Саясат

"Таңдайтын балама болмады": ЕҚЫҰ Қазақстандағы сайлауға баға берді

© Sputnik / Абзал КалиевПодсчет бюллетеней по итогам голосования
Подсчет бюллетеней по итогам голосования - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Халықаралық байқаушылар Қазақстандағы құқықтық база ЕҚЫҰ-ның демократиялық сайлауға қатысты міндеттемелеріне әлі де негіз бола алмайды деген шешімге келді

НҰР-СҰЛТАН, 11 қаңтар – Sputnik. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Адам құқықтары мен демократиялық институттар жөніндегі бюросы мен ЕЫҚҰ парламенттік ассамблеясының бақылаушылары Қазақстандағы сайлауға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Халықаралық байқаушылар Қазақстандағы құқықтық база ЕҚЫҰ-ның демократиялық сайлауларына қатысты міндеттемелеріне әлі де негіз бола алмайды деген шешімге келді. Осы уақытқа дейін заңдарға бірқатар түзетулер енгізілді. Соған қарамастан, негізгі бостандықтардан бастап дауыс беру, сайлауға қатысу, сайлаушыларды тіркеу мен нәтижені жариялау құқықтарына дейінгі сан алуан мәселелер бойынша бұған дейін берілген көптеген ұсынымдарды әлі де орындау қажет.  

ЕҚЫҰ бақылау миссиясының жетекшісі Кристиан Вигениннің айтуынша, коронавирус пандемиясына байланысты сақтық шаралары ескеріліп, сайлау тиісті деңгейде ұйымдастырылды. Алайда осы науқанның саяси жағын жетілдіру керек. 

"ЕҚЫҰ ұстанымдары кедергісіз плюрализм мен еркін азаматтық қоғамның өркендеуіне үндейді. Осыған байланысты президенттің  "еститін мемлекет" тұжырымдамасы, шынымен де, осы жағдайға жол ашады деп сенеміз. Сонда барлық азаматтың дауысы бағаланады. Кешегі сайлауда, шамамен, 12 миллион сайлаушы тіркелген болатын. Сайлау комиссиялары дайындық жұмыстарын жүргізді. Ал Орталық сайлау комиссиясының отырыстары партия өкілдері мен бақылаушылар үшін ашық болды. Дегенмен, тиісті шешімдер ресми отырыстарға дейін қабылданып отырған", - дейді Вигенин.

Бақылаушылар барлық деңгейдегі комиссия мүшелерінің тәуелсіз әрі бейтарап болғанына күмән келтіріп отыр. Жалпы, сайлау күні тыныш өтті. Алайда жергілікті жерде бақылаушылардың жұмысын тиімді жүргізуге кедергі жасалды.

"Бірлесу еркіндігі жағынан әлі күнге дейін айтарлықтай кедергілер бар. Саяси балама да аз, 2013 жылдан бері бірде-бір жаңа партия тіркелген жоқ. Ал саяси кеңістікте билік партиясының ықпалы басым. Партия мен үкіметтің айырмашылығы анық көрінбейді. Сосын сайлауға қатысқан барлық саяси партия билік партиясын қолдағаннан кейін үгіт-насихат кезінде бәсекелестік болған жоқ. Сайлаушыларда таңдау жасау үшін нақты альтернатива болмады", - деп атап көрсетті Вигенин. 

Халықаралық байқаушылар сөз бен жиналыс бостандығының шектелуі үгіт-насихат жұмыстарына кері әсер еткенін де ерекше атап өтті. Ондайда қоғамдық пікірталастар көп жағдайда интернетке ауысып кетеді.  Сарапшылар ұлттық заңнама әлі де сөз бостандығы мен ақпаратқа қол жеткізу құқықтарын бұзады деген шешімге келді.

"Негізгі бостандықтарға қатысты кемшіліктер алаңдаушылық туғызады. Олар саяси кеңістікті де шектейді. Сайлаушыларда нақты саяси таңдау мүмкіндігі болса, ал азаматтық қоғамның даусы естілген сайлау, шынымен де, демократиялық сайлау бола алады", - дейді ЕҚЫҰ Адам құқықтары мен демократиялық институттар жөніндегі бюроның шектеулі миссиясының басшысы  Ярослав Марчин Доманьски. 

Айта кетейік, Қазақстандағы парламенттік сайлауға 20 елден 48 халықаралық бақылаушы келген. Олардың ішінде 41 маман - ЕҚЫҰ Адам құқықтары мен демократиялық институттар жөніндегі бюроның сарапшылары, сондай-ақ, 7 парламентарий мен ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының аппарат қызметкерлері. 

Бақылаушылардың мәлімдемесі ұйымның ресми сайтында жарияланды.

 

Жаңалықтар
0