Түркістан облысындағы 400 мыңға жуық кітап қоры бар кітапхана

Түркістан облысындағы кітапхананың ең кішкентай оқырманы 2 жаста

754
(Жаңартылды 14:28 31.08.2018)
Түркістан облысындағы аудандық кітапханада 400 мыңға жуық кітап бар, көбіне қазақ тілді туындыларға сұраныс жоғары

ТҮРКІСТАН, 27 тамыз — Sputnik, Жансая Тәуекелқызы. Түркістан облысы, Созақ ауданының орталығында орналасқан кітапхана кітап қорынан бөлек, оқырман жасымен де ерекшеленеді. Мұндағы ең кішкентай оқырман 2 жаста болса, ең үлкені — 78 жаста. Рухани азық мекенінің тыныс-тіршілігімен танысқан Sputnik тілшісі қызықты жайттарға қанық болып қайтты.

75 жылдық тарихы бар

Созақ ауданының орталығы Шолаққорғанда орналасқан аудандық кітапхананың 75 жылдық тарихы бар. Қиын-қыстау заманды бастан кешкен кітапхана бүгінде облыс бойынша кітап қоры бай орындардың бірі. Мұнда көп кездесе бермейтін құнды кітаптар бар. Тіпті республикалық, жергілікті басылымдардың 33 жылдық мұрағаты сақталған. Барлығын қосқанда кітапханадағы кітап қоры қазіргі таңда 400 мыңға жуық данаға жетіп отыр. 

кітап
© Photo : предоставлено Национальной академической библиотекой

Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі әрі ақын Гүлнәр Өмірбектің мұнда еңбек етіп келе жатқанына 38 жылдан асқан. Жұмыс орны екінші үйіндей болып кеткен қызметкер Кеңес үкіметі кезінен қалған көптеген кітап егемен елдің идеологиясына сай келмегендіктен жойылғанын атап өтті. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде кітап саны күрт артқан. Сәйкесінше оқырман талғамы да өзгерген. Бұрындары детектив, фантастика жанрындағы кітаптарға сұраныс көп болса, қазір қазақ көркем әдебиетіне сұраныс жоғары. Білім саласына қатысты қазақ тілді кітаптар қатары жыл санап арту үстінде. Оған жергілікті бюджет есебінен тұрақты түрде қаржы бөлініп тұрады. Тек соңғы шығып жатқан жас ақындардың туындыларын табу қиындық туғызып келеді екен. Оның өз себебі де бар. Көбіне жас ақындар өз қаржысына жинақтарын шығарып, саны шектеулі болған соң кітапханаға жетпей қалады. Осы ретте кітапханашы жас ақын-жазушыларға өз туындыларын кітапханаға өткізсе, оны оқитын оқырман саны да артады дегенді алға тартты.

 "Жастар кітап оқымайды деген теріс пікір"

"Бізде кітап қорын толықтыру жағынан проблема жоқ" деп сөзін бастаған Гүлнәр Өмірбек кітапханадағы оқырмандар қауымына кеңінен тоқталып өтті.

"Бізге көбіне жастар келеді. Олар поэзияға құмар. Соңғы кезде "жастар кітап оқымайды" деген пікір қалыптасқан ғой. Мен онымен келіспеймін. Ол теріс пікір. Қайта керісінше, дәл қазіргі таңда жастар арасында кітап оқу сәнге айналып келеді. Тіпті әлеуметтік желілерде оқыған кітаптары туралы жазып, ойларын бөлісіп жатқан жастарды көріп кәдімгідей қуанасың. Одан өзге бізге зейнет жасындағы адамдар да көп келеді. Олар көбіне өлке тарихына қызығады. Ал орта жастағы ересек жандардың келуі сирек. Оларды да түсінуге болады, жұмысы бар…", — деді кітапхана қызметкері.

