Саясат

Қазақстан Талибанды* мойындамай, Ауғанстанмен қарым-қатынас орната ала ма

© AFP 2024 / WAKIL KOHSARБоевики Талибана* на дороге в Кабул
Боевики Талибана* на дороге в Кабул - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.09.2021
Жазылу
Саясаттанушының айтуынша, Қазақстан билігі болашақта Талибанмен емес, ресми үкіметпен және мемлекетпен қарым-қатынасты дамыта алады

АЛМАТЫ, 9 қыркүйек – Sputnik, Ксения Воронина. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет Ауғанстанның жаңа билігімен іскерлік байланыс орнатуға дайын екенін айтты. Ең алдымен гуманитарлық мәселелерді шешу тақырыбы өзекті болып отыр. Алайда Ауғанстанды Қазақстанда тыйым салынған Талибан* қозғалысы бақылауға алды.

Қазір қазақстандықтар арасында республикада Талибанды мойындауы мүмкін деген қорқыныш пайда болды. Мұның қаншалықты мүмкін екенін Sputnik Қазақстан тілшісіне саяси шолушы Ғазиз Әбішев айтты.

Екіжақты қарым-қатынас орнату үшін Талибанды мойындаудың қажеті жоқ

Әбішев өзара қарым-қатынас Талибанмен емес, ресми үкімет және мемлекет арасында орнатылатынын айтты. Осылайша, Қазақстан Ауғанстанмен өз елінің аумағында рұқсат етілмеген Талибан қозғалысын мойындамай-ақ қарым-қатынас орната алады.

"Біз мемлекетпен қарым-қатынас жасаймыз. Ауғанстан Талибанның бақылауында болса да, біз прагматикалық тұрғыдан Ауғанстан мемлекетімен өз мүддеміз аясында қарым-қатынас орнатамыз", - деп түсіндірді саясаттанушы.

Қазақстан неліктен Ауғанстанмен байланыс орнатқысы келеді

"Қазақстан – қазір қауіпті болып отырған Ауғанстанға жақын орналасқан шағын және өте мықты емес мемлекет. Біз "Реалполитик" қағидатын, яғни прагматизм мен халықаралық оқиғаларға шынайы көзқарасты мойындауымыз керек. Біз өте бірбеткей бола алмаймыз. Егер жағдай Талибандармен диалог құруды талап етсе және олардың біздің аймаққа келуіне жол бермеу үшін, дипломатиялық аргумент арқылы оларға қандай да бір бақылау жасап, әсер ету керек болса, әрине, біз олармен байланыс орнатамыз", - деп атап өтті Ғазиз Әбішев.

Ол Талибан режимінің қаншалықты бейбіт екенін түсіну үшін бірнеше ай немесе жылдар қажет деп санайды.

"Егер олар демократиялық емес және қатал режимде жұмыс істесе, Солтүстік Корея, Иран немесе Венесуэла сияқты өз ішіндегі істермен айналысатын болса, онда ішкі бақылауды сақтауға баса назар аударылады. Әрине, Қазақстан дипломатиялық жұмыс жүргізуге мүдделі. Бұл қалыпты жағдай", - дейді Әбішев.

Қазақстанда Талибан қозғалысына рұқсат етіле ме

Саясаттанушы "Талибан Қазақстан аумағында қозғалыс ретінде де, партия ретінде де мақұлданбайды" деп атап өтті.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 5-бабының 4-тармағында басқа мемлекеттердің саяси партиялары мен кәсіптік одақтарының, діни негіздегі партиялардың қызметіне жол берілмейтіні жазылған.
Осы баптың 3-тармағы қызметі діни алауыздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бірлестіктер құруға және олардың қызметіне тыйым салынған.

"Егер Талибан өзін қозғалыс деп атайтын болса, бірақ іс жүзінде халықаралық стандарттарға сүйеніп, Ауғанстан бір партиялы мемлекетіндегі билікті басқаратын саяси партия болса, онда Талибан шетелдік саяси партия саналады. Біздің Конституцияға сәйкес, бұл саяси партияның біздің аумақта жұмыс істеуіне тыйым салынады. Егер Талибан өз аумағында шариғатты жариялайтын және оның діни фундаментализмін көпшілік алдында насихаттайтын болса, яғни басқа барлық діннен бас тартуға үндейтін болса, іс жүзінде діни алауыздықты насихаттайтын қоғамдық бірлестік болып табылады. Оған біздің Конституция тыйым салады. Сондықтан бұл тұрғыда Талибан Қазақстан аумағында мақұлданбайды", - деп қорытындылады Ғазиз Әбішев.

Ауғанстанның жаңа министрлерін ұлықтау рәсімі 11 қыркүйекте өтеді деп жоспарланған.

Қазір рәсімге Ресей, Қытай, Катар, Түркия, Пәкістан және Иран шақырылғаны белгілі.

*Талибан – Қазақстанда, Ресейде және басқа да бірқатар елде тыйым салынған экстремистік ұйым

Жаңалықтар
0