Саясат

Демалыс күндері жұмысқа шығатындарға қанша ақша төленетіні белгілі болды

© Sputnik / Абзал КалиевКадровые перестановки, иллюстративное фото
Кадровые перестановки, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мерекелерден кейін келетін демалыс күндері жұмысқа  шығатын мемлекеттік қызметшілердің бір күндік жұмысының еңбекақысы кемінде 1,5 есе көлемінде төленеді  

НҰР-СҰЛТАН, 5 наурыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовті қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа министрліктің атаулы әлеуметтік көмек берудің жаңа тәртібін жүзеге асыру, көпбалалы отбасыларға табыс көлеміне қарамастан жәрдемақы беру, сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету бағытында атқарып жатқан кешенді шаралары жайында баяндалды.

Президентке "Еңбек" бағдарламасының іске асырылу барысы, оның ішінде, жағдайы төмен және көп балалы отбасыларға шағын кредит беру тәртібі, жұмыс берушілердің ұсынысы бойынша бөлінетін білім гранттары, жастардың жаңа жобалары туралы мәлімет берілді. Сондай-ақ, шет елден жұмыс күшін тарту мәселесі бойынша Бас прокуратурамен бірлесіп жүргізген тексерулердің қорытындысы жайында айтылды.

Оқи отырыңыз: Мереке күндері кімдер жұмыс істейді - президент тапсырмасы түсіндірілді 

Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрі президентке мемлекеттік қызметшілердің мерекелерден кейін келетін демалыс күндері жұмысқа шығуы Қазақстан заңнамасына қайшы емес екенін және өзгертулер енгізуді талап етпейтінін жеткізді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы Еңбек кодексін толық сақтай отырып, кезек күттірмейтін және маңызды міндеттерді атқару үшін "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет туралы" Заңға сәйкес орындалады. Еңбек кодексі бойынша мемлекеттік қызметшілер жұмысқа өзінің жазбаша келісімімен шығады және олардың бір күндік жұмысының еңбекақысы кемінде 1,5 есе көлемінде төленеді. Мерекелерден кейін келетін демалыс күндері жұмысқа президент әкімшілігінің, үкіметтің, орталық мемлекеттік органдар мен басқа да ведомстволардың кезек күттірмейтін және маңызды міндеттерге жауапты қызметкерлері тартылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Біржан Нұрымбетовке атаулы әлеуметтік көмек алатын еңбекке жарамды азаматтарды жұмыспен қамтудың нақты шараларын қабылдауды, аз қамтылған отбасылардың табысын арттыруды, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетуді тапсырды. Сонымен қатар президент шет елден жұмыс күшін тарту мәселесін ерекше бақылауда ұстау қажеттігін баса айтты.

Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметшілердің мерекелік демалысын қысқарту туралы тапсырма берді. Қазіргі уақытта Қазақстанда мереке демалыс күніне сәйкес келсе, келесі күн демалыс деп жарияланады.

Мәселен, халықаралық әйелдер күні жексенбіге дәл түссе, 9 наурыз (дүйсенбі) демалыс күні болып саналады. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл мемлекеттік қызметшілерге қатысты болмауы тиіс. Кейін президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Тоқаевтың бұл тапсырмасы әлемде коронавирустың тарауына және елдегі су тасқыны қаупіне байланысты енгізіліп отырғанын айтты

 

Жаңалықтар
0