялы Періште", кешегі "Қыз Жібек" фильмдері ақша үшін жасалған жоқ. Бұл киноның авторлары ең алдымен елдің көңілін, елдің санасын ойлады. Ақша жағына келер болсақ, ол кейінгі заманның "модасына" айналып кеткен ұғым. Иә, ақшаға да мән беру керек, бірақ ақшадан басқа ешқандай мақсат болмаса, ол шедевр болмайды", - дейді Тұрсынов.

Премьера фильма Томирис
© Sputnik / Владислав Воднев
"Томирис" фильмінің премьерасы

"Ал арзанқол фильмнің миллиондап табыс табуы – көрерменнің надандығын көрсетеді, - деп жалғастырды Тұрсынов. - Қоянбаевтың түсіргенін кино деп айтуға болмайды, осыны адамдарға айтып түсіндіру керек. Баян Алакөзова да кітап жазды, бірақ ол әдебиет емес. Нұртас Адамбаев, Нұрлан Қоянбаев, Қайрат Нұртас пен Төреғалидің түсіріп жатқаны кино емес. Кино деп "Тақиялы періште", "Атамекен", "Қыз Жібекті" атауға болады. Ал бұлардың істеп жүргені – мазақ".

Сонымен қатар Тұрсынов "Томиристі" кино деп санамайтынын, бірақ оған әртістік құрамның еш кінәсі жоқ екенін айтты.

"Томирис" – кино емес. Бұған басқа алып-қосарым жоқ. Әртістердің еш жазығы жоқ, қойылған тапсырманы орындауға тырысты. Негізгі жауап беретін – режиссер", - деп түйіндеді сөзін Тұрсынов.

Режиссер Ермек Тұрсынов
© Photo : Ермек Тұрсыновтың жеке архивінен алынды
Ермек Тұрсынов режиссерлік мансабын "Келін" фильмінен бастаған. 2012 жылы режиссердің "Шал" фильмі шықты

Ермек Тұрсынов 1961 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Режиссерлік мансабын "Келін" фильмінен бастаған. 2012 жылы режиссердің "Шал" фильмі шықты. Сонымен қатар Тұрсынов бірқатар фильмге сценарий жазған.

5406
Кілт сөздер:
Ермек Тұрсынов, режиссер
Тақырып бойынша
"Томиристің" қазақшасы қайда?": Ақан Сатаев халықтан кешірім сұрады
"Қыз Жібекті" үш жыл түсірдік": актер әрі режиссер Асанәлі Әшімов жайлы не білеміз
Тұрсынов Димаштың жетістігіне ортақтасатын шенеуніктерді сынап тастады
Режиссер Ақан Сатаев басшылық қызметке тағайындалды
Белгілі режиссер Ақан Сатаев тұңғышын ұзатты – фото 
Шолпан Оразбаева

Шолпанның көз жасы: алты баласы бар 29 жастағы келіншек халықтан көмек сұрады

1473
(Жаңартылды 20:28 23.10.2020)
Алматылық көпбалалы ана он жыл бойы күйеуінің ұрып-соққанына қарамастан, отбасын сақтап қалуға тырысқан. Алайда сол уақыттан бері ер мен әйелдің арасында заңды неке болмаған, арадағы алты баланың біреуіне ғана әкесінің тегі берілген

АЛМАТЫ, 23 қазан – Sputnik. Бүгінде жас келіншек алты баласымен көпшіліктен көмек сұрап отыр. Алматылық 29 жастағы Шолпан Оразбаева алты баласымен бірге бір жарым жылдан бері күйеуінен қашып дағдарыс орталығы мен пәтерде бас сауғалап жүр.

Айтуынша, күйеуінен алтыншы баласына аяғы ауыр кезде кетіп қалған. Қазір Алматы қаласындағы "Жансая" дағдарыс орталығына тұрақтағанына бір жарым ай болды.

