Қазақ жауынгері Пазыл Жаманбалаев

"Тілді" тірідей қолға түсірді: қазақ жауынгерінің келіні қайын атасының ерлігі жайлы айтты

520
(Жаңартылды 19:01 11.05.2020)
Пазыл Жаманбалаев кескілескен ұрыста үш рет жараланып, контузия алған. 1946 жылдың көктемінде туған өлкесіне оралады

НҰР-СҰЛТАН, 8 мамыр – Sputnik, Нұргүл Абай, Айгюзел Қадыр. Бүгінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған батырлардың бірі барлаушы Пазыл Жаманбалаев еді. 19 жасында қан майданға аттанған жауынгер ұрыс алаңында батылдығымен көзге түсті. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Sputnik Қазақстан тілшісі майдангердің келіні Райхан Жаманбалаевамен тілдесіп, барлаушының өшпес ерлігін еске түсірді.

Пазыл Жаманбалаев 1923 жылы 10 қазанда дүниеге келген. Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Шайдана ауылының тумасы.

Небәрі 19 жасында, 1942 жылы 24 маусымда ант қабылдап, ұрысқа аттанады. Оқ бораған майданда үш рет жараланған. 1945 жылдың наурызында Шығыс Пруссияда контузия алып, госпитальде ұзақ уақыт емделген. Тек 1946 жылдың көктемінде үйіне оралады.

"Ағыл-тегіл жылап отырғанын көрдім"

Райхан Жаманбалаева – жауынгердің ең үлкен келіні. Жаманбалаевтар отбасына 19 жасында, 1972 жылы келін болып түскен. Майдангер қайын атасымен бір шаңырақ астында алты жыл бірге тұрыпты.

"Әлі күнге дейін есімде. 9 мамыр болатын. Ас үйде дастарқан жайып, атаны тамаққа шақырдым. Ол кісі теледидардан әскери парад көріп отыр екен. "Тамақ ішіңіз" деп едім, үндемеді. Естімей қалған шығар деп, қасына жақындасам, ағыл-тегіл жылап отыр екен. Ол кісі он тоғыз жасында кетті ғой майданға. Сол кездің балаларын сұрапыл соғыс ерте есейтті", - деп еске алды жауынгердің туысы.

Айтуынша, майдангер бала-шағасының ортасында соғыс жайлы тіс жармайтын.

Пазыл Жаманбалаев қандай адам еді

"Өте қарапайым, адал кісі болатын. Елдің бәрі түрі сұсты, көз жанары өткір деп, жүзіне тура қарай алмайтын. Еш уақытта маған "сен" деген емес, "сіз" деп сөйлейтін. Қазір кейбір отбасыларды көріп қынжыласың. Келіндері қайын атасымен ұрсысып жатады. Өкінішті, әрине", - дейді Райхан Жаманбалаева.

Қазақ жауынгері Пазыл Жаманбалаев
© Photo : Райхан Жаманбалаеваның жеке архивінен
Қазақ жауынгері Пазыл Жаманбалаев

Майдангер әскери парадтан қалмауға тырысатын. Мемлекетке де еш өкпе-реніші болған емес. Адал еңбегімен өмір сүрді, деп жалғастырды әңгімесін барлаушының келіні.

Фашистер үшін "түнгі концерт"

Райхан Жаманбалаева қайын атасының ерлігі жайлы "Ақ жол" газетіне жазған екен. Содан үзінді келтірді.

"1944 жылдың 23 маусымы мен 29 тамыз аралығында Белоруссияны азат ету үшін кескілескен ұрыстар жүрді. 23 маусым күні таңертең кеңестік әскер шабуылға шықты. 204 Витевск атқыштар дивизиясының 306-шы жеке барлау ротасының құрамында барлаушы Пазыл Жаманбалаев та бар еді.

