Үкаша ата құдығы

Түркістандағы киелі құдықтың шырақшысы өзі куә болған тылсым күш туралы айтты

20798
(Жаңартылды 18:21 23.08.2018)
Құдық суының шелекке қалай құйылатыны әлі күнге дейін жұмбақ

ТҮРКІСТАН, 20 тамыз — Sputnik, Жансая Тәуекелқызы. Түркістан қаласынан 60 шақырымдық жерде орналасқан Үкаша ата құдығының сіз бен біз біле бермеймін сыры неде? Зиярат етушілер қандай жағдайға тап болады? Құдық астында нендей тылсым күш бар? Бұл сұрақтарға жауап алу үшін Sputnik тілшісі киелі құдыққа арнайы барып, шырақшы Серік Қыстаубайұлымен сұхбаттасып қайтты.

Тарихқа көз жүгіртсек…

Шырақшы Үкаша ата құдығын ешкім қазып, қолдан құдық етпегенін бірден кесіп айтты. Аңыздарға сенсек, Үкаша Ата Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың тікелей тапсырмасымен осы маңға (қарт Қаратау тауының маңы: автор) ислам дінін насихаттау мақсатында келген екен. Нәтижесінде ислам дінін қабылдаушылар көбейіп, дін дұшпандары оның көзін құртуды ойлайды. 

Себебі мұсылман халқы көбейіп кетеді деген қорқыныш болады. Дін дұшпандары мұсылмандықты қабылдағандардың  басын шауып, құлағын кесіп, көзін ойып іліп қояды. Мақсаты — осы бір жауыздық арқылы елдің үрейін алу,  көргендер қорықсын, ислам дінін қабылдамасын деген ой болыпты. Деректерде таң намазын оқып отырған Үкаша ата сол дұшпандарының қолынан шахид болған деген мәлімет бар. Сол сәтте аспаннан екі періште түсіп, Үкаша атаның басын алып қашқан-ды.

"Үкаша ата көзі тірісінде "Қай жерде жан тапсырсам да, мейлі шахид болайын, Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың қасында  жерленсем арманым жоқ" деп дұға тілеген екен. Пайғамбардың ізін қуған Үкаша атаның бұл тілегі қабыл болса керек, басы шабылған сәтте кенеттен ауа райы бұзылып, найзағай жерге түсіп кетеді де үлкен тасты жарып жібереді. Содан құдық пайда болады. Үкаша атаның басы сол құдықтың ішіне түсіп кетеді. Дін дұшпандары екі сарбазын құдыққа түсіріп, басын алып шығуды тапсырғанымен, одан нәтиже шықпапты. Үкаша ата туралы аңыздарға сүйенсек, оның басы құдық астындағы өзеннен күн батысқа қарай ағып кеткен деседі",-деді деректерге сүйенген шырақшы.

Шырақшы Серік Қыстаубайұлы
© Sputnik / Жансая Тәуекелқызы
Шырақшы Серік Қыстаубайұлы

Үкаша атаны кейбірі қазақтан, бірі өзбектен шыққан деген ақпараттар бар. Дегенмен көптеген деректерде оның араб тайпасынан шыққаны, Меккенің қасындағы шағын ауылда туып-өскені айтылады.   

"Бес жыл бұрын келушілер көп болмады"

Үкаша ата құдығы Түркістаннан 60 шақырымдық жерде орналасқан. Бұрындары мұнда келушілер көп болмаған. Себебі құдық басына жеңіл көлікпен жету халық үшін қиындық туғызған. Қазір асфальт төселген соң келушілер саны да еселеп артыпты. Соңғы бес жылмен салыстырғанда әжептеуір көбейген. 

Құдыққа елдің түкпір-түкпірінен арнайы келіп, зиярат етіп кететіндерден бөлек Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей секілді шет елдерден арнайы келетіндер саны да артып отыр екен.

"Қазіргі таңда жұмыс күндері 300-400 адам келіп кетсе, сенбі, жексенбіде ниет етіп келетіндер саны 700-800-ге жетеді. Бірақ, бізде Ясауи кесенесі секілді билет сатылмайды. Сондықтан бір жылда келіп кеткен ниет етушілер санын нақты айта алмаймын.  Бізге келгендер кезекпен кіреді. Кейде сағаттап күтеді, кейде адам аз күндері кезегі тез келіп, ондайларға құдыққа екі рет шелек тастауына рұқсат береміз", — деді шырақшы.

