АЛМАТЫ,30 шілде – Sputnik. Ерлан Қарин президенттің көмекшісі болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
"Ерлан Тынымбайұлы Қарин Қазақстан Республикасы президентінің кеңесшісі қызметінен босатылып, президентінің көмекшісі болып тағайындалсын",- делінген құжатта.
Ерлан Қарин 1976 жылы Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Ақсу ауылында дүниеге келген. Мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттанушы. Саясаттану ғылымдарының кандидаты.
Президент кеңесшісі қызметіне тағайындалғанға дейін "Қазақстан" арнасының басқарма төрағасы болған (2017 жылдан бастап).
1997 жылы тарих мамандығы бойынша Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін, 1999 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің философия және саясаттану факультетін тәмәмдаған.
Еңбек жолын орта мектепте тарих және география пәндерінің мұғалімі болып бастады.
Қазақстанның даму институтының Саяси зерттеулер орталығында қызметкер, Ресей және Қытай институтының директорының орынбасары, Орталық Азия саяси зерттеулер агенттігінің директоры, Маңғыстау облысының әкімінің кеңесшісі қызметтерін атқарған.
2008 жылдың ақпан айында Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.
Өткен жылдың сәуір айынан бастап Тоқаевтың кеңесшісі болды.
НҰР-СҰЛТАН, 22 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда тіркелмеген "El Tiregi" партиясын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Нұржан Әлтаев халықтық көлеңкелі үкіметтің құрылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Тіркелмеген "El Tiregi" партиясы елімізде алғаш рет халықтың көлеңкелі үкіметін құру қажеттігін мәлімдейді. Бұл жерде "көлеңкелі үкімет" деген сөзден қорқудың қажеті жоқ. Себебі ол – дамыған мемлекеттерде, әсіресе, Батыс Еуропа елдерінде және АҚШ-та, жалпыға ортақ тәжірибе. Англия, Канада мен Германияда бұрыннан бар", – дейді Әлтаев.
Оның айтуынша, шетелде көлеңкелі үкіметтің қызметін мемлекеттің өзі ынталандырып отырады. Ал халық ондай жұмысты қолдайды.
"Мәселен, Англияда жеңіске жеткен партия әдеттегідей өз үкіметін жасақтайды. Ал оппозициялық партия көлеңкелі үкіметті жасайды. Бірақ оны мемлекеттің өзі, тіпті, жеңіске жеткен партия да қолдап отырады. Англияда көлеңкелі үкіметті бюджеттің есебінен қаржыландырады. Мүшелеріне жалақы төленеді. Сондай-ақ көлеңкелі үкіметтің өкілдері сайланған үкіметтің барлық отырысына қатысады. Ал белгілі бір министр бағдарлама немесе қандай да бір бастама көтерсе, көлеңкелі үкімет өз пікірін айтады, оппонент ретінде сөз сөйлейді. Бұдан ұтатын халық. Себебі кез келген мәселенің екі жағын көре алады", – деп атап көрсетті Әлтаев.
Оқи отырыңыз: Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс тәртібі өзгерді
Экс-депутат осы тәжірибені Қазақстанда енгізуді ұсынып отыр. Көлеңкелі министрлер кабинеті биліктің жұмысын сынға алып, тиімді шешімдерді қабылдауға көмектеседі.
"Сондықтан бізге көлеңкелі үкіметті жасақтау қажет деп санаймыз. Ол жерде әрбір министр биліктегі министрдің жұмысын бақылайды, терең талдау жасайды, баға береді, белгілі бір мәселені шешудің баламалы жолдарын ұсынады", – дейді Әлтаев.
Өткен жылдың соңында сол кездегі Nur Otan-ның мүшесі Нұржан Әлтаев "El Tiregi" өнеркәсіп иелері мен кәсіпкерлер одағы негізінде жаңа саяси партияның құрылатынын мәлімдеді. Үш күннен кейін ол депутаттық мандаттан айырылды. Артынан билік партиясының қатарынан да шығарылды. Ал Әлтаевтың өзі "байлаулы қолымды шешті" деп айтты.
Сол кезде депутат біздің билікке сын қажет деді. Ондайда мәселелерді мойындау керек және бәрін бірге шешу керек. Ол үшін шындық айтылуы тиіс деп санайтынын жеткізді.