Sputnik Қазақстан тілшісі орталыққа барып, әйелдің жағдайын білді. Жас келіншектің бір жарым жастағы баласының аяғы ыстық суға күйіп қалған, содан бері екі рет жансақтау бөлімінде өмір үшін арпалысты. Көпбалалы ана мойымай, жақындарынан ақша алып, баласын аяққа тұрғызды. Дегенмен толық сауығып кетуі үшін әлі де қаражат қажет.

"Бұған дейін басқа дағдарыс орталығында тұрдым. Ол жерде бас сауғалап барған аналар кезекпен ас әзірлейді. Кішкентай балам жөргекте болған соң қиналып кеттім. Ыңғайсыз болған соң кетіп қалдым. Одан кейін пәтер жалдап тұрдым. Оны пәтер деуге де келмейді. Бұрын дүкен болған жерді айына 12 мың теңгеге берді. Ішінде тарақан мен тышқан жүретін, өте суық болды", - деп еске алды әйел.

Шолпан Оразбаева
© Sputnik / Айгерім Таубай
Шолпан Оразбаева бес баласымен бірге дағдарыс орталығында тұрып жатыр, бір қызын ата-анасының жанына жіберген. Орталықта бірнеше әйел балаларымен бірге бір бөлмеде тұрады

Шолпанның ата-анасы да Алматыда пәтер жалдап тұрады. "Күйеуі" іздеп барып, ол кісілердің де мазасын алмауы үшін пәтерге шыққан.

Бір ай бойы алып қашып кеткенін білмеген 

Шолпан Оразбаева Қарақалпақстанда дүниеге келген. Бірінші сынып оқитын кезінде ата-анасы, бауыларымен бірге Алматыға қоныс аударды. Өзі – егіздің сыңары. 

Әңгіменің төркінін осыдан 11 жыл бұрынғы оқиғадан бастасақ, Шолпанды 18 жасында өзінен бес жас үлкен жігіт алып қашып кеткен. Содан кейін бір ай бойы ата-анасына ол жайлы хабар бермеген.

"Есіктің жігіті алып қашып кетті. Басында жұмыс істеген еді. Мені алғаннан кейін жұмыс істемей қойды. Үйде бос жататын болды. Арасында бір күндік жұмысқа шығып жүрді. Тұңғышыма аяғым ауыр болған сәттен іше бастады. Достарымен қыдырып, бірнеше күнге жоқ болып кететін", - дейді Шолпан.

Айтуынша, күйеуінің әкесі де ішімдік ішеді. Үйіне мас адамдарды жинап алған күндері де болған.

"Күйеуім көзімше шөп шегіп отыратын. Иісі де жаман еді. Көзі қызарып, біртүрлі сөйлейтін. Соны шегіп алса, тиісе бастайды. Бала жылап қалса, соны ұрып-соғатын, лақтырып жіберетін. Содан екеуміз қатты ұрсып қалатынбыз. Бірақ үйден қашпайтынмын. Қоятын шығар деп сендім. Сондай сәтте ұйықтап қалса екен деп тілейтінмін", - дейді келіншек.

Шолпанның айтуынша, ұрып-соғуына көп жағдайда қызғаныш себеп болған. Әйелі ешқайда шықпауы үшін киімдерін де өртеп жіберген.

"Төртінші балам дүниеге келген кезде ата-анамның үйіне кетіп қалдым. Артымнан келіп, кешірім сұраған соң қайтып бардым. Содан кейін анам менімен бір ай сөйлеспей қойды. Үйге барған соң ұрып-соғу қайта басталды. Сол ұлым әкесінен аумай қалған, бірақ соны көп ұратын. Төсекке лақтырып, жұлқылайтын", - дейді әйел.

Айтуынша, қолындағы алты айлық сәбиді әкесі әлі көрмеген.

"Көремін деп талпынды, бірақ рұқсат бермедім. Босанып жатқанымда ауруханаға келген жоқ. Күйеуімнің әпкелерімен сөйлесіп тұрамын, солар арқылы естіді. Басқа балаларым дүниеге келгенде де ізімнен келіп, бір ыстық тамақ әкелген емес. "Ұлды болдым", "қызды болдым" деп достарымен ішімдік ішетін. Мен ауруханада аш жататынмын", - деп көзіне жас алды келіншек.