Рухани азық мекенінің жұмысымен таныстырған қызметкер жүрген жерінде мұғалімдерге өз кеңесін де айтып жүретінін жеткізді. Себебі көп жағдайда мектеп оқушылары мұғалімнің берген тапсырмасын интернеттен көшіріп апарып береді. "Оқушы тапсырманы қолмен жазса, ол баланың есінде сақталады" дегенді алға тартқан кітапханашы мүмкіндігінше оқушылардың тілдік қоры артып, рухани азыққа қанықса деген тілегі барын жасырмады.

Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Гүлнәр Өмірбек
© Sputnik / Жансая Тәуекелқызы
Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Гүлнәр Өмірбек

"Өз тілімді білмесем де, қазақ тілі менің ана тілімдей болып кетті"

Аудандық кітапханада осындағы қызметкерлер секілді таңнан кешке дейін жүретін оқырмандар да бар көрінеді. Олар тек кітап оқып қана қоймай, түрлі іс-шараларға атсалысады. Солардың бірі – Жалал Мұратов. 16 жастағы тәжік ұлтының азаматы кітапханаға жиі келуін қазақ әдебиетіне деген қызығушылығымен байланыстырды. Сондықтан да рухани азық орны өзін "магнит" секілді тартып тұрады екен.

"Мен спортпен де айналысамын. Бос уақытымда осы кітапханаға жиі келемін. Аптаның төрт күнінде осындамын. Мұндағы қызметкерлер менің туысым секілді боп кеткен. Қазір жазғы демалыс кезінде үнемі осында жүрдім. Үш ай бойы. "Неге бұл демалыста еш жерде қыдырмаған?" деп ойлап отырған шығарсыз. Бірақ, көңіл көтеріп, уақытты текке өткізгенше, рухани тұрғыда өзімді неге дамытпасқа? Мен тәжік ұлтының азаматымын. Өз тілімді білмесем де, қазақ тілі мен салт-дәстүрін жетік білемін. Тіпті ана тілімдей боп кетті. Жарық дүние есігін ашқанымнан бері осы елде тұрып жатырмын. Қай елде тұрсаң, сол елдің тілін білу — әрбір азаматтың парызы деп санаймын", — деді жас оқырман.

Ол денсаулығы сыр беріп, спорттан қол үзген бір жыл ішінде өзі де өлең жазып, поэзияға қадам басқанын айтты. Ал қазір кәсіби тұрғыда өзін дамыту үстінде. Спортты да қатар алып жүр. Болашақта спорттан бөлек қазақ әдебиетінде өз орны бар, елге қызмет ететін азамат болғанын қалайды.

16 жастағы Жалал Мұратов жазғы демалысын кітапханаға өткізген
© Sputnik / Жансая Тәуекелқызы
16 жастағы Жалал Мұратов жазғы демалысын кітапханаға өткізген

Әңгіме барысында кітапқұмар оқушы оның бұл қызығушылығын ата-анасы да құптап отырғанын жеткізді.

"Менің әкем шекарада қызмет етуді армандап өскен екен. Бірақ, адамның қалауы емес, Алланың дегені болады деген бар емес пе? Әкем қазір бабалардан берілген қасиетті жалғап, дін жолында. Анам да жағдайдың жоқтығынан жоғары білім ала алмаған. Ал қазір маған "Кезінде біз оқи алмадық. Сен біліміңді жетілдір. Осы елге пайдаңды тигіз. Бұл сенің туған жерің" деп үнемі ақылын айтып отырады", — деді жас оқырман.

78 жастағы зейнеткер — тұрақты оқырман

Кітапхана қызметкерімен сұхбаттасып отырып, оқырмандардың жас ерекшеліктері туралы да сұрап білдік. Таң қалдырғаны, мұнда келетін оқырманның ең жасы 2 жаста екен.

Жақып Асанов
© Photo : Генеральная прокуратура Республики Казахстан

"Бізде балалар кітапханасы да бар ғой. Балабақшаға баратын балаларын ата-аналары ертіп әкеліп, олар әріп танымаса да суреттерін көрсетіп, ертегілерді оқып береді. Бұл, әрине, қуантарлық жайт. Қазір қоғамның санасы рухани азық алуға бұрылып келеді. Балаға тәй-тәй басқан кезінен кітап оқуды үйретсе, ертең өскенде оның жемісі болары сөзсіз" деген кітапханашы ең егде жастағы оқырман туралы да сөз қозғады.

