Саясат

Мамин министрлер мен әкімдерге тапсырма берді

© Sputnik / Владислав ВодневПремьер-министр Казахстана Аскар Мамин на заседании правительства
Премьер-министр Казахстана Аскар Мамин на заседании правительства  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Республика бойынша коронавирус жұқтырғандардың өсімі тәулігіне 2,1 процентті құрайды. Ал кейбір өңірлерде одан да аз

НҰР-СҰЛТАН, 21 шілде – Sputnik. Үкімет басшысы Асқар Мамин ауруханаларды өкпені жасанды желдету аппараттарымен және өңірлерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Эпидемиологиялық жағдай біршама тұрақтану деңгейіне шыққаны байқалады. Республика бойынша коронавирус жұқтырғандардың өсімі тәулігіне 2,1 процентті құрайды. Ал кейбір өңірлерде одан да аз", - деді Мамин үкімет отырысында. 

Мәселен, Шымкентте 1%, Қызылорда облысында 0,9%, Түркістан облысында 0,8%, Ақтөбе облысында 0,5%. 

"Қазіргі басты міндет – барлық өңірде ауру жұқтыру деңгейін орнықты төмендету. Сондықтан, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес сапалы әрі қолжетімді толық көлемдегі медициналық көмекті, әсіресе ауылдық елді мекендерді қамтамасыз ету бойынша бірқатар шара қабылдауымыз қажет", - деді премьер-министр. 

Осыған байланысты ол тамыздың соңына дейін ауруханаларды өкпені жасанды желдету аппараттарымен, сондай-ақ, өңірлерді көшпелі диагностикалық кешендермен, аудандық ауруханаларды цифрлық рентген-аппараттармен қамтамасыз етуді тапсырды. 

Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктер екі апта ішінде оттегі концентраторлары мен медициналық газдардың өңірлерге толық көлемде жеткізілуін қамтамасыз етуі тиіс. 

"СК-Фармация" шілде айының соңына дейін дәрі-дәрмек сатып алып, қосымша бір айға жететін көлемде өңірлерге бөлсін және де дәрі-дәрмек қажеттілігін жоспарлаудың нақты жүйесін анықтасын. Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Ақтөбе облысының үлгісімен әр өңірде тұрақтандыру қорларында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қажетті қоры қалыптастырылсын", - деді Мамин.

Бұдан бөлек, денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен және ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге шілденің соңына дейін өңірлерде ветеринарлық зертханалар базасында коронавирусқа тестілеу жөніндегі жұмысты ұйымдастырып, кадрлармен жасақтау тапсырылды.

 

Жаңалықтар
0