Көпбалалы ана
© Sputnik / Айгерім Таубай
Көпбалалы ананың бір жарым жасар баласының сол қолы жұмыс істемейді. Оның еміне де қомақты қаражат қажет

Көпбалалы ана осындай жағдайдан кейін сәби дүниеге әкелмеу туралы да ой болғанын жасырмады. Алайда күйеуінің қорқытып-үркіткенін де айтты.

"Осыдан тумай көрші..." деп қорқытатын. Сәбиді босанып, ауруханадан шыққаныма екі ай болса, "көтердің бе?" деп қайта аңди бастайтын. "Неге көтермей жүрсің?" деп ұрып-соғатын", - дейді әйел.

9 айлық баласы күйіп қалған

Грэсте пәтер жалдап тұрып жатқанында Шолпан бір күні күйеуін үйіне кіргізген. Ол кезде анасының ақылын тыңдаған екен. Өзгерді деп сенген. Содан күйеуі қолында бар ақшасын алып, азық-түлік әкелемін деп шығып кетеді.

"Келетін шығар деп ойладым. Қолымдағы бар ақшаны бердім. Содан кеш батты, балалардың қарны аша бастады. Барып дүкеннен роллтон алып келдім. Үйде газ да бітіп қалған еді. Көршімнен электр шайнек алып, су қойдым. Сол қайнап болған кезде балама төгіліп кетті. Сол оқиғадан кейін оны қуып жібердім", - дейді әйел.

Қазір бір жарым жастағы ұлының сол қолы жұмыс істемейді. Бір аяғының терісі жиырылып жатыр. Анасы келешекте екі аяғы екі түрлі бола ма деген қорқынышы бар екенін айтты.

"Дәрігерге әр апарғанымның құны – 35 мың теңге. Айына алты балаға 66 мың теңге алып отырмын. Балам қолын үнемі жұмып жүреді. Соған арналған арнайы аппарат бар екен. Оның бағасы бір жерде 50 мың, басқа жерде 60-70 мың деп тұр. Дәрігер баламды жүрмейді, сөйлей алмайды деп айтты. Алақан жайдым. Сөйтіп жүріп аяққа тұрғыздым, қазір жайлап сөйлейді. Қызыма да телефон алып бергім келеді, қазір онлайн сабаққа қатысып жүр", - дейді Оразбаева.

Шолпан Оразбаева
© Sputnik / Шолпан Оразбаеваның жеке архивінен алынды
Келіншек алты баласына айына 66 мың теңге жәрдемақы алады

Шолпан күйеуінің сондай қиын сәтте жанынан табылмағанын айтып, қынжылып отыр. Ол жақсы жаңалық барын естісе, іздеп келуді әдетке айналдырған. Айтуынша, күйеуі қазірге дейін хабарласады.

"Хабарласқан кезде өлтіріп кетемін деп қорқытады. Одан бұрын баласына беретін тәрбиесі жоқ. Баласына "бандит болады", "бауыздайтын болады" деп үйретіп отырады. Телефонда да боқтық сөз үйретеді", - дейді әйел.

Балаларды ұратын болған соң кеттім. Қыста көршінің үйіне де қашып баратынбыз. Іздеп жүріп, тауып алса, шашымнан сүйреп алып кететін, дейді көпбалалы ана.

Айтуынша, әйел бір рет Есік қаласының полициясына арызданған. Алайда біраз уақыт өткен соң арызын қайтып алған.

Шолпанның арманы

Шолпанның тұңғышы 10 жаста, одан кейінгі қызы тоғызда. Бір ұлы 4 жаста болса, одан кейінгі перзенті 2,5 жаста. Кіші ұлы – бір жарым жасар, кенжесі алты айлық нәресте. Алғашқы екеуі мектепте оқиды.

Мектептен кейін оқу орнында білім алмаған Шолпан Оразбаева тігінші немесе аспаз оқуын оқып алсам дейді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Asar-ume (@asarume_kz)

Жақында ғана Asarume қоры үй алуы үшін келіншектің қолына 6 миллион теңге беріпті. Енді Шолпан 5 миллионға үй алып, қалған ақшаға көлік алғысы келеді. Үйінің алдынан азық-түлік сататын дүкен ашсам деген де арманы бар.

