Портфель

Тоқаев Қызылорда облысының әкімін тағайындады

5069
(Жаңартылды 20:45 28.06.2019)
Қазақстан президентінің жарлығымен Қызылорда облысының басшысы тағайындалды

НҰР-СҰЛТАН, 28 маусым - Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысының әкімін тағайындады.

"Қуанышбек Досмайылұлы Ысқақов Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалсын", - делінген мемлекет басшысының жарлығында.

Бұдан бұрын Ысқақов Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған еді. Ал бұрынғы өңір басшысы Қырымбек Көшербаев Тоқаевтың жарлығымен президен әкімшілігінің басшысы болып тағайындалған.

Қуанышбек Ысқақовтың өмірбаяны

Қуанышбек Ысқақов 1968 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Жахаев атындағы Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтын "инженер-құрылысшы" мамандығы бойынша бітірген. Кейін Қызылорда политехникалық институтында "бухгалтер-экономист", Қазақстандық инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетін "заңгер" мамандықтарын игерді.

Тағы оқыңыз: Бақытжан Сағынтаев жаңа қызметке тағайындалды

Еңбек жолын 1985 жылы Қызылорда жиһаз фабрикасында бірінші разрядты станокшы ретінде бастаған. Әр жылдары Қызылорда облысы бойынша салық комитетінде маман, инспектор, сектор меңгерушісі, төраға орынбасары, облыс әкімінің бірінші орынбасары, өңірдің қаржы басқармасының бастығы, Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.                       

2015 жылы шілдеден желтоқсанға дейін Қызылорда облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясының басшысы болып еңбек етті. 2015 жылдың желтоқсанынан бері Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болды.

5069
Кілт сөздер:
тағайындау, әкім, Қасым-Жомарт Тоқаев, Қызылорда облысы
Парламент отырысы

Саясаттанушы парламентке оппозициялық партиялар келсе не болатынын болжады

573
(Жаңартылды 15:11 28.10.2020)
Мәжілістің бұған дейінгі сайлауы 2016 жылдың 20 наурызында өтіп, бірінші сессия 25 наурызда ашылған еді. Тиісінше, қазіргі шақырылымдағы мәжілістің өкілеттігі 2021 жылдың 24 наурызында аяқталады

АЛМАТЫ, 28 қазан – Sputnik. Мәжілістің келесі сайлауы 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді. Мемлекет басшысы сайлауға қатысты үндеуінде заңға парламенттік оппозиция институтын құру туралы өзгерістер енгізілгенін хабарлады. Депутаттардың 30%-і жастар мен әйелдер болады деп жоспарланып отыр.

Sputnik Қазақстан тілшісі бұл өзгерістерден не күтуге болатынын және сайлаудың қалай өтетітіне қатысты саясаттанушылар пікірін білді.

Көппартиялы парламент қалыптаса ма

Парламент мәжілісінің алтыншы сайлауы 2016 жылы өтті. Ол кезде сайлауға түскен алты партияның үшеуі (Nur Otan, "Ақ жол" партиясы, Қазақстан коммунистік халық партиясы) ғана сайлаушылардың 7%-тен астам дауысына ие болды. Саясаттанушы Досмұхамед Көшімнің айтуынша, бұл сайлауда көппартиялы парламент жасанды түрде құрылды.

"Бұл үш партия да президент аппаратының рұқсатымен құрылған. Коммунистік партия 5 және 6 шақырылымда 7-8% дауыс жинап өтті. Ал кейінгі президент сайлауында коммунистік партия өкілі 1,82% дауыс жинады. Халықты қалай сендіреміз? Партияның президент болам деген адамы осындай дауыс жинап отыр", - дейді Дос Көшім.

Ал саясаттанушы Самат Нұртаза партияның көп болуы демократияны кеңейетініне кепілдік бермейтінін айтты.

"Партия неғұрлым көп болса, демократия соғұрлым кеңейе түседі деген – қате ұғым. Қырғызстанда партия көп, бірақ соның нәтижесінде халық жұмаққа түсіп кетті деп айта алмаймын. Сонымен қатар 1-2 партия деген де аз. Либерализмге жол ашатын уақыт жетті", - дейді Нұртаза.

