НҰР-СҰЛТАН, 19 ақпан – Sputnik. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – түн ұйқысын төрт бөліп, халықтың тыныштығын күзететін тәртіп сақшылары. Құқыққорғаушылардың жұмысы сырттай тыныш көрінгенімен, іші шытырманға толы.
Кешкі сағат 18:30. Елордадағы патрульдік полиция полкінде тәртіп сақшылары сап түзеп тұр. Шамамен 70-80 экипаж түнгі ауысымға шығады. Әрбірінің кезекшілік атқаратын өз учаскесі бар.
Ортаға командир шығып, әр полицейдің аты-жөнін атап, түгендеп шықты. Содан кейін нұсқаулық берді. Сағат тілі жетіден асқанда, төрт ауданға бөлінген тәртіп сақшылары қызметтік көлігіне отырды.
Біз түнгі рейдке патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторлары Нұрсұлтан Естеміров пен полиция лейтенанты Жақсылық Қарабаевпен шықтық. Бұл жолы оларға Сарыарқа ауданындағы Талас-261 бағыты бұйырыпты.
"Жұмыс, шын мәнінде, оңай емес. Отбасымызды көруге уақыт жоқ, -деп бастады әңгімесін 26 жастағы Жақсылық Қарабаев. – Әсіресе, жұмыс кестесі ауыр. Жалпы, бізде күндізгі және түнгі ауысым бар. Әр ауысым шамамен он екі сағатқа созылады. Бір ай күндіз, бір ай түнде істейсің. Белгіленген бағытымыз бар, орталықпен байланысқа шығып, жұмысты бастап кетеміз. Басымдық – қоғамдық тәртіпті бақылау, көше қылмыстарына жол бермеу".
Полк инспекторлары рейдке шығар алдында бес қаруын сайлап алады. Әр полицейге төске тағылатын жетон, табельдік қару, бейнетіркегіш, планшет, ала таяқ пен дубинка беріледі.
Қызмет атқару кезінде орын алған жағдайлар, мәселен, жол апаты, қылмыс, бәрі бейнетіркегішке жазылады. Камера көліктің ішін де, сыртын да түсіреді. Бейнежазба полицияда ұзақ уақыт сақталады. Түнгі ауысым аяқталғаннан кейін, инспекторлар аудандық полиция бөлімшесіне барып, түні бойы атқарған жұмысы туралы баяндайды, рапорт жазады. Содан кейін полкке оралып, қаруы мен видеожетонды тапсырып, таңғы сегіздер шамасында үйлеріне қайтады.
Полицейлердің айтуынша, астанада кешкі уақытта қылмыс аз тіркелмейді. Мәселен, жұмыс күндері отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, дау-жанжал жиі кездессе, сенбі және жексенбі күндері – ұрлық, тонау, қарақшылық шабуылдар жиілейді. Әсіресе, демалыс күндері түрлі қылмыстарға тап боласың, дейді полиция лейтенанты.
"Жұмыс барысында неше түрлі оқиғалар ұшырасады. Кейде күтпеген жерден біреудің өміріне араша түсесің. Мысалы, жуырда біз ер адамның өмірін құтқардық. Елорда тұрғыны отбасылық жағдайға байланысты көпірден секірмек болды. Ер адам Жедел басқару орталығының камерасына түсіп қалған. Орталықтан шұғыл хабар тарады: кім бос, көпірге тез арада жетіңдер деді. Әріптесім екеуміз жақын маңда едік. Бірден көмекке жүгірдік. Абырой болғанда, үлгеріп, ер адамды аман алып қалдық", - деп еске алды Қарабаев.
Айтуынша, карантин кезінде отбасылық-тұрмыстық жанжалдар жиілеп кеткен. Әсіресе, наурызда төтенше жағдай жарияланған кезде өте көп болыпты.
Әңгіме барысында жас полицей бір-екі күн бұрын ізін суытпай ашқан қылмысы жайлы баяндады. Оқиға Дүкенұлы көшесінде болыпты.
"Бір бала көшеде келе жатқан әйелдің қолынан сөмкесін тартып әкеткен. Сөмкенің ішінде әйелдің телефоны, құжаттары бар екен. Жәбірленуші жолшыбай адамның ұялы телефонынан "102" пультіне қоңырау шалды. Біз хабар алысымен, бірден әрекетке көштік. Мұндай жағдайда біз әр минут қымбат. Әлгі әйелден қылмыскерді сипаттап беруін сұрадық. Сөйтсек, күдіктінің бетіне лейкопластырь жапсырылған болып шықты", - дейді ол.
