Әнші әрі театр актері Ерден Жақсыбеков

"Қолпаштайтын ешкімім жоқ": "Маска" жеңімпазы шоу әділетсіз өтті дегендерге жауап берді

2984
(Жаңартылды 18:24 07.06.2021)
"Маска" шоуында кезең сайын Алтын адам, Қызғалдақ, Айдаһар, Бүркіт, Арыстан, Аққу, Арқар секілді образбен кім өнер көрсетіп тұрғаны анықталып, финалда әнші әрі театр актері Ерден Жақсыбеков жеңіске жетті. Ол Sputnik Қазақстан тілшісіне сайыстың қалай өткенін айтып берді

АЛМАТЫ, 7 маусым – Sputnik. Қазақстандық өнерпаздар арасында өткен "Маска" шоуында әнші әрі театр актері Ерден Жақсыбеков жеңіске жетті. Ол "Арқар" образында өнер көрсеткен. Әртүрлі образдағы он төрт адамның ішінен жеңіп шыққан әнші бастапқыда "Барыс" кейпінде өнер көрсеткісі келгенін айтып, сайыс қорытындысы төңірегіндегі алып-қашпа әңгімеге қатысты пікір білдірді.

- Ерден, жобадағы жеңісіңіз құтты болсын! Әңгімені әріден бастасақ, бұл жобаға қашан шақырту алдыңыз, бірден келістіңіз бе?

Жобаның түсірілімі бір айға жуық уақытқа созылды. Шақырту алған кезде бірден келістім. Себебі әлемге танылған жоба идеясы басқа жобалардан ерекшеленеді. Бір жыл бұрын осындай жобаның басқа елдерде басталғанын көріп, "кімнің идеясы екен?" деген қызығушылық туды. Біздің елде бір күні өтетін шығар, өтсе де мені шақыру-шақырмауы да белгісіз ғой деген ой болды. Елеп-ескеріп шақырады деген ой болмады, жай армандап қойдым.

Әнші әрі театр актері Ерден Жақсыбеков
© Photo : Ерден Жақсыбековтің жеке архивінен
"Маска" шоуының жеңімпазы Ерден Жақсыбеков

Содан жарты жыл өткен соң былтыр қарашада жоба продюсері хабарласты. Бастапқыда не үшін хабарласып жатыр екен деп таңғалдым. "Осындай жобаны естуің бар ма, қатысқың келе ме?" деп сұрады. Сол кезде сенер-сенбесімді білмей, іштей қатты қуандым. Қуанышымды білдірмеген болуым керек, жоба продюсері "шынымен қатысқың келе ме?" деп қайталап сұрады. Мен қуана-қуана қатысқым келетінін айттым. Содан жобаның өтетін уақытын айтып, дайындала бер деді. Қаңтардан бастап дайындалып, наурызда түсірілімі болды. Осылай бір арманым орындалды.

- Қазір Ғабит Мүсірепов атындағы театрда жұмыс істейсіз. Сізді әнші дейік пе, актер ме?

Бала күнімнен әншілік мен үшін бірінші орында. Әкем әншілікке дайындап, бала күннен байқауларға қатыстырды. Қаншама халықаралық байқауларда төбе көрсетіп, жеңіспен оралдым. Жеңемін деп ойламасам да еңбегім мен дарыным бағаланды. Осы уақытқа дейін әншілік жолмен келдім. Эстрада жағын бала күннен мектепте жүріп меңгерген соң әкем актерлік шеберлік мамандығын ұсынды.

Бұл мамандықты болашақта шығармашылығыма үлесін қосады деген оймен таңдадым. Өзімнің бойымда ұшқыны байқалған басқа бір қабілетті ашқым келді.

- "Маска" жобасында "Арқар" рөлінде өнер көрсеттіңіз. Бұл кейіпкерді өзіңіз таңдадыңыз ба, әлде ұйымдастырушылардың шешімі ме?

