НҰР-СҰЛТАН, 9 мамыр – Sputnik. 1942 жылдың қазан айында Смоленск түбіндегі шайқаста қаза тапқан қазақ жауынгерінің сүйегі Қазақстан қорғаныс министрлігінің əскери бортымен елге жеткізілді.
Қорғаныс министрлігінің ақпаратынша, жауынгердің сүйегі сәуір айының басында Смоленск облысының Темкин ауданында іздеу-барлау экспедициясын жүргізу кезінде табылған.
"Қаза тапқан жауынгердің сақтаулы қалған медалі арқылы аты-жөні анықталды. Белгісіз жауынгер Қарағанды облысы Шет ауданы Жастерек ауылының тумасы Медет Аманжолов болып шықты. Соғыс алдында ол әскерге шақырылып, 1941 жылы 24 жасында майданға аттанады. Оның соңғы қызмет орны 125-ші жеке атқыштар бригадасы болды", - делінген қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің хабарламасында.
Жауынгердің туыстары əлі күнге дейін Шет ауданында тұрады. 1942 жылы олар Медет Аманжоловтың Смоленскті қорғауда ерлікпен қаза тапқаны туралы хат алған. Жауынгердің ұрпақтары ұзақ жылдар бойы оның жерленген жерін табуға тырысты. 78 жылдан кейін ғана жауынгердің сүйегі Отанына жеткізіліп отыр.
Жүзден аса фашистің көзін жойды: Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаров туралы не білеміз
Соғыста қаза тапқан жауынгердің отбасы жерлеу орнына барғысы келген, бірақ төтенше жағдайға байланысты бұл мүмкін болмады.
Жауынгердің сүйегі Шет ауданының Ағадыр зиратына әскери құрметпен қайта жерлеу үшін жақын арада туыстарына беріледі.
НҰР-СҰЛТАН, 23 қараша – Sputnik. Іздеушілер Ресей Федерациясының Тула облысында 1940-жылдары Шығыс Қазақстаннан майданға аттанған дивизияның төрт жауынгерінің сүйегі табылды. Бүгінде олардың екеуінің туыстары анықталды.
Іздеушілер экспедициясы Тула облысының Алексин ауданындағы Горушки ауылының маңында 2016 жылдан 2019 жылға дейін жұмыс істеу нәтижесінде осындай жетістікке жетті, деп хабарлайды YK-news.kz.
Ол жерде 1941 жылдың наурызында Семейде құрылған 238-ші атқыштар дивизиясы қазан-желтоқсан айында қиянкескі шайқас өткізген. 1941 жылдың 17 қазанында жауынгерлер Калугадан Подольскке қарай жылжыған неміс фашисттерін тоқтату үшін Алексин қаласына өту туралы бұйрық алды. Дивизия бұл жерді 5 желтоқсанда Мәскеу түбінде қарсы шабуыл басталғанға дейін ұстап тұрды. Ал осы уақыт аралығында дивизия едәуір шығынға ұшыраған: 537 адам қаза тапса, 770 жауынгер жараланып, 693 сарбаз хабар-ошарсыз кеткен. 1942 жылы мамырда аталған дивизия Қызыл Ту орденімен марапатталып, 30 гвардиялық дивизияға айналды.
Соғыс жылдары 30 гвардиялық атқыштар дивизиясы 1 200 елді мекенді, оның ішінде 8 ірі қаланы фашистік басқыншылардан азат етті. Оның 13 мыңнан астам жауынгері әскери қызметі үшін ордендермен және медальдармен марапатталған.
Шығыс Қазақстаннан шақырылған дивизияның төрт жауынгерінің сүйегін іздеушілер Горушки ауылының маңынан тапты. Қазірге дейін еріктілер үшін олардың екеуінің туысымен байланысудың сәті түсті. Яғни, Қатонқарағай аймағының тумасы Николай Алексеевич Белоглазовтың отбасы мүшелері табылды. Олар Текелі мен Новосибирскіде тұрады екен. Ал Астафей Петрович Блиновтың туыстары әлі күнге дейін Алтай аймағында (бұрынғы Зырян ауданы) тұратыны анықталды.