Жедел басқару орталығының бейнекамерасына күдіктінің жатақханаға қарай бет алғаны түсіп қалған. Ол жерде бірнеше жатақхана бар. Бүкіл жасақ сол жерге жиналды. Жатақханалардың барлық кіріп-шығатын есігін бақылап тұр. Мен жалғыз өзім артқы есікті жауып тұрған едім. Осы сәтте бір қыз жатақханалардың біріне жүгіріп кіріп кетті. Мен ұзақ ойланбай, сол қыздың артынан кірдім. Әріптестеріме радиобайланыс арқылы ескертіп қойдым. Ғимараттың екінші қабатына көтерілсем, баспалдақта үш қыз бен екі ұл тұр екен. Бетінде лейкопластыры бар бала солардың арасында. Бесеуін бірдей ұстай алмайтынымды түсіндім. Күмән туғызбас үшін оларға әртүрлі сұрақ қойып, уақыт созуға тура келді. Бесеуі де өзге ұлт өкілдері екен, соны пайдаланып, орталықпен байланысқа шығып, қазақшалап қосымша экипаж жіберіңдер дедім. Сөйтіп әлгілерді ұстап, полиция бөлімшесіне жеткіздік, деп әңгімелеп берді полиция лейтенанты.
Біз аралап жүрген Талас-261 бағыты – өте кішкентай аумақ. Аудан ескі, негізінен, жергілікті тұрғындар тұрады. Аумақтағы жалғыз көңіл көтеру мекемесі уақытша жабық тұр. Содан ба, әзірге көшеден мас, заң бұзған бұзақыларды байқамадық.
"Осылай көлікпен тоқтамай үздіксіз жүре беру керек. Сонда адамдардың көзіне түсесің. Олар бізді көрген соң, қылмыс жасауға қорқады. Бұл, негізі, дәлелденген. Көп жүрген сайын, қылмыс соғұрлым аз болады", - дейді тәртіп сақшысы.
Осы орайда полицейлер өздерін ұзақ күтіп қалатын қазақстандықтарға жауап берді.
"Кейде шақыру бойынша келген кезде, адамдар "неге ұзақ келесіңдер, он бес минут бұрын хабарластық қой" деп ренжіп жатады. Ал бізге шақыру екі-үш минут бұрын ғана түскен. Мүмкін "вызовты" қабылдайтын адамдар басқаларына хабар беріп, уақыт өткізіп алатын шығар. Ал, жалпы біз оқиға орнына жедел жетеміз", - дейді Қарабаев.
Айтуынша, қызмет атқару кезінде неше түрлі басбұзар кездеседі. Кейбірі сөзбен тиіседі, енді бірі жұдырық ала жүгіреді, тағы бірі киім жыртады.
Қандай жағдай болмасын, шыдамдылық танытамыз. Арандатушылар өте көп, ең бастысы, оларға еріп кетпеу керек, деп жалғады сөзін полицей.
Әңгіме арасында экипаждан пара алатын әріптестері жайлы ойын сұрадық.
"Өз басым пара алуға қарсымын. Сыбайлас жемқорлық бүкіл жерде бар. Балабақша, мектептен бастап. Бірақ, неге екені белгісіз, тек полиция қызметкерлерін ғана парақор етіп көрсетеді", - деп ренжіді полицей.
Айтуынша, оған да жүргізушілер талай пара ұсынған.
"Бірде жол ережесін бұзған жүргізуші 6 мың теңге ұсынды. Мен оған қызмет атқару кезінде лауазымды тұлғаға пара беру қылмыстық жауапқа әкеп соғатынын ескерттім. Сөзіме құлақ аспады. Сөйтіп, ол кісіні көліктен шығарып, Өзіндік қауіпсіздік басқармасын шақыруға тура келді. Командирге хабар бердім. Олар бейнекамерамен келіп, куәгерлердің көзінше ақшаны тәркілеп, әлгі адамды жауапқа тартты. Міне, осындай жағдайлар болып тұрады", - дейді Қарабаев.
Полиция лейтенанты ішкі істер органдарында 2015 жылдан бері қызмет етіп келеді. Қазір 150 мың теңге жалақы алады. Одан бөлек, жалдамалы пәтердің ақысы ретінде отбасының әр мүшесіне 55 мың теңгеден беріледі.