Құдыққа еліміздің түкпір-түкпірінен бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей секілді мемлекеттерден адамдар арнайы келеді
© Sputnik / Жансая Тәуекелқызы
Құдыққа еліміздің түкпір-түкпірінен бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей секілді мемлекеттерден адамдар арнайы келеді

Үкаша ата құдығына жылдың жаз айларында ниет етіп келушілер саны көбірек. Әсіресе мамыр айында олардың саны рекордтық көрсеткішке жетеді. Басым көпшілігін оқушылар құрайды екен. Көпшілігі ҰБТ сынағынан өтіп кетейін деп дұға ететін көрінеді. Сұхбат барысында құдық шырақшысы үзіліссіз жұмыс істейтінін алға тартты. Таңның атысынан, күннің батысына дейін зиярат етушілер келе береді. Бір ғана шырақшы болғандықтан дәрет алып, намаз оқитын, ас ішетін уақыттарда құдық басына тұрақты түрде келіп жүргендер шырақшы қызметін жарты сағатқа алмастырады.    

Тағы оқыңыз: 30 жасында 8 баланың анасы атанған түркістандық келіншек өмірі туралы айтып берді

"Құдықтың ішіне түскенімде тылсым күшке куә болдым"

"Құдық ішіне жылына бір рет қыс мезгілінде түсіп, тазалап шығамыз. Неліктен қыс мезгілі десеңіз, сол кезде адам сирейді. Құдық астына түсдегі мақсат тазалық жұмыстары. Зиярат етушілер құдыққа шелек тастағанда, кейде ол қалып қояды. Өйткені төмен түскенше жан-жағына ұрылады, майысады… Кейде көзілдірік, құжат, телефон секілді заттар адам еңкейгенде түсіп кетеді. Міне, осының бәрін біз жинап шығамыз" деп сөзін жалғаған шырақшы бұған дейін құдық ішіне алматылық  альпинист түсіп, тазалық жұмыстарын жүргізіп келгенін айтты. Серік Қыстаубайұлы алғаш рет құдық астына түскен кезін былайша еске түсірді.

"Әрине, алғашында қорқыныш, үрей болды. Альпинист жігіт: "Қорқудың қажеті жоқ. Тек қасыңа тағы екі адам алып түсіңіз. Шелектер өте көп болады. Жоғары алып шығуда өзіңіз қиналып қаласыз. Ал оны жинап жүремін деп уайымдамаңыз", —деді. "Жинап жүрмейсіз" дегені несі деп сенбедім. Астына түссем, расымен де солай боп шықты. Шашылып жатқан шелек жоқ. Тап-таза жер. Тура бір баскетбол ойнайтын алаң секілді. Шет тұсында  күн батысқа қарай өзен ағып жатыр. Мешіттерде намаз оқитын тұста үлкен арка болады ғой. Тура сондай жерге барып су жиналады да, ары қарай жоқ боп көрінбейді. Әлгі құдыққа түсіп кеткен шелектер ыдыс жуғанда кеселерді бір-біріне төңкеріп қоясыз ғой, тура солай 7-8 данамен бір-біріне кигізіліп, құдды біреу түсіп, реттеп қойғандай қаз —қатар бір шетте тізіліп тұр", — деді Үкаша атаның шырақшысы.

Шырақшы құдық астына түскенде тылсым күшке куә болған
© Sputnik / Жансая Тәуекелқызы
Шырақшы құдық астына түскенде тылсым күшке куә болған

Серік Қыстаубайұлы құдық астына тағы бір түскенінде тылсым күшке куә болғанын да айтып берді.

"Бір түскенімде мынандай жағдай болды. Құдық астында 8 сағаттай жүрдік. Бір кезде жоғарыдан "шетке тұрыңдар" деп айқалады. Ресейден осы құдыққа арнайы ниеттеніп келген бір кісі шелек тастамасам болмайды деп тұрып алыпты. Тастады. Қасымдағы жігіт "Су қалай құйылады екен. Көрейінші" деп қолындағы шамын қосып қалып еді, онысы атылып кетті. Біреулер үшін фантастика боп көрінуі мүмкін. Бірақ, шыны сол. Өтірік сөйлеп нем бар?.. Міне, көрдіңіз бе, Алланың құдіреті деген осы шығар. Құдық астынан шелекке судың қалай құйылатыны әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалып отыр", — деп ағынан жарылды ол.