Көпбалалы анаға Kaspi Gold арқылы көмек көрсетуге болады (4400430111238397 Шолпан Ермекбаевна)

10 жыл бойы заңды некеге тұрмаған

Он жыл бойы бір шаңырақта өмір сүргенімен Алтай мен Шолпан арасында заңды неке болмаған. Тіпті алты баланың біреуінің метіркесінде ғана әкесі екені жазылған. Қалған бес бала анасының тегін алған. 

"Балаларға алимент төлемеймін деп айтты. Төлесем де әкелік құқық берілген жалғыз балаға ғана төлеймін, оны 18 жасқа толған соң өндіріп аламын деді. Қолымдағы алты айлық қызымды "менен емес, басқадан тудың" деп айыптайды", - дейді Шолпан.

Айтуынша, біраз уақытқа дейін күйеуімен қайта қосылу туралы ойы болған. Алайда енді балалары үшін өмір сүремін деп отыр.

"Кешеге дейін балалар үшін қайта қосылсам деген ой болды. Қазір ұмыттым, қосылатын ойым жоқ. Балалар да әкесіне барғысы келмейді. Осылай жүргеніме бір жарым жыл болды. Бала керек болса, тіршілік жасап, түзелдім деп келер еді, осылайша өзіне бәрібір екенін көрсетті. Ендігі арманым – балаларымды елге жалтақтатпай өсіру", - дейді әйел.

Келіншек екінші рет тұрмыс құру туралы ойы жоқ екенін де айтты.

Дағдарыс орталығы 50 адам қабылдай алады

Бұл орталық 2017 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы деп ашылған. Орталықтың мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қабылдау, оларға көмек көрсету. Бұл жерде медициналық, педагогикалық, заңгерлік, тұрмыстық, еңбек бағыты бойынша көмек көрсетіледі. 

"Әйел орталыққа келген кезде оның психологиялық жағдайын анықтаймыз. Бізге келетін әйелдердің міндетті түрде баласы болады. Отбасы ішінде қол көтеру, ұрыс-керістің куәсі болған баланың да психологиялы бұзылған күйінде келеді. Алғашқы үш күнде анаға да, балаға да ешқандай қысым көрсетпей, тыныштық береміз. Содан кейін ғана мамандар жұмыс істей бастайды", - дейді арнайы әлеуметтік көмекті бағалайтын қызметкер Зүлфия Омарова.

Зүлфия Омарова
© Sputnik / Айгерім Таубай
"Жансая" дағдарыс орталығының әлеуметтік қызметкері Зүлфия Омарова

Бұл мемлекеттік мекеме болған соң әйелге де, балаға да бес уақыт тамақ тегін беріледі. Өзі табыс таба алатындай арнайы курстарға қатысу мүмкіндігі де қарастырылған. 

"Көп жағдайда көпбалалы аналардың өзін-өзі бағалауы өте төмен. Олар баланы дүниеге әкеліп, күйеуінің қолына қарап отырған. Экономикалық жағынан бағынышты болған. Ақша берсе алады, бермесе, сұрамайды. Сол жағынан көп көмек көрсетеміз. Әйелдер бізден кетер кезде бір істі меңгеріп шығады", - дейді маман.

"Жансая" дағдарыс орталығы 50 адамға лайықталған. Қазір бұл жерде 17 әйел, 31 бала тұрып жатыр.