Шолаққорған аудандық кітапхананың тұрақты оқырмандарының ең қартаңы 78 жастағы Ескермес Жақанов есімді ақсақал екен. Ауданда өздігінен жүріп тұра алатын қариялардың басым көпшілігі осы руxани мекенге бас сұқпай тұра алмайды. Ал денсаулығына байланысты келе алмайтындарға, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы қызметкерлер сұраныс бойынша кітапты жеткізіп беріп отырады.

Айтпақшы, Шолаққорған аудандық кітапxанасы биыл 4100 кітаппен толыққан. 62 мыңнан астам түрғыны бар ауданда оқырман саны 14360 адамға жеткен екен. Келушілер саны артып отырғанын мақтанышпен айтқан қызметкер Гүлнәр Өмірбек оқу залы келушілер үшін тарлық етіп жатқанын жасырмады. 

754
Кілт сөздер:
Түркістан облысы, қазақ әдебиеті, қазақ тілі, оқушы, кітапхана, ана тілі
Сейф

Сейфте 8 млн теңге жатқан: Риддерде әйелдің үйіне ұры түсті

66
Шығыс Қазақстан облысының бұрын істі болған тұрғындары жер үйге кіріп, қолма-қол ақша, ескі тиын, медаль мен жүзік сақталған сейфті ұрлап әкеткен

НҰР-СҰЛТАН, 28 қыркүйек – Sputnik. Риддер қаласының полициясы жер үйден қомақты ақша мен басқа да бағалы заттар сақталған сейфті ұрлап әкеткен екі ер адамды ұстады.

Ұрлық 35 жастағы жергілікті тұрғынның үйінде қыркүйектің ортасында жасалған. Полицейлер қылмысты бейнебақылау камераларының көмегімен ашты, деп хабарлайды polisia.kz.

Екі күдікті таңғы сағат 07.30 бен 09.30 аралығында пластик терезені бұзып, үйге кірген. Үйдің астаң-кестеңін шығарған. Сол сәтте қосалқы үй-жайдағы шағын сейфке көздері түскен. Оны үй ішінде ашуға қорқып, өзімен бірге алып кеткен.

"Сейфте 8 миллион теңге, ер адамдарға арналған алтын сақина, үйдің құжаттары, 1843 жылғы жез тиын, "Еңбегі үшін" медалі болған. Келтірілген материалдық шығынның жалпы мөлшері 10 миллион теңгені құрады", - деп мәлімдеді Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Күдіктілердің жеке басын анықтап, ұстау үшін полицейлерге бірнеше күн қажет болды. Ұсталғандар 30 жаста, екеуі де жергілікті тұрғын. Бұған дейін бірқатар бап бойынша қылмыстық жауапқа тартылған.

Анықталғандай, ұсталғанға дейін ер адамдар ақшаның бір бөлігін жұмсап үлгерген.

Қазіргі таңда екі күдікті де тергеу аяқталғанға дейін қамауға алынды. Олардың басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.

Оқи отырыңыз: 

66
Кілт сөздер:
сейф, ақша, Риддер, ұрлық
Архивтегі фото

Қарағандыда досының үйінде бірнеше күн жатқан ер адам кредит алғанын ұмытып қалған

456
(Жаңартылды 16:07 28.09.2021)
"Жәбірленуші" бір ай бұрын туған күнін тойлап жатқан досына қонаққа келіп, бірнеше күн үйінде жатқан

НҰР-СҰЛТАН, 28 қыркүйек – Sputnik. Қарағанды облысында кредит алғанын ұмытып кеткен ер адам полицияға арызданды, деп хабарлайды Polisia.kz.

