Сөз зергері Ғабит Мүсірепов 17 жыл тұрған үйдің қазіргі келбеті фото

108
  • Қазақтың халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтің мемориалдық музей-үйі 1991 жылы ашылған. Алматыдағы Мұқан Төлебаев көшесінде орналасқан музейде жазушы 1968-1985 жылдары тұрған
  • 1999 жылы бір-бірімен құда болған қос қаламгер Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұқанов музейі біріктірілді
  • Музей әдеби және мемориалдық бөлімнен тұрады
  • Мемориалдық бөлім жазушының өзі тұрған кездегі қалпын толық сақтап қалған
  • Әдеби зал
  • Ғабит Мүсіреповтің көзілдірігі
  • Күлсалғыш
  • Қаламгердің жұмыс үстелінде тұрған ауа ылғалын өлшегіш
  • Ғабит Мүсіреповтің жеке бөлмесінде тұрған радио
  • Жазушы бөлмесіндегі орындық 1968 жылы Сауд Арабиясынан сатып алынған
  • Жазушының кабинетінде 2 мыңға жуық кітап қоры сақталған
  • Жеке кітапханадағы кітаптар
  • Қонақ бөлмесінде жазушы киген киімдер
  • Ғабит Мүсіреповтің аяқ киімі
  • Қонақ бөлмеде тұрған шам
  • Шамның үстіндегі жазу
  • Ғабит Мүсіреповке 1968 жылы Кездеспей кеткен бір бейне кітабы үшін Абай атындағы республикалық сыйлық берілді.
  • Мүсірепов 1962, 1972, 1974 жылы 3 рет Ленин орденін алған
  • Музейге қаламгердің туыстарының фотосы да қойылған
  • Ғабит Мүсіреповтің анасы Дина мен бауырлары Хамит, Баязит, Гүлсім мен Әшімнің фотосы да бар
  • Ғабит Мүсіреповке 1974 жылы Ленин ордені табысталған сәт
  • Қаламгердің бір хоббиі ағаш жону болған
  • Ғабең отбасымен бірге
  • Мемориалдық музейдің әдеби бөлімінде тұрған кәде сыйлар
  • Ғабит Мүсірепов дүниеден өтерден 3 күн бұрын хат жазып қалдырған
Алматы қаласында қазақтың халық жазушысы, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Ғабит Мүсіреповтің мемориалдық музей-үйі 1991 жылы ашылған

Алматыдағы Мұқан Төлебаев көшесінің бойы тарихқа толы. Себебі дәл осы көшенің бойында бір кездері бірқатар ақын-жазушы, мәдениет және қоғам қайраткері тұрған. Қазір олар тұрған үй мемориалдық музей-үйге айналған. Соның бірі – қазақтың халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтің үйі. Қаламгердің 1968-1985 жылдары тұрған үйі қазір жазушы шығармашылығы мен өміріне қызығушылық танытқан оқырман үшін таптырмайтын жер.

Музей 1991 жылы ашылған. 1999 жылы бір-бірімен құда болған қос қаламгер Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұқанов музейі бірікті. Нысан Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарайды. Ішінде жазушының жеке заттары, кітапханасы, қолданған ыдыс-аяғы сақталған.

Оқи отырыңыз: Алматыдағы Ұлы Жібек жолы көрмесі: ерекше артефактар фотосы

Музей екі бөлімнен тұрады: әдеби және мемориалдық бөлім. Мемориалдық бөлім жазушының өзі тұрған кездегі қалпын толық сақтап қалған. Әдеби залда жазушының өмірбаяны, шығармашылығы, зерттеу еңбектері, алған атақ-марапаттары, отбасылық суреттері қойылған.

Мемориалдық бөлімде жұмыс кабинеті, жазу үстелі, кітапханасы, көзі тірісінде соңғы қолданған сия сауыттары, домбырасы сақтаулы тұр. Қонақ бөлмесінде де жазушы киген киімдер, аяқ киімдері, сервант, айнасы, сыйға берілген шам секілді тұрмыстық бұйымдар бар.

Ғабит Мүсіреповтің шығармаларын тек қарындашпен жазғаны белгілі. Қаламгер қате кеткен жерін өшіріп, қарындашпен қайта жазып отырған. Жазушының жазу үстелінде өмірінің соңында қолданған қарындаштары, кітап, көзәйнегі, күлсалғышы қаз қалпында тұр.

