Саясат

Министр ресейлік депутаттардың Қазақстан жайлы даулы сөздері туралы айтты

© Sputnik / Владислав ВодневСилуэты людей на фоне флага Казахстана
Силуэты людей на фоне флага Казахстана - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар сыртқы істер министрінен ресейлік депутаттардың Қазақстанға қатысты даулы сөздерінен кейін қандай шара қабылданып жатқанын сұрады

НҰР-СҰЛТАН, 23 желтоқсан – Sputnik. Ресейлік саясаткерлердің Қазақстан туралы даулы сөздері Ресейдің ресми ұстанымына сәйкес келмейді. Қазақстан көрші Ресеймен халықаралық құқық деңгейінде қарым-қатынасын дамыта береді. Бұл туралы елдің сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар сыртқы істер министрінен ресейлік депутаттардың Қазақстанға қатысты даулы сөздерінен кейін қандай шара қабылданып жатқанын сұрады. 

Елдің сыртқы істер министрлігі Ресейге нота жолдаған болатын. 

"Қалыптасқан тәжірибеге сәйкес, олар ресми түрде жауап бермейді. Бірақ, қабылдаған іс-шаралар туралы бізге хабарлады. Олар парламентке, президент әкімшілігіне хабарласып, мұндай сөздерді айтуға болмайды деп ескерту жасаған", - деді Тілеуберді. 

Қазақ ретінде, Қазақстан азаматы ретінде мен мұндай сөздерге намыстанамын, деп жалғастырды ол. 

"Жоғары білім алғаннан кейін, Отанымыздың тарихын білгеннен кейін мұндай сөздерге орысша былай деп жауап берер едім: бред сивой кобылы. Мұндай сұрақтар көтерілген кезде, ең алдымен, тарихшыларға, ғалымдарға сүйену керек. Ал енді сыртқы істер министрі ретінде айтарым: бұл Ресейдің ресми ұстанымына сәйкес келмейді. Біздің шекарамыз заң түрінде делимитацияланған. Екіжақты шартқа қол қойылды. Қазіргі таңда шекарамызды демаркациялаудан өткізіп жатырмыз. Пандемияға байланысты бұл процесс сәл тоқтап қалды. Келесі үш жылда біз демаркацияны аяқтаймыз", - деді министр. 

Ол екі ел арасында стратегиялық әріптестік қалыптасқанын атап өтті. Сондықтан Қазақстан Ресеймен халықаралық құқық деңгейінде қарым-қатынасын дамыта береді, деп түйіндеді Тілеуберді.

Даулы мәлімдеме

Жуырда Ресей Федерациясы мемлекеттік думасы білім және ғылым комитетінің төрағасы Вячеслав Никонов Бірінші арнада "Қазақстанның территориясы – Ресейдің үлкен сыйы" деген болатын. Саясаткердің бұл сөзі қазақ қоғамында үлкен резонанс туғызды. 

Қазақстан билігі даулы мәлімдемені жауапсыз қалдырмады. Ресейдің уақытша сенімді өкілі Александр Комаров Қазақстан сыртқы істер министрлігіне шақырылды. Оған наразылық нотасы тапсырылып, ресейлік саясаткерлердің мұндай мәлімдемелерінің алдын алу туралы ескерту жасалған еді.

Көп ұзамай Никонов өз сөзіне қысқаша түсініктеме берді.

"Мен Қазақстан Республикасының шекарасына айналған Қазақ КСР-нің шекараларын анықтағанда Қазақстанның мүдделері толығымен сақталды деп есептеймін. "Большая игра" бағдарламасында осыны айтқан едім. Ал енді осы жағдайға байланысты бауырлас Қазақстан халқына тағы да жылы лебізімді білдіремін", – деп жазды ол өзінің Telegram-арнасында.

Парламент сенатының депутат Мұхтар Құл-Мұхаммед ресейлік әріптесінің сөзін "арандатушылық" деп атаған еді.

 

Жаңалықтар
0