Шырақшы құдық астынан жылына 300-ден 800-ге дейін майысқан шелектерді алып шығатынын айтты. "Төмен түсу үшін ойыс-ойыс тастардың арасынан өтесің. Оңай емес, әрине" деген ол құдықтан су алып шығу үшін зиярат етушілерге берілетін шелектер өз қаржыларына сатып алып, кейін ол келушілерге сатылатынын айтты.   

"Зиярат етушілер үшін шелекке мемлекеттен қаржы бөлінбейді. Оны өзіміз әкеліп, осында сатамыз. Өйткені ақшасын шығару керек. Үкіметтен киелі жердің айналасын абаттандыру, жөндеу жұмыстарына және менің жалақыма бөлінеді" деді Серік Қыстаубайұлы.

Шырақшы құдық астынан жылына 800-ге дейін майысқан шелектерді алып шығады
© Sputnik / Жансая Тәуекелқызы
Шырақшы құдық астынан жылына 800-ге дейін майысқан шелектерді алып шығады

"Құрамы зәмзәм суынан кем емес"

2015 жылы Астанадағы Еуразия университетінің зерттеушілері құдық басында төрт күн жатып, зерттеу жұмыстарын жүргізген екен. Нәтижесінде олар оның құрамы Меккенің зәмзәм суымен 90 пайыз сәйкес келеді деген қорытынды жасаған.

"Расымен, бұл судың дәмі өзгелерден ерекше. Емдік қасиеті тағы бар. Ниет етіп келген адамдар деніне саулық, шипасына ем сұрап көп келеді. Дертінен айыққан жандардың да талай әңгімесін естідік. Құрамы зәмзәм суынан кем емес", — деді шырақшы.

Тағы оқыңыз: Түркістанда күйеуіне ерегіскен келіншек 3 баласын айдалаға тастап кетті

"Құдықтан су шықпаса, өкіріп жылайтындар бар"

Құдықтың тереңдігі — 28 метр. Оның өзге құдықтардан негізгі ерекшелігі, кез келген адамға су шыға бермейді. Біреуге бір шелек тола су шықса, енді бірі тастаған шелегін бос шығарады. Шырақшы құдықтан адамның несібесіне қарай су шығатынан алға тартты.

"Шелегіме су шықпады, демек, мен жаман адам екенмін деген ойдан аулақ болу керек. Халық арасында "Үкаша ата құдығынан тек жақсы, ниеті таза адамдарға ғана су шығады екен" деген әңгіме кең тараған. Ол —қате ұғым. Бұны Алланың сынағы деп қабылдаған дұрыс. Мәселен, алты адам келсе, оның біреуі тастаған шелекке су шығып, қалғанына шықпай қалуы мүмкін. Ондай сәттерде біз сол суды басқа да адамдарға бөліп береміз. Мақсат — ниет етіп келген адамның құдық суынан дәм татуы" деген Серік Қыстаубайұлы шырақшылық етіп жүріп талай оқиғаларға куә болып келе жатқанын да жеткізді. Кейде тастаған шелегі бос шықса, адамдар кәдімгідей ренжіп, ызаға беріледі екен. Айқайлап, аузына келгенді айтып кететіндері тағы бар. Өкіріп жылайтындары да жоқ емес. Ондай кезде шырақшы келушіге басу айтып, жағдайды барынша түсіндіруге тырысады. Ал енді бірі құдықтан су алса, шат-шадымен болып, ысқырып, бөркін аспанға лақтырып қуанып жатады. Ол да дұрыс емес дейді шырақшы.  

"Кейде "саған құдық су бермеді, маған шықты" деп бір-бірін келеке ететіндер бар. Бұл көбіне мектеп оқушылары арасында болады. Сондықтан біз соңғы жылдары оқушыларға құдықтан су алуына рұқсат бермей қойдық. Өйткені құрдасының сөзіне ренжіп, түрлі жағдай болуы мүмкін. Олар түгілі үлкен апалар су бермесе, жылап қалады" деген шырақшы құдықтан бір мезетте 40 литр су алып шыққан кісі туралы әңгімелеп берді.

Құдықтан кез келген адамға су шыға бермейді. Біреуге бір шелек тола су шықса, енді бірі тастаған шелегін бос шығарады
© Sputnik / Жансая Тәуекелқызы
Құдықтан кез келген адамға су шыға бермейді. Біреуге бір шелек тола су шықса, енді бірі тастаған шелегін бос шығарады

"Бір шелек тастап, төрт шелек су алып шықты"

"Былтыр сәуір айында мынандай жағдай болды. Алматыдан бір ер кісі әйелімен, екі қызы және ұлымен келіпті. Құдық ішіне шелек тастады. Жіппен тартып шығарарда ауыр боп кетті. Жабылып жүріп шығарып алсақ, төрт шелекке толы су шығып тұр. Алдында майысып, құдық ішінде қалып қойған шелектер ілініп шыққан ғой. Бір рет шелек тастап, 40 литр су шығарып отыр", — деді ол.

Тағы оқыңыз: Түркістанда көп қабатты үй адамдардың өмірін жалмап жатыр

"7 жыл бала көтермеген ресейлік ана атанды"

Құдық басына жақын маңдағы ауылдың қариялары тұрақты түрде айына бір рет келіп тұрады. Емшілер мен туристік агенттіктегілер де тұрақты зиярат етушілер қатарында. Тұрақты келушілер қатарында ресейлік бір келіншек те бар. Шырақшының сөзінше, ол бірнеше жыл бала сүйе алмай жүрген екен. Осы құдық басына келіп, су ішіп, кейін түс көріпті. Түсінде белгісіз ер кісі гүл сыйлаған екен. Содан әйел аяғы ауырлап, қыз баласын дүниеге әкелген. Осы жағдайдан соң ол құдық басына тағы да бірнеше рет келіп жүріп, қызынан соң ұлды болыпты.

Үкаша ата құдығы туралы қызықты әңгімелерін баяндап берген Серік Қыстаубайұлы құдық басына әркім түрлі себеппен келетінін де айтты.

"Біреу бала сұрап келеді. Енді бірі деніне саулық, келесісі баласының амандығын тілейді. Тағы бірі қызметінің алға басуын Алладан сұрайды. Алла шын ниетпен дұға еткеннің тілегін қабыл етеді. 

"Шырақшы ретінде  алдағы уақытта әулиелі жерлерге зиярат етуді жоспарлап отырғандар үшін құлаққағыс айтқым кеп отыр. Киелі жерлерге әйел адамы етегі мен жеңі ұзын киім киіп, басына орамал тағып келгені дұрыс. Ер кісілер тақиясымен. Біз де келушілерге барынша түсіндіреміз. Киелі жердің киесі ұрады деген бар. Бірақ сонау жерден білместікпен шалбар, не жеңі мен етегі қысқа көйлекпен келетіндер бар. Ондайларға үзілді-кесілді қарсылық таныта алмаймыз. Ниет етіп келген адамға түсіністікпен қараймыз", — деп сөзін түйді шырақшы.  

Зиярат етушілер отбасымен келеді

Шырақшымен сұхбаттасып отырып, келушілердің де пікірін білгіміз келді. Алайда "несібем қалай болар екен?" деп қобалжыды ма, сұхбат беруге ешбірі көнбеді. Тек іштен шыққан үш ер кісінің бірі келісімін берді.

"Үкаша ата құдығы туралы әкемнен, атамнан естігенмін. Бірақ, ары-бері өтіп, еш жол түспеп еді. Құдам және тағы бір досымызбен бүгінгі күнді киелі орындарға зиярат етуге арнап отырмыз. Еңбек демалысына шыққан күннен бастап өзіміз ниеттеніп жоспарлап едік. Құдық суы біреуге беріледі, біреуге шықпайды деп еститінбіз. Аллаға шүкір, несібемізге орай су шықты. Енді келесі жолы отбасымызбен келуді жоспарлап отырмыз", — деді зиярат етуші Сабыр Ортаев.

20798
Кілт сөздер:
фото, зиярат етушілер, тылсым күш, шырақшы, киелі құдық, үкаша ата, Түркістан
Астанадағы алғашқы қар

Тоғыз өңірде дабылды ескерту жарияланды ертеңге арналған ауа райы болжамы

1602
(Жаңартылды 22:06 22.10.2020)
Синоптиктер қатты жел, тұман мен боранға байланысты тоғыз бірдей өңірде дабылды ескерту жарияланғанын хабарлады

НҰР-СҰЛТАН, 22 қазан — Sputnik. Қазгидромет синоптиктері жұма күні өңірлерде ауа райы бұзылатынын хабарлады.

Скандинав жақтан келетін циклон әсерінен елдің басым бөлігінде жаңбыр, қар жауып, жел күшейеді. Тұман мен көктайғақ болады. Оңтүстік-батыста ғана жауын-шашынсыз.

Дабылды ескерту

23 қазан түнде Қызылорда облысында ауа температурасы төмендейді, 3 градусқа дейін үсік жүреді.

Түркістан облысында желдің жылдамдығы секундына 15-20 метр, үсік жүреді.

Қарағанды облысында көктайғақ, бұрқасын болады.

Жұма күні Батыс Қазақстанда тұман, желдің жылдамдығы - 15-20 м/с.

Алматы облысының таулы аудандарында жауын-шашын, жел. Екпіні - 17-22 метр секундке жетеді.

Ақмола облысында көктайғақ, бұрқасын, батыстан 15-20 м/с жел соғады. 

23 қазанда Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында тұман, көктайғақ. Желдің жылдамдығы - 15-20 м/с.

Ірі қалалардағы ауа райы

Елордада минус 3-5 градус, күндіз 0-2 градус, қар.

Алматыда плюс 5-7 градус, күндіз 8-10 градус жылы.

Шымкентте 3-5 жылы , күндіз плюс 11-13 градус.

Тағы оқыңыз: Биылғы қыс қандай болады – синоптиктер болжам жасады

1602
Кілт сөздер:
қазан, дабылды ескерту, ауа райы, өңірлер
Ақтаудағы Нұрмахан Жантөрин атындағы музыкалық-драма театр

Маңғыстау облысында карантин жеңілдетілді

59
Өңірде балабақшалардың, бильярд орындары мен ойын-сауық мекемелерінің қызметіне әлі де тыйым салынған

НҰР-СҰЛТАН, 22 қазан – Sputnik. Маңғыстау облысының бас санитар дәрігері Ғазиз Надуев эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуына байланысты өңірдегі шектеу шараларын бәсеңдетуге шешім қабылдады.

"Сауда ойын-сауық орталықтарына және жабық базарларға сенбі күні сағат 17.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілді", – делінген хабарламада.

Кинотеатрлар 26 қазаннан бастап жұмыс істей бастайды: бірақ толымдылығы 30%-тен аспауы қажет.

Фитнес орталықтары бар спорт залдарға да дәл осындай шартпен жұмыс істеуге рұқсат етілді. Бұл мекемелер 23 қазаннан бастап өз жұмысын жалғастыра алады.

30 орыннан аспайтын жағдайда, жазғы алаңы бар қоғамдық тамақтандыру нысандарының жұмыс істеуіне рұқсат етілген. Кез-келген ұжымдық іс-шаралар өткізуге әлі де тыйым салынған.

Бөлек орналасқан ірі азық-түлік дүкендерінің – супермаркеттер мен гипермаркеттердің жұмыс уақыты 22.00-ге дейін ұзартылды.

Оқи отырыңыз: Қазақстандағы карантин: комиссия жаңа шешімді жариялады

Діни ұйымдардың қызметіне ұжымдық іс-шаралар өткізбейтін жағдайда рұқсат беріледі. Балабақшалардың (олардағы кезекші топтарды қоспағанда), компьютерлік клубтардың, бильярд орындары мен ойын-сауық мекемелерінің, банкет залдары мен түнгі клубтардың қызметіне әлі де тыйым салынған.

59
Кілт сөздер:
Маңғыстау облысы, карантин
Тақырып:
Төтенше жағдай және карантин
Тақырып бойынша
Карантин күшейтіледі – облыстың бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысы шықты
Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында карантин күшейтіледі
Коронавирус індеті: Нұр-Сұлтанда карантин күшейтіледі
Қазақстандағы карантин: комиссия жаңа шешімді жариялады
Алматыда карантин күшейтіле ме – бас санитар дәрігердің жауабы

Норвегиядағы жерасты әскери-теңіз базасына қызығушылық артты

0
(Жаңартылды 22:58 22.10.2020)
АҚШ әскери-теңіз күштері Норвегиядағы Олавсверн жерасты теңіз базасын қайта "тірілтуге" ниет танытып отыр

Seawolf деп аталатын бірнеше теңіз барлаушы сүңгуір қайығы осы жерден патрульге шығып, Солтүстік флоттың кемелерін бақылайтын болады, деп жазады РИА Новости.