28 шілдеде Абай ауданының полиция бөліміне елді мекендердің бірінің 43 жастағы тұрғыны хабарласып, белгісіз біреу оның жеке деректерін қолдана отырып, микрокредиттік ұйымнан кредит алғанын айтқан. Келтірілген залал көлемі 76 мың теңгені құраған.

Жәбірленушінің айтуынша, бір ай бұрын туған күнін тойлап жатқан досына қонаққа келіп, бірнеше күн үйінде жатқан. Сол күндері белгісіз біреу ұялы телефонын пайдаланып кредит рәсімдеп алған көрінеді.

Жәбірленуші бұл туралы кредитті төлеу қажеттігі туралы SMS хабарлама алған кезде білгенін айтты.

Аталған факті бойынша Қазақстан Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Полицейлер тергеу барысында арызданушы кредитті мас күйде өзі алғанын анықтады. Қылмыс құрамының болмауына байланысты қылмыстық істі тоқтату туралы процессуалдық шешім қабылданды.

Бұрынғы "жәбірленушіге" қатысты 419-бап (Қылмыс жасалғаны туралы әдейі жалған ақпарат беру) бойынша қылмыстық іс қозғалды.  

Оқи отырыңыз:

456
Жайық өзені, архивтегі фото

Қазақстан мен Ресей трансшекаралық өзендерде зерттеу жүргізіп жатыр

0
Бұл жұмыс гидрологиялық режимді және трансшекаралық өзендердің экологиялық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді

АЛМАТЫ, 28 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан мен Ресейде өзен су тасқыны параметрлерін және ағынның өзгеру тенденциясын анықтау үшін трансшекаралық өзендер бойынша гидрологиялық және гидрохимиялық мәліметтерді жинау басталды.

Экология министрлігінің трансшекаралық өзендер департаментінің директоры Арсен Жақанбаевтың айтуынша, 2020 жылдың қазанында бекітілген ірі өзендердің бассейндерінде зерттеу жүргізу бойынша ынтымақтастықты кеңейту жол картасы аясында су объектілері зерттеліп жатыр.

"Экология және жасыл даму саласындағы ынтымақтастық" деген тақырыпта өткен Қазақстан мен Ресейдің XVII аймақаралық ынтымақтастық форумы аясындағы "Трансшекаралық су объектілері" панельдік сессиясында Жақанбаев Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың 29 жылдық тәжірибесі   мемлекетаралық су бөлу мен су қоры ресурстарының күрделі мәселелерін табысты шешуге мүмкіндік бергенін айтты.  

Оның пікірінше, Жайық өзені суының азаю мәселесін бірлесіп шешу жемісті ынтымақтастықтың дәлелі болмақ. Соңғы жылдары Жайық трансшекаралық өзені ағынының азаюы мен су ресурстары және экожүйелер жай-күйінің нашарлау тенденциясы алаңдаушылық туғызып отыр, деп толықтырды спикер.

"Ірі өзендердің бассейндеріндегі бірлескен зерттеулер нәтижесінде трансшекаралық өзендердің гидрологиялық режимі мен экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізілетініне сенімдімін", - деп атап өтті спикер.

Қазақстан Ресей Федерациясымен алты негізгі трансшекаралық бассейн бойынша ынтымақтасады: Жайық, Ертіс, Есіл, Тобыл, Қараөзен мен Сарыөзен, Қиғаш, деп нақтылады Жақанбаев.

Тараптар 2000-2015 жылдар аралығында бұрынғы Павлодар қаласының солтүстік өнеркәсіптік аумағындағы сынаппен ластану ошағындағы жер асты және жер үсті суларына бірлескен мониторинг жүргізді. Орындалған жұмыстардың нәтижесінде "топырақтағы қабырға" әдісімен жылыстауға қарсы перденің құрылысы аяқталды, ластану ошағынан Ертіс өзенінің шетіне дейін 30 бақылау ұңғымасы бұрғыланды.

Аймақаралық ынтымақтастық форумы 28-30 қыркүйекте онлайн режимінде өтеді.  

0