Саясат

Сарапшы мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту жайлы: көмекшінің көмекшісі деген болмайды

© Sputnik / Владислав ВодневПортфель ұстаған қызметкер, архивтегі сурет
Портфель ұстаған қызметкер, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Саясаттанушы Самат Нұртаза мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы 250 мың теңгеден кем болмауы керек деп санайды

НҰР-СҰЛТАН, 25 қыркүйек – Sputnik. Жуырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппаратты қысқарту жұмысын тездетуді тапсырды. Осылайша мемлекеттік қызметкерлердің 10 проценті жыл соңына дейін, қалған 15%-і келесі жылы қысқартылады. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат берген саясаттанушы Самат Нұртаза бұл шараның мемлекеттік органдардың жұмысына қалай әсер ететінін айтты.

"Ойдан шығарылған позициялар жоғалады"

Сарапшының айтуынша, билік пандемия өршіген тұста мемлекеттік аппаратты қысқарту қажеттілігіне әбден көз жетті.

"Індет басталғаннан кейін бәрі қашықтан, онлайн жұмыс істеуге көшті емес пе. Мемлекеттік аппаратқа осыншама көп адамның қажет еместігіне көз жеткізді. Сол себепті сапалы шенеуніктерді қалдырып, іріктеуден өтпегенін босатса, пайдасы әлдеқайда мол болады деп санаймын. Өйткені министрлікте, өкінішке қарай, кейде бір адамның жұмысын үш адам істейді. Біреуді қызметке алу керек болғандықтан, ойдан түрлі позиция ойлап шығарады. Мәселен, көмекшінің көмекшісі деген секілді. Сондықтан мен бұл қысқартуға оң көзбен қараймын", - деді Нұртаза.

Бір жағынан, мемлекеттік аппарат қысқартылып жатса, екінші жағынан, жаңа ведомстволар пайда болуда. Жуырда ғана төтенше жағдайлар министрлігі мен екі агенттік құрылды. Осы орайда қызметкерлер санын қысқарту шаралары қаншалықты тиімді болады деген сұрақ туындайды.

"Ол мәжбүрлік. Төтенше жағдай министрлігі орны бөлек дүние, ол міндетті түрде керек. Бірақ, менің ойымша, оған тек сапалы, бірнеше істі қатар атқара алатын тәжірибелі кадрларды алу керек. Сонда ғана бұл қысқарту шаралары өз тиімділігін көрсетеді", - деді саясаттанушы.

Тағы оқыңыз: Мемлекеттік қызметшілерді қысқарту жоспары жарияланды

Самат Нұртазаның пікірінше, еңбекқор, ісіне жауапты адамдар қысқартуға ілікпейді, ал қызметке "блатпен" келгендер жылы орнымен қоштасуы бек мүмкін.

"Мысалы, бөлімдегі бес қызметкердің үшеуі аға-көкенің адамдары болса, екеуі кәдімгідей жұмыс істейді. Ертең сол бөлімнің басшысы жұмысшыларын қысқартқан кезде, екі еңбекқор қызметкерін шығарып тастаса, қалған үшеуімен жұмыс жүрмейді. Сондықтан да нағыз маманды, еңбекқор, адал адамды ешкім шығармайды. Егер шығарса, ол бастық ақымақ деген сөз. Жұмысы тоқтап, күні ертең өзі де шығып қалады", - деді сарапшы.

Жалақы кемінде – 250 мың теңге

Самат Нұртазаның айтуынша, қазір мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы тым мардымсыз. Еңбекақыны сөзсіз өсіру керек. Ал айлығы жоғары қызметтен ешкім айырылып қалғысы келмейді.

"Маған салса, жүз пайыз көбейтер едім. Қазір, өкінішке қарай, 80-100 мың теңгеге істеп жатқандар бар. Бұл күлкілі жалақы. Олардың айлығын екі есеге көбейту керек деп ойлаймын. Оның өзі де аз, 160 мың теңге ауылда ақша шығар, ал астана, Алматы сияқты ірі қалаларда ештеңеге жетпейді. Қазіргі бағаммен, менің ойымша, мемлекеттік қызметшінің жалақысы кемінде 500 доллар немесе 250 мың теңге болуы керек", - деген пікір білдірді саясаттанушы.

Ол мемлекеттік қызметте елдің мүддесін ойлайтын, халқына жанашыр, патриот азаматтар ғана істеуі керек деп есептейді. Мемлекет те қол астындағы қызметкерлеріне үнемі қолдау көрсетуі керек.

Мемлекеттік аппаратты қысқарту

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте жариялаған  мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқартуды тапсырды. Осыған байланысты биыл мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің саны 10 процентке, ал 2021 жылы тағы 15 процентке қысқартылады. Ал қысқарту есебінен үнемделген қаражат қалған қызметкерлердің еңбекақысын өсіруге жұмсалады.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов штат санын оңтайландырудың арқасында төмен буындағы жұмысшылардың жалақысы орта есеппен 15%-ке көтерілетінін мәлімдеген еді.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік аппаратты қысқарту кезінде кімді жұмыстан шығаруға болмайтынын да айтты.

Олар:

  • жүкті әйелдер,
  • үш жасқа дейін баласы бар аналар,
  • жалғызбасты аналар,
  • баланы анасыз тәрбиелеп жатқандар,
  • зейнеткерлікке дейін екі жылдан кем уақыт қалған адамдар.
Жаңалықтар
0