НҰР-СҰЛТАН, 14 қаңтар – Sputnik. Президент жарлығымен Айгүл Құспан қызметінен босатылды, деп хабарлады Ақорда.
"Мемлекет басшысының жарлығымен Айгүл Сайфоллақызы Құспан Қазақстанның Бельгия корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі қызметінен, Қазақстанның Люксембург Ұлы Герцогтігіндегі төтенше және өкілетті елшісі, Еуропа Одағының жанындағы және Солтүстік Атлант шарты ұйымындағы (НАТО) Қазақстан өкілдігінің басшысы қызметін қоса атқарудан босатылды", - делінген ресми хабарламада.
Айта кетейік, 59 жастағы Айгүл Құспан Nur Otan-ның партиялық тізімі бойынша мәжіліс депутаттағына өтті.
2018 жылы ол Қазақстанның Бельгия Корольдігіндегі елшісі және Еуропа Одағының жанындағы және Солтүстік Атлант шарты ұйымындағы Қазақстан өкілдігінің басшысы қызметіне тағайындалған болатын.
Оған дейін сыртқы істер министрлігінің Еуропа департаментін басқарған. Еуропа мен Америка департаментінің бөлім басшысы болды. Қазақстанның Латвиядағы елшілігінде кеңесші қызметін атқарды.
НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір – Sputnik. Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров халық сайлаған ауыл әкімдері қандай жағдайда қызметінен босатылуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілісте аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент пен ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге қатысты әзірленген заң жобасымен оған ілеспе заң жобасы таныстырылды.
Ілеспе заң жобасы "Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Мемлекеттік қызмет туралы" және "Саяси партиялар туралы" заңдарға түзетулер енгізуді көздейді. Барлығы 20 түзету қарастырылған.
Әбдіқадыров ауыл әкімдерінің өкілеттігі қандай жағдайда тоқтатылатынын айтты.
"Бірінші, әкімді партия ұсынған жағдайда, ол партия мүшелігінен шығып қалса; екінші, мәслихат сенімсіздік білдірсе, соның ішінде жергілікті қауымдастықтың бастамасы бойынша; үшінші, "Мемлекеттік қызмет туралы" заңның өзге де негіздемелері бойынша, мысалы, сот шемімімен немесе өз еркімен қызметтен кетуі, азаматтықтан айырылуы және тағы басқа", - деді ол.
Сондай-ақ аудан мәслихатына ауыл әкімінің тәртіптік теріс қылықтарын қарау өкілеттігін беру көзделіп отыр.
Оқи отырыңыз: Ауыл әкімінің сайлауына кімдер түсе алады - мәжілісте заң жобасы таныстырылды
Айта кетсек, биыл екінші жартыжылдықта 800-ден астам ауыл әкімін халық өзі сайлайды. Қазір ауыл әкімдерін жанама дауыс беру арқылы жергілікті мәслихаттар сайлайды.
НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір – Sputnik. Ауыл әкімдерінің сайлауына кандидаттар өзін-өзі ұсыну жолымен қатысуы мүмкін. Бұл туралы ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілісте "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасы таныстырылды. Құжат 67 түзетуден тұрады. Заң жобасында аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент пен ауылдық округ әкімдерінің сайлауын өткізуге қатысты өзгерістер ұсынылған.
Әбдіқадыровтың айтуынша, ауыл әкімінің сайлауына түсетін кандидаттарға мынадай талаптар қойылады:
"Үміткерлер екі жолмен ұсынылады. Саяси партиялар өз мүшелері арасынан ұсына алады және өзін-өзі ұсыну арқылы. Өзін-өзі ұсынған кезде үміткер тиісті округтегі сайлаушылардың жалпы санының кемінде 1%-нің қолын жинау керек", - деді вице-министр заң жобасын таныстыру барысында.
Заң жобасына сәйкес, сайлау сол елді мекен әкімінің өкілеттігінің аяқталуына 40 күн қалғанда басталады. Ал сайлаудың өзі әкімнің өкілеттігінің аяқталуына 10 күн қалғанда өтеді.
Кандидаттарды ұсыну сайлау жарияланған күннің ертесінде басталып, сайлауға 15 күн қалғанда аяқталады. Яғни, Әбдіқадыровтың сөзінше, үміткерлерді ұсыну мерзімі 14 күнге дейін созылуы мүмкін. Осы уақыт аралығында кандидат тіркеуге қажетті құжаттарды жинаумен айналысады.
Кандидаттарды тіркеу сайлауға 10 күн қалғанда аяқталады. Осы кезеңде аумақтық сайлау комиссиясы ұсынылған құжаттардың шынайылығын тексереді. Үгіт жүргізуге 8 күн беріледі. Сайлау өткеннен кейін үш күн ішінде дауыс берудің қорытындысы шығарылады. Сайланған әкімді тіркеу 7 күн ішінде жүзеге асады.
Сондай-ақ заң жобасына мәжіліс сайлауы кезінде саяси партиялардың өту шегін 7-ден 5 процентке дейін төмендету, сайлау бюллетеньдеріне "бәріне қарсымын" деген жазуды қосу нормалары енгізілген.
НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір — Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевті қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысына биылғы І тоқсандағы еліміздің экономикалық дамуының алдын ала қорытындылары, Экономикалық өсімді қалпына келтірудің кешенді жоспарының іске асырылуы туралы есеп берілді.Президентке экономиканың нақты секторындағы ахуал және жалпы ішкі өнімге қатысты болжамдар жөнінде баяндалды. Әсет Ерғалиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа ортамерзімді перспективадағы экономиканың сапалы әрі орнықты дамуын қамтамасыз етудің негізгі жолдарын ұсынды.
Сонымен қатар министр шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі президент тапсырмасының орындалуы туралы баяндады.
Кездесу барысында макроэкономикалық тұрақтылықты және өңірлік дамудың тепе-теңдігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларға баса мән берілді.
Кездесу соңында мемлекет басшысы министрге бюджет саясатының тиімділігін арттыруға, өңірлік саясатты жетілдіруге және өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді.