Саясат

Тоқаев БҰҰ-ның саяси дебатында сөз сөйлейді: президент не туралы айтады - видео

© REUTERS / Eduardo MunozПрезидент Казахстана Касым-Жомарт Токаев на 74-й сессии Генеральной Ассамблеи Организации Объединенных Наций (ООН)
Президент Казахстана Касым-Жомарт Токаев на 74-й сессии Генеральной Ассамблеи Организации Объединенных Наций (ООН) - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының мерейтойлық 75-ші сессиясы Нью-Йорк қаласында өтіп жатыр

АЛМАТЫ, 23 қыркүйек – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен ұлттар ұйымы Бас ассамблеясының саяси дебатында сөз сөйлейді, деп хабарлады Ақорда.

"Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік Ұйымның мерейтойлық іс-шарасы аясында БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының жалпы саяси дебаттарында сөз сөйлейді", - деп жазылған Ақорданың Твиттер-парақшасында.

Президент сөзі қазіргі әлемдегі түйткілді мәселелер мен сын-қатерлерді, соның ішінде коронавирус пандемиясына қарсы күреске, жаһандық экономиканың өсімін қалпына келтіруге, терроризмге қарсы іс-қимыл, ядролық қарудан бас тартуға және таратпауға, климаттың өзгеруіне қатысты мәселелерді шешуге арналмақ.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ынтымақтастық және өзара сенім білдірудегі БҰҰ-ның рөлін күшейтуге назар аударады.

"Мемлекет басшысы 2030 жылға дейін орнықты дамудың күн тәртібін жүзеге асыру, жасыл экономиканы дамыту, Орталық Азиядағы өңірлік іс-қимылдарды жандандыру мәселелеріне мән береді", - деп хабарлады Ақорда.

Дебат барысында Тоқаев елдің ішкі саясатына да қатысты мәселелерді қамтиды, соның ішінде халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасының іске асуына тоқталады.

Қазақстан президенті бірқатар халықаралық бастама көтереді, соның бірі бүкіл әлемдегі еріктілердің еңбегін құрметтеуге бағытталған.

Мерейтойлық сессия

Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас ассамблеясының мерейтойлық сессиясы аясында Біріккен ұлттар ұйымының 75 жылдығына арналған жоғары деңгейдегі іс-шарада бейнеүндеу жасады. Президент өз сөзінде Қазақстанның БҰҰ миссиясы мен Жарғысын берік ұстанатынын атап өтіп, еліміз тұрақты, әділетті және өркендеген әлем құру жолындағы ортақ міндетті жүзеге асыруға белсенді атсалысатынын айтты.

Біріккен ұлттар ұйымының мерейтойлық сессиясы Нью-Йоркте "Біз қалаған болашақ, бізге керек Біріккен Ұлттар Ұйымы: көпжақтылық жолын ұстайтынымызды растау" ұранымен өтіп жатыр.

Жаңалықтар
0