Денсаулық

Тәлібтер билікке келді - Қазақстанға қандай қауіп төніп тұр

Тәлібтер
Тәлібтер - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.08.2021
Жазылу
Олар өз идеологиясын басқаларға таратпаса да, әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген радикалдар сол жерге ағылуы мүмкін, дейді сарапшылар

НҰР-СҰЛТАН, 16 тамыз – Sputnik. Тәлібтер Ауғанстанды толығымен басып алды. Кабулдағы президент сарайына да кірді. Ал осы елдің бұрынғы басшысы Ғани Ашраф Өзбекстан арқылы Оманға ұшып кетті.

Қазіргі кезде шетелдіктер мен ауғандықтарды эвакуациялау шаралары жүргізіліп жатыр. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы кеңес өткізіп, ауған мәселесін бақылауда ұстауға тапсырма берді. Қазақстанның халықаралық қатынастары жөніндегі кеңеске жиналған сарапшылар Талибан* билікке келгеннен кейін қандай өзгеріс болатынын, бастысы, Қазақстанға қандай қауіп төніп тұрғанын талқыға салды.

Талибан* бұрынғы тәлібтер емес

Президент жанындағы стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкімбаевтың айтуынша, ауған жерінде тәлібтердің үшінші ұрпағы билікке келіп отыр. Олар бұрынғы Талибан* емес.

"20 жылдан кейін билікке тәлібтердің үшінші ұрпағы келіп отыр. Олар көп нәрсеге үйренді. Аудиториямен жұмыс істей алады. Жаңа медиа құралдарын да жақсы меңгеріп алған. Оны әлеуметтік желілер арқылы таралып жатқан бейнероликтерден анық байқауға болады", - дейді Көшкімбаев.

Оның айтуынша, ауған жерінде Ислам әмірлігі құрылса 20 жыл бұрын болған тәртіп орнайды.

"Ондайда шариғатты негізге алады ғой. Бұрынғы әмірлікті қайта жасайды. Орталық Азия елдерін дәл осы мәселе алаңдатып отыр. Себебі көбісі – зайырлы мемлекет, ал көршің жай Ислам республикасы емес, Ислам әмірлігі болып құрылса, ондай мәселе кез келген зайырлы мемлекетті алаңдатады. Олар өз идеологиясын басқаларға таратпаса да, әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген радикалдар сол жерге ағылады", - деп атап өтті Көшкімбаев.

Палаточный лагерь афганских беженцев  - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.08.2021
Әлем
Тәлібтер Ауғанстанды басып алды: дәл қазір не болып жатыр

Ауғанстанда 8 жыл бойы елші болған Өміртай Бітімов те тәлібтердің идеологиясы еш өзгермеді деп отыр.

"Енді бұрынғыдай халықты стадионда жинап, саусақтарын шабу сияқты жаппай жазалау шараларын өткізбейтін шығар. Бірақ ішкі құрылымы мен мазмұны сол күйінде қалады. Олар адамдарды ұлтқа бөлмейді, мұсылман және мұсылман емес деп қарайды. Ал біздің радикалдарымыз олардан үлгі алса қауіпті болады", - дейді Бітімов.

Осы орайда сарапшы ауған жерінде нақты бір биліктің орнағаны дұрыс деп санайды. Себебі бірнеше топтан сұрағанша бір адамнан талап еткен жеңіл. Әйтпесе, бұрын бақылаусыз қалған кейбір аймақтарда радикалдар ғана емес, ақша ұрлаған қазақстандық қашқындар да бой тасалап жүрген.

Радикалдар ауған жерінде тығыла ма

Қазақстанның халықаралық қатынастар жөніндегі кеңестің төрағасы Ерлан Карин тағы бір маңызды мәселеге назар аударды.

"Тәлібтер Орталық Азияға басып кіреді дейтіндей қауіп төніп тұрған жоқ. Бірақ бұрын Талибан* басқа да радикалды топтарға баспана беріп отыратын. Осы жағынан үлкен алаңдаушылық болды. Алайда соңғы кезде оң өзгерістер байқалады. Мәселен, бүгінде ауған жерінде Өзбекстанның ислам қозғалысы жоқ дейді. Тәлібтер ИГИЛ*-дің таралуына да кедергі жасап келеді. Ендігі мәселе, олар осы жұмысты жалғастыра бере ме? Басқа радикалды топтарға баспана бермей ме?", - дейді Карин.

"Барлау" қызметінің бұрынғы басшысы Өміртай Бітімовтың ойынша, тәлібтер сөз жүзінде радикалды топтарға баспана бермесе де, іс жүзінде айтқан сөздерін орындамайды.

"Меніңше, олар солтүстіктегі көршілермен қарым-қатынасты бұзбау үшін басқа радикалды топтарға баспана бермейміз деп айта береді. Бірақ идеология тұрғысынан бір-біріне көмек беруі керек қой. Өйткені көзқарасы бір", - деді Бітімов.

Ал Азиялық зерттеулер институтының директоры Сұлтан Әкімбековтың ойынша, шекара жабық болса, діни экстремизм Орталық Азияға кіре алмайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.08.2021
Саясат
Тоқаев Ауғанстандағы жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізді

"Иә, бізді қатты алаңдататын бір нәрсе бар. Ол – идеологияның экспорты. Бірақ қазіргі жағдайда мүлдем басқа формат болады. Шекара жабық болады. Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы да қорғанысқа дайын. Көліктер жүре береді ғой. Жүк тасымалы тоқтамайды. Бірақ шекара арқылы адам өтпейді. Біз үшін жақсы. Өйткені идеология тарамайды", - деп атап көрсетті Әкімбеков.

Сарапшы тәлібтердің қайдан шыққанын да еске салды. Олардың бәрі Пәкістан жеріндегі лагерьлер мен медреселерде оқыған. Ал идеологиясы сол елдің "Ислам үлемдері жамағаты" партиясынан тарайды.

"Ол жақта мыңдаған медресе бар. Барлығы сонда оқыды. Болашақта тәлібтер медреселердің бәрін біздің шекарамызға алып келуі әбден мүмкін. Жай Ауғанстанның солтүстігіне медресе салып шығады. Болды. Сол кезде біз үшін мәселе туындайды", - дейді Әкімбеков.

Бұрынғы чекист Өміртай Бітімов болса, есірткі тасымалын да назардан тыс қалдырмау қажеттігін жеткізді.

"Сосын тәлібтер есірткі бизнесін тоқтата ала ма? Бұл да үлкен мәселе. Себебі есірткі мафиясы ауған жерімен шектелмейді. Қазір қаржыландыру көлемі азаяды ғой. Тәлібтерге кедейшілік мәселесін шешу керек. Ол жақта қарапайым шаруалар есірткіні өсіре береді. Олар билікте кімнің отырғанына қарамайды. Бәріне күн көру керек", - деді Бітімов.

Талибан*, ИГИЛ* – Қазақстанда, Ресейде және басқа да бірқатар елде тыйым салынған террористік ұйым

Жаңалықтар
0