Түрме, архивтегі сурет

Нигерияның екі азаматы Шымкенттегі түрмеден "қазақ" болып шықты

1756
(Жаңартылды 13:11 31.10.2018)
Шартты түрде бостандыққа шыққан нигериялықтар Шымкенттегі қонақүйде жұмыс істеп жүр

ТҮРКІСТАН, 30 қазан — Sputnik, Жансая Тәуекелқызы. Шымкентте Нигерияның екі азаматы жалған ақша жасағаны үшін 3 жыл 9 айға бас бостандығынан айырылған. Олар жазасының бір бөлігін өтеп, жақсы тәртібі үшін шартты түрде босап шықты. Шетелдіктер бүгінде қаладағы әлеуметтік оңалту орталығын паналап отыр. Тіпті жұмысқа да орналасқан. Sputnik тілшісі нигериялықтармен жолығып, түрмедегі және қазіргі өмірі жайлы аз-кем сұхбаттасып қайтты.

Қазақстанға арман қуып келіп, түрмеден бір-ақ шықты

41 жастағы Нвоке Екендиричук о баста Қазақстанға саудамен айналысу мақсатында келіпті. Оған дейін өз елінде шетелден киім алып келіп, сауда жасаған. Шымкентке келмес бұрын Астанада болыпты. Өзінің айтуынша, сонда жергілікті бір азаматпен танысады. Кейін Шымкентке келеді. Өткенін еске алуды құп көрмеген ол, Қазақстан жақсы қырымен менің есімде мәңгілік қалады дегенді алға тартты.

"Мен өз елімді қалай құрметтесем, Қазақстанға да дәл солай құрметпен қараймын. Бұл жас мемлекет қарыштап дамып келеді. Адамдары да өте ақжарқын. Түрмеден шыққан соң тұратын жеріміз болмағандықтан әлеуметтік орталыққа тұрақтадық. Ондағы қызметкерлердің мейірімділігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жағдайымыз жақсы, күніне төрт мезгіл тамақ береді. Енді өз елімізге ертерек қайтсақ дейміз",-деді шартты түрде босап шыққан нигериялық.

32 жастағы Обах Жозефаттың Нигерияда отбасы бар. Екі ұл, бір қыздың әкесі бірінші кезекте балаларымды сағындым дейді. Қазақстанға келмес бұрын өз елінде ағылшын тілінің мұғалімі болып жұмыс істеген, о баста Астанаға  оқу орындарының бірінде ұстаз болу үшін келіпті. Бірақ, жергілікті бір азамат оны нигериялық Нвокемен  таныстырады.

Нигериялық Обах Жозефат Шымкенттегі қонақүйде жұмыс істеп жүр
© Sputnik / Жансая Тәуекелқызы
Нигериялық Обах Жозефат Шымкенттегі қонақүйде жұмыс істеп жүр

Кейін алаяқтық жолмен сотталып, түрмеден бір-ақ шыққан. Ол абақтыдағы өмірі туралы сөз қозғауды жөн көрмеді, өткен нәрсе өтті деп отыр. Бастысы, алдағы өмірім жақсы боларына сенемін дейді.

Нвокенің де отбасы, үш бала-шағасы бар.

 Обах қазақ тілін түрмеде үйренген  

Қазіргі таңда қос азамат қаладағы қонақүйлердің бірінде bell-boy  болып жұмыс істейді. Яғни, қонақтарды қарсы алып, жүктерін бөлмелеріне дейін жеткізеді. Кетерінде шығарып салады. Бір күн жұмысқа шығып, келесі күні демалады, айтуларынша, оларға жалақының көлемі маңызды емес. Қонақүйдегі қызметі үшін айына 70 мың теңге алады екен. Әріптестеріміздің бізге деген көзқарасы жақсы, тез тіл табысып кеттік деп отыр.

"Шымкенттік адамдар өте жақсы. Әріптестеріміз де бізді құшақ жая қарсы алды. Кейде қала ішінде адамдар бізді көріп, суретке түсіп жатады. Біз үшін ол қалыпты жағдайға айналды. Не дегенмен Шымкентте біз секілді африкалықтар аз ғой. Кейде біздің орысша және қазақша сөйлегенімізге таңғалып жатады. "Қайдан үйрендіңіздер?" деп сұрақтың астына алады", — деді нигериялықтар.