Қарабаев жалақыға көңілі толатынын айтты.
Елордалық полицейлер қазақстандық полицияның беделі әлі де төмен деп санайды.
"Қарапайым жұмыс кестесінен бастап, барлық жағынан жағдай жасалуы керек. Жұмыс кестесі ауыр, физикалық дайындыққа уақыт мүлде аз. Қазіргідей екі ауысым емес, үш ауысым болғанын қалаймыз. Ол кезде біз 7-8 сағат жұмыс істейміз, қалған бір-екі сағатты спортқа арнауға болады. Жалпы, тәртіп сақшыларына көп жағынан қолдау көрсету керек", - деп санайды олар.
Бірақ, полк инспекторлары елге қызмет етіп жүргеніне еш өкінбейді. Ыстығы мен суығына төзуге әрдайым дайынбыз, дейді.
"Үлкен ұлым "әке, мен ержеткенде, сен сияқты полицей боламын, сосын жұмысқа бірге барамыз" дейді. Менің жолымды қуамын десе, еш қарсылығым жоқ. Дегенмен, әлі кішкентай ғой, өсе келе полицияға мінез-құлығы, денсаулығы жарай ма, жоқ па, соған қарау керек. Негізі, полицияға еті тірі адамдарды алған дұрыс қой", - дейді үш баланың әкесі Жақсылық Қарабаев.
Осы орайда біз патрульдік полицияға жұмысқа қабылдану үшін кандидаттарға қандай талаптар қойылатынын сұрадық.
"Ең алдымен заңгерлік білім қажет. Физикалық дайындық, жүгіру, турник, әртүрлі жаттығулармен сынайды. Бойы кемінде 175 сантиметр болуы тиіс, ал салмағы бойына сәйкес келуі керек", - деп түсіндірді олар.
Полицейлер тоқсан сайын сынақ тапсырып отырады. Сынақтан сүрінгенсе, қайта тапсыруға мүмкіндік береді. Одан бөлек, үш жыл сайын аттестация бар.
Қазақстандық полицияның жұмысына көңілі толмай, үнемі сын тағатын адамдарға Қарабаевтың айтар уәжі мынадай болды.
"Менің ойымша, ол адамдар біздің жұмысты толық түсінбейді. Бізді сынау үшін осы жұмысты істеп көру керек. Сол кезде пікірі өзгереді деп ойлаймын", -деді ол.
P.S. Түнгі рейд кезінде экипаждың көзі көше бойында тұрған жүк көлігіне түсті. Жүргізуші ұсқынсыз көлік қала келбетін бұзатынын, оны жол бойына қоюға болмайтынын естен шығарған сияқты. Полк инспекторлары орталықпен дереу байланысқа шығып, көліктің мемлекеттік нөмірі арқылы иесін тапты. Хабарласып еді, жүргізуші сырқаттанып қалыпты. Полицейлер адамгершілік танытты, хаттама толтырған жоқ. Жүргізуші жүк көлігін таңертең алатын болды.
Ал біз болсақ, полицейлерге түн тыныштығын тілеп, үйге қайттық.
АЛМАТЫ, 22 ақпан – Sputnik. Өз мамандығын сүйіп, бар жан-тәнімен сол салаға бет бұрып, талаптанатын шәкіртті барлық ұстаз бағалайды. Ұстаз да соған сай бойында бар білімді "көремін, білемін, оқимын" деген балаға беруге асық болары сөзсіз. Сондай кісінің бірі – әнші Толқын Забирова. 20 жылдан бері Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында сабақ беретін білікті ұстаз Sputnik Қазақстан тілшісіне ұстаз бен шәкірт бойында болуы қажет қасиет пен дауыстан "айырылып" қалмаудың жолдарын айтты.
"Ұстаз болу оңай емес. Өзіңде бар білімді өзгемен бөлісу – үлкен жауапкершілік. Бұл еңбекке қабілеттілікті талап етеді. Өзімен-өзің жұмыс істеп, өз дәрежеңді жоғары көтеруің керек. Себебі әртүрлі студент кездеседі, әртүрлі сұрақ қояды. Соның бәріне жауап беруге дайын болуың керек", - деп бастады әңгімесін Толқын Забирова.
Әнші ұстаздың сана-сезімі, ой өрісі өте жоғары болуы керек деп есептейді. Неғұрлым көп оқып, көп ізденген ұстаз шәкірттермен пікір алмасып, түсінісе алады.