Еріктілер жауынгерлік даңқ белгісі қойылған жерден табылған қазақстандық сарбаздардың ұрпақтары мен туыстары табылып қадар деген үмітпен отандастарымызға үндеу жолдайды.
Николай Иванович Сафронов (1911 жылы туған) Киров облысының тумасы. Ол Лениногор аудандық әскери комиссариатынан шақыртылған. Ал оның туыстарының соңғы тұрған жері – Лениногорск (қазіргі Риддер қаласы), Сталин көшесі, 64-үй.
Николай Сафронов пен Астафай Блинов және Николай Белоглазовтың сүйегі Тула облысы Алексинск ауданының Авангард ауылының Алексин қаласын фашистерден азат ету құрметіне – 2018 жылдың 17 желтоқсанында қайта жерленді.
Қабен Әубәкіровтің (1913 жылы туған) сүйегі 2019 жылдың жазында қазылып, ол туралы деректер нақтыланды. Құжаттарда оның Шығыс Қазақстанның Предгорненск аймағының тумасы екені белгілі болды. Майданға шақырылған жері Предгорненск әскери комиссариаты деп аталған. 238 атқыштар дивизиясының 837 атқыштар полкінде пулеметші болған. 11.11.1941 хабар-ошарсыз кеткендер тізіміне енгізілген. Өлген кездегі мойынтұмарында әйелінің мекен-жайы: "Предгорненск ауданы, Красноярск с/с, Чудак кеніші" деп көрсетілген.
Алайда, еріктілер мұрағат құжаттарынан жауынгердің жесірі Татьяна Федоровна Лушкина 1954 жылы Ташкент облысының Пскент аудандық әскери комиссариатына күйеуін іздеу туралы өтініш бергенін анықтады. Өйткені, сол кездері ол Өзбекстан КСР-інде: Пскент ауданы, Жданов атындағы Саид селосында тұрған екен.
2020 жылы 13 сәуірде Қабен Әубәкіров Тула облысының Алексин қаласында құрметпен қайта жерленді.
Оқи отырыңыз: 9 мамыр: Ұлы Отан соғысында Қазақстанның жеңіске қосқан үлесі
Николай Сафронов пен Қабен Әубәкіровтің ұрпақтары мен туыстарын білетіндерден Тула облыстық "Іздеушілер" жастар орталығындағы "Жауынгер тағдыры" жобасының үйлестірушісі Раиса Николаевна Очневаға 8-905-118-40-93, 8-953-195-90-53, 8-910- 584-59-58 (Whatsapp) нөмірі немесе ochneva-raisa@rambler.ru электрондық поштасы арқылы хабарласуды сұраймыз.
АЛМАТЫ, 3 қараша – Sputnik. Sputnik Қазақстан тілшісі кеңес-фин соғысы кезінде қаза тапқан жауынгерлердің бірі Мұхамбетқали Амантаевтың туысымен кездесті. Ол сарбаздың соғыстың соңғы күні мергендердің снарядынан қаза тапқанын айтты.
2020 жылдың мамырында сарбаздың сүйегі аралды тазарту кезінде жер үстіне көтерілді. Іздеу шараларына қатысушылар 324 сарбаздың сүйегі жерленгенін анықтады. Оның алтауы – біздің отандасымыз.
Atamnyn Amanaty қоғамдық бірлестігіне қазақ жауынгерлерінің сүйектері табылғаны туралы ақпаратты "Ленинградтық ерікті" патриоттық тәрбие жөніндегі ағартушылық орталығы" автономды коммерциялық емес ұйымы хабарлады. Осыдан кейін сарбаздардың туыстарын іздеу жұмыстары басталды.
Қазіргі уақытта іздеу тобы бір сарбаздың – Мұхамбетқали Амантаевтың ұрпағын тапты. Ресми деректер бойынша, Қызыл армия жауынгері Мұхамбетқали Амантаев 1918 жылы Қазақ КСР-де, Айыртау ауданындағы Новый Быт колхозында дүниеге келген. 1938 жылы армия қатарына шақырылады. Ол 181-атқыштар полкінің, 43-атқыштар дивизиясының құрамында жүріп шайқасады. Сарбаз 1940 жылы 12 наурызда Клест аралына шабуыл жасау кезінде қайтыс болған.
