Қасым-Жомарт Тоқаев

Тоқаев президент ретіндегі басты мақсатын айтты

3419
(Жаңартылды 11:42 12.06.2019)
Астанадағы Тәуелсіздік сарайында президентті ұлықтау рәсімі өтіп жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 12 маусым – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа ант бергеннен кейін сөз сөйледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Маған зор сенім артып, қолдау көрсеткен барша Қазақстан халқына алғыс айтамын. Бұл сайлау шын мәнінде демократия талаптарына сай өтті. Сайлау алаңын нағыз ашық бәсекеге түсу мүмкіндігі болды. Сайлау бұл қатысушылардың пікірі ғана емес, жеңіске жететін жарыс дейді. Расында әділ пікір. Осы өте маңызды саяси мәселеде біздің халқымыздың даналығы мен парасаты жеңді. Сондықтан бұл жеңіс - халқымыздың жеңісі", - деді Тоқаев салтанатты рәсімнен кейін.

Тағы оқыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев ант беріп, ресми түрде президент қызметіне кірісті

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы елдің алдағы даму жолын бірге айқындағанын атап өтті.

"9 маусымда Қазақстанның жақын болашағы үшін дауыс берген әр азаматтың пікірі біз үшін өте маңызды. Өйткені халқымыздың татулығы, ынтымағы, бірлігі – біздің ең басты құндылығымыз. Осы құндылықты көздің қарашығындай сақтау – баршамызға ортақ парыз. Сондықтан президент ретінде халқымызға мынаны айтқым келеді: еліміздің әр азаматының мүддесін қорғау – менің басты мақсатым. Оларды саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарай бөлуге жол бермеймін", - деді президент.

Тағы оқыңыз: Тоқаевты ұлықтау рәсімі - видеотрансляция

3419
Кілт сөздер:
сөз, президент, Қасым-Жомарт Тоқаев
Тақырып бойынша
Сайлаудан кейін үкімет отставкаға кете ме – Тоқаев жауап берді
Тоқаев екі қаладағы митингілерге қатысты пікірін айтты - видео
Тоқаев сайлау қорытындысын естігенде қандай сезімде болғанын айтты
Мен "транзиттік жолаушы" емеспін - Тоқаев көзқарасын ашық білдірді
Тоқаев атом электр станциясы салына ма деген сұраққа жауап берді
Қазақстан туы

Елбасы көрші елдер жайлы: тағдырымыз солай

565
Назарбаев Қазақстанның шекарасын шегендеп, оны басқару тетіктерін қалыптастыру, елдің рухы мен әл-ауқатын арттыру, егемендікті баянды ету оңайға соқпағанын айтты

НҰР-СҰЛТАН, 25 қараша – Sputnik. Тұңғыш президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан көрші елдермен тату болуы керек екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Тәуелсіздіктің тәтті дәмін сезінген халқымыздың ендігі не істесе де жолдасы –  сабыр мен ақыл ғана болуы керек. Көршілерімізбен тату болуымыз керек. Тағдырымыз солай, картаға қараңдар, қандай жерде отырмыз. Сондықтан менің жүргізген саясатым осы, аманатым да осы", - Елбасы Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХ съезінде. 

Назарбаев Қазақстанның шекарасын шегендеп, оны басқару тетіктерін қалыптастыру, елдің рухы мен әл-ауқатын арттыру, егемендікті баянды ету оңайға соқпағанын айтты. 

"Бүгінде елдің басын қосып, ұйытып отырмыз. Қазір айтсаң, ертегі сияқты көрінеді", - деді ол. 

Тұңғыш президент өткен ғасырда қазақ халқы бастан кешірген қасіреттерді еске алды. 

"Өткен ғасырда біздің халқымыз тоғыз түрлі алапат қасіретті бастан кешірген екен. Екі дүниежүзілік соғыс, екі зұлмат ашаршылық, ұлт-азаттық қозғалыстар, қуғын-сүргін жылдары. Ойлап қараңдаршы. Сол ашаршылықтан, тағы басқадан 4 миллионнан астам біздің қазақстандық, қазақтар қыршын болды. 1,5 миллионы елінен қашып, шетке кетті. Ұлтымыз үшін бұл қандай ауыр қасірет?! Қай халық осындай қасіретті бастан кешірген екен?! Соған қарамастан ата-бабамыздың қалдырған жерінде отыр. Өзінің мемлекетін құрып отыр", - деді Назарбаев.