Жазушының кабинетінде 2000-ге жуық кітап бар.

"Бұл музей қатты үлкен емес, көлемі шағын. Қазір карантин кезінде адам сиреп қалды. Бұрын карантинге дейін студенттер мен оқушылар үзбей келіп тұратын", - дейді музей қызметкері Назым Әбдіқұл.

Музейге кіру құны ересектерге 500 теңге, студенттерге 300 теңге, оқушыларға 200 теңге. Музей ішіндегі экскурсия бір топқа – 500 теңге.

"Туған елге соңғы сөз" - Ғабит Мүсіреповтің соңғы айтып кеткен сөзі. Қайтыс боларынан 3 күн бұрын қаламгер Әлжаппар Әбішев пен Мұхтар Шахановты шақырған. Хатта "қалам ұстауға хәлім болмағандықтан хатты Әлжаппар мен Мұхтарға айтып жаздырдым" деген жолдар бар. Ғабит Мүсірепов 1985 жылы 31 желтоқсанда 83 жасында дүниеден озды.

Сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің мемориалдық музей-үйінің фотоларын Sputnik Қазақстан фотолентасынан көре аласыз.

108
  • Қазақтың халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтің мемориалдық музей-үйі 1991 жылы ашылған. Алматыдағы Мұқан Төлебаев көшесінде орналасқан музейде жазушы 1968-1985 жылдары тұрған
    © Sputnik / Тимур Батыршин

    Қазақтың халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтің мемориалдық музей-үйі 1991 жылы ашылған. Алматыдағы Мұқан Төлебаев көшесінде орналасқан музейде жазушы 1968-1985 жылдары тұрған.

  • 1999 жылы бір-бірімен құда болған қос қаламгер Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұқанов музейі біріктірілді
    © Sputnik / Тимур Батыршин

    1999 жылы бір-бірімен құда болған қос қаламгер Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұқанов музейі біріктірілді. Қазір нысан Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарайды.

  • Музей әдеби және мемориалдық бөлімнен тұрады
    © Sputnik / Тимур Батыршин

    Музей әдеби және мемориалдық бөлімнен тұрады. Әдеби бөлімге қаламгердің жеке кабинеті мен қонақ бөлме кіреді.

  • Мемориалдық бөлім жазушының өзі тұрған кездегі қалпын толық сақтап қалған
    © Sputnik / Тимур Батыршин

    Мемориалдық бөлім жазушының өзі тұрған кездегі қалпын толық сақтап қалған. Ол жерде қаламгердің жұмыс кабинеті, жазу үстелі, кітапханасы, көзі тірісінде соңғы қолданған сия сауыты, домбырасы сақтаулы тұр.

  • Әдеби зал
    © Sputnik / Тимур Батыршин

    Әдеби залда жазушының өмірбаяны, шығармашылығы, зерттеу еңбектері, алған атақ-марапаттары, отбасылық суреттері қойылған.

  • Ғабит Мүсіреповтің көзілдірігі
    © Sputnik / Тимур Батыршин Batyrshin Timur

    Ғабит Мүсіреповтің көзілдірігі.

  • Күлсалғыш
    © Sputnik / Тимур Батыршин

    Ғабит Мүсірепов қолданған күлсалғыш.

  • Қаламгердің жұмыс үстелінде тұрған ауа ылғалын өлшегіш
    © Sputnik / Тимур Батыршин

    Қаламгердің жұмыс үстелінде тұрған ауа ылғалын өлшегіш.

  • Ғабит Мүсіреповтің жеке бөлмесінде тұрған радио
    © Sputnik / Тимур Батыршин

    Ғабит Мүсіреповтің жеке бөлмесінде тұрған радио. Радио бетінде Харьков, Таллин, Львов, Киев, Вильнюс, Рига, Люксембург, Кишинев, Ленинград, Москва деп жазылған.

  • Жазушы бөлмесіндегі орындық 1968 жылы Сауд Арабиясынан сатып алынған
    © Sputnik / Тимур Батыршин

    Жазушы бөлмесіндегі орындық 1968 жылы Сауд Арабиясынан сатып алынған. Ғабит Мүсіреповтің шығармаларын тек қарындашпен жазғаны белгілі. Қаламгер қате кеткен жерін өшіріп, қарындашпен қайта жазып отырған. Жазушының жазу үстелінде сол қарындаштары, кітап, көзәйнегі, күлсалғыштары қаз қалпында тұр.