Өнер адамы болған соң жобаға қатысатынымды естігеннен бастап қиялдап, елестететіп жүрдім. Арасында маған қандай кейіпкер бұйырар екен деп ойладым. "Барыс" болғым келді. Алайда жобада мұндай кейіпкердің бар-жоғынан хабарсыз едім. Хабарласып, "Арқар" кейпінде өнер көрсететінімді естігенде қабылдай алмадым. "Барыс" образында шыққым келгенін айтқанымда сахналық костюмдердің тігіліп қойғанын, өнерпаздарға бөлініп қойғанын айтты.

Арқарды теледидардан көргендер қошқар немесе қой деп, оның арғы жағында "баран" деп те айтуы мүмкін ғой деген ой болды. Бұл күлкі шақыратын образ деп қабылдадым. Ертең байқауда салмақты ән айтсаң, көрермен қабылдай алмай қала ма деген іштей уайым болды. Кейіннен бағыма бұйырған образ екеніне көзім жетті.

Қазір тек барыс қана емес, арқар да биікте жүретін жануар екенін, оның да қазақтың болмысын көрсететін символ екенін байқап отырмын.

- Жобада жеңімпаз қалай анықталды?

Жоба жеңімпаздарын әділқазы алқасы анықтады. Олар масканың артындағы өнерпаз арасынан өзіне ұнағанын параққа жазады. Қазылар бірлесіп, бір кейіпкерді жобадан шығаруды шешпейді, керісінше әрқайсысы өзіне ұнағанын таңдайды. Әр кезеңнің соңында ең аз дауыс жинаған қатысушы жобадан шығады. Бұл жобаға көрермен өкінішке қарай қатыса алмады, сол себепті жеңімпаздарды қазылар алқасы анықтады.

- Қазылар тарапынан "Арқар" образында Ерден Жақсыбек деген болжамдар айтылды ма?

Иә, айтылды. Тек "Арқар" образына ғана емес, басқа кейіпкерлерге де бірнеше рет айтылды. Диапазоны кең әндер орындалса, бірден менің атым аталатын. Оған мен қуандым. Ал менің образыма қатысты финалға дейін қазылар алқасынан нақты шешім болған жоқ. Ара-арасында "болуы мүмкін" деп айтты. Менімен қатар бірнеше нұсқа ұсынып отырды. 100% сенімді болған жоқ. Ерден немесе "Заман" тобындағы Ерген Айтымбетовтың аты қатар аталды.

- Жобада "Бүркіт" образы қызу талқыланды. Ойыңыз қандай? Ол образда өнер көрсеткен әнші Әміре финалға жетуі керек пе еді?

Әміре өте дарынды жігіт, өз жұмысына ыждахатпен қарайды. Мен сияқты ол да байқаулар арқылы өсіп келе жатыр. Бұл жобаға қатысты түрлі пікір айтылуда. Бағдарлама алдын ала түсіріліп қойды. Біткен іске сыншы көп. Ал жалпы әнші де, халық та қай әннің хит болатынын білмейді. Әміре де халықтың осындай қошеметіне бөленемін деп ойламаған да болар...

Әр адамның өнеріне жанкүйер табылады. Менің де, басқаның да өз тыңдарманы бар. Әмірен көпшіліктің жақсы көріп қалғанын байқадым. Соған қатысты неше түрлі әңгіме айтылады, оған уақыт өте мән бермейтін болдым. Жоба әділетсіз өтті дегенде қынжыласың... "Әділетсіз шешім" деп айтады, халық жобаның қалай өткенін білмейді ғой. Мен өзімнің жеңімпаз болғаныма таңғалдым. Әділқазыларға әртүрлі жанрдағы әнім мен өнерім, биім мен көрсеткен шоу ерекше ұнап, осындай баға берді. Әрі қарай "бүркіт" жеңсе де, басқа жеңсе де, менің де жанкүйерлерім шешімге қарсы шығуы мүмкін.

Жоба әділетсіз өтті дегенге қатысты айтарым – мені сол жерде қолдап, қолпаштайтын продюсерім де жоқ. Бағдарламаға қатысуға көмектескен танысым да жоқ. Менің осы жүлдені сатып алғаным туралы да айтылып жатыр. Осындай сөздерге таңғаласың...

