НҰР-СҰЛТАН, 13 қаңтар – Sputnik. Қазақстандықтар мәжіліске өткен депутаттардың тізімін қызу талқылап жатыр. Әсіресе, Nur Otan-ның партиялық тізіміне енген 25 жастағы Мәди Ахметовты сын тезіне салып жатқандар көп.
2019 жылы Алматыда Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен "Көшбасшылыққа 30 жыл" халықаралық ғылыми конференциясы ұйымдастырылған болатын. Сол жерде Ахметов тұңғыш президентке ескерткіш орнатуды ұсынды.
"Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, біз жастар атынан мемлекетіміздің негізін қалаушы ретінде және еліміздің дамуына қосқан елеулі үлесіңіз үшін Алматыдағы Назарбаев даңғылында сіздің ескерткішіңізді орнатуға қатысты ұсынысымызды қабылдауыңызды сұрайымыз", - деді "Жас Отан" жастар қанатының төрағасы Мәди Ахметов.
Назарбаев ескерткіш қоюға қарсы екенін жеткізді. "Рақмет! Жастардың тарапынан осындай ұсыныс түсіп жатқанына қуаныштымын. Бірақ өз басым ескерткіштерге қарсымын. Дәл қазір алдарыңызда отырмын ғой. Ескерткіш не үшін керек?", - деп жауап берді Назарбаев. Алайда артынан халық қолдаса, қарсы емес екенін айтты.
"Қазір бәрі менің қолымда емес. Мен президент емеспін ғой. Халық осыны қаласа, мен бас тартуға құқылы емеспін. Сіздерге рақмет! Бақытты болыңыздар!", - деді Елбасы.
Ал өткен жылы қараша айында Мәди Ахметовтың билік партиясының атынан сайлауға түсетін кандидаттар партиялық тізіміне енгені белгілі болды.
Қазнетте оралдық секс-шоптың Мәди Ахметовқа сыйға тартқан жеңілдігі де кеңінен талқыға салынды.
12 қаңтарда Nur Otan партиясының ресми сайтында билік партиясының атынан мәжіліске өткен 76 адамның тізімі жарияланған болатын. Олардың ішінде 25 жастағы Мәди Ахметов та бар.
Қазақстандық заңгер Ержан Есімханов Instagram желісіндегі парақшасында Елбасының ескерткішін орнатуға ұсыныс жасаған жас жігіттің депутат болғанына қатысты өз ойын ашық жазды.
"Мәжіліске Елбасыға ескерткіш қою туралы ұсынысымен ғана танылған адам өтіп отыр. Айтпақшы, ол осы ұсынысын жастардың атынан жариялады. Мен Қазақстан жастарының біраз өкілімен сөйлестім, біреуі де оған ондай өтініш жасамаған", - деді Есімханов.
Ал Facebook қолданушысы Ілияс Мыңжасаров үлкендерге арналған дүкенде Ахметовке жеке-дара жеңілдік жасалғанын еске алды.
Жалпы, желі қолданушыларының көбісі жас жігіттің депутат қызметіне келуіне күдікпен қарайтынын ашық жазды.
Мәди Ахметов 1995 жылы 18 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. Жоғары білімі бар. Мәжіліс депутаты қызметіне дейін "Жас Отан" жастар қанатының Алматы қалалық филиалын басқарды.
Ахметовтан бөлек, Nur Otan партиясының атынан мәжілісі депутаттығына президенттік жастар кадрлық резервінің қатысушылары Тілектес Адамбеков мен Зульфия Сүлейменова ұсынылды.
Айта кетейік, бүгінде президенттік жастар кадрлық резервіне кіретін 300 адамның жартысынан көбі – 168 резервист мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік кәсіпорындарда жұмысқа орналасты.
НҰР-СҰЛТАН, 26 қаңтар – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен жаңарған үкіметтің кеңейтілген отырысы басталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Отырыс онлайн өтіп жатыр. Жиында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2020 жылғы қорытындылары мен алдағы жоспары талқыланады.
Журналистер отырыстан жаңалықтарды "Қазмедиа орталығынан" таратады.
Еске салсақ, бұрынғы үкімет 10 қаңтарда өткен парламент сайлауынан кейін отставкаға кеткен болатын.
18 қаңтарда мемлекет басшысы Қазақстан үкіметінің жаңа құрамын бекітті.