  • Жазушының кабинетінде 2 мыңға жуық кітап қоры сақталған
    © Sputnik / Тимур Батыршин

    Жазушының кабинетінде 2 мыңға жуық кітап қоры сақталған. Сондай-ақ хаттар мен картотекалар бар.

  • Жеке кітапханадағы кітаптар
    © Sputnik / Тимур Батыршин

    Жеке кітапханадағы кітаптар арасында "История Казахской ССР", "Очерки истории СССР" секілді томдықтар мен Чарльз Дарвин мен Сталиннің "Вопросы ленинизма" секілді кітаптарды кездестіруге болады.

  • Қонақ бөлмесінде жазушы киген киімдер
    © Sputnik / Тимур Батыршин

    Қонақ бөлмесінде жазушы киген киімдер, аяқ киімдері, сервант, айна, сыйға берілген шам, самаурын мен ыдыс-аяқ секілді тұрмыстық бұйымдар бар.

  • Ғабит Мүсіреповтің аяқ киімі
    © Sputnik / Тимур Батыршин

    Ғабит Мүсіреповтің аяқ киімі.

  • Қонақ бөлмеде тұрған шам
    © Sputnik / Тимур Батыршин

    Қонақ бөлмеде тұрған шам. Мұны Қазақ университеті сыйға берген.

  • Шамның үстіндегі жазу
    © Sputnik / Тимур Батыршин

    Шамның үстінде ойылып "Қадірлі, Ғабе, шырағыңыз сөнбесін! деп жазылған.

  • Ғабит Мүсіреповке 1968 жылы Кездеспей кеткен бір бейне кітабы үшін Абай атындағы республикалық сыйлық берілді.
    © Sputnik / Тимур Батыршин

    Ғабит Мүсіреповке 1968 жылы "Кездеспей кеткен бір бейне" кітабы үшін Абай атындағы республикалық сыйлық берілді. 1977 жылы Қазақстан Академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығын алды.

  • Мүсірепов 1962, 1972, 1974 жылы 3 рет Ленин орденін алған
    © Sputnik / Тимур Батыршин

    Мүсірепов 1962, 1972, 1974 жылы 3 рет Ленин орденін алған. 2 рет Қызыл Ту ордені, 1982 жылы "Халықтар достығы" орденімен марапатталған. Фотода жазушылар одағының мүшесі екенін растайтын құжат пен Қазақ ССР жоғары советі президиумының жарлығы бойынша Қазақ ССР халық жазушысы атағын алғанын растайтын құжат. Ортада "Халықтар достығы" ордені тұр.

  • Музейге қаламгердің туыстарының фотосы да қойылған
    © Sputnik / Тимур Батыршин

    Музейге қаламгердің туыстарының фотосы да қойылған. Ғабит Мүсіреповтің 40 жыл бірге тұрған жарының есімі – Ғұсни. Олардың Ғалия, Роза, Ақмарал, Райхан есімді төрт қызы бар. Алайда 1964 жылы жазушының жары Хұсни өмірден өтеді. Бұл уақытта жазушының сүйіктісіне айналған Раиса Мұхамедиярованың аяғы ауыр еді. Олар Хұснидің жылын өткізбей шаңырақ көтереді. Осылайша, 62 жастағы жазушы 25 жастағы актрисаны ұнатып, жаңа отбасын құрған. Отбасында Гауһар мен Гүлнар есімді екі қыз өмірге келді.

  • Ғабит Мүсіреповтің анасы Дина мен бауырлары Хамит, Баязит, Гүлсім мен Әшімнің фотосы да бар
    © Sputnik / Тимур Батыршин

    Музей ішінде Ғабит Мүсіреповтің анасы Дина мен бауырлары Хамит, Баязит, Гүлсім мен Әшімнің фотосы да бар.

  • Ғабит Мүсіреповке 1974 жылы Ленин ордені табысталған сәт
    © Sputnik / Тимур Батыршин

    Ғабит Мүсіреповке 1974 жылы "Ленин" ордені табысталған сәт.

