НҰР-СҰЛТАН, 8 мамыр — Sputnik. Президент сайлауына кандидаттар туралы қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу құқығы заңды тұлғаларға ғана беріледі, деп хабарлады Қазақстанның орталық сайлау комиссиясы.
"Сайлау туралы" заң нормаларының талаптарына сәйкес, Қазақстанда тіркелген, қоғамдық пікірге сұрау салу бойынша кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар ғана қоғамның кандидаттар туралы пікірін сұрауға құқылы, олар тиісті құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып, ОСК-ны жазбаша түрде алдын ала хабардар етуі тиіс.
Қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерін, сайлау нәтижелерінің болжамдарын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулерді, кандидаттарды не саяси партияларды қолдауға дауыс беру нәтижелерін дауыс беру күніне дейін бес күн ішінде және дауыс беру күні жариялауға тыйым салынады.
Тағы оқыңыз: Президенттікке үміткер үй жалдап тұратынын айтты
Сауалнама жүргізетін тұлғалар нәтижелерді жариялауға тыйым салынған кезеңде интернет-ресурстарды, әлеуметтік желілерді және мессенджерлерді пайдаланбауы тиіс. Бұл норма қоғамдық пікірмен, атап айтқанда, Интернет желісінде фэйк хабарламалар құру және тарату жолымен манипуляциялауға жол бермеуді көздейді.
Қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу және оның нәтижелерін жариялау шарттарын бұзу әкімшілік жауапкершілікке тартуға негіз болып табылады (ӘҚБтК-нің 120-бабы).
НҰР-СҰЛТАН, 22 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда тіркелмеген "El Tiregi" партиясын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Нұржан Әлтаев халықтық көлеңкелі үкіметтің құрылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Тіркелмеген "El Tiregi" партиясы елімізде алғаш рет халықтың көлеңкелі үкіметін құру қажеттігін мәлімдейді. Бұл жерде "көлеңкелі үкімет" деген сөзден қорқудың қажеті жоқ. Себебі ол – дамыған мемлекеттерде, әсіресе, Батыс Еуропа елдерінде және АҚШ-та, жалпыға ортақ тәжірибе. Англия, Канада мен Германияда бұрыннан бар", – дейді Әлтаев.
Оның айтуынша, шетелде көлеңкелі үкіметтің қызметін мемлекеттің өзі ынталандырып отырады. Ал халық ондай жұмысты қолдайды.
"Мәселен, Англияда жеңіске жеткен партия әдеттегідей өз үкіметін жасақтайды. Ал оппозициялық партия көлеңкелі үкіметті жасайды. Бірақ оны мемлекеттің өзі, тіпті, жеңіске жеткен партия да қолдап отырады. Англияда көлеңкелі үкіметті бюджеттің есебінен қаржыландырады. Мүшелеріне жалақы төленеді. Сондай-ақ көлеңкелі үкіметтің өкілдері сайланған үкіметтің барлық отырысына қатысады. Ал белгілі бір министр бағдарлама немесе қандай да бір бастама көтерсе, көлеңкелі үкімет өз пікірін айтады, оппонент ретінде сөз сөйлейді. Бұдан ұтатын халық. Себебі кез келген мәселенің екі жағын көре алады", – деп атап көрсетті Әлтаев.
Оқи отырыңыз: Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс тәртібі өзгерді
Экс-депутат осы тәжірибені Қазақстанда енгізуді ұсынып отыр. Көлеңкелі министрлер кабинеті биліктің жұмысын сынға алып, тиімді шешімдерді қабылдауға көмектеседі.
"Сондықтан бізге көлеңкелі үкіметті жасақтау қажет деп санаймыз. Ол жерде әрбір министр биліктегі министрдің жұмысын бақылайды, терең талдау жасайды, баға береді, белгілі бір мәселені шешудің баламалы жолдарын ұсынады", – дейді Әлтаев.
Өткен жылдың соңында сол кездегі Nur Otan-ның мүшесі Нұржан Әлтаев "El Tiregi" өнеркәсіп иелері мен кәсіпкерлер одағы негізінде жаңа саяси партияның құрылатынын мәлімдеді. Үш күннен кейін ол депутаттық мандаттан айырылды. Артынан билік партиясының қатарынан да шығарылды. Ал Әлтаевтың өзі "байлаулы қолымды шешті" деп айтты.
Сол кезде депутат біздің билікке сын қажет деді. Ондайда мәселелерді мойындау керек және бәрін бірге шешу керек. Ол үшін шындық айтылуы тиіс деп санайтынын жеткізді.