Сонымен қатар саясаттанушы енді сайлау қарсаңында партиялар дауыс жинау үшін уәде беретініне тоқталды. Айтуынша, бұған дейінгі тәжірибе партиялар айтқанының 10-15% орындайтынын көрсетті.

Парламенттік оппозиция керек пе

Самат Нұртаза парламенттік оппозиция керек екеніне, алайда кей адам оның жұмысын түсінбей отырғанына назар аударды. 

"Парламенттік оппозиция деген жамандау емес, ол кемшіл жақтарын айтып, ой қосу. Оппозицияның пікіріне құлақ асудың нәтижесінде халық ұтады. Билік өзара жаға жыртысып, атажау болуының қажеті жоқ. Бастысы екеуі ақылдасып, бір-бірінің қатесін түзеп, халық жақсы өмір сүруі керек", - дейді ол.

Ал саясаттанушы Дос Көшім мұны болашаққа арналған заң деп атады. Себебі қазір парламентте оппозиция жоқ, алайда кейіннен саяси аренаға оппозициялық партиялар келсе, соларға белгілі бір деңгейде жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі.

"Бұл – болашаққа арналған заң. Қазіргі кездегі партиялардың біреуі "мен оппозиция рөлін атқарамын" десе, ол алдау, спектакль. Саяси оппозициялық күш жоқ кезде бұл заң күшіне енбейді. Мұны 10-20 жылдан кейін оппозициялық партия кірген кезде пайдалануға болады. Бұл – дұрыс бастама", - дейді саясаттанушы Көшім.

Айтуынша, бұл заң алдағы бес жылда күшіне енбейді.

Әйелдер мен жастардың билікке келуі нені білдіреді

Саясаттанушы Дос Көшім әйелдер мен жастарға берілген квотаны демократияның белгісі деп санамайды. Кеңес үкіметі кезіндегі квотаны мысал еткен саясаттанушы енді партиялар мәжбүрлі түрде адам санын толтыруға жұмыс істейтін болады дейді. 

"Кеңес үкіметі кезінде осындай квота болды. Шаруалар, жұмысшылар, зиялылар, әскерилер болу керек деп бөліп қойды. Олар қандай заң талқыланып жатқанын да білмей, құр отыратын. Міне, квота деген - осы. Парламентке саяси дайындығы бар, саяси жұмыс істеген адамдар барады. Ол әйел бола ма, шал бола ма, ол маңызды емес", - дейді Көшім.

Тіпті парламентте 99 әйел отыруын да құп көретінін жеткізді. Алайда барлығы саяси әлемнен хабары бар болуы керек.

"Неге 30% болу керек? Бұл – адам құқығын шектеу, квота деген – адам құқығына қарсы іс-қимылдың бір түрі. Еуропа мен Америкада әйел мен ерді теңестіру үшін күрес жүрді. Ал бізде баяғыдан әйел мен ер адам тең. Бізге ондай жасанды квотаның қажеті жоқ. Жасанды теңгермешілік ешқашан нақты нәтижесін бермейді", - дейді ол.

Сол себепті жастар мен әйелдер 30 немесе 40 процент болу керек деген шешімнің қате екенін айтты. Бұл Қазақстанда әйелдерді төмен санау бар екенін көрсетеді, дейді саясаттанушы.

"Квота бізді дүние жүзіне масқара қылды. Бұл – өте нашар қадам. Ойланбай қабылданған шешім. Бұл бізде әйелдерді төмендету бар дегенді мойындау. Бірақ бізде ондай жоқ. Мұны енді заңға кіргізді. Енді партиялар ішіне әйелдердің санын 30%-ке жеткізу үшін мәжбүрлі түрде әрекет етеді", - дейді Дос Көшім.

Ал Самат Нұртаза бұл өзгеріске басқаша баға берді. Оның айтуынша, әйелдердің билікке келуі елдегі отбасылық, тұрмыстық мәселені шешуге жағдай жасайды. Ал жастар баспана алу мәселесін көтеруі әбден мүмкін.