"Қазір онлайн сабақ жүріп жатыр. Аптасына екі рет 20 минут студенттермен жүздесеміз, сонымен сабақ бітеді. Ал қалған уақытта студент Youtube арқылы немесе онлайн сабақ арқылы әртүрлі методиканы көріп, соның ішінен өзіне керегін алып қалуы керек. Шәкірттерімнен тек менің сабағымды ғана емес, барлық сабақты солай оқуын талап етемін", - дейді Забирова.
Өзімді талапшыл ұстазбын деп ойлаймын. Өйткені берген білімімнің арқасында шәкірт деңгейінің өскенін, жақсы жаққа өзгеріп келе жатқанын байқап отырамын. Менің сабақ берудегі әдіс-тәсілім студенттерге өте пайдалы деп ойлаймын, дейді ол.
"Білім – үлкен қару. Мұны барлық ұстаз біледі. Алайда кейбіреу жалқаулықпен қарайды, қол сілтеп, аса көп жауапкершілікті сезінбейді. Алдыңа келген шәкірттің деңгейі қандай екенін білу үшін ұстаздың білім деңгейі жоғары болуы керек", - дейді 20 жылдық жұмыс өтілі бар ұстаз.
Әнші Толқын Забирова өнер жолын таңдаған адамның бойында болуы қажет қасиеттерді де атады. Әнші еңбекқор әрі өзіне жоғары талап қоятын шәкірттерді жоғары бағалайтынын айтты.
"Бар ойым, қиялым, болашағым – өнер деп, соған күнделікті уақытын бөліп, даусын, ой өрісін қайрап, өзіне жоғары талап қоятын еңбекқор шәкірттерді бағалаймын. Өнер жолын таңдап, сол жолда талпынып, осы жерден бағымды ашамын десе құба-құп. Шәкірттеріме өнер бағалы киім, әшекеймен емес, ішкі рухани дүниемен қымбат деп айтып отырамын. Әшекейге ақша табылмауы мүмкін, алайда көрерменге берерің мол болса, сонда өте бай болғаның", - дейді ол.
"Ән таңдаған кезде арнайы талабым бар. Алайда кейінгі кезде сол талаптарға жауап беретін композиторлар азайып бара жатыр. Өткен ғасырда ескі мектепте оқып, әдемі сазбен лирикалық ән жазған композитор көп болды. Ондай әнді қазір ешкім жазбайды. Төлеген Мұхамеджанов, Әсет Бейсеуов, Бейбіт Бірімғазы, Ақтоты Райымқұлова, Бейбіт Дәлденбайдың әндерін сүйіп тыңдап, орындайтынмын. Қазір заман өзгерген. Басқа ырғақ, басқа стиль, жанрларда микс жасап жатқандар да бар. Өткен заманның әдемі әуені ортамыздан шығып кеткен сияқты", - дейді ол.
Алайда лирикалық әндердің орындаушысы ретінде таныс Толқын Забирова той-томалақта айтылатын әндерге еш қарсы емес.
"Әннің сөзі анық, мәні бар, философиялық мағынасы мен беретін тәлім-тәрбиесі болуы керек. Оған музыкасы да үйлескені жөн. Консерватория бітірген соң музыкаға қоятын талабым жоғары. Екі-үш нотаның арасында жүретін ән көбейіп кетті, 90% сондай ән деуге болады. Мұндай әндерді еш уақытта айтпаймын", - дейді ол.
Әнді жазған кезде композитор, сөзін жазған автор мен орындаушы деген үштік бар. Мен бұл қатарға өндеушіні қосып, төрттік деп айтар едім. Өйткені әннің өңдеуіне көп мән беремін. Кейде бір әнді 3-4 маманға аранжировка жасатамын. Соның ішінен біреуін ғана таңдап аламын. Жастарға да айтарым сол. Қазір жастар жеңіл-желпі әнмен көп жүре береді, деп толықтырды әнші.
Толқын Забирова жастарға даусын сақтап қалуы үшін күнделікті жаттығу жасауды ұсынды. Айтуынша, сырт келбетті бір қалыпта сақтап қалу үшін шынығу залдарына бару қажет болса, дауысқа да дәл солай қарау керек.
"Күнде жаттығу жасамаса, адамның сыртқы келбетінде де өзгеріс болады. Спортзалға адам денсаулығын жақсарту үшін барады. Вокал – кішкентай спортзал. Бұл жерде жіңішке бұлшықетті қайраймыз. Оның күнде жасамасаң, бір күні даусыңнан айырылып қалғандай боласың. Өйткені бұл – жанды аспап", - дейді ұстаз.
