Өңірлер

БҚО-да жас жігіт жұмбақ жағдайда қаза болды: ата-анасы достарын кінәлайды

CC0 / IgorShubin / Мужчина за рулем
Мужчина за рулем - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Марқұмның туыстары жанжал кезінде жігітті достары көліктен итеріп жіберді деген болжам айтып отыр

НҰР-СҰЛТАН, 21 тамыз — Sputnik. Қайғылы оқиға 15 тамыз күні Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Пойма ауылында болған, деп хабарлайды "Мой город" порталы.

26 жастағы Алтынбек Жолдас ата-анасымен бірге Теректі ауданы Ақсуат ауылында тұрыпты. Туысы Балзия Серікованың айтуынша, жас жігіт әскерден келіп, вахталық әдіспен жұмысқа орналасыпты. Ата-анасына да көмектесіп жүрген. 14 тамыз күні Алтынбек достарымен кездесіп, көлікке отырған. Олар банкоматтан ақша алу үшін Пойма ауылына жолға шығыпты.

Көліктен "ұшып" кетті

"Жолда олардың арасында (Алтынбек пен достары арасында) жанжал болған. Салдарынан Алтынбек машинадан "ұшып" кеткен. Көлік жоғары жылдамдықпен жүрген. Достары тоқтап көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырудың орнына сапарларын жалғастырған. Бірақ кейін қайта оралып, Алтынбекті машинаға отырғызыпты. Мұны таңертең ерте малды өріске шығарып бара жатқан ауыл тұрғындары көрген", - дейді Балзия Серікова.

Оның айтуынша, осы сәтте ауыл тұрғындары жігіттерден не болғанын сұрапты. Бірақ достары Алтынбектің мас екенін айтып, оны үйіне жеткіземіз деп жағдайды түсіндірген.

Уақыт жоғалтып алған

"Бірақ олар оны үйге жеткізген жоқ. Ақсуатқа жеткен соң, басқа көлікке отырып, қалаға жолға шығыпты. Алайда олар уақыт жоғалтып алған. Болған жағдайды дәрігерге, полицияға, тіпті Алтынбектің ата-анасына да айтпапты. Бірақ Алтынбектің өзімен бірге телефоны болған", - дейді марқұмның туысы.

Сонымен қатар ол жігіттер ауруханаға келгенде Алтынбекті жолдың шетінен ес-түссіз жатқан күйде тауып алғанын айтқан. Дәрігерлер жас жігітті шұғыл түрде ауруханаға жатқызып, операция жасапты.

"Дәрігерден жігіттің жағдайы ауыр екенін, ота 2-3 сағат жасалатынын естіген "достары" жайбарақат үйлеріне барып, тамақтанып, ауруханаға қайта оралған. Медиктер жігіттің комаға түскенін хабарлаған. Сонда ғана оның достары Алтынбектің анасына болған жағдайды айтып берді. Анасын қалаға алып келдік. Екі күн өткен соң, Алтынбек есін жимастан көз жұмды. 20 тамыз күні жерледік", - дейді Балзия Серікова.

"Біз сенбейміз!"

Алтынбектің анасы болған жағдайға сенгісі келмейтінін айтады.

"Біз жағдайдың жігіттердің айтқанындай болмағанына сенімдіміз. Біздің ойымызша, олар Алтынбекті көліктен итеріп жіберген. Тіпті, олар уақытында көмек көрсетпеген. Баламды аман алып қалуға мүмкіндік бар еді. Бұл жігіттер біздің ауылдан. Бала кезінен бір-бірімен дос еді. Мұндай жағдай ақылға сыймайды", - дейді марқұмның туысы.

Балзия Серікова Алтынбектің достары қайғылы оқиға болардың алдында көлікке ішімдік ішіп отырғанын, әрі адам өлімінен соң, ата-анасынан кешірім сұрамағанын айтады.

Марқұмның туыстары полицияға арыз жазыпты. Олардың пікірінше, полиция қайғылы оқиғаны тергеуге асығар емес. БҚО денсаулық сақтау басқармасы Алтынбек Жолдас облыстық көпбейінді ауруханаға 15 тамыз күні сағат таңғы 7:15 түскенін хабарлады.

"Ол 17 тамыз күні сағат кешкі 21:30-да көз жұмды", - деді ведомство қызметкерлері.

Облыстық полиция департаменті қайғылы оқиға сотқа дейінгі тергеу реестріне тіркелгенін, тиісті сот-медициналық сараптама тағайындалғанын атап өтті.

Тағы оқыңыз: Алматыда жұмбақ жағдайда көз жұмған 6 жасар қыздың әкесі үндеу жасады

"Тергеу тобы барлық дәлел мен болжамды тексереді", - дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар журналистер Алтынбектің достарынан пікір алғысы келген. Алайда Ақсуат ауылының әкімі олардың БАҚ өкілдерімен кездескісі келмейтінін айтыпты.

Жаңалықтар
0