Көпбалалы анаға Kaspi Gold арқылы көмек көрсетуге болады. 4400430111238397 Шолпан Ермекбаевна

1473
Кілт сөздер:
көпбалалы отбасы, бала, күйеу, келіншек
Тақырып бойынша
Көпбалалы ана жаңа оқу жылы туралы: бес балам бір телефон қолданады
Күйеуі ұрып-соғатын әйелдер өзін қалай қорғай алады - мамандар кеңес берді
Көпбалалы отбасылар қашықтан білім алудың қиындығы туралы айтты - видео
Жылап тұрып көмек сұраған қостанайлық мұғалімнің бұрынғы күйеуі видео жариялады
Өскеменде көпбалалы ана полицияға өтініш жазып, балаларын алып кетуді сұрады
Сұлтанғали Смайылов ұлдарымен бірге

"Оттан қорықпайтын адам жоқ": өмірін адам құтқаруға арнаған әулетпен сұқбат

409
(Жаңартылды 16:52 19.10.2020)
19 қазан – құтқарушылар күні. Биыл азаматтық қорғау органдарының құрылғанына 25 жыл болды. Sputnik Қазақстан тілшісі құтқару қызметінде жұмыс істейтін Смайыловтар отбасымен сұқбаттасты

АЛМАТЫ, 19 қазан – Sputnik. Өрт – тілсіз жау. Төтенше жағдайды алдын ала болжап білу мүмкін емес. Ал ұшқыннан шыққан өртті ауыздықтауда ондаған, тіпті жүздеген адамның маңдай тері жатыр. Зейнеттегі азаматтық қорғау полковнигі Сұлтанғали Смайылов бұл салаға 33 жылын арнаған. Артынан ерген екі ұлы да ізін қуды.

Өрт сөндірушіден департамент басшысына дейін

Түркістан облысы Қызылқұм ауданында дүниеге келген Сұлтанғали Смайылов 2020 жылы ақпанда зейнетке шықты. Алайда бұл саладан әлі де болса, алыстай қойған жоқ. Себебі екі ұлы да әкесі секілді қызмет бабын қатардағы өрт сөндіруші болудан бастады. 

"Нағашым өрт сөндіруші болды. Қазір ол кісі де зейнетке шықты. Нағашымның жұмысына қарап, елге қызмет жасап жүргенін көріп, бір жағынан формасына да қызығып осы саланы таңдадым", - деп бастады әңгімесін зейнеттегі азаматтық қорғау полковнигі.

Осылайша Сұлтанғали Иманғалиұлы 1987 жылы Алматыда өрт-техникалық училищесінде оқуды аяқтап, туған жеріне оралған. Сол жылы Түркістан қаласында өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы болып жұмысқа орналасқан.

"Бастапқыда қарауыл бастығы болдым. Бұл қазіргі тілмен айтқанда – ауысым жетекшісі. Бір ауысымға 10-12 жігіт түседі. Бәріміз бірге өртті сөндіруге барамыз, жетекші болған адам өрт қауіпсіздігі сақталуын бақылайды. Ал жалпы сол жердегі құтқарушылармен қатар жұмыс істейді", - деп түсіндірді алғашқы жұмысын Смайылов.

Айтуынша, еңбек жолын басшылық қызметтен бастауына бұған дейін әскер қатарында борышын өтегені, сонымен қатар Алматыда білім алып келгені әсер еткен.

Одан кейінгі жылдары аға инженер, аға анықтаушы, бөлім бастығының орынбасары, бөлім бастығы, облыстық төтенше жағдай басқармасының басшысы қызметін атқарған. Зейнетке шығар алдында Түркістан облысы ТЖД бастығының орынбасары болды.

"Жарылыс болып, құлап түстім"

Смайылов сұқбат барысында қызмет жолында есінде жақсы сақталған үш төтенше жағдайды айтып берді.

"Жұмысқа орналасқаныма бірнеше жыл болған кезде Шымкентте май сақтайтын ірі зауытта өрт шықты. Бізді қосымша күш ретінде жіберген болатын. Сол кезде адам шығыны да болды. Өрт сөндіру барысында қатты жарылыс болып, сол жарылыстан құлап түстім. Саусағым шығып кетіпті", - деп еске алды ол.

Оттан қорықпайтын адам жоқ
© Photo : Смайыловтар әулетінің жеке архивінен алынды
Зейнеттегі полковник басынан кешкен үш төтенше жағдай туралы айтып берді

Тағы бір оқиға – Төрткөлдегі мақта зауытыныңдағы өрт. Айтуынша, сол кезде күн өте қатты суық болған. Оған Төрткөлдің желі қосылып, өртті ауыздықтау оңайға соқпаған. Екі минут тоқтап қалсақ, желдің күшінен өрт сөндіргіш құрылғы қатып қалатын еді, дейді ол.

