Саясат

Парламент Мәдениеттерді жақындастыру орталығын құру туралы келісімді ратификациялады

© Sputnik / Болат ШайхиновЗдание парламента РК
Здание парламента РК - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Келісімге сәйкес, Қазақстан үкіметі 2018 жылдан бастап жыл сайын Орталыққа оның бағдарламалары мен іс-шараларын іске асыру үшін қажетті мөлшерде қаражат бөледі

НҰР-СҰЛТАН, 28 қаңтар – Sputnik. Парламент сенаты Қазақстан үкіметі мен білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі БҰҰ арасындағы ЮНЕСКО аясында Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығын (2-санат) құру туралы келiсiмді ратификациялады. Орталықты белгілі ақын Олжас Сүлейменов басқарады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мәденииет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, заң жобасының мақсаты – Алматы қаласында "Мәдениеттерді жақындастыру орталығы" мемлекеттік музейі базасында ЮНЕСКО қамқорлығымен мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығының жұмыс істеуін қамтамасыз ету.

2015 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ЮНЕСКО-мен бірлесіп мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық институтын құруды ұсынған болатын. Содан кейін осы идеяны іске асыру үшін жоспарлы жұмыстар жүргізілді.

"Осылайша, Қазақстан үкіметінің 2015 жылдың желтоқсандағы қаулысымен Республикалық кітап музейі негізінде оны қайта құру жолымен ""Мәдениеттерді жақындастыру орталығы" мемлекеттік музейі құрылды", – деді министр сенаттың жалпы отырысында.

Қазір орталықты Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, "Невада – Семей" антиядролық қозғалысының негізін қалаушылардың бірі Олжас Сүлейменов басқарады.

Екінші санат мәртебесі қандай артықшылық береді

2017 жылы қарашада ЮНЕСКО Бас конференциясының 39-шы сессиясында   орталыққа ЮНЕСКО-ның 2-ші санаты мәртебесі берілді.

2019 жылы маусымда Қазақстан үкіметі мен ЮНЕСКО арасында Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық орталығын ұйымдастыру туралы келісімге қол қойылды.

"Келісімді ратификациялау – осы жүргізілген жұмыстардың қисынды аяқталуы. Осы тұрғыдан шартты ратификациялау елдің халықаралық деңгейде орнықты дамуына ықпал етеді. Орталық этностардың, мәдениеттер мен діндердің шығу тегі саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуге, мәдениетаралық қоғамдардың және олардың бірегейлігінің қалыптасуына, бейбітшілік пен тұрақты даму мүддесінде мәдениетаралық диалог құндылықтарын таратуға бағытталған халықаралық ынтымақтастыққа арналған бірегей платформа болады", – деді Райымқұлова.

Ол халықаралық орталыққа ЮНЕСКО-ның 2-санаты мәртебесін беру елдің ұлттық мүддесіне сай екенін, Қазақстан үшін саяси және әлеуметтік жағынан пайдалы, ЮНЕСКО жүйесінде Қазақстанның бастамаларын іске асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Келісімге сәйкес, Қазақстан үкіметі 2018 жылдан бастап жыл сайын Орталыққа оның бағдарламалары мен іс-шараларын іске асыру үшін қажетті мөлшерде қаражат бөледі.

Оқи отырыңыз: Көкпар ЮНЕСКО-ның мәдени мұралары тізіміне Қырғызстанның атынан енгізілді

Заң жобасын қабылдау республикалық бюджеттен қосымша қаржылық шығындарға, сондай-ақ теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды.

Сенат "Қазақстан үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы ЮНЕСКО аясында Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығын құру туралы келісімді ратификациялау туралы" заңды қабылдады.

Жаңалықтар
0