Айтуынша, әншілер арасында әншінің режимі деген ұғым бар. Ол тіпті адамның ойына да байланысты болып, дауыс та адам көңіл күйіне қарай құбылады.
"Арақ-шарапты қонаққа барған кезде көңіл үшін ішуге болады. Алайда темекі тартып, ішімдікке салынуға болмайды. Содан кейін дауыс ұйқыны жақсы көреді. Адам неғұрлым тынығып, ұйқы қанып тұрса, дауыс та әдемі шығады. Дауысқа ойдың да қатысы бар. Ойың, көңілің түсіп, ренжіп қалғаның, өміріңдегі қиын жағдайдың бәрі дауысқа әсер етеді. Өйткені дауыс тек физиологиялық аспап емес, ол психоэмоционалдық аспап. Оны ұмытпаған абзал", - дейді маман.
Маман бала күнінен бастап осы талаптың бәрін сақтап келе жатқанын да жасырмады.
Әңгіме кезінде әншіден күнделікті жоспары, уақытты тиімді пайдалануы жайлы да сұрадық. Айтуынша, пандемия кезінде уақытты бос өткізбей, ағылшын тілін меңгеріп жатыр.
Әр жаман нәрсенің жақсы жағы да болады. Пандемияның бір жақсы жері – бос уақыт пайда болды. Ол уақытты пайдаланып, ағылшын тілін меңгеріп жатырмын. Осыдан біраз жыл бұрын бір концертте Мұқағали Мақатаевтың өлеңдер жинағын сыйлаған еді, қанша жылдан бері қолым жетпей жүрді. Енді рахат болды. Сосын бала-шағамен көп уақыт өткізетін болдық, деп түйіндеді ол.
- Ілияс Болатұлы, сіздің ұлтыңыз қазақ, бірақ, Ресейде туғаныңыз белгілі. Сіздің ата-анаңыз ресейлік қазақтар ма, әлде Қазақстаннан көшіп барды ма?
- Мен жартылай қазақпын, әкем жағынан. Менің әкем мұнда Шымкенттен көшіп келген. Ол Бауман университетінде оқып, осы оқу орнында аспирантураны аяқтады. Әкемнің мамандығы аэроғарыш технологияларымен байланысты. Ол КСРО тарағанға дейін Ресейде жұмыс істеді. 90-шы жылдардың басында Қазақстанға қайта оралды.
Мен Мәскеу облысында туғанмын. Бірақ, Қазақстанда жиі боламын, әрине. Қазір де барып тұрамын. Әкем жағынан жақын туыстарым Қазақстанның төрт қаласы – Шымкент, Алматы, Байқоңыр және елордада тұрады. Соңғы рет Қазақстанға екі жыл бұрын бардым.
- Бүгінде вирусолог мамандығына сұраныс жоғары. Ал, сіз неге бұл мамандықты таңдадыңыз?
- Мен – биотехнолог және молекулярлық биологпын, биология ғылымдарының кандидатымын. Мұның барлығы оқу кезінде өздігінен қалыптасты. Мен Мәскеу мемлекеттік қолданбалы биотехнология университетінде білім алдым. Бізде "Молекулярлық биотехнология" пәні басталған кезде, маған ол қатты ұнады.
Одан кейін тәжірибе басталды. Сол арқылы мен Гамалея атындағы ұлттық зерттеу орталығына келдім. Біздің университеттегі биология, вирусология және гендік инженерия кафедрасында Гамалея орталығы директорының орынбасары Борис Савельевич Народицкий сабақ берді. Ол мені орталықта тәжірибеден өту үшін бағыттады. Ал мен мұнда ұзаққа тұрақтап қалдым. Гамалея орталығында еңбек етіп жатқаныма 10 жылға жуықтады.
- Кандидаттық диссертацияны қандай тақырыпта жаздыңыз?
- Бұл – аденовирустық векторлардың тұмауға қарсы қорғаныш қасиеттеріне арналған зерттеу.
- Гамалея орталығы да дәл осы аденовирустық векторларды қолдану арқылы әзірленетін вакциналар бойынша жұмыс істейді емес пе? Алайда, медицина мен вирусологияға қатысы жоқ адам үшін мұның не екенін түсіну қиын. Қарапайым сөздермен түсіндіріп бересіз бе?