Ұлы Отан соғысы: қазақ жауынгері мен оның қызметтік иті туралы қызықты әңгіме   

Сол жылдары қазақша шығып тұрған "Қызыл Армия" газетінің 1944 жылғы шілде айындағы санында "Батыл барлаушы" атты мақала жарық көреді. Онда былай делінген:

"Могилев қаласына таяу маңда жаудың қатты қарсылығына тап болдық. Бүгін қатарынан үш рет атакаға шыққанмен, нәтиже болмады. Дұшпанның минометтен және пулеметтен күшті оқ жаудыру атқыштарымыздың алға басуына бөгет жасады. Кешке таман ішінде барлаушы Пазыл Жаманбалаев бар жай киім киген арнайы рота ұрыс даласына келді.

Арада екі күн өте-ақ алғашқы хабар жетті. Дұшпанның қорғану шебінің алдыңғы линиясынан кейін, әр 200 метр жерде екінші, үшінші линиясы бар болып шықты. Екі мәрте керілген сымдардан кейін терең қазылған орлар әрі дзоттар бар екен".

Барлаушылар дұшпанның қорғаныс жүйесін толық зерттеп, өздеріне жүктелген міндетті тамаша атқарып шыққан.

"Оның ішінде барлаушы Пазыл Жаманбалаев батылдығымен ерекше көзге түсті", - делінген мақалада.  

Партизандар мен барлаушылар 20 шілде күні түнде 40 795 рельсті істен шығарған. Мұны фашистер үшін "түнгі концерт" деп атады.

"Тіл" ұстау операциясы

Барлаушының келіні жауынгердің қан майдандағы тағы бір ерлігі туралы айтты. Ол ақпарат алу үшін "тілді", яғни фашисті ұстау операциясы болатын.

Майдангердің ерлігі қазақстандық жазушы С.Қалиевтің "Маңызды "Тіл" әңгімесінде суреттелген.

"Витебск маңы. Бір топ барлаушыға жау тылынан "тіл" әкелуге тапсырма берілген.

Барлаушылар демалуға кеткен жауынгерлердің орындарына тұрды. Аралары он бес метр. Бұралаң-бұралаң траншеядан біреуі екіншісін көре бермейді. Сағат түнгі бірдің кезі. Автоматын кесе көлденең ұстап, алдыңғы жақты біраз бақылаған соң, Пазылдың көзіне ұйқы тығыла бастады. Сағатына қарап, уақытты білгісі келді.

Майдандастарын құтқару үшін кеудесін оққа тосты: Сүндетқали Есқалиевтің ерлігі

...Пазыл автоматын жар қабаққа сүйеді де, басына плащ-палаткасын бүркеніп шырпы жақты. Осы сәтте сыбдыр естіліп, үстіне зілдей біреу қона кетті. "Немістер" деп ойлады. "Неміс барлаушыларына "тіл" болып кетпекпін бе?" деген қорқынышты ой тоқ ұрғандай өне бойын қарып өтті".

Осыдан кейін екеуінің арасында айқас басталады. Қазақ жауынгері "тілді" жеңеді. Жаманбалаевтың тірідей қолға түсірген "тілі" немістің унтер-офицері болып шықты.

Марапаттары

Пазыл Жаманбалаев  "Ерлігі үшін" медалімен, Қызыл Жұлдыз, ІІІ дәрежелі Даңқ, ІІ дәрежелі Даңқ ордендерімен, "1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін" медалімен марапатталған.

Батырдың медальдары сақталмапты, тек марапаттау туралы құжаттар ғана бар екен.

Пазыл Жаманбалаевтың Жамбыл қалалық ішкі істер бөлімінен құрметті демалысқа шыққан уақыты
© Photo : Райхан Жаманбалаеваның жеке архивінен
Жамбыл қалалық ішкі істер бөлімінен құрметті демалысқа шыққан уақыты

Қазақ жауынгері еліне оралған соң, қалған ғұмырын ішкі істер саласына арнаған. 1964  жылы КСРО Ішкі істер министрлігінің Жоғарғы милиция мектебін тәмамдайды.