  • Қаламгердің бір хоббиі ағаш жону болған
    © Sputnik / Тимур Батыршин

    Қаламгердің бір хоббиі ағаш жону болған. Ол ағаштарды түрлі формада жонып, сәндеген. Музей қызметкерлерінің сөзінше, бұл таяқты сүйеніш ретінде пайдаланбаған.

  • Ғабең отбасымен бірге
    © Sputnik / Тимур Батыршин

    Ғабең отбасымен бірге.

  • Мемориалдық музейдің әдеби бөлімінде тұрған кәде сыйлар
    © Sputnik / Тимур Батыршин

    Мемориалдық музейдің әдеби бөлімінде тұрған кәде сыйлар.

  • Ғабит Мүсірепов дүниеден өтерден 3 күн бұрын хат жазып қалдырған
    © Sputnik / Тимур Батыршин

    Ғабит Мүсірепов дүниеден өтерден 3 күн бұрын хат жазып қалдырған. Оны "Туған елге соңғы сөз" деп атаған. Хатты Әлжаппар Әбішев пен Мұхтар Шаханов жазып алған. Хатта "қалам ұстауға хәлім болмағандықтан хатты Әлжаппар мен Мұхтарға айтып жаздырдым" деп жазылған. Осылайша Ғабит Мүсірепов 1985 жылы 31 желтоқсанда дүниеден озды.

Кілт сөздер:
Ғабит Мүсірепов, фото, жазушы

Өмір мен өлім, жеңіс пен жеңіліс: соғыс суреттері

53
  • Смерть солдата. Великая отечественная война 1941-1945 гг. Крымский фронт, Керченское направление апрель-май 1942 года.
  • Первые дни Великой Отечественной войны
Өртке оранған ауылдар, қаза тапқан сарбаздар, қоршаудағы Ленинград... Бұл кадрлар сонау сұрапыл соғыстың үрейі мен қорқынышын, Жеңіс үшін жанын қиған сарбаздардың ерлігін бейнелейді

Ресми мәліметке сәйкес, Ұлы Отан соғысы жылдарында 400-ден астам әскери тілші соғыс даласында еңбек етті. Олардың қатарында Макс Альперт, Евгений Халдей, Яков Рюмкин, Анатолий Гаранин, Всеволод Тарасевич, Марк Марков-Гринберг сынды танымал фотографтар да бар.

Әскери фотографтардың от пен оқтың ортасында жүріп, өз өмірлерін бәйгеге тіккені айтпаса да түсінікті. Олар соғыс даласындағы жағдайды суретке түсіріп, ахуал жайлы нақты деректер ұсынып отырды. Бұл соғыс жоспарын құру барысында өзекті рөл атқарды.

Кейде фотографтар арнайы құрастырылған көркем суреттер де түсірді. Бұл кадрлар мерзімді басылымның бірінші беттеріне басылып, соғыс кезінде кеңес халқын рухтандыруды мақсат етті. Әскери репортерлар мен танымал кадрлар жайлы біздің фотолентада.

Оқи отырыңыз: Отанға оралу: Ржев маңында қазақстандық жауынгерлердің сүйегі табылды – видео

Макс Альперт (1899-1980) — кеңестік фотограф және фоторепортер. Ол кеңестік репортажды суреттер топтамасын алғаш қолданғандардың бірі. Соғыс жылдарында Альперт тылда да, ұрыс даласында да еңбек етті.

Яков Рюмкин (1913-1986) — Ұлы Отан соғысы басталған уақыттан бері "Правда" газетінің фототілшісі қызметінде болды. Оның Сталинград шайқасы кезінде түсірген суреттері көбірек танымал. Украина, Молдова, Румыния, Венгрияны азат етуге фототілші ретінде қатысқан. Берлиндегі шайқасты да суретке түсірген.

Евгений Халдей (1917-1997) — ол соғыстың барлық 1418 күнінде иығына "Leica" камерасын асынып, Мурмансктан Берлинге дейін жүріп өтті. Ол түсірген іс-шаралардың қатарында сыртқы істер министрлерінің Париждегі кеңесі, Қиыр Шығыстағы жапондардың жеңілісі, Потсдамдағы одақтас держава басшыларының конференциясы секілді көптеген жиын-кеңестер бар.