- Вектор дегеніміз – ағзаға инфекция қоздырғышын емес, ол туралы ақпаратты жеткізуге қажетті наноконтейнер іспеттес. Бұл генетикалық ақпарат патоген, яғни, бұл жағдайда коронавирус ағуызын кодтайды. Яғни, вектор инфекциялық процесс тудырмайды. Оған қарсы иммунитет түзілуі тиіс патоген тралы ақпаратты енгізеді.
- Сіз Спутник V вакцинасын әзірлеушілер қатарына қалай қосылдыңыз?
- Біздің орталықта аденовирустық векторларды өндіру және сынау технологиялары қарастырылған үш зертхана бар. Мен осындай зертханалардың бірінің мүшесімін. Үлкен ұжымның маңдай тер еңбегінің нәтижесі ретінде вакцинаны мақтан тұтамын. Ал, ондағы менің үлесім соншалық үлкен деп санамаймын.
- Сонда да, коронавирусқа қарсы вакцина – сіздің еңбегіңіз. Бастапқы кезде Спутник V туралы жалған ақпараттың таралуы сізді алаңдатпады ма?
- Жоқ, мен әрбір адам өзі қалағанды естиді деп ойлаймын. Екіншіден, менің мұндай ақпараттарды оқитын уақытым жоқ. Әрине, кейбір видеоларды көрдім. Интернетте адамды жаңылыстыратын ақпарат өте көп. Себебі, адамдар вирусология жайлы аз біледі. Сондықтан, мұндай жаңалықтар үшін ренжіген жоқпын және көңіл-күйім түспеді. Өйткені, мен өзім түсінбейтін ғылым саласы туралы видео көрсем, мен де ештеңе түсінбес едім.
- Сіздің ойыңызша қоғамдағы бұл олқылықты қалай түзетуге болады?
- Вирусология жайлы білгісі келетін азаматтар үшін қысқа әрі түсінікті тілде иммунология және молекулярлық биология туралы курстар жүргізу керек.
- Әзірше мұндай курс жоқ. Сол себепті, екпе салдыру керек пе, жоқ па деп екіұдай ойда жүргендер үшін не айтасыз?
- Мен екпе салдыру әркімнің жеке ісі деп ойлаймын. Ал, егер, сіз вакциналаудан кейін жағдай ушығып кетеде деп қорықсаңыз, керісінше, вакцина вирустан қорғануға 90%-тен жоғары кепілдік береді. Бұл ресми мәлімет. Вакциналауға қарағанда, ауру жұқтыру әлдеқайда қауіпті. Әсіресе, егер сіз мінсіз денсаулығыңызбен мақтана алмасаңыз.
- Өзіңіз екпе салдырдыңыз ба?
- Иә, әрине. Зерттеу жүріп жатқанда алғашқы болып екпе салдырғанның бірімін. Вакцина Ресейде қолжетімді болған уақытта менің мұндағы туыстарым да екпе салдырды. Ал, Қазақстандағы туыстарыма әлі вакциналау жасалмады.
- Қандай да бір жағымсыз әсері болды ма?
- Бірінші компоненттен кейін аздап дене қызуым көтерілді. Мен осы мәселеге тоқталғым келеді: векторлық вакциналар не себепті ең тиімді вакцина ретінде қарастырылатынын түсіну керек. Олар инфекциялық процесті имитациялайды. Сондықтан, жоғары температура түрінде ағзаның қысқа уақытқа созылатын иммундық әсері болуы мүмкін. Бірақ, бұл адам ауру жұқтырды деген сөз емес. Бұл жай ғана иммундық жүйенің жауабы.
НҰР-СҰЛТАН, 26 ақпан — Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі мемлекеттегі елшіні тағайындау туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлады Ақорданың сайты.
Сонымен, Ерболат Сембаев Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалды. Бұған дейін ол Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі елшілігінің кеңесші-уәкілі қызметін атқарған.
Оқи отырыңыз: Президент өзінің көмекшісін лауазымынан босатып, басқа қызметке тағайындады
Ал Болат Сүгірбаев Қазақстанның Малайзиядағы төтенше және өкілетті елшісі болды. Ол бұрын Қазақстан сыртқы істер министрлігіндегі Америка департаментін басқарған.
Интернеттен Ерболат Сембаев пен Болат Сүгірбаевтың бұрынғы жұмысы туралы басқа ақпарат табылмады.