- Жобаға қатысушылар "маска" артында кім тұрғанын білді ме?

Жоқ, соңына дейін білген жоқ. Себебі жоба түсірілген ғимаратқа қатысушыларды жеке-жеке шақырады. Ал жоба басталмай тұрып әр қатысушыға арнайы киім тіктірген. Спорттық киімге "менімен сөйлеспеңіз" деп жазылған. Сондай-ақ тек қара киім киюге рұхсат берілген. Жүзімізді жауып тұратын бетперде берді. Бір-бірімізді сахналық нөмір ауысқан кезде маскамен жүрген кезде көрдік.

- Жобада жеңіске жететініңізге сенімді болдыңыз ба?

Ең алдымен қандай да бір байқау, жобаға шақырту алғаныма қуанамын. Елеп-ескеріп, өнерімді бағалап, сеніп отыр деп қабылдаймын. Оның өзі жетістік. Ал кез келген байқауда жеңемін деген ой болады. Жеңіске деген сенімділік бірде 5%, бірде 10% болуы мүмкін.

Жеңіске жеткен кезде өзім де сенбей қаламын. Себебі психологиялық жақтан өзімді кез келген шешімге дайындаймын. Кез келген жобада финалға жетсем екен деп армандайтынмын. Сол сияқты бұл жобада финалға жеткім келді. Әрі қарай жүлдені алу-алмаудан бұрын финалға жету - мен үшін жетістік.

2984
Марат Оралғазин

Марат Оралғазин "Маска" туралы: барлығының ұпайы орнында, әркім керегін алды

781
(Жаңартылды 17:55 14.06.2021)
Қазақстандық шоумен әрі продюсер Марат Оралғазин өзі қазылық еткен "Маска" шоуына қатысты көрермендер жиі қоятын сұрақтарға жауап берді. Айтуынша, алдын ала түсірілген жобада көрермен пікірімен санасуға мүмкіндік болмаған

АЛМАТЫ, 14 маусым – Sputnik. Отандық телеарналардың бірінен көрсетілген "Маска" шоуының басты мақсаты – таланттарды таныту. Жобаға қатысқан әр өнерпаз өзіне керегін алды, ешкім ұтылған жоқ. Бұл қазақстандық шоумен, жобада қазылар алқасының тұрақты мүшесі болған Марат Оралғазиннің пікірі.

Ол Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында қазіргі шығармашылық жұмыстары, сериал түсірілімі кезінде неге басымдық беретінін және "Маска" шоуына қатысты сауалдарға жауап берді.

- Марат Мәдетұлы, әңгімемізді қазіргі атқарып жатқан істеріңізден бастасақ.

Бізді көпшілік "Қызық Live" шоуы арқылы таниды. Бірнеше жыл бойы осы жобада жүргізуші ретінде қызмет атқарып келеміз. Алайда біздің негізгі кәсіп – кадр сыртында, яғни сценарий жазу және продюсерлік жұмыс. Bas production аясында көптеген жобаны жүзеге асырудамыз.

Оның ішіне сериал түсіру де кіреді. Қазір "Сәке", "Бәсеке", "Патруль" деген сериалдар бойынша жұмыс істеп жатырмыз. YouTube платформасы мен үлкен телеарналарға арналған жаңа жоба, жаңа сериалдар да бар.

Көп адам бұл жұмысты істеп жатқанымызды білмейді. Тек экранға шыққан кезде көріп, соған қарап сараптап-саралайды. Ал "Қызық Live" біз істеп жатқан жұмыстың бір бөлігі ғана.

- Бірнеше істі қатар алып жүргеніңізді естіп-білеміз. Түйіндей айтқанда, Марат Оралғазин кім?

