Саясат

Тоқаев Қырғызстан мен Тәжікстанға 5 мың тоннадан ұн берілетінін айтты

© Sputnik / Абзал КалиевАкорда
Акорда - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан президенттері ұлттық деңгейде қабылданатын шаралар бойынша тәжірибе алмасты

АЛМАТЫ,10 cәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейнеконференция форматында Түркі тілдес мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің төтенше саммитіне қатысты, деп хабарлады Ақорда.

Саммит "СОVID-19 пандемиясымен күресудегі ниеттестік және ынтымақтастық" тақырыбында өтті.

Жиынға қатысушылар ұлттық деңгейде қабылданатын шаралар бойынша тәжірибе алмасты. Сонымен қатар сауда және транзит-көліктік байланыстардың үзіліп қалмауын қамтамасыз ету, денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты күшейту тақырыптарын көтерді. Түркі тілдес мемлекеттері ынтымақтастық кеңесіне қатысушы елдердегі азаматтарға өзара көмек көрсету мәселелері талқыланды.

Оқи отырыңыз: Тоқаев 42 500 теңгеге қатысты үкіметке шұғыл тапсырма берді 

Жиынға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев қатысты. Қонақ ретінде Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Түркі кеңесіне бақылаушы мәртебесіне ие Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан және дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше саммитке бастамашы болғаны үшін Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, байланысқа шыққан дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесуске алғыс айтып, жаһанға қатер төнген сын сағатта ол басқарып отырған ұйымға әлем жұртшылығы құлақ асып, ерекше үміт артатынын айтты.

"Қазақта "алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді" деген мақал бар. Дәл осындай қиын-қыстау сәтте барлық мемлекет  күш-жігерін жұмылдыруы тиіс. Біз де сол көштен қалмауымыз керек", – деді мемлекет басшысы саммит барысында.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, коронавирус пандемиясын ауыздықтау және оны еңсеру үшін жедел ақпарат алмасу, коронавирусқа қарсы іс-шаралар жүргізу, диагностика жасау және инновациялық емдеу тәсілдерін ойластыру, ғылыми ынтымақтастықты күшейту аса қажет.

Қырғызстан мен Тәжікстанға 5 мың тоннадан ұн беріледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас мемлекеттердің азаматтарына барынша қолғабыс көрсетудің маңыздылығын айта келе, Қырғызстан мен Тәжікстанға әр елге 5 мың тоннадан ұн берілетінін айтты.

Сонымен қатар Қазақстан президенті саммит қатысушыларын елімізде коронавирус індетіне қарсы қабылданып жатқан шаралар, халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындау және экономиканы ынталандыру туралы егжей-тегжей хабардар етті.

Тоқаев көтерген үш бастама

Сондай-ақ, жаһандық дағдарысқа тойтарыс беру үшін кеңеске мүше елдерінің басшыларын ортақ күш жұмылдыруға шақырып, бірқатар бастамаларға тоқталды.

"Бүгінде әлемнің барлық дамыған елі вакцина дайындаумен айналысып жатыр. Меніңше, біздің де осы үрдіске барынша үлес қосуға мүмкіндігіміз бар. Жақында Қазақстанның ғылыми институттары коронавирусты анықтайтын диагностикалық тест жүйесін әзірледі. Біз осы тәжірибені бөлісуге дайынбыз", - деп мәлімдеді Қазақстан президенті.

Екіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда Түркі кеңесінің хатшылығымен әзірленіп жатқан, өткен жылы ұйымның жетінші саммитінде Түркі кеңесінің Құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған "Түркі келешегі – 2040" атты бағдарламасын еске салды.

"Осы стратегиялық құжатты әзірлеу кезінде медицина саласына баса мән беру қажеттігіне назар аударғым келеді", – деді ол.

Жаңалықтар
0