"Әйел адам отбасы жағдайын ер адамға қарағанда жақсы түсінеді. Сол секілді баланың, жалғызбасты аналардың жағдайын әйелден басқа артық ешкім түсіне алмайды. Әйел адамдардың, ханымдардың билікке қол ұшын тигізгені дұрыс. Енді жалғызбасты аналардың жағдайын түзеуге, оларды жұмыспен қамтуға жағдай жасалады деген сенім бар", - дейді Нұртаза.

Айтуынша, әйел мен жастардың үлесі 40 процент болса да артық болмайды. 

"Қуаныш Сұлтанов, Владислав Косерев секілді депуттаттар 30 жылда халыққа қолдан келген пайдасын көрсетті. Ол кісілерге ақсақал ретінде ақыл айтып, кеңес беріп отырса жарасады.  Енді сол екі кісінің орнында жалындаған қыз-жігіттер отырса, әлдеқайда пайдасы көп болады", - дейді Самат Нұртаза.

Жас отбасылар баспана болмауы кесірінен жиі ажырасады. Бұл мәселені жастардың өзі көтерсе, құба-құп, дейді саясаттанушы.

Қай партия қанша дауыс жинайды

2016 жылы сайлауда Nur Otan партиясы 82,20%, "Ақ жол" демократиялық партиясы 7,18%, Қазақстан коммунистік халық партиясы 7,14% дауыс жинады.

Саясаттанушы Самат Нұртазаның ойынша, бұл сайлауда коммунистік партияға дауыс беретіндер аз болады. Ал Nur Otan партиясы шамамен 73-74% дауыс жинайды.

"Пандемия кезінде Nur Otan партиясының басқа бірде-бір партия халыққа көмектескен жоқ. Ал кей партияның атқарып жатқан жұмысы халықтың көңілінен шықпайды. Бұған дейінгі сайлауда Nur Otan партиясында 80-85% жинаса, биыл олай болмайды. Себебі партиялар саны да көп. Халықтың да көзқарасы өзгеріп жатыр. Ал қазіргі жағдайда Nur Otan партиясы 73-74%-пен жеңеді деген болжам бар", - дейді ол.

Айтуынша, екінші орынды "Ақ жол" партиясы алуы әбден ықтимал. Кей ауыл-аймақта бұл партияға дауыс берушілер көп болуы мүмкін. Ал соңғы орында коммунистік партия тұрады. Коммунистерге дауыс беру өзіңді сабаумен бірдей сияқты, дейді саясаттанушы.

"Коммунистерге бұрын неге дауыс берді? Себебі, бұрынғы ескі көздер бар. Ақсақалдар жыл сайын азайып жатыр. Сондықтан жаңа буын коммунизмнен аулақ. Сондықтан 2016 жыл мен 2020 жылдың арасында қаншама коммунизмге бүйрегі бұрған адам дүниеден өтті. Сол себепті бұл сайлауда коммунистер бұрынғыдай дауыс жинай алмайды", - дейді Нұртаза.

Саясаттанушы сайлау төңірегінде қандай да бір кикілжің болып тұратынына қарамастан, сайлаудың заңды түрде өтетініне сенімді.

Ассамблея сайлайтын 9 депутат кім

Мәжілісте 107 депутат бар, оның 98-і саяси партиялардан сайланады. Ал қалған тоғыз депутатты Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды.

Саясаттанушы Дос Көшімнің айтуынша, Қазақстан халқы депутатты ұлты мен жынысына емес, тәжірибесі мен біліктілігіне қарай сайлайды. 

"Қазақстан халқы Ассамблеясының 9 мүшесі ұлты ұйғыр, корей болғаны үшін ғана депутаттар қатарында отыр. Бұл – ұят. Басқа ұлт өкілдері тек Ассамблея арқылы депутат болып отыр деген көзқарас пайда болады. Салдарынан қазақ өзінің ұлтынан басқа ешкімді қолдамайтын жаман халық болып көрінеді", - дейді саясаттанушы Дос Көшім.

Айтуынша, сол себепті шетелдіктерге Қазақстан халқының біліктілігін жоғары бағалайтынын дәлелдеу мүмкін емес.

Еске сала кетейік, Қазақстанда 10 қаңтарда мәжіліс және мәслихат сайлауы өтеді. Кандидаттарды ұсыну 10 қарашада басталып, 30 қараша сағат 18.00-ге дейін созылады. Партия тізімдерін тіркеу мерзімі 10 қарашадан 10 желтоқсанға дейін жалғасады.