Шоумен, сценарист, продюсер. Біздің мектебіміз – КВН. Осы мектептен көп нәрсені үйрендік. Сценарий жазу, сахнада өнер көрсету, ұйымдастырушылық, креатив, маркетинг негіздерін осы КВН қалап берді. Бірақ ол тек фундамент. Ары қарай тәжірибе жинап, осы қабілетті жетілдіріп, "кірпішін өру" өзіңе байланысты. КВН әмбебап болуды үйретті. Ол жерде барлығын бірге, тұтастықта істейсің.  Қазір де сондаймыз. Идеядан бастап, сценарий жазып, түсірілімін ұйымдастырып, монтажына дейін қадағалап, соңында көрерменге жеткізе білетін адамды қазір бір сөзбен "шоураннер" деп атайды. Мүмкін соған жақынырақ шығар.

- Сериал түсіру саласында жүрсіз, өзіңіз рөл сомдау туралы ой бар ма?

2011 жылы Қазақстандағы ең алғашқы ситуациялық комедия "Вузеры" сериалын түсірдік. Ол қазақ-орыс тілінде болды. Ситуациялық комедиялардың сұлбасы, заңдылықтарымен түсірілді. Сол жерде рөл ойнағаным бар. Содан кейін түскен жоқпын. Себебі уақыт тығыз, бірнеше жобаны жүргізіп келе жатқан соң не сценарийге, не өз ойыныңа көңіл бөлуің керек. Екеуі екі бөлек әлем, екеуі де ерекше ден қоюды қажет етеді.

Мен актер емеспін. Бұл үлкен өнер. Кез келген адам өзін актер деп атауға құқығы жоқ деп санаймын. Бізде нағыз, кәсіби деңгейдегі актерлер бар. Олардың жанында өзімді қалай актер деп атаймын? Киноға түссем де, өзімнің образыма жақын рөлді ойнар едім. Себебі ең оңайы – өзіңді ойнау. Кейіпкер ретінде белгілі бір жобаларға қатыса аламын, өзімді толыққанды актер деп айтуға аузым бармайды.

Бұған дейін бірнеше рет болмысыма келетін рөл болды. Бірақ сценарий маңыздырақ. Себебі кез келген жобадағы басты дүние – сценарий. Жобада ең мықты режиссер, ең талантты актерлер, ең қымбат техника мен түсірілім тобын жинасаң да, сценарий нашар болып қалса, оның барлығы бекер. Альфред Хичкоктың "кинода басты үш нәрсе бар: сценарий, сценарий және сценарий" деген сөзі бар.  Сондықтан "теп-тегіс, жұмыр болсын айналасы" демекші, сценарий де,  актерлік құрам да, түсірілім тобы да деңгейлес болу керек деп санаймын.

Сендіре білетін, бір кейіптен екінші кейіпке көше алатын адамды мықты актер деп есептеймін. Киноға актер таңдауға келер болсақ, бұған қатысты менің өз талғамым бар.

- Қазір қызмет етіп жүрген салаңызға деген қызығушылық қалай басталды? Көпшілік сізді КВН арқылы таныла бастағаныңызды біледі.

Иә, Қазақ ұлттық университетінің "шығыстану" және "халықаралық қатынастар" факультетін бітірдім. Ол жерде білім көкжиегімді кеңейтіп, көп дүниемен таныстым, танымымды ұлғайттым.

ҚазҰУ-да 14 факультет бар болатын, біз 15-факультет бар деп әзілдейтінбіз. Ол – Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы, өнер ордасы. Сол жерде КВН, дебат болды, ол бөлек факультет сияқты еді. Сол жерде көп нәрсе үйрендік. ҚазҰУ аясында қалыптастық, солай жүріп шығармашылық жұмысқа бет бұрдық.

"Маскада" ұтылған адам жоқ

- Кейінгі кезде сізді байқауларда қазылар арасынан да байқап жүрміз. Соның бірі - "Маска" шоуы. Сіздің ойыңызша, шоу қалай өтті?

Мен ойлағаннан да жақсы өтті. Бұл – шоу. Неғұрлым көп талқыланса, резонанс тудырса, демек шоудың сәтті шыққанын көрсетеді. Қазір көрерменнің көпшілігі осы жобаны талқылауда. Ол әрине, қуантады. Менің ойымша, бұл шоудың өзіндік бір миссиясы бар. Бұл жобада аса қатты танымал орындаушылар болған жоқ. Бір-екі танымал әнші ғана болды. Ал қалғаны өте талантты, кәсіби әншілер. Бірақ өкінішке қарай кеңінен танылмаған жандар. Қаншама жыл бойы жұмыс істеп, еңбектеніп келе жатыр, таланты қолында, бірақ жарқ ететін сәтін күтіп жүрген өнерпаздар.