Келесі төтенше жағдай – Арыс қаласындағы жарылыс. Ол кезде облыстың төтенше жағдай департаменті басшысы еңбек демалысында болып, Смайылов басшылық қызметті атқарып жүрген. Әңгіме кезінде сол жердегі оқиғаны еске алды. 

"Арыс қаласына жақындағаннан-ақ жарылыстың дауысы, снарядтың ұшқыны ұшып жатты. Бізді көрген халық көмек сұрай бастады. Үш қабатты тұрғын үйдің ішінде мүгедек адам қалып қойғанын айтқан соң қызметтік автокөлікпен барып, сол кісілерді шығарып алдық", - деді ол.

Айтуынша, өрт сөндіру көлігінің ішінде тұрған кезде құтқарушылардың жанына жарылғыш зат түскен.

Иыққа погон таққан соң...

Сұлтанғали Смайыловтың екі ұл, екі қызы бар. Қос ұлының құтқару саласында қызмет етуіне өзі бастамашы болмаса да, үлгі бола білгенімен байланыстырды.

"Полиция, прокуратураның жұмысы өте қиын. Ұлттық қауіпсіздік қызметіндегілер үйдің бетін көрмейді. "Балам, әкенің жолын қуып, адал жұмыс істесең, жетістікке жетесің" дегенімде, ұлдарым бұл сөзімді құп көрді. Себебі өздерінің ынтасы болды. Мен қанша қинасам да, бұл саланы ұнатпай тұрса, қызмет ете алмайды", - дейді ол.

Әкенің сөзін кенже ұлы да қостай кетті. Азаматтық қорғау қызметінде екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Ерғали Сұлтанғалиұлы әкесі мен ағасының формасына, еңбегіне қарап қызығушылық пайда болғанын жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстанда құтқарушылардың білім алуы үшін бар жағдай жасалғанын айтты.

"Көкшетеу техникалық институтында тегін білім алдым. Ол жерде білім алған түлектерді жұмысқа міндетті түрде орналастырады. Иыққа погон таққан соң, өсуге деген талпыныс бар", - дейді Ерғали.

Смайыловтар әулеті
© Photo : Смайыловтар әулетінің жеке архивінен алынды
"Балам, әкенің жолын қуып, адал жұмыс істесең, жетістікке жетесің"

Ал тұңғыш перзенті Серікғали Сұлтанғалиұлы 19 жасынан бас азаматтық құтқару саласында қызмет етіп келеді. Биыл осы салада жүргеніне 11 жыл болды. Оның ішінде 2009-2018 жылдары өрт сөндіруші болған. Бұл жылдары елорда мен Шымкент қаласында жұмыс істеген. Кейінгі екі жылда лейтенант шешін алған соң Түркістан облысына ауысқан. 

"Үйдің үлкен баласы болған соң әкенің жолын жалғауды өзіме жетістік санадым. Екіншіден, бала күнімен құтқарушының қызметін көріп өстім. Елдің алғысын алып, ел игілігіне қызмет еткім келді. Әкемнің тарапынан таңдауыма қысым жасау не қарсылық таныту болған емес", - дейді үлкен ұлы.

Әкем – ұстазым. Ол кісі болса, басқа ұстаздың қажеті де жоқ. Өзі қатал әрі тәртіппен жүреді, дейді Серікғали әкесі жайлы.

Әке өсиеті

Сұлтанғали Смайылов қос ұлына Қазақстанның әр азаматын қорғау – қызметтік парызы екенін үнемі айтып отырады.

Ерғали Сұлтанғалиұлы
© Photo : Смайыловтар әулетінің жеке архивінен алынды
Ерғали Сұлтанғалиұлы құтқарушылар күнінің 25 жылдығына орай Түркістан облысы ТЖД бастығының алғыс хатымен марапатталды

"Елін, халық сүйген адам әрқашан өседі. Екі ұлыма да адамды оттан, судан қорғау – қызметтік парызы екенін үнемі айтып отырамын. Ұлдарымның жұмысына байланысты өміріне қауіп төнеді деп қорықпаймын. Не болса да қызмет бабындағы жағдай деп қараймын", - дейді Смайылов.