Ленинград облысы губернаторы жанындағы ұлтаралық қатынастар жөніндегі кеңестің мүшесі Герман Владимиров өзіне "Космос" және " Советский патриот" атты екі іздеу тобы мүшелерінің келгенін айтты. Олар Клест аралында табылған барлық жауынгердің туыстарына іздеу салу шараларын ұйымдастыруға көмек көрсету үшін Ленинград облысындағы Достық үйі аясында жұмыс тобын құру туралы өтінішін жеткізген.
"Маған қазақстандық сарбаз Мұхамбетқали Амантаев туралы мәлімет іздеуге жеке таныстарым көмектесті. Себебі, менің әйелім Қазақстан Республикасының тумасы, сондықтан ол үшін жерлестерді табу мәселесі өте маңызды", - дейді ол.
Atamnyn Amanaty қоғамдық бірлестігінің іздеу жүйесіне қатысушы Алтыншаш Сыздықова әлеуметтік желілердің арқасында қазақстандық сарбаздың немересі Жұмабек Мусинді тапқан. Ол Алматыда тұрады, құрылыс компаниясында жұмыс істейді.
"Өз тарапымыздан іздеу шараларын жүргізген топқа зор ризашылығымызды білдіреміз. Біз атамызды кеңестік кезеңнен бастап, яғни, ұзақ уақыттан бері іздеп келеміз. Ең алдымен, әскери комиссариаттар, содан кейін Ресей қорғаныс министрлігі, Ленинград облысының муниципалитеттері арқылы ақпарат іздеп, оның қайтыс болған, бірақ жерленбеген жерін анықтадық. Алғашында біз оны Гогландтың басқа аралында жерленген екен деп ойладық. Себебі, Ұлы Отан соғысы жылдарында сұрапыл шайқастар болды. Соғыстан кейін Ленинград билігі Ломоносовта көптеген адамды қайта жерлеген болатын. Сондықтан, біз де сол жерге жаздық", - деп еске алады сарбаздың немересі Жұмабек Мусин.
Мұхамбетқали Амантаевтың ұрпағы оның қабірінің табылғаны туралы хабарды 2020 жылдың 21 қазанында естиді. Оның әулеті жауынгердің моласын 80 жылдан бері іздеген.
Жұмабек Мусин атасы Мұхамбетқали Амантаевтың төрт баласы болғанын айтады. Үлкен ұлы – 1931 жылы туған Тасыбай, қыздары Даржан мен Балкен. Тағы бір ұлы кішкентай кезінде шетінеп кеткен.
Соғысқа дейін Мұхамбетқали орталық атқару комитеті мен КСРО халық комиссарлар кеңесінің 1932 жылғы 7 тамыздағы "Мемлекеттік кәсіпорындардың, колхоздардың және кооперациялардың меншігін қорғау және қоғамдық (социалистік) меншікті нығайту туралы" қаулысына сәйкес сотталған (ол бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген –Sputnik).
"Атамыз 1912 жылы туған. Әкесінің тегі – Мусин. Әжем маған оның Челябі облысындағы тұзды шахталарға айдауға жіберілгенін, сол жерден жаяу-жалпылап қайтып келгенін айтты. Кейін атам өзінің жасын азайтып көрсету үшін туған жылын 1918 жыл деп жазған. Тегін өзгертіп, 1938 жылы армияға аттанған", – дейді Жұмабек Мусин.
Мұхамбетқали Амантаев Ленинград әскери округінде әскери борышын өтеген. Артынша фин соғысына қатысады.
"Менің атаммен бірге соғысқан бір жауынгер оның 12 наурызда – соғыстың соңғы күнінде қайтыс болғанын айтты. Олар сол кезде мұз үстінде жүріп келе жатады, артынан атам сол сарбаздың қолында қайтыс болады. Барлығы "Ура" деп айқайлап, жоғары қарай оқ атып жатқанда, оған мергеннің снаряды тиеді. Әзірге біз дәл анықтаған жоқпыз, бірақ әжемнің айтқан әңгімелеріне сүйенсек, ол орденмен марапатталған", – деді сарбаздың немересі.