Осы шоуға нағыз таланттар қатысты және өзін басқа қырынан аша білді. Нәтижесінде шынайы, талантты жас әншілерге бүкіл халық назар аударып, көңіл бөле бастады. Талқылады, тамсанды, талантына тәнті болып, бұрынғы еңбектерін көріп бағалай бастады. Әміре, Ayree, жеңіске жеткен Ерден Жақсыбеков шынайы шебер екенін көрсетті. Жайдарман ойыншысы Нұрболхан Шарапов жаңа қырынан ашылып, талайды таңғалдыра білді. Ерден қанша жылдан бері қаншама байқауда бақ сынап келе жатыр, бірақ өкінішке қарай әлі кеңінен таныла қойған жоқ. Осы шоудан кейін оған аса қатты көңіл бөліп, бұған дейін шыққан әндерін іздеп, тыңдап жатыр. Бұл жоба Ерденнің бағындырар биігінің бір ғана баспалдағы деп есептейік. Болашақта Ерденді бұдан да биік шыңдардан көреміз деп сенемін.

Бізде көпшілік арасында "өз ішіміздегі таланттарды қолдамаймыз" деген сөз бар. Осы шоу көп дарынға демеу болды. "Маска" жобасында адамның жүзі көрінбейді, тек таланты,  харизмасы, нағыз өнері бағаланады. Көпшілік нағыз таланттарды танып жатыр. Шоудың мақсаты – таланттарды таныстыру және оларды басқа қырынан көрсету. Мұнда ұтылған адам жоқ, қатысқан әр өнерпаз ұтты. Барлығының ұпайы орнында, әрқайсысы керегін алды.

- "Бүркіт" образындағы өнерпаздың сайыстан шығып қалуына байланысты көрерменнің пікірі әртүрлі. Оған не айтасыз?

Иә, "Бүркіт" образындағы өнерпазға байланысты "халықтың айтқанын неге тыңдамайсыңдар, көрерменмен неге санаспайсыңдар" деген пікірлер әділ қазыларға көп жазылды. Осы тұста айта кететін өте маңызды нәрсе бар! Бұл алдын ала түсірліген жоба. Толығымен бір айдың ішінде – наурыз айында түсірілді. Кейіннен монтаждалып апта сайын эфирге шығып отырды. Сондықтан біріншіден, көреремен қалауын біліп шешім қабылдайтын мүмкіндік болған жоқ. Екіншіден, түсірілім кезіндегі атмосфера мүлдем бөлек. Түсірілім барысында шешімнің барлығы орынды болды. Ешкім күмәнданған жоқ. Мүмкін эфирге шыққан соң әсер басқаша болды ма, түсінбедім. "Магия телевидения" деген сөз бар. Мүмкін "теледидар сиқыры" деген осы шығар. Себебі түсірілім кезінде "Бүркіттің" "Қыздар-ай" әні сондай танымал болып кетеді деп ешкім ойлаған жоқ. Тіпті Әміренің өзі де күтпеген сияқты. 

"Маска" шоуының негізгі мақсаты хит шығару емес, өнерпаздардың нағыз талантын көрсету. Дегенмен ННBek тобының бұл әні Бүркіттің орындауынан кейін жаңа тыныс алып, тағы да хит болып, бағдарлама аясынан шығып кетті. Бұл керемет нәтиже. Демек "Маска" шоуының міндеті екі есе орындалды деуге келеді.

Жоба өте қысқа уақытта түсірілді. Халықпен ақылдасып, дауыс беру арқылы өткізуге болар еді. Бірақ карантинге байланысты мүмкіндік шектеулі болды. Негізі шоудың форматы бойынша залда отырған көрермендер "маскасын" ашатын екі өнерпазды таңдайды. Ал әділ қазылар соңғы шешімді қабылдайды. Карантинге байланысты көременмен түсіруге мүмкіндік болмаған екен. Сондықтан жоба продюсері Гүлнұр Мамасарипова жоба авторларымен ақылдасып, форматына аздаған өзгеріс енгізіп, осылай түсірілді.