1970 жылы Жамбыл қалалық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары қызметінен подполковник шенінде құрметті демалысқа шығады. Осыған қарамастан, ол облыстық прокуратурада біраз жыл еңбек еткен.

"Бірде былай деп қалжыңдағаны есімде: "Мен бұл дүниеде милицияның бастығы болдым, енді о дүниеге барғанда, күзетші болатын шығармын", - деп еске алды келіні.

Майдангер ұрпағының тілегі

Майдангер 54 жасында қайтыс болды. Жаманбалаеваның айтуынша, соғыста алған жарақатынан бөлек, ол өкпе ісігіне де шалдыққан.

Жамбылдық барлаушы жұбайы Мірзайыммен бірге жеті бала – үш ұл, төрт қызды тәрбиелеп өсірді. Қазір 15 немере мен 15 шөбере ержетіп келеді.

"Бір ауылға немесе көшеге Пазыл Жаманбалаевтың есімі берілсе екен деймін. Ол Жамбыл ауданындағы Шайдана ауылында туды. Соның маңында Пионер ауылы бар, мүмкін, сол ауылды Жаманбалаевтың құрметіне атауға болатын шығар. Ол кісіні танитындар менің өтініш-тілегіме құлақ асса. Ең басты тілегім осы", -дейді жауынгердің келіні.

Райхан Жаманбалаеваның ойынша, майдангерге батыр атағын да беруге болады.

520
Кілт сөздер:
Жеңіс күні, Ұлы Отан соғысы
Тақырып бойынша
9 мамыр: Ұлы Отан соғысында Қазақстанның жеңіске қосқан үлесі
Көпшілік біле бермейтін Ұлы Отан соғысының батырлары
Ұлы Отан соғысы: Ресейде екі қазақстандық жауынгердің сүйегі табылды
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан туралы деректер
Ұлы Отан соғысындағы жауынгерлік қорғаныс бас киімі

Еріктілер Тула маңында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің туыстарын іздейді

73
Тула облысында Қазақстаннан майданға шақырылған жауынгерлердің сүйектері табылды. Олар 1941 жылы сұрапыл шайқаста мерт болған

НҰР-СҰЛТАН, 23 қараша – Sputnik. Іздеушілер Ресей Федерациясының Тула облысында 1940-жылдары Шығыс Қазақстаннан майданға аттанған дивизияның төрт жауынгерінің сүйегі табылды. Бүгінде олардың екеуінің туыстары анықталды.

Іздеушілер экспедициясы Тула облысының Алексин ауданындағы Горушки ауылының маңында 2016 жылдан 2019 жылға дейін жұмыс істеу нәтижесінде осындай жетістікке жетті, деп хабарлайды YK-news.kz.

Ол жерде 1941 жылдың наурызында Семейде құрылған 238-ші атқыштар дивизиясы қазан-желтоқсан айында қиянкескі шайқас өткізген. 1941 жылдың 17 қазанында жауынгерлер Калугадан Подольскке қарай жылжыған неміс фашисттерін тоқтату үшін Алексин қаласына өту туралы бұйрық алды. Дивизия бұл жерді 5 желтоқсанда Мәскеу түбінде қарсы шабуыл басталғанға дейін ұстап тұрды. Ал осы уақыт аралығында дивизия едәуір шығынға ұшыраған: 537 адам қаза тапса, 770 жауынгер жараланып, 693 сарбаз хабар-ошарсыз кеткен. 1942 жылы мамырда аталған дивизия Қызыл Ту орденімен марапатталып, 30 гвардиялық дивизияға айналды.

Соғыс жылдары 30 гвардиялық атқыштар дивизиясы 1 200 елді мекенді, оның ішінде 8 ірі қаланы фашистік басқыншылардан азат етті. Оның 13 мыңнан астам жауынгері әскери қызметі үшін ордендермен және медальдармен марапатталған.