Анатолий Гаранин (1912 - 1990) — Ұлы Отан соғысы кезіндегі ең мықты соғыс репортерінің бірі. Соғыс жылдарында "Фронтовая иллюстрация" газетінің тілшісі. Кеңес Армиясының түрлі майдандағы соғыс әрекеттерін суретке түсірген.

Марк Марков-Гринберг (1907-2006) — соғыс басталған алғашқы күннен бері майданда жүрген. Ол соғысқа байланысшы ретінде қатысқанымен, соғыс пен демалыс минуттарының ерекше сәттерін суретке түсіріп отырған. 1943 жылдан бері "Слово бойца" газетінің фототілшісі болған.

Всеволод Тарасевич (1919-1998) — кеңестік фотожурналистиканың классигі. Ұлы Отан соғысы басталған шақтан бері Солтүстік-Батыс саяси басқаруының, кейіннен Ленинград майданының фототілшісі болған.

53
  • © Sputnik / Max Alpert

    Макс Альперттің "Комбат" атты танымал жұмысы. Бұл сурет соғыстың символына айналды. Суретте: 18-армия 4-атқыштар дивизиясы 220-атқыштар полкінің кіші саяси жетекшісі Алексей Еременко жараланған рота командирі орнына тұрып, солдаттарды қарсы шабуылға бағыттау кезінде көз жұмды.

  • © Sputnik / Max Alpert

    Гитлершілер белорус ауылын өртеп жіберді. Беларусь, 1944 жыл.

  • © Sputnik / Yevgeny Khaldei

    "Рейхстагтағы Жеңіс белгісі" кадры, 1945 жыл. Бұл сурет соғыстың аяқталуын бейнелейтін Берлиннің ең танымал фотосы ретінде тарихқа енді.

  • © Sputnik / Yevgeny Khaldei

    Фашистік Германияның Кеңес Одағы аумағына басып кіруін хабарлау кезінде көшеге жиналған Мәскеу тұрғындары, 1941 жылдың 22 маусымы.

  • © Sputnik / Yevgeny Khaldei

    Соғыстың тағы бір танымал суреті. Фотода: кеңестік автоматшылар Граф айлағында соғысып жатыр, 1944 жыл.

  • © Sputnik / Max Alpert

    Кеңестік әйелдер мен балалар үйлеріне оралуда. Автор бұл фотоны "Туған ауылға қайтқанда" деп атады, 1943 жыл.

  • © Sputnik / Anatoliy Garanin

    Мәскеу түбінде тұтқынға алынған немістер бейнеленген сурет, 1941 жыл.

  • © Sputnik / Max Alpert

    Барлаушылар қорғаныс шебінен өтуде, 1943 жыл.

  • © Sputnik / Yakov Ryumkin

    "Бейбітшілік естеліктері" атты туынды. Сталинград, 1943 жыл.

  • Смерть солдата. Великая отечественная война 1941-1945 гг. Крымский фронт, Керченское направление апрель-май 1942 года.
    © Sputnik / Анатолий Гаранин

    Әскери фотограф Анатолий Гаранин Ұлы Отан соғысы кезіндегі ең әсерлі кадрлардың бірін түсіріп алды. "Сарбаздың өлімі" атты сурет фоторепортаждың классикасына айналды. Суретте: Қырым майданы, Керчь бағыты, 1942 жылдың сәуір-мамыр айлары.

  • © Sputnik / Max Alpert

    Соғыс кезіндегі артиллериялық есеп, Солтүстік Кавказ, 1943 жыл.

  • © Sputnik / Yevgeny Khaldei

    Зенитшілер азат етілген Севастополь аспанын күзетіп тұр, 1944 жыл.

  • © Sputnik / Vsevolod Tarasevich

    Жау қоршауындағы Ленинград тұрғындары аязды күні сынған су құбырынан су алып жатыр, 1942 жыл.

  • © Sputnik / Anatoliy Garanin

    Сталин атындағы механизация және моторизация әскери академиясы жанындағы танк полкі соғысқа аттанар алдында. Мәскеу, 1941 жылдың маусымы.

  • © Sputnik / Anatoliy Garanin

    Ленинградтағы Нева даңғылындағы аэростаттар, 1941 жыл.

  • Первые дни Великой Отечественной войны
    © Sputnik / Анатолий Гаранин

    Атыс кезінде анасы баласын денесімен бүркеп жатыр. Красная слобода ауылы, Брянск майданы, 1941 жыл.