Негізі қатысушының маскасын шешіп, оны жобадан шығарудан бұрын, келесі кезеңде қай кейіпкердің қызық болатыны маңызды болды. Жобалап атын атасақ та, бетперде артындағы адамның нақты кім екенін жүз пайыз  білген жоқпыз. Интрига сақталып тұрды. Барлығы бір деңгейде өнер көрсетті. Шешім қабылдау қиынға соқты. Бірде нашарлау өнер көрсеткен кейіпкердің маскасы шешіліп жатты, енді бірде масканың артында жүз пайыз кім тұрғанын білген соң қызық болмай, жобадан шықты.

- "Бүркіттің" жобадан ертерек кетуі оның "бағы" болды деуге келе ме?

Түсірілім кезінде ешқандай ажиотаж болған жоқ. Тіпті Әміренің өзі де мұндай болатынын күткен жоқ деп санаймын. Сол шығарылымда Әміре маскасын шешкен кезде: "мен бүгін кететінімді сездім, рақмет" деген позитивпен кетті. Көңілде еш қаяу болған жоқ. Барлығына алғысын айтып, жақсы күйде қоштасты. Тағы айта кетейін, бұл – теледидар сиқыры.  Эфирде барлығы мүлдем басқаша қабылданды.

Бұған дейін Әмірені тұрақты түрде тыңдадым деп айта алмаймын. "Славян базарында" көрдім. Әміре әдетте күрделі әндерді орындайды. Ал бұл жерде поп жанрындағы әнді айтып, өзін мүлдем басқа қырынан көрсетті. Сол арқылы халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Бүркіттің маскасы шешілген соң Әміренің одан да көп жанкүйері, жанашыры пайда болды деп ойлаймын. Ал қазір өзінің шығармашылығын әрі қарай жалғастырып жатыр.

Жобаға қатысқан өнерпаздар танылып, әндері хит болып жатыр. Демек бағдарламаның миссиясы орындалды.

- Қазылар алқасы қалай таңдалған? Олардың тарапына айтылып жатқан сын-пікірге қатысты айтарыңыз бар ма?

Меніңше жақсы құрам жиналған. Бұл жоба франшиза ретінде алынған, ол жерде қазылар құрамында шоумен, әзілкеш, әнші – әртүрлі бағыттағы бағалаушылар болу керек деген талап бар. Шоудың басты мақсаты көременге эмоция сыйлау. Менің ойымша, әділ қазылар бұл мақсатты толығымен орындап шықты. Көрерменнен неше түрлі эмоция шықты: күлді, күрсінді, жылады, қуанды, ұрысты, шабыттанды, ызаланды, ең бастысы таланттарға тамсанды.

Мейіржан әзілдеп отырды, Еркенің интуициясы мықты, көп кейіпкерді дәл тапты. Жанар апайдың музыкалық талғамы керемет, өзіндік бір аурасы бар. Әр шығарылым 2-3 сағат түсірілді, талқылау да көбірек болады. Көп дүние монтаж барысында кесіледі. Кей маңызды сөз эфирге кірмей қалуы мүмкін. Әр төрешінің өзіндік орны бар, біреу мықты, біреу осал деп айтуға еш келмейді. Төрешілер бір команда болып жұмыс істеді. 

Комедия – ең қиын жанрдың бірі

- Марат Оралғазиннің ұстанымы қандай?

Еңбек далада қалмайды. Өмірлік ұстаным – ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек. Қазақтың ұстанымы, конституциясы Абайдың "бес асыл ісінде" жатыр. Осы жолмен жүрсең, еңбегің мен ақылың екі жақтап алып шығады дейді. Абай қазақтың өмірлік ұстанымына қатысты конституциясын жазып кетсе, Әлихан Бөкейханов соны қалай жүзеге асырудың жолын салды.