Шығыс Қазақстаннан шақырылған дивизияның төрт жауынгерінің сүйегін іздеушілер Горушки ауылының маңынан тапты. Қазірге дейін еріктілер үшін олардың екеуінің туысымен байланысудың сәті түсті. Яғни, Қатонқарағай аймағының тумасы Николай Алексеевич Белоглазовтың отбасы мүшелері табылды. Олар Текелі мен Новосибирскіде тұрады екен. Ал Астафей Петрович Блиновтың туыстары әлі күнге дейін Алтай аймағында (бұрынғы Зырян ауданы) тұратыны анықталды.

Еріктілер жауынгерлік даңқ белгісі қойылған жерден табылған қазақстандық сарбаздардың ұрпақтары мен туыстары табылып қадар деген үмітпен отандастарымызға үндеу жолдайды.

Николай Иванович Сафронов (1911 жылы туған) Киров облысының тумасы. Ол Лениногор аудандық әскери комиссариатынан шақыртылған. Ал оның туыстарының соңғы тұрған жері – Лениногорск (қазіргі Риддер қаласы), Сталин көшесі, 64-үй.

Николай Сафронов пен Астафай Блинов және Николай Белоглазовтың сүйегі Тула облысы Алексинск ауданының Авангард ауылының Алексин қаласын фашистерден азат ету құрметіне – 2018 жылдың 17 желтоқсанында қайта жерленді.

Қабен Әубәкіровтің (1913 жылы туған) сүйегі 2019 жылдың жазында қазылып, ол туралы деректер нақтыланды. Құжаттарда оның Шығыс Қазақстанның Предгорненск аймағының тумасы екені белгілі болды. Майданға шақырылған жері Предгорненск әскери комиссариаты деп аталған. 238 атқыштар дивизиясының 837 атқыштар полкінде пулеметші болған. 11.11.1941 хабар-ошарсыз кеткендер тізіміне енгізілген. Өлген кездегі мойынтұмарында әйелінің мекен-жайы: "Предгорненск ауданы, Красноярск с/с, Чудак кеніші" деп көрсетілген.

Алайда, еріктілер мұрағат құжаттарынан жауынгердің жесірі Татьяна Федоровна Лушкина 1954 жылы Ташкент облысының Пскент аудандық әскери комиссариатына күйеуін іздеу туралы өтініш бергенін анықтады. Өйткені, сол кездері ол Өзбекстан КСР-інде: Пскент ауданы, Жданов атындағы Саид селосында тұрған екен.

2020 жылы 13 сәуірде Қабен Әубәкіров Тула облысының Алексин қаласында құрметпен қайта жерленді.

Оқи отырыңыз: 9 мамыр: Ұлы Отан соғысында Қазақстанның жеңіске қосқан үлесі

Николай Сафронов пен Қабен Әубәкіровтің ұрпақтары мен туыстарын білетіндерден Тула облыстық "Іздеушілер" жастар орталығындағы "Жауынгер  тағдыры" жобасының үйлестірушісі Раиса Николаевна Очневаға 8-905-118-40-93, 8-953-195-90-53, 8-910- 584-59-58 (Whatsapp) нөмірі немесе ochneva-raisa@rambler.ru электрондық поштасы арқылы хабарласуды сұраймыз.

73
Кілт сөздер:
еріктілер, Ұлы Отан соғысы
Тақырып бойынша
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан туралы деректер
Көпшілік біле бермейтін Ұлы Отан соғысының батырлары
Ұлы Отан соғысы: қазақ жауынгері мен оның қызметтік иті туралы қызықты әңгіме   
Ұлы отан соғысы жылдары Қазақстанның қай өңірі бомбаланды
Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қазақ жауынгерінің сүйегі елге жеткізілді
Кеңес-фин соғысына қатысып, мерт болған жауынгердің немересі Жұмабек Мусин

Соғыстың соңғы күні қайтыс болды: қазақстандық сарбаз армияға бару үшін тегін өзгерткен