"Nur Otan партиясы, өкінішке қарай, бүгінгі күні бұл шындық пен сынға әлі дайын емес. Сондықтан адамдардың проблемаларын айтқан депутатты шығарып тастау туралы шешім қабылданған шығар", – деді ол.
Айта кетейік, Әлтаев депутаттардың жалақысы негізсіз төленетінін де ашық мәлімдеген.
НҰР-СҰЛТАН, 22 қаңтар — Sputnik. "Отбасы банк" (Тұрғын үй құрылыс жинақ банкi, ТҚЖБ) уәкілетті оператор ретінде 23 қаңтардан бастап зейнетақы төлемін пайдалануға өтініш тапсыратын арнайы онлайн платформаны іске қосады, деп хабарлады банк.
"Отбасы банк" – біржолғы зейнетақы төлемін тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделу ақысын төлеуге қолдану бойынша уәкілетті орган.
"Біржолғы зейнетақы төлемін тұрғын үй жағдайын жақсарту және (немесе) емделу ақысын төлеу мақсатында қолдануды көздеп отырған БЖЗҚ салымшылары 13 қаңтардан бастап "Отбасы банкінде" онлайн режимде 57 000-нан астам арнайы шот ашты", деді "Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Біржолғы зейнетақы төлемдері тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін мынадай мақсаттарға пайдаланылады:
Біржолғы зейнетақы төлемі белгіленген талаптарға сәйкес шектеусіз пайдаланылады.
Өтініш беруші адам жұбайының және (немесе) жақын туыстарының біржолғы зейнетақы төлемін пайдалануы үшін тараптар жеке кабинетте біржолғы зейнетақы төлемдерін беру туралы келісім жасасады.
Алушының меншігінде тұрғын үйдің болуы біржолғы зейнетақы төлемдерін алудан және пайдаланудан бас тартуға негіз болмайды.
Оқи отырыңыз: Halyk Bank зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың шарттарын атады
Тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемін пайдалану қолма-қол ақшасыз тәсілмен жүзеге асырылады.
Біржолғы зейнетақы төлемі алушының жұбайынан, жақын туыстарынан жылжымайтын мүлік сатып алуға берілмейді.
Біржолғы зейнетақы төлемін пайдалана отырып меншікке ресімделген жылжымайтын мүлікті бес жыл ішінде сатуға болмайды. Егер мүлік сатылатын болса, біржолғы зейнетақы төлемінің сомасын қайтаруға тура келеді. Норма 5 жылдан астам өтеу мерзімі қалған және олар бойынша өтелмеген берешегі бар ипотекалық тұрғын үй қарыздарына ғана қолданылады. Яғни, егер ипотека бұрын төленсе, мораторий алынып тасталады.
Ереженің толық мәтінін мына жерде оқуға болады.
НҰР-СҰЛТАН, 24 қаңтар – Sputnik. Қазақстандық шаңғышы, әлем чемпионатының қола жүлдегері Николай Чеботько 38 жасында көз жұмды, деп хабарлайды Olympic.kz.
Спортшы 24 қаңтарға қараған түні Бурабай кенті маңында (Ақмола облысы) жол апатынан көз жұмды.
"Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті барлық спорттық қауымдастық атынан спортшының жақындары мен туыстарына қайғыра көңіл айтады. Николай Чеботько талантты шаңғышы, олимпиадашы және жарқын жүзді адам ретінде мәңгі жүрегімізде сақталады", -делінген хабарламада.
Николай Чеботько 1982 жылы 29 қазанда Щучьеде туған.
Шаңғы спортынан 2013 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, төрт бірдей Олимпиада ойындарына қатысқан спортшы, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері.
Тағы оқыңыз: Атырауда танымал спортшыны өлтіріп кетті
Үлкен спорттағы ең ірі жетістігіне Чеботько 2013 жылы қол жеткізді. Ол сол жылы Валь-де-Фьеммеде өткен әлем чемпионатында командалық спринт бойынша үздік үштікке енді.
Сондай-ақ, спортшы Азия ойындарында үш алтын, төрт күміс және екі қола медаль жеңіп алған.
Әлем кубогі кезеңдерінде 2001 жылдан бастап сынға түсті. 2012 жылы Квебектегі әлем кубогі кезеңінде Денис Волоткамен бірге тарихи алтын жүлде иеленген. Ол бірнеше рет ел чемпионатында көзге түсіп, өмірінің соңына дейін шаңғы жарыстарында бақ сынады.