- Сериалдардағы астарлы мән жайлы айтсақ, ол сол авторлардың ұстанымы ма?

Біздің жанр – сатира. Бірақ оның астарында ой салатын дүние бар. Мысалы, "Бәсеке" сериалы көрген адамға қатты ұнайды, себебі көрермен ішінен өзіне керек дүниені алады. Желідегі пікірлердің арасында "бұл сериал өмірімді өзгертті", "өмірге басқаша қарай бастадым" деп жазады. Ол жерде Абай да, Әлихан да бар. Комедия түрінде ой тастадық. "Сәке" сериалында да қазір елде болып жатқан қоғамдық мәселелер қозғалады. Адал емес шенеуніктер жайы айтылады. Не жасасақ та, осындай ойларды салып отыруға тырысамыз.

Сценарийді бір адам жазбайды, авторлардың пікірі көп жағдайда бір жерден шығады. Сериалдың астарында қандай да бір мәнді сол ұжымның ұстанымы деп айтуға болады.

Instagram-ға шығып "мынау былай" деп отырғанша өзіміз жасап жатқан дүниенің ішіне салып, жеткіземіз.

- Іс бірінші орында ма, сөз бе?

Сөз жүзінде іс бірінші орында.

- Комедия, сатира жанрында еңбек етіп жүрсіздер. Бұл жанрдың шеңберінен шығу жоспарда бар ма?

Әрине, ол уақытпен келеді. Комедия – ең қиын жанрдың бірі. Комедияның ішіндегі әзілді алып тастасаң, драма болып шыға келеді. Комедияны жеңіл-желпі, оңай деп жатады. Шындығы олай емес. Адамды жылатудан күлдіру қиын.

Түрлі фильм түсіруге болады. Ол уақыт және қаражатқа тәуелді. Егер Marvel деңгейіндегі дүние жаса десе, уақыты мен қаражатын атаса, қазақтар оны жасай алады. Біз оған жетеміз, бірақ қашан екені белгісіз.

- Қазіргі қазақ киносы қандай жағдайда тұр?

Мен оған баға бере алмаймын, себебі өзім де сол салада жүрмін. Ал жекеменшік студиялардың орасан зор еңбек етіп жатқынан білемін, көріп жүрмін. Сапасы төмені, сапасы жақсысы да бар. Бірден "Оскар" күтудің қажеті жоқ. Барлығы уақытпен келеді. Оған да жетерміз. Әзірше тәжірибе жинау керек.

Марат Оралғазин
© Photo : Марат Оралғазиннің жеке архивінен
Марат Оралғазин

Дәл осы жекеменшік студиялар жасап жатқан жұмыстар қатты еленбейді, алайда сол фильмдер кинотеатрларда шетелдік өнімді ығыстырып шықты. Бұл – идеологиялық тұрғыдан өте үлкен жеңіс. Қазақтың өніміне сұраныс бар, сол сұранысқа сай өнім шығып жатыр. Қазір қазақ өзі туралы кино көре алады. 1990 жылдарды алсақ, Қазақстанда тұрамыз, бірақ миымыз Ресейде болды. Біз Киркоровты тыңдап, Ресейдің киносын көрдік. Солардың медиакеңістігінде жүрдік. Дегенмен қазір Youtube-та қазақша жоба, қазақша сериал көбейді. Соның бәрі біздің өз кеңістігімізді құрап жатыр.

Бізде биполярлық жүйе бар. Қазақша және орысша сөйлейтіндердің арасы алшақтау, екі дүние сияқты. Бір жақ білетін дүниені, келесі тарап қабылдамайды. Бірақ екі жақ та қабылдайтын өнерпаздар бар. Бізді көп жағдайда тіл мәселесі тежейді. Келешекте барлығы қазақ тіліне ауысады деп сенемін.

- Марат Мәдетұлы, әңгімеңізге рақмет!

781
Кілт сөздер:
сұхбат
Ерлан Қарин

Тоқаев көмекшісімен сұхбат: "Қарин достарының клубы" және саяси реформалар жайлы