573
Кілт сөздер:
сайлау, Мәжіліс, парламент, саясат
Тақырып:
Мәжіліс сайлауы
Тақырып бойынша
"Депутат ұйықтап отыр ма?": Владислав Косарев жауап беруге дайын – видео
Ыдырысова депутаттардың неге шаршап отыратынын айтып берді
Халықтың кредитін кешіру: депутаттар мәселені шешу жолдарын ұсынды
Депутаттар марқұм әріптесінің соңғы тілегін орындауға шешім қабылдады
Біз ұйықтап жатқан жоқпыз – "Ауыл" партиясы
Тағайындау, архивтегі сурет

Тоқаев Ұлттық статистика бюросының басшысын тағайындады

402
41 жастағы Айдапкелов 2016 жылдан бері Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің төрағасы болды

НҰР-СҰЛТАН, 28 қазан – Sputnik. Нұрболат Айдапкелов Ұлттық статистика бюросының басшысы қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Ақорда.

"Мемлекет басшысының өкімімен Нұрболат Серғалиұлы Айдапкелов Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының басшысы қызметіне тағайындалды", - деп жазылған жарлық мәтінінде.

Айта кетсек, ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті Ұлттық статистика бюросы болып қайта құрылған болатын. 

Нұрболат Айдапкелов туралы не білеміз

41 жастағы Айдапкелов 2016 жылдан бері Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің төрағасы болды.

Нұрболат Айдапкелов 1979 жылы 22 шілдеде дүниеге келген. Үйленген, төрт баласы бар.

"Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы" АҚ  қаржы департаментінің директоры, "ҚазАгро" ҰХ" АҚ атқарушы директоры қызметтерін атқарған.

2008-2009 жылдары "ҚазАгроГарант" АҚ басқарма төрағасы болды. 

2009 жылы Статистика агенттігінің төраға орынбасары, 2011 - 2013 жылдары агенттіктің жауапты хатшысы қызметін атқарды.

402
Тақырып бойынша
Қорғаныс министрінің екі орынбасары тағайындалды
Президент ұлттық банк төрағасының жаңа орынбасарын тағайындады
Тоқаев Мусинді цифрлық даму министрі қызметіне тағайындады
Тоқаев Мәдиев пен Өтеновті жаңа қызметке тағайындады
Тоқаев жаңа агенттік басшысының орынбасарларын тағайындады
ақша, теңге

Ұлттық банк қазақстандықтардың кредиті көбейетінін болжап отыр

18
Пандемия кесірінен іскерлік белсенділіктің төмендеуіне байланысты қазақстандықтардың кредиті өседі

НҰР-СҰЛТАН, 29 қазан – Sputnik. Ұлттық банк 2020 жылы қазақстандықтардың депозиті мен кредиті ұлғаяды деп болжап отыр. Бұл туралы ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Айтуынша, жыл басынан бері экономикадағы кредит 3,5%-ке немесе 480,6 миллиард теңгеге ұлғайып, қыркүйектің соңында 14,3 триллион теңгені құраған. Соның ішінде ұзақ мерзімді кредит 4,5 процентке, 12,4 триллион теңгеге дейін өссе, қысқа мерзімді несиелер 2,4%-ке азайып, екі триллион теңгеге жетті.

"Біздің болжамымыз бойынша 2020 жылы депозиттер мен кредиттер іскерлік белсенділіктің баяулауы аясында аздап ұлғаяды", - деді Баймағамбетов сенат отырысында 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетке түзетулерді қарау барысында.

Сонымен қатар, айтуынша, банк жүйесіндегі депозиттер қыркүйек айының соңында 21,4 триллион теңгені құрады. Жыл басынан бері депозиттер 12,4 процентке ұлғайған.

Баймағамбетов теңге активтерін қорғау бойынша жедел шаралар нәтижесінде депозиттерді долларландыру деңгейі тоғыз айдың қорытындысы бойынша 40,9 процентке дейін төмендегінін атап өтті.

18
Кілт сөздер:
кредит, Ұлттық банк