69
(Жаңартылды 09:52 04.11.2020)
2020 жылы мамырда Ресейде, Фин шығанағындағы Клест аралынан алты қазақстандық сарбаздың сүйегі табылды. Олар 1939-1940 жылдардағы кеңес-фин соғысына қатысқан. Әзірге іздеу шараларына қатысушылар бір жауынгердің ғана туыстарын таба алды

АЛМАТЫ, 3 қараша – Sputnik. Sputnik Қазақстан тілшісі кеңес-фин соғысы кезінде қаза тапқан жауынгерлердің бірі Мұхамбетқали Амантаевтың туысымен кездесті. Ол сарбаздың соғыстың соңғы күні мергендердің снарядынан қаза тапқанын айтты.

2020 жылдың мамырында сарбаздың сүйегі аралды тазарту кезінде жер үстіне көтерілді. Іздеу шараларына қатысушылар 324 сарбаздың сүйегі жерленгенін анықтады. Оның алтауы – біздің отандасымыз.

Atamnyn Amanaty қоғамдық бірлестігіне қазақ жауынгерлерінің сүйектері табылғаны туралы ақпаратты "Ленинградтық ерікті" патриоттық тәрбие жөніндегі ағартушылық орталығы" автономды коммерциялық емес ұйымы хабарлады. Осыдан кейін сарбаздардың туыстарын іздеу жұмыстары басталды.

Қазіргі уақытта іздеу тобы бір сарбаздың – Мұхамбетқали Амантаевтың ұрпағын тапты. Ресми деректер бойынша, Қызыл армия жауынгері Мұхамбетқали Амантаев 1918 жылы Қазақ КСР-де, Айыртау ауданындағы Новый Быт колхозында дүниеге келген. 1938 жылы армия қатарына шақырылады. Ол 181-атқыштар полкінің, 43-атқыштар дивизиясының құрамында жүріп шайқасады. Сарбаз 1940 жылы 12 наурызда Клест аралына шабуыл жасау кезінде қайтыс болған.

Портрет погибшего солдата Мухамбеткали Амантаева
© Sputnik / Тимур Батыршин
Опат болған сарбаз Мұхамбетқали Амантаевтың портреті

Ленинград облысы губернаторы жанындағы ұлтаралық қатынастар жөніндегі кеңестің мүшесі Герман Владимиров өзіне "Космос" және " Советский патриот" атты екі іздеу тобы мүшелерінің келгенін айтты. Олар Клест аралында табылған барлық жауынгердің туыстарына іздеу салу шараларын ұйымдастыруға көмек көрсету үшін Ленинград облысындағы Достық үйі аясында жұмыс тобын құру туралы өтінішін жеткізген.

"Маған қазақстандық сарбаз Мұхамбетқали Амантаев туралы мәлімет іздеуге жеке таныстарым көмектесті. Себебі, менің әйелім Қазақстан Республикасының тумасы, сондықтан ол үшін жерлестерді табу мәселесі өте маңызды", - дейді ол.

Ұрпағын әлеуметтік желі арқылы тапты

Atamnyn Amanaty қоғамдық бірлестігінің іздеу жүйесіне қатысушы Алтыншаш Сыздықова әлеуметтік желілердің арқасында қазақстандық сарбаздың немересі Жұмабек Мусинді тапқан. Ол Алматыда тұрады, құрылыс компаниясында жұмыс істейді.

"Өз тарапымыздан іздеу шараларын жүргізген топқа зор ризашылығымызды білдіреміз. Біз атамызды кеңестік кезеңнен бастап, яғни, ұзақ уақыттан бері іздеп келеміз. Ең алдымен, әскери комиссариаттар, содан кейін Ресей қорғаныс министрлігі, Ленинград облысының муниципалитеттері арқылы ақпарат іздеп, оның қайтыс болған, бірақ жерленбеген жерін анықтадық. Алғашында біз оны Гогландтың басқа аралында жерленген екен деп ойладық. Себебі, Ұлы Отан соғысы жылдарында сұрапыл шайқастар болды. Соғыстан кейін Ленинград билігі Ломоносовта көптеген адамды қайта жерлеген болатын. Сондықтан, біз де сол жерге жаздық", - деп еске алады сарбаздың немересі Жұмабек Мусин.