Елбасы бүгінде Қазақстанды бүкіл әлем танитынын атап өтті.

Еске салсақ, 25 қарашада Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХ съезі өтті. Жиын барысында партия атынан алдағы мәжіліс сайлауына қатысатын үміткерлер тізімі бекітілді.

Жалпы Nur Otan-ның партиялық тізімі 126 кандидаттан тұрады. Олардың ішінде 77 кандидат партияішілік праймериз қорытындысы, ал 49 адам орталық партиялық квота бойынша бекітілді.

Мәжіліс депутаттығына үміткер болатын белгілі азаматтар арасында Дариға Назарбаева, Нұрлан Нығматулин, Асқар Мамин, Бекболат Тілеухан, Ахметжан Есімов, Тамара Дүйсенова, Айдос Сарым және тағы басқалары бар. 

Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарының сайлауы 2021 жылы 10 қаңтарда өтеді.

565
Кілт сөздер:
Назарбаев
Тақырып бойынша
"Менің Назарбаевым адамды ешқашан қорламайды": Сара Алпысқызының сұхбаты - видео
Назарбаев "елде демократия жоқ" дейтіндерге жауап берді
Нұрсұлтан Назарбаев Елбасы ретіндегі миссиясын атады
Сара Назарбаева қазақстандықтарға үндеу жасады
Дариға Назарбаева мәжіліс депутаттығына кандидат болды
Аида Балаева

Билік пен қоғам арасындағы диалог: азаматтық форум онлайн режимде өтіп жатыр

34
(Жаңартылды 11:59 23.11.2020)
Азаматтық форумды ашқан Аида Балаеваның айтуынша, ұзақ мерзімді мүдделер уақытша қиындықтардан басым болады

НҰР-СҰЛТАН, 23 қараша – Sputnik. Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігінің қолдауымен және Қазақстанның азаматтық альянсы ұйымының ұйымдастыруымен IX Азаматтық форум онлайн режимде басталды. Биылғы форум "Қоғам және мемлекет: #Birgemiz әріптестік пен дамудың 30 жылы" тақырыбы аясында өтуде.

"Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жол ашқан және жаһандық пандемия жағдайындағы қазіргідей шектеулерге қарамастан мемлекет басшысы табысты алға жылжытқан азаматтық бастамалардың қолжетімді болуы және оның күн тәртібіне шығарылуы зор маңызға ие. Бұл дегеніміз, ұзақ мерзімді мүдделермен ұштасатын біздің кез-келген саладағы өзара іс-қимылымыз уақытша қиындықтардан басым түсетіндігін білдіреді", – деді ақпарат және әлеуметтік даму министрі Аида Балаева.

Министр билік өкілдері мен сарапшылар қауымдастығы, іскер топтар мен азаматтық қоғам белсенділері арасындағы диалог одан әрі тең құқылы ынтымақтастықты дамытуға, сенім мен өркендеуді арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

"Жаһандық өзгерістер дәуірінде орнықты әлеуметтік дамуда жаңа міндеттер мен өзекті мәселелердің шешімін бірлесе іздеу, кезек күттірмейтін шауралардың бірі болып табылады. Бұл ретте, әрине бәрімізге бастамашылдық пен шығармашылық шеберлік, табандылық пен табысқа деген сенімділік қажет", – деп қосты Балаева.

Оқи отырыңыз: Мемлекеттік арнадағы түрік сериалдары қысқарады - ақпарат министрі

Айта кетейік, Азаматтық форум аясында қоғамдық кеңестердің тәжірибелік тиімділігін арттыру мен азаматтық қоғамды дамытудың мәселелері мен басымдықтары талқыланады. Шара барысында ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров пен бірінші қаржы министрі Берік Шолпанқұлов және денсаулық сақтау министрі Алексей Цой үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездеседі деп жоспарланған. Бағдарламаның толық нұсқасымен мына сілтемеге өту арқылы танысуға болады.