Үлкен ұлы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Серікғали Сұлтанғалиұлы осы салада зейнетке шыққанша жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

"Оттан қорықпайтын адам жоқ, алайда қауіпсіздік шараларын сақтаса бәрі жақсы болады. Ішкі тәртіп бойынша ғана жұмыс істеу қажет. Елге қызметке әрқашан дайынбыз. Зейнетке де осы салада шыққым келеді", - дейді үлкен ұлы Серікғали.

Ал кенже ұлы құтқару қызметінде қыздардың да көп жұмыс істейтінін айтып, болашақ жарының да осы салада қызмет етуі мүмкін екенін жеткізді.

409
Кілт сөздер:
сұхбат, өрт сөндірушілер
Тақырып бойынша
"Басқа іспен айналыса алмаймын" Әке жолын қуған полицейдің әңгімесі
"Таңдауым Ерланға түсті": ерлі-зайыпты полицейлер махаббат хикаясын айтып берді
17 жыл бойы краншы болған әйел: жұмысқа таңғы 5-те тұрамын
Көп жыл Назарбаевтың ұшағын басқарған пилот Елбасы туралы айтып берді
Елордада өрт сөндірушілер коронавируспен күресуге көшеге шықты – видео
Зертхана қызметкері

Әлем елдерінде ПТР-тест қанша тұрады?

0
Қазіргі кезде ПТР-тесттің ең қымбаты Ұлыбритания астанасында –140 мың теңге болса, ең арзаны Бішкекте – 9 мың теңге

НҰР-СҰЛТАН, 26 қазан – Sputnik. Қазан айында Қазақстанда ПТР-тест бағасы 8 мың теңгеге дейін арзандады. 1,5 есеге төмендеген тесттің бағасы наурыз айында 20 мың теңге болатын.

Денсаулық сақтау министрлігі көктем айларында тест бағасының жоғары болуын шығын материалдарының құнымен және сұраныстың артуы жағдайындағы тапшылықпен байланысты деп түсіндірді. Күзге қарай, дүрлігу саябырсып, қажетті көлемде тестілеу мүмкіндіктері реттелген соң, мемлекеттік сатып алу қызметіндегі бағалар төмендеді.

26 қазаннан бері Қазақстанға халықаралық рейстермен келген жолаушылар қолында індет жұқтырмағаны жөнінде ПТР сынағының қорытындысы болса ғана, елге кіруге рұқсат етіледі. Ал ондай анықтаманың жарамдылық мерзімі Қазақстан шекарасынан өткенге дейінгі үш күн (72 сағат) деп саналады.

Анықтама болмаған жағдайда жолаушылар әуежайдың ұшу алаңынан, ұшаққа отырғызылмайды.

Sputnik Қазақстан әлем елдерінде тестілеу бағасы қанша тұратынын назарларыңызға ұсынады.

Туристер ПТР-ді қайда тапсыра алады

Қазақстанда әлемнің 11 еліне халықаралық рейстер ашылды. Олардың әрқайсысында шетелдіктердің ақылы ПТР тестілеуден өтуі қол жетімді. Кейбір жағдайларда туристердің қолында әуебилеттері болса, оларға жеңілдік беріледі. Ал зертханалық мекен жайлардың толық тізімі Air Astana сайтында жарияланған.

Ресей

Мәскеуде ПТР бағасы – 2 300 рубль немесе 12 913 теңгені құрайды.

Нәтижесі 24-тен 72 сағатқа дейінгі аралықта дайын болады.

Орыс және ағылшын тіліндегі анықтамалар поштаға электронды түрде жіберіледі. Ал түпнұсқа қағаз түрінде беріледі.

Қырғызстан

Бішкекте ПТР бағасы – 1 700-2 390 сом немесе 9 022-12 684 теңгені құрайды.