  • © Sputnik / Yevgeny Khaldei

    Граф айлағы жанындағы Севастополь қирандыларындағы тұтқын немістер, 1942 жыл. Бұл сурет Севастопольді қорғау кезінде түсірілген.

  • © Sputnik / Yevgeny Khaldei

    Қызыл Ту орденді гвардиялық авиация полкінің жауынгерлері Ұлы Отан соғысы кезінде Севастополь аспанында, 1944 жыл.

  • © Sputnik / Mark Markov-Grinberg

    Кеңестік сарбаздар хаттарды сұрыптап жатыр. 2-Беларусь майданы. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы.

  • © Sputnik / Анатолий Гаранин

    Мобилизация. Жауынгерлер легі майданға қарай бет алуда. Мәскеу, 1941 жылдың 23 маусымы.

  • © Sputnik / Mark Markov-Grinberg

    Оқу-жаттығу кезіндегі сарбаздар, Брянск майданы, 1942 жыл. Оқу-жаттығу кезінде танк сарбаздар жатқан окоптан өтіп жатыр.

  • © Sputnik / Yevgeny Khaldei

    Омолица ауылының тұрғындары Югославия жеріне бірінші болып ұшып келген кеңестік ұшқыш Семен Бойкоға қошемет көрсетуде, 1944 жыл.

  • © Sputnik / Yevgeny Khaldei

    Берлиндегі Александерплацтағы әскери реттеуші Мария Шальнева, 1945 жыл.

  • © Sputnik / Max Alpert

    Мәскеу, 1945 жыл. Жеңіс шеруі. Жеңілген фашист армиясының жалаулары Кремль қабырғасына қарай жығылуда.

  • © Sputnik / Anatoliy Garanin

    Әуедегі шабуылдан қорғану әскерінің прожекторлары Мәскеу аспанын жарықтандырып тұр, 1941 жылдың маусымы.

Кілт сөздер:
фотограф, фото, Ұлы Отан соғысы, соғыс

Билл Гейтс 27 жыл отасқан әйелімен ажырасты: миллиардер мұрасы қалай бөлінді фото

81
Әлемдегі ең бай жұп – Билл және Мелинда Гейтс отыз жылға жуық заңды некеден кейін ажырасуға бел байлады. Танымал ерлі-зайыптының өмірі жайлы қызықты деректерді төмендегі материалдан оқыңыз

Билл және Мелинда Гейтс 27 жыл бойы берік некенің үлгісі болып келді. Олардың ажырасу туралы шешімі көпті таңғалдырды әрі жабырқатты. Миллиардердің әйелі өз сөзінде олардың некесі құрдымға кеткенін және оны еш жағдай қалпына келтіре алмайтынын мәлімдеді. Ал кәсіпкер мұндай шешімге не түрткі болғаны жайлы жақ ашпады.

"Қарым-қатынасымызды жақсарту бойынша жұмыстар жасағаннан кейін біз ұзақ ойлана келе некені бұзу туралы шешім қабылдадық" – деп жазды жұбайлардың әрқайсысы өз Твиттер парақшасында.

Алайда олар қайырымдылық қоры аясындағы жұмыстарды бірлесіп жүргізе береді. Bill & Melinda Gates Foundation компаниясында олар тең төраға ретінде қалды.

Оқи отырыңыз: Билл Гейтс коронавирустан кейін адамзатқа қандай қауіп төніп тұрғанын айтты

Билл Гейтс – 65, Мелинда – 56 жаста. Олар ғаламшардағы ең бай адамдардың тізімінде төртінші орында тұр. Олардың мұрасы 130 миллиард долларға бағалануда. Сонымен қатар Microsoft негізін қалаушының жары әлемдегі ең  ықпалды әйелдердің қатарында.

БАҚ-тағы ақпаратқа сәйкес, ажырасқаннан кейін Мелинда Гейтс күйеуінің құны 1,8 миллиард доллар болатын құнды қағаздарына иелік етеді. Сондай-ақ Канада ұлттық теміржол компаниясындағы 1,5 миллиард доллар тұратын акциялар мен АҚШ-тағы Autonation ірі автоделдалының бағасы 300 миллион долларды құрайтын үлесі де бұйырды. Бұл Билл Гейтске тиесілі акциялардың шағын бөлігі ғана.