Внук найденного солдата Зимней войны Жумабек Мусин
© Sputnik / Тимур Батыршин
Кеңес-фин соғысына қатысып, мерт болған жауынгердің немересі Жұмабек Мусин

Мұхамбетқали Амантаевтың ұрпағы оның қабірінің табылғаны туралы хабарды 2020 жылдың 21 қазанында естиді. Оның әулеті жауынгердің моласын 80 жылдан бері іздеген.

Армияға бару үшін тегі мен туған жылын өзгерткен

Жұмабек Мусин атасы Мұхамбетқали Амантаевтың төрт баласы болғанын айтады. Үлкен ұлы – 1931 жылы туған Тасыбай, қыздары Даржан мен Балкен. Тағы бір ұлы кішкентай кезінде шетінеп кеткен.

Соғысқа дейін Мұхамбетқали орталық атқару комитеті мен КСРО халық комиссарлар кеңесінің 1932 жылғы 7 тамыздағы "Мемлекеттік кәсіпорындардың, колхоздардың және кооперациялардың меншігін қорғау және қоғамдық (социалистік) меншікті нығайту туралы" қаулысына сәйкес сотталған (ол бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген –Sputnik).

"Атамыз 1912 жылы туған. Әкесінің тегі – Мусин. Әжем маған оның Челябі облысындағы тұзды шахталарға айдауға жіберілгенін, сол жерден жаяу-жалпылап қайтып келгенін айтты. Кейін атам өзінің жасын азайтып көрсету үшін туған жылын 1918 жыл деп жазған. Тегін өзгертіп, 1938 жылы армияға аттанған", – дейді Жұмабек Мусин.

Мұхамбетқали Амантаев Ленинград әскери округінде әскери борышын өтеген. Артынша фин соғысына қатысады.

"Бізге бала кезімізде соғыс ойынын ойнауға рұқсат бермеді"

"Менің атаммен бірге соғысқан бір жауынгер оның 12 наурызда – соғыстың соңғы күнінде қайтыс болғанын айтты. Олар сол кезде мұз үстінде жүріп келе жатады, артынан атам сол сарбаздың қолында қайтыс болады. Барлығы "Ура" деп айқайлап, жоғары қарай оқ атып жатқанда, оған мергеннің снаряды тиеді. Әзірге біз дәл анықтаған жоқпыз, бірақ әжемнің айтқан әңгімелеріне сүйенсек, ол орденмен марапатталған", – деді сарбаздың немересі.

Ол әжесінің Мусиндер отбасы бай болғандықтан және қуғын-сүргінге ұшырағандықтан, сол жылдар туралы мүлдем жақ ашпауға тырысқанын еске алады.

"Олар сол кезеңде көп нәрсені айтпауға тырысты, өйткені біз бай, қуғын-сүргінге ұшыраған әулет едік. Менің анамның әкесі де соғысқа қатысқан, бірақ шайқастан аман-есен оралған. Нағашы атамыз ол кезде 96 жаста еді, ол дүниеден өткенге дейін өзінің қалай соғысқанын әңгімелеп отыратын. Бізге бала кезімізде соғыс ойынын ойнауға рұқсат бермейтін еді", – дейді Жұмабек Мусин.

Сөзін қорытындылай келе, ол 9 мамыр Жеңіс күні үш немересі аталарының қабіріне барып, оның рухына тағзым етуді жоспарлап отырғанын айтты.

Мусин сондай-ақ, іздестіру тобымен үнемі байланыс орнатып тұратынын және оларға мүмкіндігінше көмектесуге тырысатындығын айтты.

Кеңес-фин соғысы

Кеңес-фин соғысы 1939 жылдың 30 қарашасынан басталып, 1940 жылдың 13 наурызына дейін созылды.

