ШЫМКЕНТ, 9 қазан — Sputnik, Жансая Тәуекелқызы. Шымкенттік педагогтар көптен күткен баспананы жеңілдікпен кредиттеуге арналған сертификатқа ие болды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қала басшысы Ғабидолла Әбдірахымов ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтап, бірқатарына тосын сый жасады. Әкім бұл мерекеде бірінші кезекте өз анасын құттықтағанын айтып берді.
Қазақстанда бюджет қызметкерлеріне баспана алуға миллион теңгеден көмек беріледі
"Өздеріңіз білесіздер, мен анамның мұғалім болғанын үнемі айтып келемін. Кеше өзім хабарласып құттықтадым. Бір қуанып қалды, негізі күнде көріп жүр ғой. Сіздерге сәлем айтып жатыр. Ол кісі қазір Сарыағаштағы үйде демалыста", — деп әңгімесін бастаған Ғабидолла Әбдірахымов мұғалімдердің кез келген адамзат үшін алар орны ерекше екеніне тоқталды.
"Әрбір адамның өмірінде ұстазы болады. Ол, әрине, алдымен анасы. Кейін балабақшадағы тәрбиешісі, мектептегі ұстазы, жоғары оқу орнындағы оқытушысы. Тіпті адам жұмысқа орналасқанда да бағыт-бағдар беретін ұстазы болады. Сондықтан мұғалімдер күні барлық адамзат үшін маңызды күн… Жұма күні елбасымыз өзінің халыққа кезекті жолдауын жолдады. Үкімет пен әкімдерге нақты тапсырмалар берді. Соның ішінде педагогтардың статусын арнайы заңмен анықтау туралы мәселе көтерді. Осы бойынша біз ұсыныстарымызды үкіметке жібереміз. Оны, әрине, өздеріңізбен ақылдасатын боламыз", — деді Шымкент басшысы.
Салтанатты шара кезінде 19 мұғалімге қала әкімдігі тарапынан "7-20-25" бағдарламасы бойынша тұрғын үйді жеңілдікпен несиелеуге арналған алғашқы сертификат табысталды. Яғни, әкімдік олардың әрбіріне тұрғын үйдің бастапқы жарнасының 10 пайызын төлейді. Осындай сыйлыққа ие болғандардың бірі – 15 жылдан бері ұстаздық жолда еңбек етіп келе жатқан №50 мектеп мұғалімі Әсем Тұралиева. 35 жастағы келіншек төрт баланың анасы. Осыдан алты жыл бұрын баспана алу үшін кезекке тұрған. Ал былтырдан бастап "Тұрғын үй жинақ банкі" арқылы шот ашып, ай сайын шамасының келгенінше қаржы құйып келіпті. Әкімдіктен берілетін сертификат туралы Әсем мүлдем білмедім дейді.
"Маған сертификат берілетін күні қалалық білім басқармасынан хабарласып, мерекелік шараға міндетті түрде қатысу керектігімді айтты. "Не үшін?" деп сұрағанымда, "Әкім құттықтайды" деді. Шыны керек, менің аты-жөнімді айтып, сахнаға шақырғанда төбем көкке жетті. Алғашында не сыйлық екенін білмедім. Кейін әкімдіктегілер түсіндіріп берді. Қатты қуандым. 11 жыл болды тұрмысқа шыққаныма. Ата-енемнің қолында тұрамыз. Бізден бөлек қайын ағам отбасымен тұрады. Осы ретте қала әкіміне ерекше алғысымды білдіргім келеді", — деді мұғалім.
Айта кетейік, кәсіби мереке қарсаңындағы шарада сертификаттан бөлек бірқатар ұстаздар қала әкімі атынан Алғыс хаттар мен сыйлықтарға ие болды.
НҰР-СҰЛТАН, 4 наурыз – Sputnik. Қазақстанның жеті облысы мен Нұр-Сұлтан қаласында республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда қозғалыс шектелді, деп хабарлайды төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
"Ауа райының нашарлауына байланысты (көктайғақ, қар аралас жаңбыр, бұрқасын, жолдың көрінбеуі) еліміздің жеті өңірінде – Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда қозғалыс жабылды", - деді министрліктің ресми өкілі Талғат Уәли.
Сонымен қатар, Қазгидромет ақпаратынша, алдағы күндері Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарының кей жерлерінде көктайғақ, бұрқасын, қар, тұман болады, желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді.
ТЖ министрлігі қазақстандықтарды алыс жолға шығарда ауа райы болжамын қарап, сақтық шараларын сақтауға шақырды.
Қандай жолдар жабылуы мүмкін екенін 1403 немесе құтқару қызметінің "112" нөмірі, сондай-ақ "Дәрмен" мобильді қосымшасы арқылы нақтылауға болады.
НҰР-СҰЛТАН, 4 наурыз – Sputnik. Шымкенттің перинаталдық орталығында 41 жастағы әйел оныншы перзентін дүниеге алып келді.
Айжан есімді жергілікті тұрғын 25 ақпан күні дені сау бала босанды, деп жазды жергілікті Otyrar.kz басылымы. Дәрігерлер ана мен баланың жағдайы тұрақты екенін хабарлады.
Көпбалалы анаға перзентхана қызметкерлері естелік сыйлық табыс етті.
"Бұл келіншектің он балаға өмір сыйлағаны үшін қуаныштымыз. Он бала туу үшін оның денсаулығында ешқандай кінәрат болмауы керек. Көпбалалы аналар біз үшін нағыз батыр", – дейді перинаталдық орталық мамандары.
Айта кетейік, жыл басынан бері Шымкентте 4 892 бала дүниеге келді. Жылдың алғашқы екі айында дүние есігін ашқан сәбилер арасында ұл балалар басым.
Оқи отырыңыз: Өскеменде көпбалалы ана полицияға өтініш жазып, балаларын алып кетуді сұрады