Миллиардтаған байлығына қарамастан, Гейтстер балаларына тек 10 миллион доллар көлемінде мұра қалдыру туралы шешім қабылдады. Экс-жұптың пікірінше, "тым көп ақша ешкімге жақсылық алып келмеген".

Гейтстер туралы қызықты фактілер мен фотоларды Sputnik материалынан тамашалаңыз.

81
  • © AP Photo / Elaine Thompson

    Ерлі-зайыптылар 1987 жылы Нью-Йоркте Microsoft іс-шарасы кезінде танысқан. Мелинда компанияда маркетинг жөніндегі менеджер қызметін атқарған. Суретте: Киркландтағы сұхбат кезіндегі Билл Гейтс пен оның әйелі Мелинда. Вашингтон штаты, 2019 жыл.

  • © AP Photo / Dave Weaver

    Билл Гейтс пен Мелинда 1994 жылдың 1 қаңтарында үйленді. Неке қию салтанаты Ланаи гаваи аралындағы гольфқа арналған алаңда өтті. Суретте: Гейтс пен әйелі неке қиылғаннан кейін бір аптадан соң, 1994 жыл.

  • © AFP 2021 / Adrian Dennis

    Мелинда Microsoft қызметкерлерінің жұмыс бабымен өткен кешкі аста Билл Гейтстің назарын өзіне аударған. Ол екеуі де бас қатырғыш есептерге қызыққан. Сондай-ақ миллиардердің болашақ жары кешкі ас кезінде оны математикалық ойын кезінде жеңген. Суретте: Билл Гейтс пен оның әйелі Мелинда Лондондағы Букингем сарайында, 2005 жыл.

  • © AFP 2021 / Getty Images North America / Jamie McCarthy

    Ерлі-зайыптының ортақ үш баласы бар: қыздары Дженнифер мен Фиби Адель және ұлы Рори. Суретте: Билл Гейтс пен оның әйелі Мелинда кіші қыздары Фиби Адельмен бірге, 2017 жыл.

  • © AP Photo / Andy Rogers

    Қазір Билл 65, ал Мелинда 56 жаста. Үйленгенге дейін миллиардер отбасылық өмір мен Microsoft-тағы қызметін бірге алып жүре алмаймын деп көп алаңдаған. Оның осыған қатысты күдігі де көп болған. Суретте: Билл Гейтс әйелімен бірге Сиэтлдегі Вашингтон университеті заң мектебінің жаңа ғимаратын ашу салтанатына қатысуда, 2001 жыл.

  • © AFP 2021 / Pool / Chris Young

    Билл мен Мелинда қайырымдылық қоры 2000 жылы құрылды және ол АҚШ-тағы ең ірі қор болып саналады. Білім беру және әлеуметтік бағдарламалардан бөлек, қор асқынған ауруларға қарсы дәрілерді әзірлеу жобаларын да қаржыландырады. Коронавирус пандемиясы басталғаннан бері бұл қор осы инфекцияны зерттеушілер мен вакцина әзірлеушілерге 1,7 миллиард доллар қаржы бөлді. Суретте: Билл Гейтс әйелі Мелиндамен бірге Ұлыбритания королевасы ІІ Елизаветамен кездесуде, 2005 жыл.

  • © REUTERS / Rick Wilking

    Forbes ақпараты бойынша, Билл Гейтс ғаламшардағы ең бай адамдардың тізімінде төртінші орында тұр. Оның мұрасы 130 миллиард долларға бағалануда. Сонымен қатар Microsoft негізін қалаушының жары әлемдегі ең ықпалды әйелдердің қатарында. Суретте: Билл Гейтс әйелі Мелиндамен бірге Сан-Валлидегі Allen & Co конференциясында. АҚШ, 2014 жыл.

  • © AP Photo / Elaine Thompson

    2021 жылдың ақпанында бұл ерлі-зайыпты АҚШ-тағы ең ірі жер иеленушілер ретінде танылды. Оларға 1 мың шаршы километр жер телімі, соның ішінде, Американың 19 штатындағы 979,3 шаршы километр ауыл шаруашылыққа арналған жер аумағы тиесілі. Суретте: Билл Гейтс әйелі Мелиндамен бірге Сиэтлдағы Bill & Melinda Gates Foundation ашылу салтанатында. Вашингтон штаты, 2011 жыл.