1939 жылдың 26 қарашасында КСРО үкіметі Финляндия үкіметіне артиллериялық қарудан атқылауға байланысты наразылық нотасын жіберді. Ол кеңестік тараптың мәлімдемесі бойынша, Финляндия аумағында жүзеге асырылған. 

Кеңес тарапы бастаған ұрыс қимылдарына қатысты жауапкершілік толығымен Финляндияға жүктелді.

Оқи отырыңыз: Ортақ Жеңіс: басқа елдер 9 мамырды қалай атап өтті

Соғыс қимылдарының басталуы 1939 жылы 14 желтоқсанда КСРО-ның агрессор ретінде Ұлттар Лигасы құрамынан шығарылуына әкеліп соқты.

Соғыс Мәскеудің бейбітшілік келісіміне қол қоюымен аяқталды. Финляндия аумағының 11%-і көлемі жағынан екінші ірі қала саналатын Выборгпен бірге КСРО құрамына кірді. Финляндия билігі 430 мың фин тұрғынын майдан болған аймақтан ел ішіне күштеп қоныстандырды.

69
Кілт сөздер:
іздеу, соғыс, ата-әже
Тақырып бойынша
Жеңіс парадына ҰҚШҰ қорғаныс ведомстволарының мерекелік топтары қатысып жатыр
Жеңіс парады: Тоқаев қазақстандық әскерилерге құрмет көрсетті - видео
Жеңіс парадына екі құпия техника шығарылады  
Тоқаев пен бұрынғы КСРО елдерінің әскерилері Жеңіс парадына қатысты - видео
"Дәл 1945 жылдағыдай": биылғы Жеңіс парады несімен есте қалды
Спутник V вакцинасы

Еуропалық басылым "Спутник V" вакцинасына қолдау білдірді

0
АҚШ пен Еуропалық Одақ елдеріне қарағанда Ресей ақша табуды көздеп отырған жоқ, деп жазды "Monde diplomatique"француз газеті

НҰР-СҰЛТАН, 18 қаңтар – Sputnik. Ресей коронавирус пандемиясын бәсеңдетуге қабілетті препарат әзірледі. Батыс ресейлік ғылымды қаралаудан танар емес, деп жазды "Monde diplomatique"француз газетінің Испаниядағы өкілдігі.  

Мақала авторы Федерико Кусконың пікірінше, Батыс орыстың ғылыми дәстүрін білмегендіктен, "Спутник V" вакцинасына немқұрайлы қарап, сенбеді.

"Тілдік, мәдени пен саяси айырмашылықтан туындаған бұл білімсіздік ресейлік бастамаға күдікпен қарауға себеп болып отыр", - деді журналист.  

Ол препаратты әзірлеу Ресейдегі ғылыми дамудың бүкіл тарихи тізбегінің нәтижесі екенін баса айтты. Алайда, оның пікірінше, батыстықтар көп жыл бойы Ресейдің ғылыми жетістіктерін жоққа шығарып келді де, енді вакцина ойлап табу туралы хабарландыруға таңғалуда.

"Фармацевтикалық зертханалары дәрі-дәрмекке удай қымбат баға белгілейтін АҚШ пен Еуропалық Одақ елдеріне қарағанда Ресей ақша табуды көздеп отырған жоқ", - деді Куско.

Кусконың пікірінше, шамамен 50 жыл өткен соң қазір әлемнің түрлі еліне таралып жатқан "Спутник V" вакцинасына қатысты күдік ешкімнің есіне түспейді.

 

0
Тақырып бойынша
Тоқаевтың көмекшісі коронавирусқа қарсы вакцинаны екінші рет салдырды
2021 жылы коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялау басталады
Министрлік отандық вакцинаға уақытша тіркеу куәлігін берді
Қазақстанда он миллион адамға вакцина салу жоспарланып отыр
Ресейде коронавирустан жаппай вакцинациялау басталғалы жатыр