Жартастағы қала

Олавсверн базасындағы белсенді әскери қызмет 2000-шы жылдардың басында тоқтады, нысанның жұмысы 2009 жылы толықтай тоқтап қалды. Алайда, жақында америкалықтар ядролық сүңгуір қайықтарды осы жерге қайтадан көшіруге шешім қабылдады.

Seawolf класындағы барлық сүңгуір қайық Олавсвернге ауыстырылады. Тамыз айында олардың бірі Н Бангор әскери-теңіз базасынан (Вашингтон штаты) Норвегияның Тромсо қаласына дейін сынақтан өтті. Америкалықтар бұл портты атомдық сүңгуір қайықтарының аралық аялдамалары үшін пайдаланады: олар қорларды толықтырады және рейсаралық жөндеу жұмыстарын жүргізеді.

Seawolf класты атомдық сүңгуір қайығы –  АҚШ-тағы ең құпиялы сүңгуір қайықтардың бірі. Олар 1980 жылдары жаудың толық бақылауында тұрған аудандардағы операциялар үшін арнайы жасалған. Оның бортында кемеге және суасты қайығына қарсы күшті қарулар бар. ХХ ғасырдың аяғында америкалықтар осындай 30-ға жуық сүңгуір қайық дайындаужы жоспарлады, бірақ КСРО ыдырағаннан  және Варшава келісімі ұйымы таратылғаннан кейін олар өз ойын өзгертті. Нәтижесінде, АҚШ әскери-теңіз күштері тек үш сүңгуір қайықты ғана алды.

Олавсверн әскери-теңіз базасы 1960 жылдары салынған. Ол Ресеймен шекарадан небәрі 350 шақырым жерде, Солтүстік флоттың суасты күзеті жолдарының маңында орналасқан. Қырғи қабақ соғыс кезінде америкалықтар мен олардың одақтастары Солтүстік Мұзды мұхит акваториясына жауапты базада сүңгуір қайықтарға иелік етті. Осылайша, НАТО сүңгуір қайықтарының экипаждары кез-келген уақытта Солтүстік флоттың Норвегия теңізіне және одан әрі Солтүстік Атлантикаға шығу жолын жабуға дайын тұрды.

Үлкен жерасты кешені жартастарда қашалып, қалыңдығы 300 метр болатын тас қабатымен қорғалған. 25 мың шаршы метрден астам алаңда қоймалар, оқ-дәрі сақтайтын орындар, жөндеу айлақтары бар. Тоннельдерді жобалау мен салуға, сондай-ақ нысанды заманауи құрылғылармен жабдықтауға 500 миллион доллардан астам қаражат жұмсалды. Еегер салыстыратын болсақ, 1961 жылы пайдалануға берілген әлемдегі ең алғашқы USS Enterprise атом кемесінің құны шамамен 450 миллионға жеткен еді.

Арктикаға жақын

Солтүстік флоттың бұрынғы командирі, адмирал Вячеслав Поповтың пікірінше, жаңартылған Олавсверн базасы Ресей үшін НАТО тарапынан тағы бір қатерлі орынға айналуы мүмкін.

"Seawolf мұз астында жүзуге жақсы бейімделген, - деді адмирал РИА Новости агенттігіне берген сұқбатында. 

Алайда, сарапшылар атап өткендей, америкалықтар қиындықтарға тап болуы мүмкін, өйткені құқықтық база қазір заң жүзінде жеке адамға тиесілі. 2000 жылдардың соңында батыс сарапшылары Ресей әскери-теңіз күштері бұдан былай НАТО-ға қауіп төндірмейді, ал Олавсвернді күтіп ұстау тым қымбатқа түседі деп ойлады. Сондықтан Норвегия үкіметі базаны аукционға қойды.

2011 жылы Олавсвернді норвегиялық кәсіпкер 4,5 миллион долларға сатып алды. Ол кешенді жалға берді. Жалға бергендердің ішінде ресейлік компаниялар да бар. "Академик Немчинов" және "Академик Шатский" ғылыми-зерттеу кемелері ауық-ауық келіп тұрды. Келісімнен кейін көптеген норвегиялық әскери басшы ел үкіметін сынға алды. Осылайша, вице-адмирал Эйнар Скорген нысанның сатылуын миға сыйымсыз дүние деп атады.

"Біз сүңгуір қайықтарды жүздеген қосымша миль жүруге мәжбүрледік. Біздің Ресеймен Баренц теңізінде ортақ шекарамыз бар. Демек, біздің әскери-теңіз флотымыз Арктикадағы теңіз базасында орналасуы қажет", - деп мәлімдеді Скорген.