  • © REUTERS / Pool / Kamil Zihnioglu

    Мелинда Гейтс Далласта, "Аполлон" бағдарламасы аясында жұмыс істеген авиағарыш инженерінің отбасында өскен. Оның анасы үй шаруасындағы әйел болған. Суретте: Microsoft негізін қалаған Билл Гейтс әйелі Мелиндамен бірге Парижде, 2017 жыл.

  • © AP Photo / Gazi Sarwar

    Билл мен Мелинда балалары 14 жасқа толғанға дейін оларға ұялы телефон сатып алып бермеген. Бұл олардың отбасындағы қатаң қағида болған. Суретте: Ерлі-зайыпты Гейтстер Бангладеште, 2005 жыл.

  • © AP Photo / Aftab Alam Siddiqui

    Билл және Мелинда Гейтс үш баласына тек 10 миллион доллардан қалдыру туралы шешім қабылдаған. Бұл миллиардтаған мұраның тарыдай ғана бөлшегі. Өзара келісім бойынша қалған қаражат қайырымдылыққа жұмсалады. Суретте: Билл Гейтс пен оның әйелі Мелинда Үндістанда, 2011 жыл.

Кілт сөздер:
келісім, ажырасу, фотолента
Иллюстративті фото

Сәтбаевтағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқандарға сот үкімі шықты

0
Бұған дейін сотталушылардың адвокаттары сот процесінде туындаған шиеленісті жағдайды ескеріп, істі қарауды тездетуді сұраған

АЛМАТЫ, 14 мамыр – Sputnik. Сот өткен жылы Сәтбаев қаласындағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқандарға үкім шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қарағанды облысының ювеналды сотында 55 адамға қатысты іс қаралды. Себебі, тәртіпсіздік кезінде сотталушылардың үшеуі 18 жасқа толмаған еді.

Сот алдына 49 ер адам мен 6 әйел келді. Оларды екі қылмыстық бап бойынша кінәлі деп таныды: 272-бап "жаппай тәртіпсіздік" және 380-бап "билік өкіліне қатысты зорлық-зомбылық".

Процесс барысында сотталушылар өздеріне тағылған айыпты мойындап, прокурордың соттан сұраған жазасына келісті.

14 мамырда судья Кенжебай Ысқақбаев сотталушыларға қатысты жазаны анықтады. Тоғыз адам үш жылға бас бостандығынан айырылды. Тағы 44 сотталушы төрт жылға шартты түрде жаза алды, қалған екі адам бір жарым жыл шартты түрде бас бостандығынан айырылды.

Тұрғындар педофилді беруді талап етті

Сәтбаев қаласында жаппай тәртіпсіздік 2020 жылдың 24 шілдесіне қараған түні бес жасар қызды ұрлап, зорлағаннан кейін басталды. Ашуланған жергілікті тұрғындар өздеріне педофилді беруді талап етті. Алайда, полиция күдіктіні үйден байқатпай алып шықты.

Содан жаппай тәртіпсіздік басталды, жағдай ұлттық ұлан жауынгерлері көмекке келгеннен кейін ғана бақылауға алынды. Оған дейін полиция бөлімшесі, олардың қызметтік көліктері талқандалды. Іс бойынша елуге жуық полиция қызметкері, 13 азаматтық тұлға, облыстық полиция департаментінің бір өкілі жәбірленуші ретінде қатысты.

Оқи отырыңыз: Сәтбаевтағы жаппай тәртіпсіздік: адвокат сотталушылардың жүйкесі сыр бергенін айтты

Ал қызды зорлады деген күдікке ілінген ер адам сотқа дейін тергеу изоляторында қаза тапты. Ол өз-өзіне қол жұмсағаны хабарланды.

0
Кілт сөздер:
Сәтпаев қаласы, педофил
Тақырып бойынша
Қырғызстанда жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болған экс-депутат ұсталды
Алматыда жаппай вакциналау қайта басталады – денсаулық басқармасы мерзімін атады
Қордайдағы жаппай тәртіпсіздік: бір адам тергеу изоляторында қайтыс болды
Түркістанда жаппай төбелестен соң қылмыстық іс қозғалды – видео
Сәтбаевтағы жаппай тәртіпсіздік: 54 адамға қатысты сот басталды