"Nur Otan партиясы, өкінішке қарай, бүгінгі күні бұл шындық пен сынға әлі дайын емес. Сондықтан адамдардың проблемаларын айтқан депутатты шығарып тастау туралы шешім қабылданған шығар", – деді ол.
Айта кетейік, Әлтаев депутаттардың жалақысы негізсіз төленетінін де ашық мәлімдеген.
НҰР-СҰЛТАН, 22 қаңтар — Sputnik. "Отбасы банк" (Тұрғын үй құрылыс жинақ банкi, ТҚЖБ) уәкілетті оператор ретінде 23 қаңтардан бастап зейнетақы төлемін пайдалануға өтініш тапсыратын арнайы онлайн платформаны іске қосады, деп хабарлады банк.
"Отбасы банк" – біржолғы зейнетақы төлемін тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделу ақысын төлеуге қолдану бойынша уәкілетті орган.
"Біржолғы зейнетақы төлемін тұрғын үй жағдайын жақсарту және (немесе) емделу ақысын төлеу мақсатында қолдануды көздеп отырған БЖЗҚ салымшылары 13 қаңтардан бастап "Отбасы банкінде" онлайн режимде 57 000-нан астам арнайы шот ашты", деді "Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Біржолғы зейнетақы төлемдері тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін мынадай мақсаттарға пайдаланылады:
Біржолғы зейнетақы төлемі белгіленген талаптарға сәйкес шектеусіз пайдаланылады.
Өтініш беруші адам жұбайының және (немесе) жақын туыстарының біржолғы зейнетақы төлемін пайдалануы үшін тараптар жеке кабинетте біржолғы зейнетақы төлемдерін беру туралы келісім жасасады.
Алушының меншігінде тұрғын үйдің болуы біржолғы зейнетақы төлемдерін алудан және пайдаланудан бас тартуға негіз болмайды.
Оқи отырыңыз: Halyk Bank зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың шарттарын атады
Тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемін пайдалану қолма-қол ақшасыз тәсілмен жүзеге асырылады.
Біржолғы зейнетақы төлемі алушының жұбайынан, жақын туыстарынан жылжымайтын мүлік сатып алуға берілмейді.
Біржолғы зейнетақы төлемін пайдалана отырып меншікке ресімделген жылжымайтын мүлікті бес жыл ішінде сатуға болмайды. Егер мүлік сатылатын болса, біржолғы зейнетақы төлемінің сомасын қайтаруға тура келеді. Норма 5 жылдан астам өтеу мерзімі қалған және олар бойынша өтелмеген берешегі бар ипотекалық тұрғын үй қарыздарына ғана қолданылады. Яғни, егер ипотека бұрын төленсе, мораторий алынып тасталады.
Ереженің толық мәтінін мына жерде оқуға болады.
НҰР-СҰЛТАН, 22 қаңтар – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматыда инфекциялық аурухана салу кезінде бюджет қаражатын жымқыру туралы іске түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қылмыстық іс ішкі мемлекеттік аудит актісі бойынша тіркелді. Тергеу барысында келтірілген нақты шығынды анықтау үшін актілер тексеріс жүргізу үшін тіркеледі. Ақшаның ұрланып-ұрланбағанын және сомасын анықтау үшін тиісті сараптамалар тағайындалады. Көп жағдайда бұрын айтылған шығын сомасы расталмай жатады, тіпті, істер тоқтатылған кездер де болған", - деп түсіндірді агенттіктің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров брифингте.
Айтуынша, қазір қылмыстық іс тергеліп жатыр.
"Ақша шынымен жымқырылды ма, жоқ әлде бұл қандай да бір заңбұзушылық па, мұның бәрі тергеу барысында анықталады", - деп нақтылады ол.
Жемқорлыққа қарсы агенттік тергеу барысы туралы қосымша ақпарат береді.
"БАҚ-та резонанс туғызбауды өтінеміз. Бұл акті бойынша әдеттегі тіркеу, бізде ондай көп. Тергеу барысы туралы қосымша хабарлаймыз", - деді Биғайдаров.
18 қаңтарда Алматы жайлы қалалық орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Сонымен қатар, бұл іске "Bi-Industrial" ЖШС директорының да қатысы бар екені айтылды.
БАҚ хабарлағандай, олар COVID-19 науқастарына арналған модульдік аурухананы салу кезінде 3,9 миллиард теңге жымқырды деген күдікке ілінді.
Күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 189-бабы "сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу" бойынша қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды.
Бұл бап бойынша мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып немесе жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бұған дейін БАҚ-та Сапар Нұрашевтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Алайда қала әкімдігі мұны жоққа шығарды.
Алматы әкімінің баспасөз қызметі Сапар Нұрашевтың өз жұмыс орнында екенін растайтын видео түсірді.