Нәтиже 24-48 сағатта шығады.

Орыс, ағылшын, қырғыз тіліндегі анықтаманы арнайы сайттан жүктеуге немесе қағаз үлгісіндегі түпнұсқасын алуға болады.

Өзбекстан

Ташкентте ПТР құны – 22-30 доллар. Бұл 250 000-300 000 сум немесе 9 414-12 838 теңгеге тең деген сөз.

Нәтижелер 24 сағатта дайын болады.

Ал анықтама орыс, ағылшын және өзбек тілінде беріледі.

Украина

Киевте ПТР бағасы – 950 гривен тұрады немесе 14 366 теңге.

Нәтиженің дайын болу мерзімі 12-24 сағат.

Ал әуежайдағы тест 45 евро немесе 22 844 теңгені құрайды. Оның нәтижесі 8 сағатта шығады.

Анықтама орыс, украин және ағылшын тілінде беріледі.

Түркия

Стамбулда ПТР бағасы – 250-ден 400 лира тұрады. Бұл 13 432 – 21 491 теңгені құрайды деген сөз.

Нәтижені күту уақыты 24 сағатқа дейін.

Стамбул әуежайында – 250 лира, күту уақыты – 4 сағат.

Ал Анталияда – 180 лира немесе 9 671 теңге.

Нәтижесі 24 сағатта дайын болады.

Анықтама тек ағылшын тілінде беріледі.

Оңтүстік Корея

Сеул қаласында немесе әуежайда да ПТР сынағы – 100-200 доллар тұрады. Яғни, 42 792 – 85 585 теңгені құрайды.

Нәтижені күту уақыты 12-48 сағат.

Анықтама тек ағылшын тілінде беріледі.

Египет

Шарм-әл-Шейхте ПТР құны – 180 египет фунты немесе 45 768 теңге тұрады.

Ал нәтижені күту уақыты 48 сағат.

Анықтама ағылшын тілінде, тек қағаз үлгіде беріледі.

БАӘ

Тестілеу Дубай, Шарджа, Абу-Даби, Әл-Айн, Ажман, Рас-әл-Хайма қалаларында қол жетімді.

ПТР құны – 150 дирхам немесе 17 475 теңгені құрайды.

Нәтижелерді күту уақыты 24-48 сағат.

Анықтамалар ағылшын тілінде беріледі.

Ұлыбритания

Лондон мен Манчестерде ПТР құны – 250 фунт немесе 139 567 теңгені құрайды (ең қымбат ПТР).

Нәтижелерді күту уақыты 48 сағат.

Анықтама ағылшын тілінде беріледі.

Германия

Франкфурт, Дюссельдорф және Мюнхен әуежайында да тест тапсыру мүмкіндіктері ұйымдастырылған.

Нәтижесі 12-24 сағатта дайын болатын ПТР құны – 59 еуро. Ал 6 сағатта ұсынылатын тест бағасы – 139 еуро. Мұны теңгеге шаққанда 29 951 немесе 70 562 теңге болады.

Бұл жерде өтініш берушілердің көптігіне байланысты интернет арқылы алдын-ала жазылу қажет.

Анықтама ағылшын тілінде беріледі.

Нидерланды

Алдын ала жазылу арқылы Амстердам әуежайында тест тапсыруға болады. Бағасы – 145 еуро немесе 73 608 теңге.

Нәтижені күту уақыты 24-32 сағат.

Анықтама ағылшын тілінде беріледі.

0
Кілт сөздер:
жолаушылар, коронавирус, тест
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы
Тақырып бойынша
Қазақстанда Қарулы күштердің алғашқы ПТР-зертханасы іске қосылады
Ұлттық сараптама орталығы коронавирусқа ақылы ПТР-тест жасауды тоқтатты
"Қашып кетпек болды": Шетелден оралған 22 жолаушы ПТР тест тапсырудан бас тартты
COVID-ке тексеретін ПТР-тестің қаншаға арзандайтыны қазанның соңында белгілі болады
Қазақстанда ПТР тестің бағасы арзандады