Премьер-министр мен министрлердің басым бөлігі өз орнын сақтап қалды. Екі министр ғана ауысты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Серік Шәпкенов келсе, ұлттық экономика министрлігін Әсет Ерғалиев басқарды.
Тағы оқыңыз: Мамин екі министрді не себепті ауыстырды – сарапшылар пікірі
Сондай-ақ, сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді төртінші вице-премьер қызметін қоса атқарады.
Қазақстанда мәжіліс сайлауы 10 қаңтарда өтті. Дауыс беру қорытындысына сәйкес, парламенттің төменгі палатасына үш партия – Nur Otan, "Ақ жол" және Қазақстанның халық партиясы (бұрынғы коммунистер партия) өтті.
"Nur Otan" партиясы – 76 мандат, "Ақ жол" демократиялық партиясы – 12 мандат, ал Қазақстанның халық партиясы 10 мандат алды.
Сондай-ақ, мәжіліс депутаттарының қатарына Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері де енді.
НҰР-СҰЛТАН, 25 қаңтар – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының Су кодексіне жергілікті өкілді, орталық және жергілікті атқарушы органдар арасында ауызсумен жабдықтауды субсидиялау жөніндегі өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды, деп хабарлады Ақорданың сайты.
Оқи отырыңыз: Таза ауыз су әрбір үйде болуы керек – Тоқаев
Жаңа түзетулерге сәйкес, енді жергілікті жерде ауыз сумен жабдықтау қызметінің бағасын мәслихаттар анықтайды. Мысалы, мәслихат республика бойынша ең төменгі тарифтен төмен емес және облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын ескере отырып, орташа облыстық деңгейден жоғары емес төлемдер мөлшерін бекіте алады.
Заң жобасының негізгі мақсаты:
Айта кетейік, бүгінде халықты ауыз сумен жабдықтау қызметінің құнын төмендету мақсатында мемлекеттен субсидия бөлініп тұрады. 2021 жылда осы мақсатта 16 миллиард теңге қарастырылған.
Ресми мәліметке сәйкес, қазіргі кезде ауыл халқының 87 проценті орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Осы санатқа 4 078 ауыл кіреді. Олардың ішінде 42 проценті субсидия алған.
АЛМАТЫ, 26 қаңтар – Sputnik. Алматыда жедел респираторлық аурудың белгілері байқалған және коронавирус жұқтыруы мүмкін науқастарға мамандарды үйге шақыру арқылы медициналық көмек көрсетіледі. Ол үшін арнайы мобильді топтар құрылған. Бұл туралы онлайн-брифингте Алматы қаласы №32 қалалық емханасының бас дәрігері Артур Қажыбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, мобильді топтар шақырту бойынша үйге барады, науқастарға аудио және видео арқылы кеңес береді. Сонымен қатар биологиялық материалдардың үлгісін алады.
"Егер науқаста ЖРВИ белгілері пайда болса, яғни, дене қызуы, жөтел болса, ол міндетті түрде емханаға хабарласуы қажет. Тіркеу бөліміне қоңырау түссе, олар міндетті түрде мобильді топқа қосады. Олар да телефон арқылы қоңырау шалған азаматтың жағдайын бағалайды. Содан кейін науқасты барып тексереді, көмек көрсетеді", - деді дәрігер.
Мобильді топ науқастан ПЦР тест алады. Содан кейін азамат 14 күн дәрігерлердің бақылауында болады. Екі апта өткен соң екінші рет коронавирусқа қарсы тексеріледі.
Мамандар күнделікті бір рет қоңырау шалады, дене қызуы, жөтел, ентігу, әлсіздік бар-жоғын біледі. Күн сайын үйіне барып сатурацияны өлшейді, қажет болған жағдайда видео арқылы кеңес береді.
Оқи отырыңыз: Өңірлер коронавирус статистикасын не үшін жасырып отыр
"Науқасты ауруханаға жатқызу барысында ентігудің пайда болуы, дене қызуының көтерілуі ескеріледі. Сонымен қатар науқастың қант диабетімен есепте тұруы, артериялық гипертензия, семіздіктің болуы, жасы маңызды саналады. Науқастың жасы 65-тен асқан болса, жағдайы нашарлап кетпеуі үшін ол дереу ауруханаға жеткізіледі", - деді ол.
Егер мамандарды шақырған науқаста коронавирус белгілері болмаса, бақылау 14 күнге жалғасады. Егер COVID-19 белгісі болса, науқас дереу ауруханаға жатқызылады.