Өңірлер

Арыс тұрғындары өз үйлеріне қайта бастады

© Photo : Пресс-служба Комитета по чрезвычайным ситуациямАрыс тұрғындарын Шымкентке көшіру
Арыс тұрғындарын Шымкентке көшіру - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Әскери  бөлімдегі жарылыстан кейін төрт күн өткен соң қалаға кіруге рұқсат етілді  

НҰР-СҰЛТАН, 28 маусым — Sputnik. Арыс қаласының тұрғындары таң ата сала өз үйлеріне аттанып жатыр.  

Тұрғындарды автобуспен тасымалдау жұмыстарын Шымкент басшылығы ұйымдастырды – адамдар таңғы сағат 6-дан бастап қалаға жолға шыға бастады, деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі Сәкен Қалқаманов.   

Кеше Түркістан облысының басшысы Өмірзақ Шөкеев хабарлағандай, қала снарядтардан тазартылды.

"Қала 17 секторға бөлінді, әрқайсына облыстың аудандары мен қалаларының әкімдіктері бекітілді. 640 жауапты маман – әр үйге біреуден бөлінді. Тұрғындарды қоныстандыру кезінде олар көмектеседі", - деп атап өтті өңір басшысы. 

Жергілікті биліктің айтуынша, Арыстағы жағдай толығымен бақылауға алынды. Өрт ошақтары сөндірілді. Алаңдауға негіз жоқ. "Түркістан" корпоративтік әлеуметтік қорының шотына бүгінге дейін 721 миллион теңге түсті. Гуманитарлық көмек жинау және тарату штабы жұмыс істеп жатыр. Ауқымды қайырымдылық акциясы барысында мұнда 150 тонна азық-түлік жиналды. Азық-түлік пен киім-кешек Қарағанды, Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарынан жеткізілді.

"Мемлекет арыстықтарға жан жақты көмек көрсетеді, –  деп атап өтті әкім. – Біздің мамандар зақымдалған нысандарды фото және видеоға түсіріп, шығынды өтейді".

Сонымен қатар, тұрғындардың үйлерін қалпына келтіруге еліміздің барлық өңірінен 160 арнайы бригада келеді – әрбір облысқа бір сектордан келеді.

Арыстағы жарылыс

24 маусым күні таңертең Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімде өрт шығып, қоймада сақталған оқ-дәрілер жарылды. Жарылыс салдарынан үш адам көз жұмды.

Оқиғаға байланысты Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды. Қауіпсіздік мақсатында қала тұрғындары түгелдей жақын маңдағы елді мекендерге көшірілді.

Жаңалықтар
0