34
Кілт сөздер:
форум, қоғам
Тақырып бойынша
Балаева әр балаға 21 мың теңге қалай төленетінін түсіндірді
Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмекті кімдер алады? Балаева түсіндірді
Аида Балаева анонимді Telegram-арналарды бұғаттауға қатысты пікір білдірді 
Сенат депутаты

Ағылшын саяхатшысын таңғалдырған жер: депутат Қапал ауылының жағдайына алаңдады

4
(Жаңартылды 12:48 26.11.2020)
Жұмағұлов жуырда Қапал, Ақсу елді мекендерінде болып қайтқанын айтты. Тұрғындармен кездесуде халық қасиетті Қапалдың жағдайын үкіметке жеткізуді өтінген

НҰР-СҰЛТАН, 26 қараша – Sputnik. Сенат депутаттары Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан өшпес тарихы бар Қапал ауылының қазіргі жағдайына алаңдап, оны үкіметтің қорғауындағы нысандар қатарына қосуды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сенатор Бақытжан Жұмағұловтың айтуынша, 1847 жылы бекініс ретінде, Ресей империясының мүддесіне сай бой көтерген елді мекеннің тарихын тану, оны ХІХ ғасырдағы сәулет өнерінің мәдени  ескерткіші ретінде ұрпақтан ұрпаққа қалдырудың рухани мәні зор.

"Бұл өлке сонау Түркі дәуірінен, Қимақ мемлекеті тұсынан бері танымал, белгілі тарихи жер. Қапал – ұлтымыздың ұлы тұлғасы Шоқан Уәлихановтың, Петр Семенов-Тяньшанскийдің ізі қалған жер. Қапал – ағылшын саяхатшысы Томас Аткинсонды таңғалдырған жер. Қапал – жоңғар шапқыншыларымен шайқаста ту көтерген Қапал батыр жатқан жер. Бұл туралы Уәлихановтың "Жоңғария очерктерінде" жазылған", - деді ол үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында. 

Жұмағұлов жуырда Қапал, Ақсу елді мекендерінде болып қайтқанын айтты. Тұрғындармен кездесуде халық қасиетті Қапалдың жағдайын үкіметке жеткізуді өтінген. 

"Сан ғасырлық тарихы бар Қапал ауылының бүгінгі жағдайы кімді болса да алаңдатпай қоймайды. XIX ғасырдың ескерткіші болып саналатын қос қабатты үйлердің бет жағы ғана аман қалған. Ескі екі мешіт үйі де қараусыз қалып, құлаған. Көп үйлердің ағаштарын жергілікті тұрғындар бұзып алып, қора-қопсы салып алғаны да жасырын емес. Ауылдың рухани орталығы болған Қапалдағы ақын Сара мен Фатима Ғабитованың музей үйлерінің де ізі жоқ. Ондағы құнды экспонаттар да жоғалған", - деп қапаланды сенатор.

Депутаттың пікірінше, атақты Жібек жолының бір бекеті, Қапал ауылы қай жағынан алсаң да Жетісудың туристік мекеніне айнала алады. Ол Қапалдағы тарихи ескерткіштердің қорғалмай, ескерусіз қалатынына алаңдады. 
Осыған байланысты сенат депутаттары сәулетшілер, тарихшылар, әдебиетшілер, этнографтардан тұратын арнайы комиссия құрып, Қапал ауылының мәдени-тарихи ескерткіштерін қорғау үшін тиісті шаралар қабылдауды, оларды үкіметтің қорғауындағы объектілер қатарына қосуды ұсынды.

4
Кілт сөздер:
ауыл, депутат
Тақырып бойынша
Табысы 35 мың теңге: депутат кедейлердің көпшілігі ауылда тұрып жатқанын айтты
Депутат Бектаев әр балаға 18 жасқа дейін қаржы бөлуді ұсынды
Депутат тұрмысы төмен отбасылардың неге баспана ала алмай жүргенін айтты
"Үкіметтің ақылы неге соған жетпейді?!": депутат жаңа бағдарлама қабылдауды ұсынды
Қазақстанның сыртқы қарызы қанша – депутат сұрағына үкімет мүшелері жауап берді