НҰР-СҰЛТАН, 12 сәуір — Sputnik. Көкшетау емханасында КТК телеарнасының журналистері мен медициналық мекеме заңгерінің арасында болған жанжалға қатысты іс қозғалды. Заңгер Ерболат Темірбеков бұзақылық жасады деп айыпталған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Көкшетау қалалық емханасының заңгері Ерболат Темірбековке қатысты Қылмыстық кодекстің 293-бабы 1-бөлімі бойынша (бұзақылық) қылмыстық іс қозғалды", - деп мәлімет берді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бұл бапқа сәйкес Темірбеков 2 мың АЕК айыппұл төлеп немесе түзету жұмысына салынуы мүмкін. Сонымен қатар, заң бойынша екі жылға дейін бостандығы шектеліп, болмаса сол мерзімге бас бостандығынан айырылуы ықтимал.
Көкшетауда 5 наурызда бір жастағы қыз көз жұмды. Сәбидің ата-анасы баланың өліміне қызылшаға қарсы екпе себеп болды дейді, дәрігерлер қыздың жағдайын ескермей, процедураны орындапты.
Сот-медициналық сараптама көрсеткендей, бөбек екі жақты пневмония салдарынан туындаған асқынған тыныс жеткіліксіздігінің салдарынан көз жұмған. Туыстарының пікірінше, учаскелік дәрігер ұзақ ауырған сәбиді қарап, пневмония диагнозын қойып, екпені салғызбауы тиіс болатын.
Отбасы сарапшының қорытындысымен 8 сәуір күні емханаға келеді, бұл жайында КТК телеарнасының журналистеріне де айтады. Көп ұзамай әлеуметтік желілерде медициналық мекеменің заңгері Ерболат Темірбековтің камераны жұдырығымен бір ұрған видеосы тарап кетті. Ол бұл әрекетін "сәбидің туыстарының сараптама нәтижесін жариялауға құқығы жоқ болғандықтан, оларды тоқтатуға тырыстым" деп түсіндіреді. Заңгер тілшілерді арандатты деп те айыптаған.
Айта кетсек, Есмалина Марковичтің өліміне қатысты Қылмыстық кодекстің 317-бабы 3-бөлімі бойынша іс қозғалды. Бұл бап бойынша сотталушы бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
НҰР-СҰЛТАН, 22 қаңтар – Sputnik. Павлодар облысы Баянауыл ауданының бұрынғы әкімі Оразгелді Қайыргелдинов үш жарым жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен брифингте айтылды.
"2021 жылы 18 қаңтарда Баянауыл аудандық сотының үкімімен ауданның бұрынғы әкімі Қайыргелдинов 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеуге сотталды", – деді агенттіктің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров.
Қайыргелдинов лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланды деп айыпталды.
Экс-әкім Баянауыл ауданының коммуналдық меншігіне кәсіпкерден пайдалануға жарамсыз әуе айлағын заңсыз сатып алған.
Осылайша мемлекетке 240 миллион теңге сомасында шығын келтірді.
Оқи отырыңыз: Тоңазытқыштағы нәресте өлімі: сот залында шу шықты – видео
Еске салсақ, 2020 жылдың қарашасында Павлодар облысы Баянауыл ауданының бұрынғы әкімі Оразгелді Қайыргелдинов сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікке ілінді.
Оған қатысты қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасы таңдалған еді.
Оразгелді Қайыргелдинов Баянауыл әкімі қызметін 2016 жылдан 2019 жылға дейін атқарды.
НҰР-СҰЛТАН, 22 қаңтар – Sputnik. Жамбыл облысында қол астындағы қызметкерін жаңа қызметке тағайындау үшін 2 миллион теңге пара алған шенеунікке қатысты іс тергелді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров Жамбыл облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тергеп жатқан іс туралы айтты. Оның сөзіне қарағанда, еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті департаменті басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Ол алаяқтық жасап, департамент басшысының орынбасары лауазымына тағайындауға жәрдемдесу үшін қол астындағы қызметкерінен 2 миллион теңге пара алды деп айыпталып отыр.
"Қазіргі таңда күдікті сотқа тапсырылды. Оның кінәлілік дәрежесіне қатысты түпкілікті шешімді сот шығарады", - деді Биғайдаров.
НҰР-СҰЛТАН, 22 қаңтар — Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновті қабылдады.
Қала басшысы Елбасыға эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша қабылданған шаралар туралы баяндады.