Он жылдан кейін НАТО өз қателігін түсінді. Норвегияның NRK телеарнасының мәліметінше, Пентагонның жоғары лауазымды әскери шенеуніктері соңғы апталарда Олавсвернге бірнеше рет барған. Ал Норвегияның қорғаныс министрлігі елдің қарулы күштеріне, АҚШ пен НАТО бойынша одақтастарына базаны қайтадан мақсатқа сай пайдалануға мүмкіндік беретін келісімді мақұлдады.

"Норвегия басшылығы Ресеймен достық пейілде қарым-қатынас орнатып отырған жоқ, дегенмен жақында олар Ресеймен Баренц теңізіндегі кеңістікті делимитациялау туралы келісімге қол қойды, – дейді Бүкілресейлік флотты қолдау қозғалысының төрағасы, I дәрежелі капитан Михаил Ненашев.

– Біз мұндай қадамға тату көршілік және аймақтағы ынтымақтастықты дамыту саясаты негізінде бардық, бұл ретте Норвегия да соған сәйкес әрекет етеді деп үміттендік. Бірақ Вашингтондағы "аймақтық комитет" қызметкерлерінің ұсынысы бойынша, Норвегия, керісінше, Солтүстік Атлантика мен Солтүстік Мұзды мұхитта Ресейге қатысты агрессиясын күшейтіп отыр".

Сарапшының пікірінше, әскери тұрғыдан Олавсверн АҚШ пен НАТО-ның солтүстік ендіктердегі позицияларын аз мөлшерде ғана күшейтеді, өйткені базаның координаттары мен мүмкіндіктері бұрыннан ешкімге құпия емес. Қауіп кезінде оны сүңгуір қайықтарды, ұшақтарды немесе суасты басқарылмайтын апппараттарын пайдалана отырып, миналармен тез бұғаттап тастауға болады.

Жерасты лабиринттері

Олавсверн жерасты базасы бірегей емес. Қырғи-қабақ соғыс жылдарында осыған ұқсас ондаған нысан салынды. Ең үлкен бункерді шведтер өткен ғасырдың ортасында салған. Мускё әскери-теңіз базасы гранитті тасқа ойылып жасалған, ол Стокгольм архипелагының оңтүстігінде жеке арал түрінде орналасқан. Кемелер мен сүңгуір қайықтарды, казармаларды, жөндеу зауытын, қоймаларды және аурухананы қабылдауға арналған үш докпен (қалқымалы су асты кемесі) жабдықталған.

База мыңға жуық әскери қызметшінің ядролық бомбалауына немесе жаппай зымыран соққысына қарсы тұра алады. Теңіз түбі астындағы үш шақырымдық тоннель материктен мекемеге апарады.  2019 жылы Швеция әскери-теңіз күштері штаб-пәтерін сол жерге көшіреді. Онда жүзге жуық әскери қызметкерді және "Висбю" түріндегі бес корветті орналастырмақ.

Ресейге келетін болсақ, құпиясыздандырылған ең ірі жерасты базасы Қырымда орналасқан. Балаклава шығанағының жанындағы Таврос тауында бірден екі нысан жасырылған: суасты қайықтарын жөндейтін және паналайтын құрғақ док (қалқымалы су асты кемесі) және ядролық торпедалық оқтұмсықтар мензымырандарды сақтайтын қойма.

Ядролық соғыс болған жағдайда, үш мың адам жер астында бір ай бойы жайлы өмір сүре алуы мүмкін - отын, азық-түлік және су қоры үнемі жаңарып отырады.

КСРО ыдырағаннан кейін база Украинаның қолына өтті. Ол көптеген басқа нысан сияқты керексіз болып қалды және тоналды, түсті металдардың соңына түсушілер жабдықтарды ұрлап, талан-таражға салды. 2000 жылдары Балаклавада музей ұйымдастырылды. Ол жерде туристерге жөндеу зауытының жер асты бөлігі, арсенал, айлақ және бірнеше ғимарат көрсетіледі

Сарапшылардың бағалауынша, қажет болған жағдайда базаны қайта жарақтандырып, тетігін іске қосуға болады, бірақ оның қазіргі заманғы сүңгуір қайықтарды олардың көлеміне байланысты қабылдай алатындай мүмкіндігі жоқ.

0