Нвоке Екендиричук орыс тілін меңгеріп алған, қазақша бірнеше сөз біледі. Ол тілді Қазақстанға келе салып, өздігінен үйренгенін айтты.

"Тамақтану орындары, адамдар көп жүретін жерлерде орыс тілін үйрене бастадым. Сосын түрмеде жатып әрмен қарай жетілдіре түстім", —  деген Нвоке Шымкентте көптеген дос тапқанын алға тартты.

Қазақшасы шала қазақтардан тәуір Обах Жозефат болса, мемлекеттік тілді абақтыда отырып үйрендім дейді. 

"Ешқандай қиындық болмады, бастысы тіл үйренуде адамның ішкі ниеті болуы керек", — деген Обах ертерек отбасыммен қауышқысы келетінін қайталады.

Боксшы Геннадий арқылы Қазақстанды таныған

Нвоке мен Обах Шымкенттегі құзырлы органдарға шартты түрдегі жазаларын өз елдерінде өтеу туралы өтініш түсірген. Бірнеше күн бұрын сот шешім шығарып, олар Қазақстаннан экстрадицияланатын болыпты. Бірақ, нақты қай күні кететіні әлі белгісіз.

"Тағатсыздана күтіп отырмыз. Өз елімізде бізге қандай жаза берілетінін де білмейміз. Бастысы, өз отанымызға қайтатын болдық. Дегенмен Қазақстан біз үшін мәңгі жүрегімізде қала бермек",-дейді олар.

Айтпақшы, нигериялықтар Қазақстан туралы әлемге танымал боксшы Геннадий Головкин арқылы естіген екен.

"Мен өзім боксқа қатысқанмын. Әрине, кәсіпқой емес, әуесқой. Біздің елде спорттың бұл түрі жақсы дамыған. Головкин арқылы Қазақстанға деген құрметім артты. Сондай-ақ, мен тарихқа қызығамын. Дүниежүзі картасы арқылы Қазақстанның географиялық орнымен таныстым. Қазақстан кезінде кеңес үкіметінің құрамында болғанын да білемін. Айтып өткенімдей, Қазақстанға келмес бұрын Нигерияда саудамен айналыстым. Сондықтан көптеген елде болдым. Бірақ, Қазақстан туралы әсерім ерекше", —  деген Нвоке қазақтың ұлттық тағамдары туралы әңгіме тым бөлек екенін айтты.

"Мен сүт, қымыз дегенді бұрын-соңды ішіп көрген емеспін. Шымкентке келіп, алғаш рет дәм таттым. Жылқының еті дегенді біздің елде білмейді. Әсіресе қазақтың ұлттық тағамы – ет қатты ұнайды. Алла қалап, еліме қайтқан соң отбасыма міндетті түрде ет асып беремін. Негізі үйде тамақты мен пісіремін. Тағам дайындау өзіме ұнайды",-деді Нвоке.

 Нвоке: Қазақстанды әлем таныса деймін…

Нигериялықтар алдағы жоспарларымен де бөлісті. Обах өмірімді отбасыммен қауышқан соң жоспарлай беремін десе, Нвоке болса депорт уақыты біткен соң Қазақстанға қайта келуді мақсат тұтып отыр.

Нигерия азаматтары Шымкенттегі әлеуметтік оңалту орталығын паналап отыр
© Photo : OTYRAR
Нигерия азаматтары Шымкенттегі әлеуметтік оңалту орталығын паналап отыр

"Мен осында жүріп, "қазақ" болып кеттім (күліп). Болашақта осы елде жұмыс істегім келеді. Қазақстанның дамуына үлесімді қоссам, бұл елді әлем таныса деген ниетім бар. Қазақстан туралы енді өз елімде міндетті түрде айтып жүретін боламын. Сот шешімімен әлі толық таныспадым, маған айтуларынша, біз Қазақстаннан бес жылға депортталады екенбіз. Кейін осында қайта келгім келеді. Әрине, болған іске өкінемін. Тек ақымақ адамдар қателігін қайталайды, мен үлкен сабақ алдым", —  деп сөзін түйді Нвоке Екендиричук.

Ақпарат ретінде айта кетейік, жалған АҚШ долларын басып шығарудың әдісін меңгеріп алған нигериялықтар алаяқтық жасады деген айыппен 2016 жылдың күзінде ұсталған болатын. 2018 жылдың басында сот шешімімен олар кінәлі деп танылып, 3 жыл 9 айға бас бостандығынан айырылды.  