Ол әжесінің Мусиндер отбасы бай болғандықтан және қуғын-сүргінге ұшырағандықтан, сол жылдар туралы мүлдем жақ ашпауға тырысқанын еске алады.
"Олар сол кезеңде көп нәрсені айтпауға тырысты, өйткені біз бай, қуғын-сүргінге ұшыраған әулет едік. Менің анамның әкесі де соғысқа қатысқан, бірақ шайқастан аман-есен оралған. Нағашы атамыз ол кезде 96 жаста еді, ол дүниеден өткенге дейін өзінің қалай соғысқанын әңгімелеп отыратын. Бізге бала кезімізде соғыс ойынын ойнауға рұқсат бермейтін еді", – дейді Жұмабек Мусин.
Сөзін қорытындылай келе, ол 9 мамыр Жеңіс күні үш немересі аталарының қабіріне барып, оның рухына тағзым етуді жоспарлап отырғанын айтты.
Мусин сондай-ақ, іздестіру тобымен үнемі байланыс орнатып тұратынын және оларға мүмкіндігінше көмектесуге тырысатындығын айтты.
Кеңес-фин соғысы 1939 жылдың 30 қарашасынан басталып, 1940 жылдың 13 наурызына дейін созылды.
1939 жылдың 26 қарашасында КСРО үкіметі Финляндия үкіметіне артиллериялық қарудан атқылауға байланысты наразылық нотасын жіберді. Ол кеңестік тараптың мәлімдемесі бойынша, Финляндия аумағында жүзеге асырылған.
Кеңес тарапы бастаған ұрыс қимылдарына қатысты жауапкершілік толығымен Финляндияға жүктелді.
Оқи отырыңыз: Ортақ Жеңіс: басқа елдер 9 мамырды қалай атап өтті
Соғыс қимылдарының басталуы 1939 жылы 14 желтоқсанда КСРО-ның агрессор ретінде Ұлттар Лигасы құрамынан шығарылуына әкеліп соқты.
Соғыс Мәскеудің бейбітшілік келісіміне қол қоюымен аяқталды. Финляндия аумағының 11%-і көлемі жағынан екінші ірі қала саналатын Выборгпен бірге КСРО құрамына кірді. Финляндия билігі 430 мың фин тұрғынын майдан болған аймақтан ел ішіне күштеп қоныстандырды.
НҰР-СҰЛТАН, 18 қаңтар – Sputnik. Ресей коронавирус пандемиясын бәсеңдетуге қабілетті препарат әзірледі. Батыс ресейлік ғылымды қаралаудан танар емес, деп жазды "Monde diplomatique"француз газетінің Испаниядағы өкілдігі.
Мақала авторы Федерико Кусконың пікірінше, Батыс орыстың ғылыми дәстүрін білмегендіктен, "Спутник V" вакцинасына немқұрайлы қарап, сенбеді.
"Тілдік, мәдени пен саяси айырмашылықтан туындаған бұл білімсіздік ресейлік бастамаға күдікпен қарауға себеп болып отыр", - деді журналист.
Ол препаратты әзірлеу Ресейдегі ғылыми дамудың бүкіл тарихи тізбегінің нәтижесі екенін баса айтты. Алайда, оның пікірінше, батыстықтар көп жыл бойы Ресейдің ғылыми жетістіктерін жоққа шығарып келді де, енді вакцина ойлап табу туралы хабарландыруға таңғалуда.
"Фармацевтикалық зертханалары дәрі-дәрмекке удай қымбат баға белгілейтін АҚШ пен Еуропалық Одақ елдеріне қарағанда Ресей ақша табуды көздеп отырған жоқ", - деді Куско.
Кусконың пікірінше, шамамен 50 жыл өткен соң қазір әлемнің түрлі еліне таралып жатқан "Спутник V" вакцинасына қатысты күдік ешкімнің есіне түспейді.