Саясат

Оппозиция бағытында жүрген топтарға сабақ болғаны жөн - саясаттанушы

© Sputnik / Владислав ВодневПредставители Ассамблеи народа Казахстана голосуют на выборах в мажилис
Представители Ассамблеи народа Казахстана голосуют на выборах в мажилис - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Сарапшы саясаттың консервативтік алаң екенін еске салды. Сондықтан сайлауда жеңіске жету үшін екі-үш айлық белсенділік жеткіліксіз

НҰР-СҰЛТАН, 11 қаңтар – Sputnik. Саясаттанушы Расул Жұмалы сайлаудың Exit Poll қорытындысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Парламенттік сайлау өз мәресіне жетіп қалды. Алдын ала мәліметтер бойынша ел аумағында дауыс беруге хақылы азаматтардың 63 пайызы өз ықтиярын білдірді. Халықаралық тәжірибеде бұл өте жақсы көрсеткіш болып табылады. Әсіресе, пандемияға байланысты шектеулерге, ауа райының қолайсыздығына, сондай-ақ қордаланған күмән мен реніштерге қарамастан Қазақстан азаматтарының басым бөлігі реформалардың өркениетті жолын қалайтынын көрсетті", - деп жазды Жұмалы Facebook парақшасында.

Сарапшы "Қоғамдық пікір" орталығы ұйымдастырған Exit Poll нәтижесіне тоқталды. Оған сәйкес, Нұр Отан - 71,97%, Ақ жол -  10,18%, Қазақстан халық партиясы - 9.03%, Ауыл - 5,75%, Адал - 3,07%.

"Әрине, бұл - тек алдын ала деректер. Десе де, әдетте, Exit Poll көрсеткіштері ресми есептерден қатты алшақтамайтынын ескерсе, сайлау қорытындысының нобайы қазірдің өзінде түсінікті сияқты. Көріп отырғанымыздай, басым көпшілік дауысты бұдан бұрын болжанғандай Нұр-Отан еншіледі", - дейді Жұмалы.

Оның ойынша, электоралды науқан айтарлықтай тең дәрежеде жүргізілген. Бірақ Nur Otan-ның жетістігі тек әкімшілік ресурс қана емес, бұған дейін, әсіресе коронавирус пандемиясы кезінде атқарылған жұмыстың жемісі деп бағалауға болады.

"Басқа партияларға келсек, мәжіліске өту шегін "Ақ жол" мен Халықтық партия бағындырды. Бұнда да айтарлықтай тосын жаңалық болмады. Әрине, "Ауыл" және "Адал" партиялары соңғы уақытта өте үлкен жұмыс атқарғанын мойындау керек", - деп атап көрсетті сарапшы.

Осы орайда сарапшы саясаттың аса консервативтік алаң екенін еске салды. Сол себепті екі-үш айлық белсенділік ұзақ мерзімді кешенді тірлікті алмастыра алмайды.

"Бұл да оппозиция бағытында жүрген топтарға сабақ болғаны жөн. Түйінін айтқанда, меніңше, сайлау кереметтей болмаса да, демократиялық талаптарға бір табан жақын ахуалда өтті. Ал енді сайлау атты сынақтан екінің бірі сүрініп, тіпті құлап жатқанда, Қазақстан ұпайын жоғалтпай, тәжірибе жинақтап толығып шыққаны қанағат тұтарлық шаруа", - деді Жұмалы.

Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы

10 қаңтарда қазақстандықтар мәжіліс пен мәслихат депутаттарын партиялық тізіммен таңдады. Халық бес партияға дауыс берді. Олар:

  • Nur Otan;
  • "Ақ жол" партиясы;
  • Қазақстанның халық партиясы (бұрынғы коммунистер партиясы);
  • "Ауыл" партиясы;
  • "Адал" партиясы (бұрынғы "Бірлік" партиясы).

Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, 216 мәслихатқа 3 276 депутат сайланады. Соның ішінде республикалық маңызы бар қалалар мен астананың мәслихаттары (589 мандат), 36 облыстық мәслихаттар (596) және 163 аудандық мәслихаттар (2 091 мандат) бар.

Ал мәжіліске 107 депутат сайланады. Оның ішінде 98 депутат партиялық тізіммен өтсе, тағы 9 депутат Қазақстан халқы ассамблеясының атынан мәжіліске келеді.

Жаңалықтар
0