 

1756
Тақырып:
Шымкент жаңалықтары (57)
Тақырып бойынша
Танымал қазақстандық режиссер шетелде ұсталды
Ермекбаев: шетелде діни білім алу шектелмек
Шетелдік БАҚ түркістандық "сақалды апаны" террористердің лидері деп атады
17 мың шетелдік бес жыл бойы Қазақстанға кіре алмайтын болды
Бұрқасын, адамдар жолдан өтіп барады

Қазақстанның 12 өңірінде дабылды ескерту жарияланды ертеңге ауа райы болжамы

1141
Елдің бірқатар облысында дабылды ескерту жариялауға тұман, бұрқасын және көктайғақ себеп болып отыр

НҰР-СҰЛТАН, 6 наурыз – Sputnik. Синоптиктердің болжамынша, республиканың басым аумағында көктайғақ, жаңбыр және бұрқасын, сондай-ақ тұман болады.

Дабылды ескерту

Атырау облысында тұман түседі, көктайғақ болады. Желдің жылдамдығы секундына 20 метрге дейін жетеді.

Жамбыл облысында тұман мен көктайғақ болжануда. Желдің күші секундына 20 метрге дейін барады.

Түркістан облысында қалың тұман түседі.

Ақтөбе облысында бұрқасын, көктайғақ, тұман, қатты жел болады.

Павлодар облысында кей жерлерде бұрқасындатып, тұман түседі, көктайғақ күтілуде.

Қарағанды облысында – тұман және көктайғақ.

Қызылорда облысында тұман түсіп, 15-20 м/с жел соғады.

Маңғыстау облысында да тұман және 15-20 м/с жел болжанып отыр.

Ақмола облысында тұман, көктайғақ және бұрқасын болады.

Батыс Қазақстан облысында қатты жел тұрып, тұман басады, бұрқасын соғады, көктайғақ болады.

Солтүстік Қазақстан облысында – қар, жаңбыр, тұман және көктайғақ.

Қостанай облысында бұрқасын, тұман және көктайғақ болады.

Мегаполистердегі ауа райы

Нұр-Сұлтанда күн бұлтты, түнде ауа температурасы -2-4°C, күндіз 0+2°C. Желдің жылдамдығы – секундына 15-20 метр.

Алматыда күн бұлтты, сынап бағанасы түнде 0+2°C, күндіз +10+12°C көрсетеді.

Шымкентте ауа райы жауын-шашынды. Желдің екпіні секундына 13 метрге дейін барады, ауа температурасы түнде +2+4°C, күндіз +7+9°C.

1141
Кілт сөздер:
дабылды ескерту, Қазгидромет, ауа райы болжамы
Әлеуметтік желі

Теңізде болған жағдайдың видеосы желіде тарады

2435
(Жаңартылды 11:45 06.03.2021)
Өрт жарты сағаттан соң сөндірілді. Бес автобус толықтай өртеніп кетті. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ

НҰР-СҰЛТАН, 6 наурыз – Sputnik. Теңіз кен орнындағы вахталық қалашықтардың бірінде бес жолаушы автобусы өртеніп кетті. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ, деп жазды "Мой город" басылымы.

Өрт 5 наурыз, жұма күні кешке болған. Басында ССЕР компаниясының тұрағында тұрған бір автобус жанды. 

"Жалын бірден тағы төрт автобусқа көшті. Өртті сөндіруге "Теңізшевройл" компаниясының үш өрт сөндіру техникасы мен 30 адам жұмылдырылды", - деді компания өкілі Орақ Бейсембиев.

Оның ақпаратына сәйкес, өрт жарты сағаттан соң сөндірілді. Бес автобус толықтай өртеніп кетті. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

2435
Кілт сөздер:
Атырау облысы, өрт, автобус, видео
Тақырып бойынша
Атырау облысында үйден 4 адамның мәйіті табылды
Адамдар отырған көлікті автобус бел ортасынан соққан сәт видеоға түсіп қалды
Семейде әйел автобуста 3 млн теңгесін ұмытып кетті
"Ол күнді ұмытпаймын": бақылаушылар автобуста болған қызықты оқиғаларды айтып берді
Алматыда автобус "Mega" сауда орталығына соғылды: бес адам зардап шекті