Саясат

Ақорда Қырғызстандағы оқиға туралы бірлескен мәлімдемені жариялады

© Photo : Sputnik КыргызстанМитинг в Кыргызстане против признания результатов парламентских выборов
Митинг в Кыргызстане против признания результатов парламентских выборов - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Орталық Азия елдерінің мемлекет басшылары Қырғызстанның барлық саяси партиясы мен қоғамдық ұйымы бейбітшілік пен тыныштықты қамтамасыз етуге бар күшін салады деп үміттенеді

НҰР-СҰЛТАН, 9 қазан – Sputnik. Ақорда Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан Республикалары президенттерінің Қырғыз Республикасындағы оқиға туралы бірлескен мәлімдемесін жариялады.

"Бауырлас Қырғыз Республикасында болып жатқан оқиғалар бізді қатты алаңдатып отыр. Біз ғасырлар бойы ажырамас достық, тату көршілік байланыстары мығым, мәдени және рухани құндылықтары ортақ жақын көрші елдер ретінде Қырғызстан халқын осы қиын күндерде парасаттылық танытуға, елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қайта қалпына келтіруге шақырамыз", - делінген хабарламада.

Мемлекет басшылары Қырғызстанның барлық саяси партиясы мен қоғамдық ұйымы бейбітшілік пен тыныштықты қамтамасыз ету үшін қажетті күш-жігерін біріктіріп, туындаған мәселелерді Конституция мен ұлттық заңнаманы сақтай отырып шешеді деп үміттенеді.

Оқи отырыңыз: Қырғызстан үкіметі отставкаға кетті 

"Қырғызстандағы тыныштық – өңірлік қауіпсіздік пен Орталық Азиядағы орнықты дамудың маңызды факторы. Елдеріміздің өткен жолы бір және болашағы да ортақ. Орталық Азия халықтарын келешек ұрпақтың игілігі жолындағы берік бейбітшілікке, келісім мен жасампаздыққа ұмтылысы біріктіреді. Мемлекеттеріміз ортақ мақсатқа біріге отырып, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-коммуникациялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды, шекаралық және өңіраралық іс-қимылдарды күшейту жөніндегі аймақтық ынтымақтастықты белсенді нығайтуда", - делінген мәлімдемеде.

Президенттер Орталық Азиядағы ынтымақтастықты одан әрі жандандыру мақсатында біз Қырғызстан халқының бірлікке, бейбітшілікке, дербес дамуға және өркендеуге деген ұмтылысын үнемі қолдайтындарын атап өтті.

Қырғызстандағы қақтығыс

Еске сала кетсек, көрші елде парламент сайлауының қорытындысына наразы болғандар митингіге шықты. Олар 6 қазан күні Ақ үйді басып алғаннан кейін күш құрылымдарының басшылары ауысты.

Жұма күні ел президенті Сооронбай Жээнбеков Қырғызстан халқына үндеу жасап, қызметтен кетуге дайын екенін мәлімдеді. Ол өз шартын қойды.

Жаңалықтар
0